Мақсат Тәж-Мұрат, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры: Бізге нақты іс Институты керек
Мақсат Тәж-Мұрат, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры: Бізге нақты іс Институты керек
Елімізде мәдениет саясат институты 80 жылға жуық уақыт жұмыс атқарып келеді. Бүгінде бұл құрылым қайта толықтырылды. Институт 2012 жылдың соңында Қазақ ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. Ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Мақсат Тәж-Мұрат мырзадан институттың бүгінгі құрылымы туралы, атқарылып жатқан игілікті шаралар жөнінде әңгімелеп беруін өтінген едік.
Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты әрі ескі, әрі жаңа құрылым. Ескі болатыны, оның тарихы 1934 жылы құрылған, бастауында Ахмет Байтұрсынов, Сәрсен Аманжолов, Халел Досмұхамедовтер тұрған Қазақ Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтынан басталады. Иншаллах, келер жылы Институттың құрылғанына 80 жыл толады.
Жаңа болатыны, ҚазҒЗМИ бұрынғы Қазақ мәдениет саясаты және өнертану институты мен Көшпелілердің мәдени мұрасы проблемалары жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институтының орнына, екеуінің мирасқоры ретінде 2012 жылдың аяқ шенінде жаңадан құрылды.
Бүгінде құрылтайшымыз ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан Институттың алдына мынадай нақты алты міндет қойылып отыр:
– Мәдениет және өнер саласындағы мемлекеттік және ұлттық саясаттың ғылыми негізін жасау;
– Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметін әдістемелік-құқықтық және нормативтік жағынан қамтамасыз ету;
– Мәдениет саласы қызметкерлерінің біліктілігін көтеру, сертификаттау және аттестациялаудың ұлттық жүйесін жасауды ғылыми-практикалық жағынан қамтамасыз ету;
– Мәдениет саласындағы білім беру ісінің ахуалын сараптау және ғылыми кепілдемелер әзірлеу;
– Материалдық және рухани мұра саласында қолданбалы ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру;
– Мәдениеттің пәнаралық байланыстары, соның ішінде тарихи мәдениеттану бойынша ұсыныс пікірлер әзірлеу.
Бұл не деген сөз? Бұл – бұрын белең алып келген мәдени-философиялық ыңғайдан практикалық жұмысқа көшу деген сөз. Негізінде, егер ұтымды пайдаланса, ғылым ретінде философияның мәдениет саясатын жасау ісіне тигізер пайдасы аз емес. «Өнер философиясы» неміс классикалық философиясының «шинелінен» шыққанын ұмытпайық. Өкініштісі, соңғы ширек ғасырда бұл философия орынсыз ығыстырылып, содан пайда болған бос орынды «культурология» толтырды. Бұл қолдан жасалған пән сала бәрін де айтады, бірақ бірін де айтпайды, ұзаса, әлем мәдениетінің жекелеген кезеңдерінің тарихын әуезе етуден аса алмай жүр. Ал бізге керегі – көпіршігі мол мәдениет философиясы да емес, тәптіштеп кететін суреттемелі мәдениеттану да емес, бізге керегі – бір жағынан мәдениет саясаты пән саласының теориялық негізін қалайтын, екінші жағынан, мемлекеттік мәдениет саясаты бойынша практикалық ұсыныс-пікірлер әзірлейтін өзгеше бір сала. Оны шартты түрде «қолданбалы мәдениеттану» деп атауға болады.
Мәдени ортаны дамыту, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту ісімен тікелей байланысты. Бұрынғы кеңестік мәдени инфрақұрылым ағартушылық, идеологиялық мақсатта құрылымдалатын. Рационалды-атқарымдық қасиеттері көбірек еді (мәдениет ғимараттарының ауқымдылығы, орнықтылығы, көп адамға лайықталған залдар). Ал қазір мәдени шараларды серпінді түрде, оңашалау жерде, камералық ахуалда өткізетін емен-жарқын пікір алысуға жағдай жасайтын, «жұмсақ мәдени құрылым» керегірек. Сондықтан Институт жағдайды «іштей» зерттеу, тікелей ақпарат жинау мақсатында art-клуб, аrt-кафелермен, киноклубтармен, жаңашыл театрлармен, т.б. мәдени орындармен серіктестік қарым-қатынас жасауды ойға алып отыр.
Түптеп келгенде қолда бар ақпарат арналарын, коммуникациялық алаңдарды пайдалану, болмаса жаңадан құру жолымен мәдениет саясатын жүргізуге толыққанды пайдалануға мүмкіндік бар. Институттың осы орайдағы бір міндеті фестиваль тәрізді институционалдық паблик-art, стрит-art секілді заманауи мәдени пішімдер көмегімен, сондай-ақ семинар, шеберлік дәрістері, теле-дәріс, теле-әңгімелесулер, т.б. арқылы шығармашылық зиялы қауыммен араласып, мәдени өмірдің сан-алуан проблемаларына қаныға отырып, қоғамдағы мәдени құндылықтардың бағыт-бағдарына оң әсер ету. Бұл міндетті орындау – Институт жанынан құрылған Ғалымдар кеңесінің, Naradu жас сыншылар қауымдастығының, ARTeФАКТ ғылыми-әдістемелік журналының, cultural.kz веб-сайтының және болашақта құрылатын Өнертанушылар мен көркем сыншылар қауымдастығының және Институттың Астана қаласындағы өкілдігі жанындағы Cultural art-салонының көмегімен атқарылатын болады.
