Жас актерлер «Серпер» сыйлығының иегері

Жас актерлер «Серпер» сыйлығының иегері

Жас актерлер «Серпер» сыйлығының иегері
ашық дереккөзі
651

Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында үлкен қуаныш. Театрдың жас актерлері Еркебұлан Дайыров пен Алмас Шаяхметов «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды. 40 жылдан астам тарихы бар бұл сыйлық негізінен, әдебиет, журналистика, өнер, ғылым саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосып жүрген жастарға беріледі. Соның ішінде театр актерлерінің лауреат атануы зор абырой. 

М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемле­кеттік академиялық драма театрының актері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Еркебұлан Дайыров: «Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген әдемі сөз бар. Бүгінгі қуанышты күнге жетпей тұрып бізде академияда оқып, ұстаздың алдынан өтіп, Қазақстанның халық артисі Есмұхан аға Обаевтың шеберханасынан шыңдалдық. Менің ойымша, жанымда жүрген адамдардың бәрі бүгінгі жетістігіме себепкер. Әріптесім Алмастың «Серпер» сыйлығын алғаны үшін өте қатты қуандым. «Мақсатсыз адам қанатсыз құспен тең», – дейді. Сол сияқты алға қойған мақсаттарым көп. Қазақстанда кино өнері күннен-күнге дамып жатыр, болашақта сол өнерден ойып тұрып орын алсам деймін», – дейді жүрекжарды қуанышын білдіріп. 

Ал М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрының актері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Алмас Шаяхметов: «Қара шаңыраққа келгелі алты жылдың жүзі болыпты. 2013 жыл мен үшін табысты жыл болды. Себебі «Театр көктемі-2013» фестивалінде «жылдың үздік актері» аталымымен марапатталсам, бүгін лауреат атанып отырмын. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Бұл біздің жетістігіміздің бастамасы ғана, әлі де алар асуларымыз алда. Актер үнемі ізденіс үстінде жүретін адам. Бүгінгі «Серпер» сыйлығын иеленгеніміз, бізден екі есе жауапкершілікті, екі есе еңбекті, екі есе ізденісті талап етері сөзсіз», – дейді. 

Жетістікке жеткен жас актерлерге театрдағы аға буын өкілдері де ілтипатын білдірді. Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев: «Екеуін де қара шаңырақ театрдың бас қаһармандары деп айтуға болады. Мысал үшін Еркебұлан Дайыров талай артист армандап жүретін М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Кебек, «Абайындағы» Айдар, Д.Исабековтің «Жаужүрегіндегі» Балуан Шолақ, Н.Гогольдің «Үй­­ленуіндегі» Подколесин, У.Шекс­пи­рдің «Ромео мен Джульет­та­сындағы» Меркуцио, Р.Отар­баевтың «Бейбарыс Сұлтанындағы» Қалауын ролдерін ойнаса, Алмас Шаяхметов М.Әуезовтің «Абайындағы» Айдар, Н.Ора­залиннің «Шырақ жанған тү­нінде» Таңат, Д.Исабековтің «Жау­жүрегіндегі» Сүтемген, Р.Отар­баевтың «Бейбарыс Сұлтанындағы» Құтыз, У.Шекспирдің «Гамлетінде» Лаэрт образдарын бейнеледі. Екеуі де сегіз қырлы, бір сырлы. Екеуінің тілі, фактурасы, бойының биіктігі, сым­баты, сахналық болмысы тартымды. Жас­тардың ішінде суырылып алға шық­қаннан кейін екеуіне қойылатын талап та көп», – деп ағалық тілегін жеткізді. 

 Салтанат ӘБІЛҒАЗИЕВА

Серіктес жаңалықтары