ҚОЛЫН БЕРГЕН ҚАСИЕТТІМ

ҚОЛЫН БЕРГЕН ҚАСИЕТТІМ

ҚОЛЫН БЕРГЕН  ҚАСИЕТТІМ
ашық дереккөзі
402

Бұл күндері  Мұхаңды  сыртынан бір  көргендердің өзі  естелік  айтатын болды…

Біз өткен ғасырдың елуінші жылдарында  Қазақ  мемлекеттік  университетінде  Абайтанудан дәріс оқыған  Мұхтар  Әуезовті  көріп, алдынан сабақ алған едік. Аудиторияға  сыймай,  студент-жастар есік алдында тұрып  тыңдаушы еді. Әдебиетке құмар басқа  оқу  орындарынан да жас түлектер  келетін.

Онан бергі  жағында  ҚазМУ-дегі  драма  үйірмесі М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасы бойынша  спектакль қоймақ болып, Сапарғали Шәріпов деген  режиссер  Мұхаңмен келісіп, үйірме старостасы мені ол  кісіден  қолжазба  шығарманы алып келуге  жұмсады.

Есіктің қоңырауын  жасқана тұрып  қаққан кезде ертеңгілік киетін ақ жолақ пижамасымен  үлкен  емен тұтқаны  өзі ашып, пьесаның  екінші  данасын  қолыма  ұстата беріп:

– Ойындарыңызды көрсетіп болған соң, қайырып  беріңіздер, – деп   салалы саусақтарымен ұсынып, ай маңдайын  сәл ғана  иіп, шығарып салған-ды.

Біз сөйтіп, студенттер сахнасына Мұхтар Әуезов қайта жазған  «Айман-Шолпанның» жаңа нұсқасын қойған  едік.  Бұл – 1957 жылдың  мамыр айы болатын.

Өкінішке қарай, Мұқаң шетелге – Үндістанға делегациямен жол жүріп кетіп, біздің  ойынымызды  көре алған жоқ.

Жазға таяу оқу жылы аяқталар  кезде  қолжазбаны  ұмыттырып, аяқсытып жібермей, қайта бір соғып, қолына өз  қолыммен  ұстатып, рахметін алғанымды әлі ұмытпаймын.

Жастық шақ, студенттік  асау, есер  шақ.  Біртүрлі  бәрі  мақтаныш үшін  жасалатындай.

Екінші рет  көріп, қолын алуымыз – қазіргі  Панфилов көшесіндегі кітап  дүкеннің  алды – май айларында  болатын. Алты  томдық  кітаптарына оқырмандар үшін  қолтаңба жазып беріп отырған сәті  еді.  6-томына  аты-жөнімді сұрап, «Інім Еркімбайға!» деп  күлімдеп қол  қойған болатын. Тауға шыққандай  мәз  болып  қуанғаным бар.

Сол  томды былтыр – 2012 жылы  Музей үйінде Мұратқа көрсетіп, мақтаныш көңілмен тарту  еттім.

…1960 жылдың  желтоқсан айы болатын.  Ұлы  жазушы Қазақ  мемлекеттік  университетінің  акт залында жас қаламгерлер, жаңа  талап  студенттермен кездесу өткізген  еді. Кейін  мәңгі  есте  қаларлықтай болып, «Жыл келгендей жаңалық  сезінеміз» деген  өзінің әңгіме  сұхбатын (соңғы сұхбат) тыңдап, «Лениншіл жас» газетінде  жарияланғаны есте.

Амал  не, содан  дария  дарын, ұлы жазушы Мәскеуден  операциядан  оянбай, 19 мау­сымда  күміс табытта  оралды.  Қазақтың алыс-жақын ағайындар көзі ел-сел  боп  жасқа  толып, мәңгілікке  шығарып  салдық… Ақиық ақ сұңқардың  қанаты сынды. Еңіреп  жылап ел-жұрты қалды… Әлемге тарайтын мол мұрасы қалды.

Қазір мен сол музей-үйдің  жанында  тұрамын.

Қасиетті шаңыраққа кіріп, құран  бағыш­тайтын салтым, Алла өзі  разы  болсын деймін.

Әр адам еркінен тыс табынатын заңғар академик-жазушы еді ғой!

Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ,

жазушы

Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары