Бақытжан ӨТЕҒАЛИЕВ, Маңғыстау облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: Жартыаралда су аз болғанмен, күн шуақты, жел мол

Бақытжан ӨТЕҒАЛИЕВ, Маңғыстау облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: Жартыаралда су аз болғанмен, күн шуақты, жел мол

Бақытжан ӨТЕҒАЛИЕВ,  Маңғыстау облысының энергетика және  коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: Жартыаралда су аз болғанмен,  күн шуақты, жел мол
ашық дереккөзі
346

Өндірістік қуаттарды жасыл эконо­микаға көшіру мақсатында Маңғыстау облысында энергияның жаңармалы түрлерін өндіретін нысандар салу жобаларын іске асыру жоспарланған. Қазір Қарақия ауданында «Energy Worldwide Holding» компаниясының 100 Мвт жел электр стансасын салу жөніндегі тапсырысы қаралып, жобаға жер рәсімдеу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. 

– Бақытжан Есполұлы, Маңғыстау туралы сөз қозғағанда өңірдегі өзекті мәселелердің бірі ретінде алдымен ауыз су мәселесі тілге оралады. Шөлейтті табиғи-климаттық жағдайда орналасқан өңірде тұрақты жерүсті су көздері жоқ, тұщы су қоры шектеулі екендігі баршамызға мәлім. Облысты сумен қамтамасыз ету қалай жүргізілуде? Бұл бағытта «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы біраз ілгерілеушілікке қол жеткен болар? 

– Маңғыстау облысының тұщы суға қажеттілігі, негізінен «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС тұшыту қондыр­ғыларымен, «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры бойынша тасымалданатын Еділ суымен және артезиан құдықтары арқылы қамтамасыз етіледі. Аймақ бойынша орташа есеппен адам басына тәулігіне 178 литр су, оның ішінде 96 литр ауыз суға жұмсалады. 2011 жылдан бастап өңірімізде «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы жылы Түпқараған ауданындағы Таушық елді мекені, Маңғыстау ауданындағы Омды, Сазды, Жарма, Ұштаған, Шайыр елді мекендерінің тұрғындары ауыз сумен қамтылды.

2012 жылы осы бағдарлама бойынша Бейнеу ауданының Тәжен елді мекеніне дейін ауыз су құбыры жеткізілді. 

Осы жылы бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде ағымдағы жылдың аяғына дейін Маңғыстау ауданы Шебір, Қызан, Ақшымырау, Өтес және Тұщықұдық елді мекендері, Жаңаөзен қаласының Теңге мен Қызылсай елді мекендері, сонымен қатар Бейнеу ауданының Ақжігіт және Сыңғырлау ауылдарының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз.

Аймақтың халық ең тығыз қоныстанған, сонымен қатар ауыз су мәселесі өзекті болып отырған ауданы – Мұнайлы ауданы. Халық саны жүз мың адамнан асып кеткен бұл ауданның тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету әлі күнге дейін шешілмей отыр. Осы себепті бұл аудандағы Дәулет (2014 жылдан бастап), Маңғыстау және Атамекен (2015 жылдан бастап) елді мекендерін ауыз сумен қамту мақсатында республикалық бюджетке бюджеттік өтінім жолданды. Қалған елді мекендерге сумен қамту құбырларын салу алдағы жылдарға жоспарлануда. 

«Ақбұлақ» бағдарламасының Маң­ғыс­тау облысындағы жауаптысы біздің бас­қарма болғандықтан, оның жүзеге асырылуына тілеуқормыз. Осыған орай, 2020 жылға дейін өңірдің елді мекендерін ауыз сумен қамтуда және аталған бағдарламаның нысаналы индикаторларына жету мақсатында жоспар жасақталды. Жоспарға сәйкес 2020 жылға дейін аймақтың 80 пайызы орталықтандырылған сумен қамту жүйесімен қамтылуы тиіс. Алдағы уақытта осы жоспар бойынша жұмыс жасап, ел игілігіне қызмет етуге ат салысамыз.

– 2013 жылғы 11 қазанда Елордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы энергия үнемдеудің базалық мәселелерін шешу қажеттігін атап көрсетті. Мемлекеттік органдар тарапынан энергия үнемдеу, энергия есептеу мәселелеріне баса назар аударылмайтындығы, тұрғындар арасында электр энергиясын, жылу және газды үнемдеуге насихат жеткілікті жүргізілмейтіндігі сынға алынды. Енді осы тақырыпқа қарай ойыссақ.

– Түсіндім. Энергия үнемдеу саясатын іске асыру шеңберінде Маңғыстау облысы әкімдігінің қаулысымен 2013-2015 жылдарға арналған Маңғыстау облысы бойынша аймақтық кешенді энергия үнемдеу жоспары бекітілді. Қазір осы жоспарға сәйкес шаралар іске асырылуда.

2011-2012 жылдары 15 көп пәтерлі тұрғын үйде күрделі жөндеу өткізілді. Жөндеу барысында жылулық жаңғырту элементтері-жылумен оқшаулау материалдары пайдаланылып, жалпы үй тораптарында жылу есептегіштері орнатылды, галереялар подъездерге айналдырылып, жылытылды және галереяларға ПВХ профильдерінен терезелер блоктары салынды.

Биыл облыс орталығындағы «Ынтымақ» алаңына, 5 және 7 шағын аудандар арасындағы теңізге қарай жүретін жолдар бойына энергия үнемдейтін 400-ге тарта шам орнатылып, теңіз жағалауын жарықтандыру үшін 44 жарық диодты шамдар мен энергия үнемдейтін шамдары бар 54 бағана орнату арқылы іске асырылды. Сондай-ақ кеден департаментінің ғимаратынан бастап, оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығына дейінгі автокөлік жолы жарық диодты шамдармен жарақтандырылды. Жарық диодты шамдарды пайдалану электр энергиясын 30-35 пайыз үнемдеуге және оларға техникалық қызмет көрсету шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. 

Қазіргі уақытта Ақтау қаласында автокөлік жолдарын жарықтандыру үшін негізінен қуаты 250 Вт шамдар пайдаланылады. Қуаты 150 Вт ДНаЗ үлгісіндегі айналы шамды «Reflux» типіндегі 30 шам тәжірибелік қолданылуда. 2013 жылы «Ақтау-Әуежай» автокөлік жолына шамамен 40 «Reflux» шамы орнатылды. 

Электр энергиясын тиімді пайдалану мақсатында Ақтау қаласында көшелерді жарықтандыру үшін қаланың 108 подстансасында автоматтандырылған басқару жүйелі телеметрикалық шкафтар қойылды, бұл электр энергиясын 10-15 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жаңаөзен қаласында орталық көшелерде электр жүйелерін құру мен қайта құрылымдау аяқталды, мұнда тұңғыш рет жарықтандыру көзі ретінде автоматтандырылған басқару жүйесімен 342 монокристалдық күн панельдері орнатылады. Бейнеу селосында көшені жарықтандыру жүйесінде автоматтандырылған фотореле жұмыс істейді.

Облысымыздың инженерлік желілерін жаңғыртуда да оң істер бар. Биыл облыс бойынша «Маңғыстау электр тарату компаниясы» акционерлік қоғамы 685,2 шақырым электрмен жабдықтау желісі мен 105 трансформаторлық подстансаны жөндеді. Өткен жылы облыс бойынша 13,8 шақырым жылу желісі жөндеуден өткізілді. Ақтау қаласында «Каспий жылу, су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 15, 21, 3б және 1 шағын аудандардың 4 кәріздік сораптық стансасын қайта құрылымдау жөніндегі жұмыстарды аяқтады. Олардың нәтижесінде 20 пайыз энергия ресурстары үнемделеді.

Энергия тиімділігін арттыру мен энергия тұтынуды бақылауды қамтамасыз ету мақсатында «Ақтау электр желілері басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны инвестициялық бағдарлама есебінен Ақтау қаласына электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесін кезең-кезеңмен енгізу жөніндегі жобалық-сметалық жоба жасады, бұл электр желілерінде нормативтік және коммерциялық шығындарды жыл сайын жалпы сомасы 200 млн. теңгеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

2010-2013 жылдарға арналған «Маң­ғыстау электр тарату компаниясы» ак­ционерлік қоғамының инвестициялық бағ­дарламасы бойынша электр энергия­сын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жұмыстар жүзеге асырылуда.

– Біздің облысымыз ірі кенорындары, онда жұмыс көрігін қыздырған алып кәсіпорындары бар өндірісті өңір. Олардың энергияны тұтыну белсенділігі жоғары екені белгілі. Осы тұрғыда олармен қандай да бір жұмыс немесе келісім жүргізілді ме?

– Өнеркәсіптік кәсіпорындарымен арада энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру бағытында жұмыстар бар. Мысалы, «Қарақұдықмұнай» ЖШС-мен қабат қысымын ұстаудың блоктық-кусталық сораптық стансасын электрден газ қозғалтқышына көшіру жоспарлануда. Бұдан жылына 27 млн. кВт электр энергиясы немесе 362,8 млн. теңге үнемделеді. Сонымен қатар, Солтүстік Бозашы кенорнында «Buzachi opereiting Ltd» компаниясындағы технологиялық үрдіс бо-йынша жиілігі реттелетін қозғалтқыштарды пайдаланылану электр энергиясын тұтынуды 50 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бой­­ынша 2013-2014 жылдары жоспарланған жұмыстардың шеңберінде 62 млн. теңге үнемдеу жоспарлануда.

«Ақтаугазсервис» акционерлік қоға­мында құрал-жабдықтар жұмысы режимін оңтайландырудың арқасында 2012 жылы 2011 жылмен салыстырғанда, электр энергиясын пайдалану 5,1 пайызға төмендетілді. 2011 жылдың қорытындылары бойынша электр энергиясын пайдалану 362 мың киловатт, яғни 3 млн. теңге құрады, ал 2012 жылы электр энергиясын тұтыну 343 мың киловатт немесе 2,9 млн. теңге болды. 2013 жылдың қорытындылары бойынша да энергия ресурс­тарын үнемдеу іске асырылады.

– Үйлерге жылу есептеу құралдарын орнату қаншалықты жүзеге асты?

– Бұл мәселеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жылу энергиясын тұтыну­шы­ларды есептеу құралдарымен 100 па-йыз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын басшылыққа аламыз. Қазіргі таңда облыстағы екі қала – Ақтау мен Жаңаөзенде заңды және жеке тұлғалар жылу есептеу құралдарымен 45 пайыз қамтамасыз етілді. Ақтау қаласында тұтынушылардың 28 пайызына жылу есептеу құралдары қойылды. 376 заңды тұлғалардың 290-на орнатылды, бұл 77 пайыз құрайды деген сөз. Ал 830 жеке тұлғалардың 6,4 пайызына, яғни 53-іне жылу есептеу құралдары орнатылды. Жаңаөзен қаласында жылу есептеу құралдары заңды және жеке тұлғалардың барлығына қойылды. 

Өткен жылдың тамыз айында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-мен келісім бойынша 2012 жылы 181, 2013 жылы 349, барлығы 530 жылу есептеу құралын орнату кестесі бекітілген болатын. 2012-2013 жылдары барлығы 27 жылу есептеу құралы орнатылды. Оларды қаржыландыру халықтан қайтарымды негізде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС қаражаты есебінен іске асырылды. Орта есеппен бір жылу өлшеу құралы үйдің ауданына қарай 800 мың теңге, әрбір пәтер үшін 10 мың теңге тұрады, олар бір жылға айларға бөлінді және коммуналдық қызметтердің жалпы есепшотына енгізілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінде жылу есептеу құралдарын тұтынушылар есебінен емес, табиғи монополия субъектісі есебінен орнату туралы қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесі қаралуда. Бірақ ол әлі бекімегендіктен, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-мен көрсетілген тапсырмаларды орындау үшін жылу есептеу құралдарын орнату жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды көздеп отырмыз.

