СӘКЕН ДОС

СӘКЕН ДОС

СӘКЕН ДОС
ашық дереккөзі
432

Біртуар ақын Сәкен Иманасовтың дүниеден озғанына да бір жыл
болып қалыпты. Осыған орай онымен жақын араласқан журналист досы Мамадияр
Жақыптың естелік – эссесін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Адамның жасы
ұлғайған сайын, достары да іріктеліп, сирейді екен. Ол бір жағы табиғи да нәрсе
ғой, біраз досың дүниеден өтеді, амалсыз ажырайсың. Ал тірі жүргендердің өзі
мінез деген бар, ықылас, ынта, мүдде деген бар, бұрынғыдай шашыла бермей,
бір-біріне үйлесімі барлар ғана іріктеліп, байланысын жалғастырады екен. Әрине,
басқалармен де араларын үзбес, сөйтсе де бір шоғыр іріктелетін сияқты. Соңғы
жылдарда Сәкен, Нұрмахан (Оразбек) және мен жиірек араласып жүрдік. Бір жаққа
барсақ, хабарласып, бірге барып дегендей, топтасып жүрдік. Отбасыларымыз да
араласып, шамалы уақыт озса, сағынғандай болып, кезектесіп бір-бірімізге барып,
емен-жарқын отыруды тәртіпке айналдырған едік. Әдетте алдымен Сәкен
хабарласады: «Жақыпов жолдас, сен болмасаң, үкіметтің жұмысы бітпей қалар
деймісің, азырақ демалсайшы», – дер еді. 

Зейнеткерлікке Сәкен
бұрынырақ шыққан. Не істерін білмей, зерігеді дейтіндей емес, шығармашылық
адамының әсте де жұмысы бітпейтіні белгілі. Сөйтсе де, күнде жұртпен араласып,
үнемі көпшілік назарының ортасында жүретін адамға сол қалыпты бұзып, үйде көбірек
отыру белгілі дәрежеде азырақ қолайсыздық тудырады-ау шамасы. Ол әсте де
жалғызсыраған жоқ, Мәрияның жайдары дастарқанына келетін адамдар да баршылық.
Елден де, осы қала ішінен де келіп жатады. Басқасын айтпағанда, Тұманбай
ағасының да көп сағындырмай келіп тұратыны анық еді. Әлде бір себептермен
Қуанышбай, Бексұлтан, Серік, Кәдірбек, Жүрсін, Нұртілеу сияқты інілерінің де
оған үнемі бас сұғатыны белгілі. Сөйтсе де, көп жеке отыра алмайтынынан да
болар, Сәкен басқалармен көбірек кездесуді қалайтын. 

Жиі аралассақ та, сол
басқо­сулары­мызды бәріміз де асыға күтеміз. Таусылмайтын әңгімеміз бар. Оның
ауқымы кең: мынау заманды, қоғамды, адамды сөз етеміз. Әдебиет өз алдына, кейде
пікіріміз бір арнаға соқпай, әжептәуір дауыс та шығарамыз. «Оу, байқасаңдаршы,
ұрысып қалып жүрмеңдер», – деп әйел жақтары басу айтады. «Мына Иманасов
оппозицияның сөзін сөйлеп кетеді», – деймін мен. «Нешеуа, ертең бізге
қосыласың», – дейді Сәкен. «Ой, қойыңдаршы, кәне, картаңды әкел», – дейді
Нұрмахан сонда. Преферанс дейтін азын-аулақ ермегіміз де бар. «Бұл адамды
стресстік жағдайдан шығарады», – дейді Нұрекең. Бірақ ұтылатын да сол кісі.
Ұтылғанда, сиыр ұтылып жатқан жоқ, сараңдық жасады демесін деп, азын-аулақ
тиын-тебенді санап береді де: «Сендер сияқты Мәскеуде оқуын оқып келді дейсіңдер
ме?» – деп ақталады. 

Иә, біз Сәкен екеуміз
Мәскеуде Жоғарғы партия мектебі дейтін беделді оқу орнында бірге оқыдық,
таныстық, табыстық. Сонда мен «Социалистік Қазақстан» газетінің Семейдегі
тілшісі едім. Талдықорғандағы әріптесімнен сол облыстан Иманасов деген ақынның
да сол мектепке баратынын естігенмін. 

Сәкен, менің ойымша,
соның екеуін де: марксизм-ленинизмді меңгерейін деп те, кейін партиялық
қызметке баспалдақтар жасайын деп те бармаған сияқты. Оның ойында үнемі өлеңі
жүретін сонда. 

