Қызылордада қайнаған еңбек ...

Қызылордада қайнаған еңбек ...

Қызылордада  қайнаған еңбек ...
ашық дереккөзі
193

 Қызылордада ІІ «Байқоңыр” инвестициялық форумы өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров, орталық мемлекеттік органдардың, республикалық, халықаралық ғылыми және бизнес ұйымдардың өкілдері қатысып, өңірдегі металлургия, энергетика, кен өндіру саласындағы аутсорсингті, құрылыс индустриясы, балық шаруашылығын дамыту, Байқоңыр қаласының мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысында келелі сөз болды. Сондай-ақ, шетелдік және отандық инвесторлар жаңа бизнес әріптестер іздеу, аймақтың кіші және орта кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау аясында және туризмді дамыту барысында сан салалы пікірлер пайымы ортаға салынды осы жиында.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМ ӨҢІР ИГІЛІГІН ЕСЕЛЕУГЕ ЖОЛ АШАДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев инвесторлардың жұмысына қолайлы жағдай жасау мемлекеттік және өңірлік саясаттың маңызды бағыты саналатынын айтқан болатын. Қазір бұл бағытта Қазақстанның жетістіктері айтарлықтай. Кәсіпкерлердің пікірінше, елімізде бизнестің және кәсіпкерлік бастамалардың дамуына қолайлы жағдай бар. Әкімгершілік кедергілерді азайту және интеллектуалды меншікті қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда.

Облыс әкімі саралап өткендей, биылғы жылы Қызылорда облысы аймақтық экономикаға тартылған инвестиция өсімінің қарқыны бойынша республика өңірлерінің алдыңғы қатарында келеді. 

Өнеркәсіптің өңдеуші саласының көлемі (үстіміздегі жылдың 9 айы) 15 пайызға өскен. Жұмыссыздықтың жоғары емес деңгейі сақталуда. Аймақ мемлекеттік қазынаға қар­жы­ның жоғары түсімін қамтамасыз етуде.

Өңірде өндіруші сектордың үлесі әзірге басым. Демек аймақ экономикасын әртараптандыру маңызды болып табылады. Бұл Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында айқын көрініс тапқан. Мұның бағыттары Елбасының осы жылы қыркүйек айында Қызылордаға келген сапары кезінде баяндалған еді.

Мемлекет басшысының келі­сі­мі бойынша аймақта металлур­гия өндірісінің бірқатар салалары құрылатын болады. Облыс ау­мағындағы ванадий кеніші әлемдегі 5 ірі кеніштердің қатарына енеді. Ма­мандардың пікірінше, аймақ осы шикізатқа қажетті әлемдік сұра­ныстың 25 пайызына дейін қам­та­масыз ете алады.

Мырыш пен мыстың қорлары бар. Сол сияқты алтын, молибден, цирконий және титан қорлары да жеткілікті. Кадмий, германий, күміс және селен, темір, фосфарит, цирконий-титан кендері табылды. Шалқия қорғасын-мырыш кен орны еліміздегі ірі кеніштердің бірі.

– 2015 жылға қарай облыста Қазақстан уранының едәуір бөлігі өндірілетін болады. Осының барлығы біздің өңірді болашақта кемел келешекке жетелейтін алтын қорымыз. Қазіргі таңда біз осы ресурстардың бірқатар бөлігін аймақ экономикасына тарту бағытындағы жұмыстарды бастадық, – деді облыс әкімі форум барысында. 

Облыс басшысы сондай-ақ, ванадий өндірісіне тоқталды. Осы жылы ванадий кенін қайта өңдеу жұмыстары басталды. Бұл шетелдік баламасы жоқ жаңа технология болып табылады. Сонымен бірге бірінші рет металлургия кешенінде полиметалл минералды шикізатын қалдықсыз өңдеудің күрделі өнеркәсіптік жүйесі жүзеге асырылды.

Феррованадий, ферромолибден және басқа да электротехникалық өн­діріске қажетті арнайы өн­ді­ріс­терді салу жоспарланып отыр. Бұл ретте ванадий аккумуляторлар өн­дірісін ұйымдастыру да қолға алын­бақ.

Шалқия кен орнында қуаты 4 млн. тонна полиметалл шикізатын өңдейтін, жоғары технологиялық концентратты мыс пен мырышты, басқа да элементтерді алатын байыту фабрикасы бой көтермек. Тау-кен секторын дамыту аралас өндірісті, атап айтқанда, жердің сорлануына қарсы ірі көлемді сорбент-сұйық калий тыңайтқышын өндіретін зауыт, қабырғалық материалдар шығаратын зауыт, сондай-ақ бетон құймалары мен кремний карбидын өндіретін зауыт құруға жол ашатын болады.

Металлургия кластерін құру мен­ дамыту концепциясына сәй­кес металлургиялық кластерде ми­не­рал­ды-шикізат ресурстарын (мыс, титан, сирек жерасты металдары) өндіріп жатқан және болашақ кеніштерді геологиялық зерттеу және барлауға дейінгі және оны игеру жұмыстары қаралған. Сонымен бірге, қазіргі таңда облыс көлемінде шыны, цемент, құбыр шығаратын зауыттар құрылысын салу және басқа бірқатар жобаларды жүзеге асыру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Форум барысында облыс әкімі Қырымбек Қөшербаев Байқоңырға қатысты да байыпты ұстанымды назарға салып өтті. 

– Ғарыш айлағы төрткүл әлемге жақсы таныс киелі мекен. Мұнда ондаған жылдар бойы болашақтың міндеттері оң шешімін табуда. Осы ретте біз «Роскосмос» федералдық ғарыш агенттігінің басшылығына, Байқоңыр қаласының әкімшілігіне қаланы дамытуға қолдауы үшін ризашылық білдіреміз. Бәріміз бірігіп қаланы индустриалды орталыққа айналдыратын боламыз. Ол үшін барлық жағдай бар деп айта аламын. Бос өндіріс алаңдары – қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ететін керемет инвестициялық алаңдар. Мұнымен бірге энергетикалық қуат көздерінің қоры транспорт инфрақұрылымын (оның ішінде әуежай) дамыту, тұрғын үйлер қоры мен оқу орындары жетерлік.

Сөз барысында аталып өтіл­гендей, бұл форум мүмкіндігі зор инвесторлармен іскерлік келі­сім­дер жасаудың алғы шарты болғанда келесі жылдың сәуір айында, Ғарышкерлер күнінде Байқоңырда Қазақстан мен Ресейдің бірлескен форумын жос­парлап, оның шеңберінде нақты жобалар бойынша әріптестік кездесулер өткізіп, нақты келісімдерге қол жеткізу жоспары бар. 

Елбасы тапсырмасына орай қала бүкіл әлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген қонақтар мен қатысушыларының көріп, тамашалайтын нысанына айналуы тиіс. Бұл өз кезегінде қаланың даму бағытын айқындап, уақыт өте келе әлемнің көптеген елдерінен турис­тер толқынын тартатын орталыққа айналуына мол мүмкіндік береді. Әрине, бұл жерде туристік инфрақұрылымдарды жүзеге асырудың маңызы зор. Сондықтан ресейлік әріптестермен туризм саласы жөніндегі ұсыныстарды қарау пысықталатын болады. 

Сыр өңірі мәдени мұраға өте бай

Мұнда түркі әлеміне ортақ абыз Қорқыт ата жатыр. Бүгінде осы тарихи мекенді түлету тұрғысында келелі шаралар жүргізілу үстінде. 

Сонымен қатар киелі Сыр жерінде Шірік-Рабаттың бұрынғы резиденция­сы, оғыздардың астанасы Жанкент, ұлы қыпшақ империясының астанасы Сығанақ бар. Ал, 1817 жылы негізі қаланған Қызылорда қаласы 1925 жылы Қазақ ССР-нің алғашқы астанасы болса, мұның бәрі қасиетті де тарихи өңірдің туристік мүмкіндігі зор екенін айғақтайды.

