Әбенов қызметінен неге кетті?
Әбенов қызметінен неге кетті?
Мұрат Әбенов –
айтатын ойы мығым, қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген азамат. Ол Парламент
мәжілісі депутаты болған тұста кез келген қоғамдық, ұлттық мәселеге өз
көзқарасын білдіріп жүретін. Былайша айтқанда, биік мінберлерден қарапайым
халықтың бетпе-бет келіп отырған түйткілдерін ашып айтатын-ды. Ол тіпті, билік
пен халықтың арасындағы алтын көпір – журналистермен өте тығыз қарым-қатынаста
болды. Өзін блоггер ретінде көрсетіп, арнайы семинар-тренингтерден де қалыс
қалған емес. Бұл, ең біріншіден оның қарапайым азамат екенін айғақтаса керек.
Әбенов дегенде тілші қауымының есіне не түседі?
Естеріңізде шығар, «Алматы» телеарнасында қазақтілді журналистерге қысым көрсетіліп,
кейбір ұлттық мәселелерді эфирге жіберуге қарсылық танытқан болатын. Сол
кездегі Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің бастығы Куяновтың (ақыры Куянов “Алматы” телеарнасының тізгінін ұстады) қоқан-лоққы
көрсетуі біраз ұлтжанды журналистің қытығына тиген-ді. Бұған наразылығын
білдірген бір топ журналистер Парламент мәжілісіне, үкіметке хат жазғанда халық
қалаулылары ішінен селт еткені осы – Мұрат Әбенов еді. Парламентте мәселеге
қатысты депутаттық жолдау жасап, журналистерге қолдау көрсету керектігін ашып
айтқанда, жанындағы әріптестері «аш бәледен, қаш бәлем» саясатын ұстанды.
Шындықты шырылдатып айтамын деп, халықтың мұңын жеткізетін орыннан босап
қалғаны да сондықтан. Әйтпесе, Мұрат Әбенов бүгінге дейін депутат болып отырса,
бұқара халықтың талай өзекті мәселесіне араша түсетін бе еді, кім білсін?
Осыдан соң Әбенов аяқ астынан Білім және ғылым
вице-министрлігі қызметіне тағайындалды. Неге? Себебі де түсінікті. Парламентке
күн сайын халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын азамат керек емес екен. Сол
кезде Білім және ғылым министрлігінде істейтін бір лауазымды шенеуніктің:
«Әбенов Парламентте көп мәселені көтеріп кетті. Сондықтан да оны үндемей жұмыс
істейтін жерге лақтырды…» дегенін де естідік. Қалай десе де, сөзінің жаны бар
сияқты.
Ал, Әбенов вице-министрлік қызметтен неге кетті? Әрине,
ақша жүрген жерде жемқорлықтың иісі шығатыны анық. Соңғы кезде Білім және ғылым
министрлігінде ақша жымқыру фактілері қылаң берген. Ол министрліктің Өскеменде
білім ұясына бөлінген қаржыны қолды қылуы және «e-learning»
бағдарламасы негізінде мемлекеттің 10 млрд. теңгесін желге ұшыруы. Тап қазір
осы қарызды қалай қайтару керектігі туралы үлкен дау, талас-тартыс жүріп жатқан
жай бар. Тіпті, ведомства осы жүйені орнатқан
компанияға да қарыз болып қалған. «Заңгерлерімізбен кеңесіп жатырмыз.
Министрлік алдын-ала 5 миллиард теңгені төледі. Ал қалған қаржыны берген жоқ.
Министрлік болса, «берешегімізді «e-learning» бағдарламасына бөлінген бюджет
қаржысының қысқаруына байланысты төлей алмай отырмыз» деп ақталды», – деді
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев.
Қазір
еліміздегі көптеген мектептер интернеттің не екенін білмейді де. Ал
«e-learning» пен жұмыс істейтін маман жоқ. Білім министрлігі жаңа жобаны қолға
алғанда, оны оқушыға үйрететін мұғалімнің керек екенін ескермепті. Дәлірегінде,
орта білім беру саласының бұл бағдарламаны жүзеге асыруға қауқары жоқ. Сөйте тұра, енгізілген жобадан көптеген қитұрқылар
анықталуда.
Экс-вице-министр Мұрат Әбенов қызмет орнын қандай
себеппен босатты? Құмға сіңген 10 млрд. теңгенің Әбеновке қатысы бар ма? Осыдан
бірнеше апта бұрын Премьер-министр Серік Ахметов үкімет отырысында бірқатар вице-министрлерге
сөгіс жариялады. Сол кезде
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов: «Орынбасарларға арыз түсірдік,
оларды лауазымды қызметінен босатамыз» деп мәлімдеген болатын. Алайда, Мұрат
Әбенов қызметтен кету туралы өтініш-арызды одан бұрын жазғандығын айтады. Ол өзінің «Фэйсбуктегі» парақшасында: «Ал, енді ресми айта беруге болады. Қарашаның
22-інен бастап вице-министр қызметінен өз еркіммен кеттім. Осыған
байланысты біраз сұрақтар қойылып жатыр. Жауап берейін. Менің жұмыстан кетуім бір жарым ай бұрын
келісіліп, өтінішім қазан айында жазылып қойылған болатын. Дегенмен саяси мемлекеттік қызметші болып
табылатындықтан, менің арызым үкімет деңгейінде шешілуі керек. Заң
бойынша Үкіметте ондай өтінішті қарауға бір ай мерзім белгіленген. Сол себептен
қараша айының 20-на дейін кезекті еңбек демалысымда болдым. Жұмысқа шыққаннан
кейін, қарашаның 22-сі күні өтінішім қанағаттандырылды. Қызметімде болып
жатқан бұл өзгерістер менің жаңа жұмысқа ауысыма байланысты ( толығырақ ресми
түрде шешім шыққан соң хабарлағанды жөн көріп отырмын). Жалпы мемлекеттік
мекемелерде 20 жылда түрлі қызмет атқардым. Мектепте информатика мұғалімінен
бастап, бірнеше департамент, басқармаларды басқарып, облыс әкімдігі аппаратының
жетекшісі мен Қызылорда облысының әкімі орынбасарына дейін. “Нұр
Отан” партиясының және халықтың сеніміне ие болып, Парламент мәжілісінің
екі рет депутат боп сайландым. Әрине, әр қызметтің өз ауқымы, міндет, мақсаты бөлек
болып көрінгенімен, бәрі де бір арнаға – елге қызмет ету деген бір мақсатқа
тоғысады. Білім министрлігіндегі вице-министрлік лауазымым да менің өмір жолымда
ерекше орны болатыны анық. Өз қызметтестеріме, әріптестеріме тілектестік
білдіремін. Жаңа жұмыс бағытында бұрыннан жинақталған тәжірибені тиімді пайдаланамын
деген ойдамын», – депті.
Бәлкім, Мұрат Әбеновке вице-министрлік қызмет қол болмады
ма? Немесе жемқорлыққа белшесінен батқан білім саласының бүгінгі ахуалына жаны
ашып, бұдан әрі қарай жұмыс істеуге дәті шыдамады ма екен? Қалай болғанда да,
«жаңа қызметке ауысуыма байланысты лауазымды орнымды босаттым» деген Әбеновтің
қайда баратынын да уақыт көрсетер. Бір белгілісі, халық, ұлт үшін еңбек етуден
жалықпайтын азаматтың қоғамдағы орнын билік білмесе де, қарапайым жұрт
біледі.
Динара Мыңжасарқызы