Шаруаның көңілі жайланып тұр

Шаруаның көңілі жайланып тұр

Шаруаның көңілі  жайланып тұр
ашық дереккөзі
152

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық «Көрме орталығында» ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы саласында қол жеткізілген жетістіктер бойынша озат аудан, қала әкімдері және еңбек озаттары мен ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан БАҚ өкілдері марапатталды.

Биыл облыста мол өнім жиналып, шаруаның көңілі жайланып тұр. Алма мен жүзім жинаудың өзінен де облыс жоғары көрсеткішке қол жеткізді. 

Нақты деректерге сүйенер болсақ, облыста егіс көлемі соңғы төрт жылда 130 мың гектарға артып, 772 мың гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 мың гектарға артты деген сөз. 

Атап айтар болсақ, мал азықтық дақыл­дар­дың да көлемі артқан. Егіс көлемін әртарап­тан­дырудың нәтижесінде мал шаруашылығын дамыту мақсатында мал азықтық дақылдардың көлемін ұлғайтуға басымдық берілуде. Биыл көкөніс, бақша, картоп өнімдерінен 2,2 млн. тонна өнім жиналды. Кеңес дәуірі кезінде жеміс-жидек дақылдары мен жүзім көлемі 26 мың гектар болса, бүгінгі күні 29 мың гектарды құрап, 163 мың тонна өнім жиналды. 

Бұған облыста алғаш рет 2012-2013 ж.ж өнімділігі жоғары 250 га аласа бойлы, 2100 га жартылай аласа бойлы бір жылда өнім беретін интенсивті алма бауларын отырғызудың нәтижесінде қол жеткізіліп отыр. 

Биылғы жылы терең қопсыту технология­сымен мақта дақылы 13 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға ұлғайды. Облыста тамшылатып суғару әдісі де тиімді жүзеге асып келеді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, тамшылатып суғару әдісімен 25 мың гектар жер пайдаланылуда. Облыста жылыжайлар көлемі алдыңғы жылдарға қарағанда, 6 есеге артып, 720 гектарға жетті. Бұл жылыжайлар есебінен бүгінгі күнге дейін 130 мың тонна көкөніс өнімі өндірілді. 

«Алтын күз» мерекесінде жеңімпаз атанған аудандар мен шаруаларға алтын медальдар мен сертификаттар табыс етілді. Үздік шыққандардың қатарында: озат астық өндіруші аудан аталған – Қазығұрт ауданы, озат мақсары өндіруші аудан – Төлеби ауданы, озат мақта өндіруші аудан – Мақтарал ауданы, мал басын өсірген және мал шаруашылығы өнімін көп өндірген аудан – Сарыағаш ауданы, асыл тұқымды мал басын көбейткен аудан – Отырар ауданы, тамшылатып суару әдісін ендірген аудан – Түркістан қаласы, Жылыжай салудан озат аудан – Сарыағаш ауданы, инвестициялық жобаларды іске асырудан озат аудан – Сайрам ауданы, жеміс-жидек өсіруден озат аудан – Түлкібас ауданы алтын медальдерге ие болды. Алтын медальдан бөлек, күміс алқа тағынып, озық шыққан аудандарымыз да бар. 

Сонымен бірге, бірқатар шаруа қожалықтары басшылықтарына Құрмет грамотасы табыс етілді. Еңбек озаттары мен шаруалар да сый-сияпаттан құр қалмады. Шаруаның ала жаздай атқарған еңбектері мен төккен тері ақталды. Ауылшаруашылығы саласында жеткен жетістіктер әлі де жалғасын табады деген сенімдеміз. 

Гүл Бекзат

Серіктес жаңалықтары