Уақыт өткен соң, ойға
қаласың: сонда оқуға келдім деп, басқалардай «капитал» мен «Материализм және
эмпи­риокритицизмді» жыл бойы конс­пектілеп, өлең жазатын біраз уақытын зая
жіберсе де, Сәкен ақындығынан айрылып қалмас еді. Бірақ тұлпардың үнемі бабы
келісіп тұрмаса, шабысынан жаңылатынындай, біраз нәрсені жоғалтып алар еді-ау
дейсің. Дарын дамыл алатын болса, шабыт мұқалатындай көрінеді. Сонау қызыл
коммунистік идеологияның нағыз ордасында жүріп, поэзияны соның от-жалынына
күйдіріп алмай, аман алып шыққанын бір түрлі ерлікке балағың келеді де тұрады. 

Лекциялар тыңдай жүріп
те Сәкен өлең жазды. Үзбей жазды. Кейін оқуды бітірген соң жазармын, әзірге қоя
тұрайын деп, солай екі жылда шабыт қаңтарулы қалғанда да, кейін де Сәкен өлең
жазар еді, кітаптар шығарар еді. Бірақ оның қаламынан туған құдіретті жырлар
қазіргідей болып шықпас еді-ау дейсің. Біраз уақыт бәйгеге қосылмаған, бабында
болмаған тұлпардай кібіртіктер еді-ау дейсің. Сәкен ақын сол кезде де шабытын
қаңтарған жоқ. 

Сол кез жайында
Сәкеннің былай деп жазғаны бар: 

Әр күн думан, тәтті
аңыз,

Жер-көкке сыймай

Жас кеуде,

Желігіп жүрген шақта
біз 

Жолығып едік Мәскеуде…

Аңқылдап, 

Арқа қағыстық, – 

Жақсыға құштар төсті
ашып, 

Таныса сала – табыстық, 

Табыса сала –
достасып. 

Мен Сәкенді ақын
ретінде де, азамат ретінде де сонда біраз түсіндім деп айта аламын. Талаймен
бірге оқыдық. Бірталайы не оқу жоқ, не бітірген басқа шаруасы жоқ, екі жылын
босқа сарп еткенін де көрдік. Оқу жағына куәлік ете алмаймын, ал Сәкен
өлеңдерін жазды. «Адам елден алыста жүргенде, басқаша ойлайды екен, көп нәрсені
басқаша бағалайды екен», – дейтін Сәкен. «Көп ой жеке шумақ болып түсіп жатыр,
кейін сәті түссе, өлеңге айналар. Бастысы – ойға, идеяға бау тағылды,
ұмытылмайды», – дер еді. Маған оның кейінгі, тіпті бертінде жазылған талай өлеңдеріне
де сол кезде бау тағылған идеялар, ойлар арқау болғандай көрінеді де тұрады. 

Аралас-құралас
жүргендіктен де және айтарлықтай жоғары бағалағандықтан да, мен Сәкен
Иманасовтың шығармашылығын жіті қадағалаған, оқыған адаммын. Құдайға шүкір, ол
жайында мамандар, әдебиетшілер, алдымен ақын ағайындар біраз жазып жүр, бағалап
жүр. Сол үлкен ақындығымен қатар, оның азаматтық келбетін де Сәкенді білетін
жұрт жоғары бағалайды. Дос туралы ойлағанда менің көңіліме алдымен оның сол
азаматтық келбеті оралады. 

Ол мінезді адам еді.
Жалған көлгірсуді білмейтін. Ойындағысын ашық айтып, кейде оның қатқылдау
пікірлері кейбіреулерге ұнамас та еді. Сол өзінен сөз асырмайтын, тура айтамын
дейтін, илікпейтін, қырсықтау мінезінен ол қызметте де, кей адамдармен
қарым-қатынаста да біршама қолайсыздыққа да ұшырайтын. «Біреулерге жағайын деп
жалған сөйлейін бе?» – дер еді. 

Оның мінезі жақын
жүрген біздерге ғана емес, кейінірек оның облыс әкімдігінде қызмет істеген
кезінде басынан кешкендері туралы жазған «Күнделіктің кейбір беттері немесе
облыс әкімшілігінде өткен он сегіз ай» деген алдымен «Парасат» журналында,
сонан соң «Қалам мен Заман» деген атпен кітап болып шыққан жазбалары арқылы
көзі қарақты жұрттың көпшілігіне таныс. 