Облыс әкімі сонымен қатар, аймақтың транзиттік мүмкіндіктері турасында орнықты пікірді ортаға салды. Облыс аумағынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралінің ең ұзын бөлігі көктей өтеді. Оның ұзындығы 800 шақырымнан астам. Қазірде сол күрежолдың құрылысы бітуге таяу. Сондықтан инвесторлармен бірге жол бойында инфрақұрылымдарды салу мәселесін анықтап алу қажет.

Бұл арада Қызылорда облы­сы­ның 85 пайыз елді мекендері халық­аралық көлік дәлізінің бойына ор­на­ласқанын ескеру керек.

«Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол желісі Еуропа елдері мен Парсы бұғазы бағытына тауарларды экспорттауға мүмкіндік береді. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2020 жылға дейін аймаққа 2 млрд. доллар шамасында қаржы салуды жоспарлап отыр.

Ал аймақтың әуе кеңістігі арқылы көптеген әуе жолдары өтеді. Қызылорда қаласының әуежайы қазірдің өзінде ірі салмақтағы әуе кемелерін қабылдауға қабілетті. Ал келер жылдан бастап заман талабына сай халықаралық терминал салу жоспарлануда.

«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының құрылысы облысты ғана газдандырып қоймайды, сонымен қатар экономиканы дамытуға қосымша серпін береді.

Облыста ауыл шаруашылығын дамудың да жақсы мүмкіндіктері бар. Отандық күріштің 90 пайызы Сыр елінде өндіріледі. Айталық, облыстың тек үш ауданында өндірілетін күріш барлық Қазақстанның сұранысын қамтамасыз ете алса, өңір диқандары жыл сайын тұтастай алғанда 285 мың тонна күріш өндіреді.

Биыл «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Ы.Жақаев атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу институты басшыларының қатысуымен күріш кластерін құру жөніндегі жұмыстар басталды. Мұнда күріш шикізатын өңдеуге жаңа технологиялар енгізу, саланы қазіргі заманғы логистика және экспортпен қамтамасыз ету жоспары бар. Ал ет бағытындағы мал шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамыту қарекеті де жалғастырыла бермек. 

 Аймақ басшысы экономиканы дамытуға байланысты және бірқатар маңызды мәселелерді сөзге арқау етті. Онда адамдарға жұмыс беруде жоғары жалақылы және болашағы бар жұмыстар қарастыру мүмкіндіктерін кеңейтуге күш салу, техникалық мамандардың тапшылығына орай тиянақты бастамаларды жүзеге асыру тұрғысында тұщымды пікір қозғалды. 

Форумда ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров «Жасыл” экономика тұжырымдамасы, оны іске асырудағы негізгі бағыттар туралы сөз сөйледі. Сонымен бірге Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев, Корея Республикасының елшісі Пэк Чу Хён, «KAZNEX ІNVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ аймақтық әріптестік жөніндегі басқарушы директоры Нұрболат Сейтмағамбетов және бірқатар қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Қызылорда облысы әкімдігі мен инвесторлар арасында өзара ынтымақтастық жөнінде бірқатар меморандумдарға қол қойылды. 

Екі күнге созылған «Байқоңыр» инвестициялық форумының келесі күнгі жиыны Байқоңыр қаласында жалғасты. Онда қала әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Анатолий Петренко шетелдік және отандық инвесторларға қаланың даму перспективалары туралы айтып берді. Ғарышты қаланың «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде көрсетілетін нысандардың қатарына кіргені мәлім. Сондықтан жиында туризм саласын, Байқоңыр брендін дамыту мәселесі кеңінен талқыланды. Осылайша екі күнге созылған инвестициялық форум өңір игілігін нығайта түсудің үлкен дәнекері екенін көрсетіп берді. 