– Маңғыстауда жел өткір, күн шуағы мол. Жартыаралда жасыл энергия көздерін осы табиғи байлықтар есебінен өндіру жұмыстарынан хабардар етсеңіз.

– Жасыл экономикаға энергетиканың экологиялық таза көздері болып табылатын энергияның баламалы және жаңартылатын көздері – күн, жел, су энергиясы, геотермалдық энергия (жер жылуының энергиясы) және басқа энергиялар кіреді. 

Өндірістік қуаттарды жасыл эконо­микаға көшіру мақсатында Маңғыстау облысында энергияның жаңармалы түрлерін өндіретін нысандар салу жобаларын іске асыру жоспарланған. Қазір Қарақия ауданында «Energy Worldwide Holding» компаниясының 100 Мвт жел электр стансасын салу жөніндегі тапсырысы қаралып, жобаға жер рәсімдеу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобаларды қаржыландыру жекеменшік инвестициялардың есебінен жүзеге асырылады. 

Қолданыстағы электр желілерінен шал­ғай­дағы кәсіпкерлік нысандарында, нақтырақ айтсақ, мал шаруашылығы мен балық шаруашылығында будандық қондырғылар салу да назардан тыс қалып отырған жоқ. Қазірдің өзінде жер қойнауын пайдаланушылар есебінен будандық қондырғы жеткізу бойынша жұмыстар жасалып жатыр.

«Көктем» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп, Ақтау қаласындағы «Қошқар Ата» көлінің маңында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу кешенін салу жобасын қолға алуда. Бұл кешен де электр энергиясы мен биогаз және қайталама шикізаттар алатын болады. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласында қайталама шикізаттар шығаратын қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу комбинаты салынып жатыр. Жарты­арал­да жасыл энергия көздерін жетілдірудің мүмкіндіктері мол, олар келешекте де өз кезегімен жүзеге асырыла беретін болады. Суы аз болғанмен, өңірде шуақ пен желге таршылық жоқ. Желі де, күн шуағы да мол Маңғыстауда мүмкін қазіргі таңда біз үшін әлі беймәлім болып тұрған жаңа жетістіктер мен жаңалықтар туындап жатса, таңғалудың қажеті жоқ. 

– Өзіңіз тізгінін ұстаған басқарма мемлекеттік бірнеше бағдарламаны жүзеге асырумен айналысатыны белгілі. Осы орайда жергілікті және республикалық бюджеттен бөлінген қаржылардың игерілуі қалай деген сұрақ туындайды. Барды ұқсата алып отырсыздар ма?

– Біздің басқарма арқылы «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» және дәл осы жылдарға межеленген «Ақбұлақ» бағдарламасы, сондай-ақ «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамту-2020», «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» жүзеге асырылады. Аталған бағдарламаның әрқайсысының мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыруға негізделген, әрқайсысы барынша маңызды. Сондықтан оларды орындау біздің алдымызға Елбасы, мемлекет тарапынан қойылған міндет, берілген тапсырма, мойнымызға жүктелген парыз деп білеміз. Жоғарыда аталған бағдарламалармен бірге, ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау бағдарламасы да сәтті орындалып жатыр деп сеніммен айтуға негіз бар. Жыл соңына дейін бюджеттен қаралған қаржы толық игерілетін болады. 

– Сұхбатыңызға рахмет! Республи­калық «Түркістан» газетінің ұжымы аты­нан ел үшін атқарып жатқан істе­ріңіз­ге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан 

Асыл МҰРАТТАС

Маңғыстау облысы 

Серіктес жаңалықтары