«Күнделіктің кейбір
беттері…» үлкен шу тудырды. Біреулер құптады, біреулер даттады. Оны ауызша да
естідік, жазбаша да оқыдық. Тіпті Сәкенді ақын ретінде ерекше құрмет тұтатын
айтарлықтай лауазымға ие бір інісінің де оның бұл жазбаларын құптамай, оны
қалыптасқан әдепке сыймайтындай қадам санағаны бар. Ал бұл әдеп бойынша
біреудің беделін сыйлауың, оның менмендігін кешіруің керек, жасы үлкен деп
біреудің артық сөзіне де, оғаш қылығына да көнуің керек. Сәкен кешіре де, көне
де алмайтын. Бұл – мінез. Сәкенге тән мінез. Басқаларда тапшы мінез. 

Бұл кітап үлкен шу
тудырды дедік қой. Сол шуға байланысты да бұл кітап өзінің нағыз бағасын алған
жоқ. Біреулер шулап жатқанда, солардан сескеніп, тіпті кітаптың кейіпкерлерінің
мысы басып, дуалы ауыз дейтін адамдар үнсіз қалды. Ал шын мәнінде бұл уақыттың
тынысын дәл басқан, деректі негізге құрылған, сонысымен де айрықша құнды, көп
жасайтын кітап. Кешегі кеңестік дәуірдегі шенеуніктік бюрократияның шын
келбетін көрсететін деректі де, көркем де шығарма сирек. Оған жүйе мүмкіндік
бермеді. Ал қазіргі шенеуніктік бюрократияны сынап, айғайлаушылар көп
болғанымен, олардың көбі оның ішкі дүниесін біле бермейді. Сәкен сол дүниеге
еніп, біліп жазды. Өзінің мінезін қосып жазды. Ертең қазіргі дүниенің ішкі
қатпарын білгісі келген жұрт оны Сәкеннің сол «Күнделіктің кейбір беттерінен…»
табады. 

«Күнделіктің…» кез
келген жерін ашып қалсаң, шенеуніктік бюрократияның тыныс-тіршілігіне, тоң
мойын тұлғаларына тап боласың. Бір мысал. «23 мамыр, 2001 жыл. Күн сәрсенбі
еді, «Меридиан» телефоны дыз ете түсті де, мен тұтқаны көтеріп үлгерер-үлгерместен:
«Кулмаханов говорит, зайдите срочно ко мне!» – деген ызғарлы дауыс естілді.
Амандық жоқ, саулық жоқ. Лауазымына мастанып, кеудесіне нан пісіп тұрған,
өзінен басқа бір адам бар-ау дегенді әзірге естігісі де, көзге ілгісі де
келмейтін даңғой дағдының белгісі». 

Барлық дүниені уысында
ұстап отырған дөйдің келбеті. Адамгершілік, әдеп, парасаттылық деген ұғымдардан
ада тұлға. Ешкім оған қарсы келмейді, оның айтқаны екі етілмейді, қалыптасқан
қасаң әдеп. Ондайға Сәкен келіспейтін. Тағы да «күнделікке…» жүгінейік.
«Бастықтың кабинетінде Долженков, Жібек, тағы біреулер бар екен. Мен отырып
үлгерместен әкім: «Имандосов, сіздің орысшаңыз қалай еді?» – деп сұрады.
«Қағазыңызға қарап алыңызшы алдымен, Имандосов емес болу керек» – дедім мен.
Ол: «Ә, иә, И-ма-насов», – деп фамилиямның өзін бірнеше буынға бөліп, әзер оқып
шыққан сияқтанды…

– Мен сізді танымаймын
ғой. 

– Танисыз, – дедім мен.
– 1993 жылы ең алғаш тарап кететін Парламенттің депутаты ретінде соңғы
сессиялар кезінде бірер ай қатар отырғанбыз. 

Ол үндемеді». Не
бетімен үндесін, кеше парламентте бірге отырған адамды танымаған адамнан не
үміт, не қайыр. 

«Сіздің жұмысыңыз маған
ұнамайды, – деді әкім. 