ҮРЛЕМЕЛІ ТОСПА ҮМІТТІ АҚТАМАҚ

ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Сыр елінде жұмыс сапарымен болды. Мұнда министр назарына облыстың оңтүстік Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы бірқатар өндіріс нысандары ұсынылды.

Шиелі ауданына қарасты Қаратаудың соңғы сілемінде «Баласауысқандық» аталатын қойнау бар. Онда ванадий өндіруді «Балауса» фирмасы қолға алған. Сирек кездесетін металдар қатарында ванадийді өндіріп, оны өндіріске пайдалану екінің-бірі тәуекел ете бермейтін күрделі жұмыс. Себебі, дайын өнім алынғанша көптеген қиындықтарды қарпып өтуге тура келеді. Десе де өнеркәсіпке ванадий металы өте қажет, оның аз ғана мөлшері құрышқа араластыру арқылы металдың төзімділігін жүздеген есеге арттырады, есесіне зіл батпан салмағын бірнеше есеге азайтуға мүмкіндік береді. «Балауса» фирмасы міне, осындай тәуекелге бел буып, өндірісті өрге бастыруға күш салып отыр. 

Мамандардың айтуынша, мұндағы ванадий қоры 800 мың тонна мөлшерінде. Бұл жерде дайындық жұмыстары 2006 жылдан басталған. Әуелі жер жағдайы зерттеліп, өндіріс алаңдары салынып, жабдықтар әкелінді. Ал өткен жылдан бастап ванадий металын автоклавты тәсіл бойынша өндіру қолға алына бастады. 

Жобаның құны 965 млн. теңге. Әйткенмен, әлі де көптеген ұйымдастыру жұмыстары атқарылуы тиіс. Серіктестік басшысы Андрей Кузнецовтың мәлімдеуінше, жоба үш кезеңмен іске асырылуы керек. Сол арқылы 2015 жылы 664 адам еңбек етсе, өндірілген ванадийдің көлемі де арта түседі. Ал жоба толық жүзеге асқанда ванадийден өзге оған сабақтас ванадий пятиокисі, феррованадий, алюмованадий, молибденді концентрат, көмір қышқылы секілді өндіріс пен тұрмысқа қажетті заттарға керекті шикізаттар да молынан өндіріледі. Әзірге, жобада көрсетілген бірінші кезеңнің жұмыстары толық аяқталған. Нақты кезеңде 80 адам жұмыс жасауда. 

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұл жоба иесі мен инвестордың жос­пары екендігін, оған үкіметтің демеу көрсету арқылы жобаланған мерзімді анағұрлым жақындатуға, өнім өндіруді жылдамдатуға мүмкіндік барын атап өтті. Сондай-ақ, жер қойнауын игерудің заңдылықтарын ескеруді алға тартты. Өз кезегінде өндіріс мамандарының өтініш-ұсыныстарына да зейін қойылды. 

Мұнан кейін Жаңақорған ау­да­нындағы Шалқия кеніші назарға ұсынылды. Қорғасын мен мырыш өндіретін бұл нысан сонау Кеңес Одағы кезінен белгілі. Алайда, қаржы тапшылығы, одан соң әлемдік дағдарыс салдарынан бойын бір жаза алмай келе жатқан кеніштің еңсесін көтеруге соңғы кездері үлкен мән беріліп отыр. Сапар аясында осы мәселе әңгіме өзегіне айналды. Министр Нұрлан Қаппаров, вице-министр Нұрлан Сауранбаев атақты кеніштің жағдайымен жете танысуды мақсат етті. 

Қазіргі уақытта Шалқия кенішіндегі құрал-жабдықтардың дұрыс сақталуына қажетті жұмысшы-қызметкерлер ғана еңбек етсе, оның қайта түлейтін кезеңі де көп күттірмесе керек. Ол кезде мұнда сирек металдарды қорытатын фабрика жұмысымен қатар, қосымша жұмыс көздері де ашылары күмәнсіз. 

