Өмірден жыр жампозы өтті

Өмірден жыр жампозы өтті

Өмірден  жыр жампозы өтті
ашық дереккөзі
538

Қазақ әдебиеті орны толмас қазаға ұшырады. Халқымыздың талантты, сүйікті ұлдарының бірі, белгілі ақын Есенқұл Жақыпбеков 59 жасында кенеттен дүние салды. Е.Жақыпбеков 1954 жылы 10 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Бірлік ауылында туған. Еңбек жолын мектеп бітірген соң аудандық газет редакциясында бастады. Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Өнер мектебінде айтыс ақындарына дәріс берді. Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық бөлімшесіне жетекшілік етті. Соңғы жылдары Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінде Бас редактор болып жемісті қызмет атқарды. 

Жаратылысынан ақын болмысты Есенқұл ұлы Жамбылдың жыраулық мектебінің лайықты түлегі, көрнекті өкілдерінің бірі ретінде жастайынан-ақ елге кеңінен танылды. Телевизиялық ақындар айтысының тұңғыш лау­реаты атанған ол айтыс сахнасында отыз жылдай жарқырап көрінді. Халық арасына кең таралған көптеген ән-термелердің авторы болды. Оның сан қырлы талантының ең бір белесті қыры – жазба ақындығы екені сөзсіз. «Бастау», «Ағынан жарыламын», «Біз екеуміз», «Жеріңе табын», «Біздің елдің жігіттері», «Есіл дүние-ай!», «Жан қисса», «Бұл жаз да өтер», «Тау басында кәрі қар», «Сарғайған сары терезе», «Тазқара құстың тағдыры» атты т.б. жыр жинақтары поэзия сүйер қалың жұртшылықтың сүйсініп оқыған, тұшынып оқыған туындылары қатарында қазақтың өлең өлкесінен ойып алған өзіндік орны бар шұрайлы дүниелер.

Әлі де берері мол, тума талантты шығармашылығының нағыз кемелденген шағында мейірімсіз ажал арамыздан алып кетті. Асыл әріптесіміздің аяулы бейнесі ел есінде сақталады. Ақмаржан жырлары халқымен бірге жасай береді.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 

секретариаты

Серіктес жаңалықтары