– Екі-үш күнде не біле
қойдым деп едіңіз. Әлдекімдердің сөзін айтып, қайталап отырған боларсыз, – деп
екі орынбасар бастыққа қарадым мен де міз бақпай…»

Ақ дегені алғыс, қара
дегені қарғыстай бастықпен басқалар осылай әңгімелесер ме еді? Әй, қайдам. Ал бастық
болса, жай әңгімелесіп отырған жоқ, қорлап отыр. Нағыз ізетті адам болса,
кешегі әріптесімен (Парламент мүшесімен!) құшақтасып амандаспайтын ба еді? Ал
ол танымаймын деп шікірейеді! Намысқа тие ме? Тиеді. Сонда да басқалар үндемей
қалар еді, ал Сәкен үндемей қала алмайды. Жай, танисың деп отырған жоқ, адам
болсаң тануың керек қой деп отыр. Ол сонысымен де Сәкен. 

Дәл осы диалогта
Сәкеннің әдептен озған да, ұстамсыздықпен, асығыстау айтқан түгі жоқ. Ол мұндай
сөздерді қиқарлықпен, қыңырлықпен айтпайды. Айтуға тиіс болған соң айтады. Көп
адамға бұл сөздердің оғаштау көрінетіні – басқалар олай айта алмайды. Олардың
сол айта алмайтыны қалыптыдай көрінеді де, Сәкеннің сол қалыпты бұзғаны көп
адамға оғаштай көрінеді. 

Мұны Сәкеннің өзі де
жақсы түсіндіреді. Тағы да «Күнделікті…» оқиық: 

«20 ақпан, 2001 жыл.
Осы мен өзім қандай адаммын? Жұртты мінеу үшін, біреудің мінін көзіне айту үшін
де өзің олардан гөрі биіктеу тұруың керек қой. Сол оймен өз ішіме үңіліп
көрсем, аса жаман адам емеспін дегенге жығыла беремін. Алыс-жақын ағайынның
көбісі сыйлайды, қаламдастарым мен замандастарымның да бір қатары айтқан сөзіме
тоқтайды. Өз басымды да, атқарған ісімді де мақтасып жүретіндер бар. Өзімнен
кейінгі жастардың да алдыңғы лек бір тобы құрметтейтінін, қадірлеп жүретінін
байқаймын. 

Бұл жағы жақсы, әрине.
Бірақ кеше ғана маған дос болғансып, аға, іні болғансып жүріп, бүгін аяқ-асты
сырт беріп шыға келген адамдар да бар ғой. Ескі, жаңа таныстарымның біразымен
кетісіп те тындым. Соған қарап, кінә біржақты ғана болмас. Менен де кеткен
қателіктер бар шығар-ау дегенді ойлай беремін. Бірақ көзіме: «Әй, кәпірсің-ау!»
– деген бірі болған жоқ. Сол қинайды. 

Рас, мені де
қатарластарымның біразы ұната қоймасын сеземін. Сезіп қана қоймай, жақсы
білемін де. Бірақ та: «Сені дәл мына бір қылығың үшін жек көремін», – деп
айтқан бірі жоқ. Мен айттым. Кетіскендердің бәріне де айттым. Өйткені біреуінің
кердеңдігі, біреуінің менмендігі ұнамады. Бірінен иттікті, бірінен иттікке де
алғысыз ұсақ пендешілікті, бірінен есепқорлық, ақымақтық, екіжүзділік көрдім.
Соған көзім әбден жеткенде, мінін көзіне айттым. «Бұлар менің ең жек көретін
қылықтарым», – деп айттым. Сол үшін айнып шыққанымды жасырмай айттым». 

Түрлі-түрлі әңгімелерге
қарап, кейде осы Сәкен басынан сөз асырмайтын, өзінікі болмаса ешнәрсеге
көнбейтін, қыңыр тартуға құмар адам-ау деген пікір оның басына айналшақтайтыны
бар. Әсте де олай емес дер едім. Ол өзі айтқандай, «біреудің кердеңдігін,
біреудің менмендігін ұнатпайтыны» болмаса, өзім деген адамға өзегін жұлып
бергендей, сыйға – сый, сыраға – бал дегенді ұстанады. Азын-аулақ кірпияздығы
араласқан адамға жолдастық наздай көрінетін. 

Сол алғаш танысқан
кезде болмашы бір нәрсеге келіспей, орындарымыздан тұрып кеткеніміз бар. Арада
бір аптадай өткенде, Сәкеннің өзі келіп: «Осы үрпейісіп жүргеннен жалыққан
жоқсың ба, Жақыпов жолдас, ал мен жалықтым», – деді ол. «Онда, қойған жөн
шығар», – дедім мен де. «Қойғанда, кінә мен жағында сияқты, өткендегі артықтау
сөзді көңіліңе алмай-ақ қой», – деді. Біздің алғашқы да, соңғы келіспеуіміз
сонымен аяқталған. Содан кейінгі 40 жылдан аса уақытта арадан қара мысық өткен
емес. 

Тағы да Сәкенге қатысты
көбірек айтатын әңгіме – оның басшылармен онша бола қоймайтыны жайында. Ондай
пікірге өзінің қызметі жайындағы естелік-жазбалары да, оның атақты «Күнделігі…»
де себеп болғандай. Сөйтсе де, Сәкеннің тілін шығаратын, оны тосындау әрекетке
бастайтын әсте де жалпы бастықтарға деген қыңыр көзқарасы емес, сол адамдардың
біреуінің кердеңдігі, біреуінің менмендігі, біреуінің ұсақтығы. Әйтпесе, Сәкен
сыйлайтын бастықты сыйлай да білгеніне куә болғанымыз бар.

Қазақ журналистикасында
Ұзақ Бағаев дейтін ғажап басшы азамат болды. Көп өмір сүрмеді, 40-тан жаңа
асқанда дүниеден озды. Соның өзінде Қызылорда облысында, одан кейін
Талдықорғанда облыстық газеттерде, соңында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі
«Егемен Қазақстан») газетінде редактор болды. Сәкен әркез сол бастығын жыр
қылып айтатын. «Ұзекең» деген жып-жылы естелік-эссе де жазды.

Талдықорған облыстық
«Октябрь туы» газетінде редактор кезінде Ұзекең бір жолы ескерту жасағанда,
Сәкеннің өзі айтқандай, «бетбақтанып, тіпті тәжікелесе кетуге да­йын екенін
аңғартады». Оның аяғы неге соққанын Сәкен былай жазады: 

«Ұзекең ақылды адам
еді, әңгімені ары қарай ушықтырмай сап тиды. Тек жұрт тарай бере мені оңаша
алып қалып, қарама қарсы отырғызып қойды да, әжептауір «терлетіп» алды. 

– Сенің жеке басыңнан,
жұмысыңнан, ойыңнан, бойыңнан әзірге мін тапқан емеспін, бәрі дұрыс, – деп
алды. – Тек жалғыз ескертпем бар. Бастық деп емес, 7-8 жас үлкен ағаң ретінде
соны айтып қояйын, тықыршымай, тыңдасаң қайтеді? 

– Құлағым сізде, Ұзеке,
– деймін. 

– Сен өзіңнен
біреулердің жасы үлкен-ау, біреулердің жасы кіші екен-ау демейді екенсің. Атақ,
дәрежесіне қарап та аяқ жимайтын әдетің бар сияқты. Сәкен, жақсы көргеннен
айтамын, үлкенмен үлкенше, кішімен кішіше сөйлеуге дағдыланшы. Өзіңе де, өзгеге
де теріс болмас еді ол». 

Сәкен сол Ұзекеңді өмір
бақи сыйлап, әруағын құрметтеп кетті.

Сәкен Иманасов дейтін
азаматтың дос­тары көп еді. Жай адамның төңірегіне дос­тар жинала бермейді.
Дүниеге қызық­тырғандай, басқаларға үлестіретіндей дүниесі де болған жоқ. Бір
шаруасын тындырып тастайтындай үлкен лауазымды қызметтің тізгінін де ұстаған
жоқ. Жұрт оның төңірегіне азаматтық мәрттігі үшін үйірілетін. 

Замандастығымыздан да
болар, Сә­кеннің бірқатар жақын достарымен мен де жақын араластым. Сәкен
белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиұлы туралы жазып та, ауызша да көп айтатын.
Айтқанда, оның пікіріне тоқтап, жүгініп айтатын. Ал Зекеңмен мен тек бірге оқып
қана қоймай, қызметтес те болдық. «Ұлылыққа тағзым» дейтін акцияны бірге
өткізіп, талай жаяу сапарда бірге жүрдік. Сонда Зейнолла да Сәкен туралы
тебіреніп сөйлер еді. Өзінше әзіліне қосып: «Он оригинальный парень!» – дейтін.
Екеуінің мінезі кереғар. Азаматтық дейтін қазыққа барып тоғысатын сияқты. 

Сабырхан ақынмен де
жақындығы қызық еді ғой. Сәкен оған тиісіп сөйлейтін. Сабырхан оны көтеретін.
«Осы дүниеде маған Сәкендей көп ескерту жасаған адам жоқ шығар, – деп күлетін
Сабырхан. – Соған қарамай, мені қалай сыйлайтын! Мені бір жаз бойы еліне
апарып, тау ішінде рахатқа батырып, демалдырды емес пе?! Әттең, соның есесін
қайтара алмай жүрмін», – дер еді. Сірә, оларды жақындастырған үлкен
ақындықтарымен қатар, көңілдерінің дархандығы да шығар. 

Нұрмахан Оразбек бізден
бары-жоғы жарты жас қана үлкен. Сәкен оның сол үлкендігін сыйлап өтті.
Басқаларға айтар қатқылдау сөзін Нұрекеңе келгенде, үнемі іркіп қалар еді. Оның
есесіне сол ағасына арнаған түйдек-түйдек арнау өлеңдері дүниеге келді. Достың
жанын жадыратар жарқын жырлар. Сәкен қайтқанда, Нұрекең қатты егілген. 

Жыл сайын дерлік атақты
Алакөлде демалуды дәстүрге айналдырған Тұманбай ағасымен достығы бөлек еді ғой.
Сәкенді ұйқысынан оятып, Тұманбай туралы сөз айтшы десе, әсте де тосылмай,
сағаттар бойы ақын ағасы жайында дәріс оқуға жалықпас еді. Көп өлеңін жатқа білетін.
Ағасының жыр құдіреті туралы талай жазды. Сәкен қашан да ағасын іліп қалып,
шымшып отыратын. Сірә, Тұмекең сонысын да ұнататын болуы керек. Сөйтсе де
кейде: «Осы Сәкен-ақ маған тиіседі де отырады!» – деп торсиғандай болар еді.
Оған Сәкеннің жауабы әзір: «Жұрттың бәрі сізді мақтайды, періште екенмін деп
ойлап қалмасын деймін де». «Қойшы-ей, мен өзімнің кім екенімді білемін ғой», –
дейтін Тұмекең жайраңдап. 

Соңғы кезде Сәкен біраз
ауырыңқырады, жүдеңкіреді. Тіпті Жазушылар одағындағы, басқа жерлердегі шараларға
баруға құлқы соқпады. «Барайық та» десең, «Жұрт: «Мына Сәкен арықтап өлетін
болыпты-ау деп сөз қылар» деп, тартыншақтайтын. Сонда Қазтуған жыраудың:
«Азамат елдің баласы жабыққанын білдірмес, жамандар мазақ қылар деп» деген
сөздері көңілге оралады. 

Ол артында өлмейтұғын
ақындық мұра қалдырды. Азаматтығы да басқаларға өнеге еді ғой. 

Қарап тұрып: «Жақсылар
жоқ!» – дегенге,

Қайтем енді – Күйініп
кетпегенде,

Бұ тірлікті несіне
бұлдамақпын,

Жаман болып көрінсем
көпке мен де!

Көпе-көрнеу көзге ілмей

Сені,

Мені,

«Жақсы болмақ қайда!» –
деп керіледі,

Біз-ақ жаман болайық,

Сонда халық

Кімдер үшін қан төгіл
келіп еді?

Өз кеудесін ажалға
төсегенде ел,

Кімдер үшін алысты
кешегі ерлер?

Кімдер үшін көз майын
тауысыпты,

Жұлдыздарға жол тартқан
не шеберлер?!

Ел бақытын әйгілеп,

Ер күресін,

Жақсылықтар жалаудай
желбіресін!

Өзі жақсы бола алмай
жүрген біреу,

«Жақсы болмақ қайда!» – 

     
деп кергімесін!

Мен, тегі

ағыл-тегіл тасып алмай,

Ешкімге халім болмас
бас ұрардай,

Тілім барда –

Тартамын

Мұңымды алға,

Жұртымнан сырым бар ма
жасырардай?

Үнімді шығармай мен
басымырақ,

Кетердей сырымды ішке
жасырып-ақ

Ешкімге –

Өзек жарған өлең-жырсыз

Өтсе деп жүргем жоқ өз
басым ұнап!

Алқынған тынысына болып
елең,

Жағынсам –

Жағынам да Еліме мен,

Дариядай ағыл-тегіл
тасып барып,

Барымды

Барша жұртқа беріп өлем!

     
                     
                Сәкен Иманасов

Мамадияр ЖАҚЫП,

Қазақстанның
 құрметті 

журналисі

Серіктес жаңалықтары