Өнертану бойынша жаңа көзқарастарды қолдана отырып, институционалдық және көзапара (визуал) өнер түрлерін зерттеу ісіне мән беріледі. Атап айтқанда, таяу болашақта нысанамызға театрлардың репертуар саясаты, кино саласын мемлекеттік қолдаудың халықаралық тәжірибесі, ұлттық фильмдер прокатына квота берудің Еуропадағы, Азиядағы және Латын Америкасындағы тәжірибесі, музей ісіндегі жаңа бағыттар, технологиялар тәрізді мәселелер ілінбекші. Сондай-ақ мәдениет саясатында қағыс қалып келе жатқан би өнері жанрларының, қуыршақ театрының жалпы ахуалын анықтап, проблемаларын нақты белгілеу де күн тәртібінде тұр. Қалаларда, елді мекендерде ескерткіш қою, монументалды өнер, шағын сәулет пішіндері проблемалары да дербес қарастыруды тілейді. Инновациялық технология – өнердің заманауи түрлерінің жаңа деңгейіне бой таластыру және осы саладағы инновацияны көпшілік ортасына дендеп енгізу. Бір мысал. Мәдениеттің бейнелеу өнері сияқты бүгінде «қалғып» жатқан секторын «түртіп оятып», инновациялық түрге айналдыру үшін еліміздің мәдени табыстарын әлемдік аrт-кеңістікке алып шығатын, біздің суретшілерді дүниежүзілік биенналелерге қатыстыратын, шетелдегі білім беру орталықтарына студент жіберіп оқытатын, заманауи өнер бо-йынша конкурс-көрмелер өткізетін, заманауи өнер музейін ұйымдастыратын аса қарекетті мәдениет саясаты қажет.
Өнерге инновация керек, бұл процестің қозғаушысы – замануи өнерді шетке қақпау қажет дейтін көзқарас мәдениетке жаңа қарым-қатынастан туындап отыр. Бұл қарым-қатынасты жақтаушылар мәдениеттің адамзат дамуына қосар үлесін ең алдымен экономикалық тұрғыда тұрып қарайды. Осыны ескере келіп, Институт мәдениет салаларын, әлеуметтік-мәдени үдерістер сипатын зерделеуді экономикалық өсу перспективаларын құрылымдаудың әлемдік үрдісімен байланыстырады, басқаша айтқанда, экономикалық даму кластері ретінде шығармашылық индустрияларға, мәдени туризмге баса көңіл бөлетін болады.
Институт қызметі аясында бірінші рет БАҚ-тың мәдени өмірді көрсетуі шеңберіндегі ақпараттық өрісі зерттеледі. Бүгінгі медиаөріс бұқаралық мәдениетпен шарбыдай шырмалып жатыр, ал соңғы құбылысқа көзқарас әлемде бірдей емес (біреулер үшін ол нағыз мәдени апат, ал базбіреулер үшін замана жетістіктерінің сөлі). Бұл орайда өнертанушылық басылымдар мен көркем сын саласына жаңа серпін берудің жоспарын жасау айрықша маңызды. Осыған сай Институт медиажобалардың тұсауын кесетін және онымен шектелмей, өз басылымдарын шығаратын, старт-ап жобаларды жүзеге асыратын орынға айналса лайық. Франциядағы Les Cahiers du cinema («Кинематографиялық дәптерлер»), Англиядағы Sight & Sound («Көз жанар мен дыбысталу») журналдары сияқты ықпалды орынды иеленетін «мелжемді» өнертану журналдарының шығуы мәдени ортаны біраз жерге көтеріп тастар еді. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары жоғарыда айтылған француз журналының «жаңа толқын» эстетикасы мен «авторлық киноны» дамытуда табан тірер нүкте болғаны мәлім. Кино жөніндегі британ журналы тізгінүзер фильмдердің рейтингін шығару арқылы даңққа бөленді. Институт жанындағы Өнертанушылар мен көркемсыншылар қауымдастығының тілі ретінде жоспарланған «Өнер – Искусство KZ» өнертану журналы бізде дәл сондай маңызға ие болып жатса, нұр үстіне нұр.
Осы айтылғанның баршасы қосылып, бір арнаға – мәдениет саясаты жөніндегі ұлттық баяндама-зерттеуге сарқады. Біздіңше, мұндай күрделі зерттеу жұмысына әзірлік республика Мәдениет министрінің басшылығымен жүргізілуге лайық. Ресейде жыл сайын елдің мәдениет саясатын таразылайтын ұлттық баяндама дәстүрі бар. Ондай баяндама Еуропа Кеңесінің мәдениет жөніндегі комитетінің сессиясында тыңдалып, талқыланады. Оның үстіне, 2013 жылы Ресей Мемлекеттік Думасы жыл сайын Парламентке елдегі мәдениеттің жағдайы жөнінде ел үкіметінің баяндамасын ұсыну туралы заң қабылдады. Онда мәдениеттің ахуалы, оның даму үрдістері жөнінде шынайы да жүйеленген сараптамалық ақпарат беріп отыру мақсатында жыл са-йын мемлекеттік баяндама әзірлеу көзделген. Мұндай құжат Үкімет тарапынан федералдық жиналыстың қос палатасына ұсынылады. Баяндаманы әзірлеу, тарату, яғни жариялаудың тәртібін үкімет белгілейді.
Осылайша жүйе мәдениетті іргелі түрде зерттеуге және бұл ғылымның әдіснамалық негізін қалауға мұрындық болады. Мәдени өмірдегі нақты жағдайды білу, оның ең басты міндеттерін дәл белгілеу – мемлекеттік мәдениет саясатында практикалық шешім қабылдауға алып келетін жолдың басы.
Дайындаған
Гүлзина БЕКТАС