Сапар барысында аудан орталығына жақын орналасқан күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U» зауытының қоршаған ортаға әсері туралы да сөз болды. Зауыт басшылығының мәлімдеуінше, қауіпсіздік шаралары барынша сақталып, жұмысшы-қызметкерлерге де барынша мүмкіндік жасалып отыр. Мұнда жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, олардың әлеуметтік жағдайларына қарасу жағы да үнемі назарда. 

Жаңақорған ауданы Сырдария өзенінің облысқа құяр өзегінде отырса да кей жылдары аяқ судың тапшылығын көрудей-ақ көріп келе жатыр. Егістік жерлердің биікке орналасуынан жаз айларында канал сулары тоқтап қалады да, көптеген егістікке су аяғы жетпей диқандар қиындыққа тап болады. Енді осы мәселені шешудің амалы қарастырылды. Үкіметтің қолдауымен жалпы құны 1 млрд. теңге болатын үрлемелі су тоспасын іске қосу қолға алынды. Қытайда кеңінен қолданылатын бұл тәсіл су деңгейін қажетті жағдайда ұстауға мол мүмкіндік бермек. Ал оныңыз 15-20 жылға дейін шыдас беретін көрінеді. Көктөбе елді мекені тұсында жаңадан салынып жатқан осы үрлемелі су тоспасы арқылы ауданда 30 мың гектар жер суландырылады. Келесіде осындай тоспаны Шиелі ауданында да салу жоспары бар. 

СЫР СПОРТЫ СЕНІМ БИІГІНДЕ 


Сыр спортында үлкен-үлкен жетістік бар. Мұның парқын бүгінгі қазақ елі ғана емес, төрткүл дүние кәдімгідей-ақ таныса керек. Сол Сырдың тағы бір апайтөс ұланы әлемдік додада тағы бір мықтының барын мойындатты. Жуырда Польшаның Вроцлав қаласында өткен ауыр атлетикадан әлем біріншілігінде қазақтың қарадомалақ баласы Алмас Өтешов күміс медальға қол жеткізді. Ауыр атлетика дегенде Олимпиаданың қос дүркін чемпионы Илья Ильинді құрметтейтін халық енді сол толағай ердің қасына өзінің жерлесі Алмастың қосылғанын мақтан етіп жүр бүгінде. 

Спорттағы жетістік, әрине, елдің намыс-жігері, абырой, беделінің үстемдігі. Ал оларға қолдау көрсету қашанда игіліктің жаршысы. 

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жуырда Алмас пен «Қайсар» футбол клубының шабуылшысы Жасұлан Молдақараевты қабылдады. 

Аймақ басшысы айтып өткендей, Сыр елінің саңлақтары әлемдік ареналарда толағай табыстарға кенелуде. Бұл тек Қызылорданың ғана емес, тәуелсіз еліміздің абыройы мен атағының әлемге әйгілі болуы. Елбасымыздың спорт саласына жасап отырған қамқорлығының жемісі.

Биыл бірінші лигада ойын көрсеткен «Қайсар» командасы да жанкүйер сенімін ақтап, үздіктер қатарына қайта қосылды. Осының барысында 34 ойында 28 мәрте қарсыластар қақпасына доп соққан Жасұлан Молдақараевтың да еңбегі зор. «Қайсарлықтар» ендігі Премьер-лигада жоғары деңгейде ойын көрсетеді деген сенім бар. 

Айта кетейік, облыста спорт саласының материалдық-техникалық базасын жақсартуда соны серпін бар. Барлық аудандарда стадиондар жасанды төсеммен жабдықталған. Ал ауыл-ауылдардың өзінде шағын алаңдардың іске қосылуы бұқаралық спортты дамытуға үлкен жағдай жасап тұр. 

Сонымен спорттағы саңлақтарды құрметтеу сәтінде облыс басшысы Алмас Өтешов пен «Қайсардың» үздік шабуылшысы Жасұлан Молдақараевқа пәтер кілттерін табыс етті.

Қуат Шарабидинов

Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары