ОҚЫРМАН ОЙЫ
ОҚЫРМАН ОЙЫ
ШАЛДУАР
ШАЛДАР ҚЫЛМЫҢДАҒАНДА…
Бүгінде жастардың тарапынан аға өкілге көңіл толмаушылық бар. Олардың аузынан «қазіргі жастар бұзылып кетті, үлкенді сыйламайды» деген өкпе дейміз бе, сөкпе сөз дейміз бе, наласын жиі естіп жатамыз. Ал жастардың алдыңғы буын өкілдеріне реніші болса ше?! Ендеше, менің де қыз бала ретінде айтарым бар…
«Шал» сөзін ертеректе жасы біршама үлкейіп, балалы-шағалы, немерелі болып отырса да, өзінің қартайғанына қарамастан, қылтың-жылтыңы көп кәрі ер адамға қатысты қолданған екен. Ол кезде қалыңмалы молырақ болуын тілеп, сәл де болса тұрмысын түзеп алмақ мақсатта, жас айырмасына қарамай қызын бере салатын ата-ана көп болғандықтан шығар, бай адамдардың қорадағы қойы мен үйір-үйір жылқысына сеніп, жас қыздарға көз салатыны.
Ал қазір заман басқа. Нарық заманында көзі ашық, сауатты адамның ғана өмір күресінде жеңіп шығатынына көзі жеткен елдің көпшілігі баласына барын жұмсап, оқытып алуға қармануда. Соның нәтижесі болар, дипломы жоқ жасты көп көре бермейміз. Олай болса, бұрынғы қараң халықтың әрекетін оқыған жұрт істей қоймайды, тіпті ойламауы да мүмкін деп тұжырымдайсың. Алайда, қоғамда өзге адамдармен қарым-қатынас барысында бұл ойың өмірде әлі де болса көргені мен түйгені аз жас қыздың қиялындай болып қалады. Ойымды ашып айтар болсам, қыздарға ақыл айтудың орнына көз салып, құштарлықтың жетегіне еріп, көңіл сөзін айтатын «шалдар» көбейіп кетті.
Арқадан қағып, жылы сөз айтқанға қарияның мейіріміндей қабылдап, еркелей қалатын жас қыздар келесі жолы ол қарттың «менің бұрынғы көңілдесіме ұқсайсың, менімен жүрсей» дейтін шалға айналарын қайдан білсін?! Болмаса, автобуста отырып қалғып кеткенде фильмдердегі романтикалық сәтті қолдан жасап, бөтен ойлы көзімен қарағанын көргеніңде, денең тітіркенетін кездер аз болмайды.
Иә, дәл мұндай болмаса да, осыған ұқсас жайды көріп-біліп жүрміз. «Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді» деп, жұбатуға болатын шығар өзімізді. Алайда, «жағада кемесін күтіп тұрған» қарияларды жоғалтып, шал-шауқанның арсыз қылықтарына куә болғандағы қынжылысты ішімізде қалайша іркіп қалмақпыз?! Бәлкім, бұл генде қалып кеткен ескіліктің сарқыншағы болар…
Жансая Байболова
БІЗ ҚАЙДА БАРА ЖАТЫРМЫЗ?
Елбасы Н.Ә.Назарбаев ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігімізді баянды етудің басты шарттарының бірі – өскелең ұрпаққа берілетін білім беру сапасын көтеру екенін баса айтты. Ол үшін әлем елдерінің білім беру салаларындағы озық тәжірибелерді зерттеп, терең талдап, біздің жағдайымызға тура келетін ыңғайлысын өзімізге енгізу қажеттігіне тоқталған болатын. Қазақстан Республикасы білім беру жүйесіне тәуелсіздік алғалы бері, бірнеше рет терең реформалау әрекеттері жасалды. Бірақ түрлі объективті және субъективті себептерден сол реформалар үмітті ақтамады. ҚР Үкіметінің вице-премьері Е.Орынбаев «ЭЫДҰ елдерін жүйелі зерттеу (2009 ж.) шегінде функционалдық сауаттылық деңгейі бойынша қазақстандық оқушылар 65 елдің ішінен 58-орын алды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Біздің балаларымыз TIMSS зерттеулері көрсеткендей, оқу есептерін шығара біледі, алайда өз білімін өмірде қолдана білмейді», – деп атап көрсетті. Мәселен, 2004 жылы енгізілген ҰБТ жүйесі сайып келгенде терең білім беруге емес, тек механикалық жаттауға негізделіп, өскелең ұрпақтың ой қасаңдығы мен сөздік қорының жұтаңдығына әкеліп соқты. Оның үстіне аталған жүйе, кейінгі жылдары үлкен дау-дамайларға себеп болып жүр. Дайындық барысында үлкен психологиялық қысымға ұшыраған кейбір мектеп бітірушілер өздеріне қол жұмсау оқиғалары жиілеп кетті. Сондай-ақ, осы ҰБТ-ға байланысты түрлі жоспар-есеп секілді қағазбастылық ұстаздарға ауыр жүк болып, олардың кәсіби өсуіне кедергі жасай бастады. Ал, тікелей ҰБТ өткізу кезінде орын алған заң бұзушылықтарға байланысты өтіп жатқан ірі-ірі сот процестері өз алдына бөлек әңгіме. Яғни, ҰБТ-ның қолданыстағы форматын да өзгертетін уақыт жетті. Ұлттық тестілеу орталығы Алматы филиалының ғылыми-әдістемелік зертханасының меңгерушісі Н.Кәметтің айтуынша: «Бүгінгі күні ҰБТ-ның кемшілігі ретінде балалардың оқымайтыны, тек жаттайтыны, ойларын еркін жеткізе алмайтыны айтылып жүр. Бұл ҰБТ-ның кінәсі емес. Балалар тек бізде ғана оқымайды емес, бұл бүкіл дүниежүзіне тән». Ең басты, маңызды мәселе болып отырғаны: «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?». Озық білім беру жүйесі ауызға алынғанда, назарымыз алдымен Жапония, Ұлыбритания, Сингапур және т.б. елдерде болатыны сөзсіз. Елбасының тікелей тапсырмасымен, еліміздің тиісті сала бойынша жетекші ғалымдары көптеген дамыған елдердің білім беру саласындағы озық тәжірибелерін зерттеді. Нәтижесінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары өздерінің стратегиялық әріптесі Кембридж (Ұлыбритания) университетінің Білім беру факультетінің әлемдік білім беру жүйесінің ең озық әдіс-тәсілдерін меңгерген ғалымдарымен бірлесе отырып, педагогтардың білімін жетілдірудің үш деңгейлі бағдарламасын жасап шығарды. ҚР Үкіметінің Қаулысымен, бірінші деңгей бойынша курсты тәмамдап, сертификат алған ұстаздардың жалақысына 100 пайыз (2-деңгей – 70%, 3-деңгей – 30%) үстеме қосу көзделген. Жаңа бағдарламаның басты артықшылығы – құзырлы оқытудың маңызды факторы мұғалімнің оқушының тақырып мәнін өз бетінше меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады. Мұндай тәсіл бұл үдеріске оқушының өзінің де қатысуын талап етеді. Осылайша, оқушы да өзінің оқуы үшін жауапты болады. Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім деген ұстанымды негізге ала отырып, жылдам өзгеріп жатқан заман талабына сай, мұғалімдерді оқушыларға қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық таныта алатын және өз білімдері мен дағдыларын күнделікті өмірде де қолдана білетін оқушы қалыптастыруға даярлау. Мектеп әкімшілігі мен білім беру жүйесі басқару органдарының мұғалімдерді тиісті ресурстармен қамтамасыз ету қызметінен гөрі, оқушыларды тәрбиелеу, дамытуға бағытталған мұғалімнің сыныптағы күнделікті жұмысы оқыту үдерісі мен оқушылардың оқу нәтижелеріне оң ықпал етеді (Barber and Mourshad, 2007). «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығына Әдістемелік кеңесі ұсынған «Мұғалімге арналған нұсқаулықта» «Бірінші деңгей бағдарламасы үшінші және екінші деңгей бағдарламаларының түйінді идеяларын біріктіретін ауқымды бағдарлама болып табылады. Бірінші деңгей бағдарламасын игерген мұғалімдердің негізгі функциясы – оқыту мен оқу тәжірибесіне жаңа тәсілдерді енгізу мақсатында өз мектептерін дамыту бағдарламасын әзірлеу. Біздің қоғамда қалыптасқан үлкен адасушылықтардың бірі: «жақсы ақын» немесе «жақсы журналист» т.с.с. ұғымдар, «жақсы азамат» деген ұғыммен синоним еместігін ұғынбауында жатыр. Мәселенки, бағдарламаға жымдастыра кіріктірілген Стэнфорд университетінің құрметті профессоры, білім саласындағы бірнеше сыйлықтың лауреаты, педагогика, психология, медицина және математика саласындағы оқыту мен оқуды бағалауды зерделеуге баға жетпес үлес қосқан көрнекті ғалым Л. Шульманның ілімі бойынша, мұғалімге «ұстаз» атану үшін 3 көмекші керек. «Бас», «қол» және «жүрек». «Бас» білімділікке жауап берсе, «қол» шеберлікті меңзейді, ал «жүрек» маманның бойындағы адамгершілік, мейірімділік секілді құндылықтармен сипатталады. Егер маманның бойында осы үшеуінің бірі кемшін түсіп жатса, оның шын мағынасындағы «маман» деп аталуы үшін әлі де біраз өзімен жұмыс жасау қажет екені түсінікті. Өкінішке қарай, қолданыстағы білім беру жүйесінде жемқорлық кеңінен қанат жайып кеткенін жасыруға болмайды. Қызметкерді жұмысқа қабылдау барысында маманның кәсіби біліктілігіне емес, туыстық, жерлестік, этникалық белгілеріне «назар аудару» қалыпты жағдайға айналып кетті.
Өмір Шыныбекұлы,
Жоғары санатты ұстаз,
«НАЗАРБАЕВ зияткерлік мектептері»
ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының тыңдаушысы
Шымкент қаласы
БІЗДІ БІРІКТІРЕТІН – САПАЛЫ ЖУРНАЛИСТИКА
Ынтымақтасу өзі нанын жеп отырған мамандықты кім қалай бағалай білетіндігіне байланысты деп ойлаймын. Оған қоса журналистер арасындағы бірліктің нығаюы немесе болмауы олардың деңгейіне де байланысты екені анық. Өйткені ынтымақ, бірлік дегеніміз – адамның санасында дамитын интеллектуалдық жетістіктер.
Қазіргі уақытта қаламы ұшқыр, ойы қорғасындай салмақты, түйгені мол, барлық мәселеге ұлттық мүдде деңгейіндегі көзқараспен қарайтын сақа журналистердің арасында бірлік бар. Олар ұлт болашағы жолында бір түйткіл пайда бола қалса, топтасып талқылап, пікірлерін билікке ашық айтып, мәселенің оңынан шешілуіне белсене атсалысады. Оларды журналистиканың көшін бастап жүргендер және мүдделестер деуге болады. Олар әртүрлі әлеуметтік жағдайда өмір сүрсе де, қиын кезеңде бір тудың астына біріге алады.
Журналистердің екінші тобы – байшікештер. Кейбіреулері жағдайын жасап, бизнесін жолға қойып алған соң, қоғамға, ұлтқа шекесінен қарап шыға келеді. Шын бет-бейнесін жасырын ұстайды. Ондайлардың ішкі әлемі М.Мағауиннің жармағы сияқты екіге жарылып тұратын шығар. Олардың жансарайында байлық пен ортақ мүдде тартысқа түсіп жататыны анық. Демек, ар-ождандарымен алысып, өздерін ел мүддесіне бағындыра алмай жүргендерде ынтымақтастық бар дегенге сене алмаймын. Өйткені олар әріптестерінің пікірін тыңдауға құлықсыз және өзгемен санаспайды. Өздерін өзгеден биік ұстайды. Тек өз бизнесін дамытуға күш салады. Олардың ұлтқа адал қызмет ететініне де күмәнім бар.
Үшінші топ – жас толқын. Бұлардың арасында лезде танымал болуға ұмтылушылар көп. Журналистикаға келе салып, болмашы марапатты көтере алмай, «жұлдыз» ауруына ұшырайтындары жетерлік. Әлі мақсат-мүддесін айқындап үлгермей жатып, төрге отыруды, өзгелерге пәрмен беруді көксейді. Әрине, бәрі бірдей емес. Араларынан оқ бойы озып шығып, заман талабына жауап бере алатын дәрежеге жеткендері де кездеседі. Талантымен жарқырап көрініп, сүйсіндіріп жүрген жас журналистерді көріп жүрміз. Өкініштісі, алдына асқақ мақсат қоя білетіндердің аздығы. Сондықтан, бұл топтағылардың бәрі бірдей бірлік, ынтымақ дегенді терең түсіне бермейді.
Төртіншісі – журналистикаға адасып келіп, мамандықтың қадірін кетіріп жүрген жартыкештер. Бұлар өздерінің не істеп, не бүлдіріп жүргенін де ажырата алмайды. Адасып кеткенін де түсінбейді. Әйтеуір жазуға шамалы икемі болса, «мен журналиспін» деп кеудесін қаққанына мәз. Журналистика деген не? Қалай жұмыс істеу керек? Журналистің қоғам алдындағы жауапкершілігі қандай? Құқықтық сауат деген не? Бұл сұрақтар оларды қызықтырмайды да. Білімсіздігі мен сауатсыздығының салдарынан халық пен баспасөз арасында түрлі дауларды тудырады. Даулар БАҚ-н сотқа сүйреп жатады. Ал осы топтағылардан бірлік пен ынтымақтастықты күтудің, сұраудың өзі логикаға сыймайды.
Демек, біздің біріге алмай жүргендігіміздің бір ұшы кәсіби деңгейіміздің дәрежесіне келіп тіреледі. Еліміздегі журналистердің бәрі бірдей білімі терең, таным-түйсігі кең, мақсаты айқын болса, өз-өзінен бірігетіні сөзсіз. Онда мұндай сұрақ қаламға ілікпес те еді.
Тереңдей айтсақ, бірліктің де, ынтымақтастықтың да түр-түрі кездеседі. Кейбір байшікеш журналистер айналасындағыларға «айбат» көрсету үшін бірігеді. Өздерінің шығарып отырған басылымдарын біреулерден «есе» қайтару үшін «қолшоқпарға» айналдырады. Ал биліктің қоластындағы БАҚ-ында қызмет істеп отырғандар цензураның шынжырынан босай алмай, әрі жұмыссыз қалмау үшін сырт көзге біріккен болады. Ішкі дүниелеріне үңілсеңіз, әртүрлі көзқарасты байқайсыз.
Өмір көрген, асқақ үні, пікірі қалыптасқан, ұлтын, елін сүйетін журналистер қара басының қамынан халықтың мүддесін жоғары қоя біледі деп ойлаймын. Мұндай биікке жастардың көбі әлі жете алмай жүр. Сараптай келгенде, осының бәрі бірігу, ынтымақтасудың біздің салада күрделі мәселеге айналғанын көрсетеді. Әртүрлі деңгей өзара түсінісуге жол ашпайтыны белгілі. Тіпті деңгейдің түрлі формасы журналистердің бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасауына да мүмкіндік бермейді. Мәселен, журналистикаға адасып келгендермен қалай ынтымақтасуға болады? Оларға жөн айтсаңыз, жақтырмайды. Өздері білмейді, білгеннен үйренгісі келмейді. Турасын айтқанда, адасқандардың «бетін бұрып», өз жолына салып жіберу керек. Ащы да болса, оларды БАҚ-нан қуатын кез жетті. Сонда ғана біз сапаға, бірлікке қол жеткізе аламыз. Әйтпесе, БАҚ-нда «ырду-дырду» өмір жалғаса бермек. Әсіресе, оңтүстікте ең сорақысы, журналистикаға жүз қайнаса да сорпасы қосылмайтындар журналист болып, одақтың мүшесі атанып жүр.
Сондықтан бытыраңқылықтан, сапасыздықтан құтылу мақсатында қазақ журналистерінің басын қосатын, рейтингісін анықтайтын әрі ақпарат алмасатын республикалық арнайы орталық құру қажет. Бұл уақыт талабы. БАҚ-на қызметке келген басқа саланың мамандары орталықтың рейтинг көрсеткіші арқылы жұмысқа қабылданса құба-құп.
Тұтас бірігу үшін алдымен сапаға қол жеткізуіміз қажет. Сапалы журналистика үшін күресу – әрбір биік мақсат, мүддесі бар, елін сүйетін журналистің парызы.
Ділдәгүл Нұрмаханбет
МИРЗОЯН
ЕНДІ «МЫРЗАЖАН» ЕМЕС!
Тарихқа көз жүгіртсек, XVI ғасырдың орта тұсында әйгілі Иван Грозный күшті орталық мемлекет құрғаннан кейін Ресей орыс патшаларының жеке-дара билеп-төстеуінен көз ашпаған. Орыс мұжықтарын тәуелді етіп ұстау, бұратана халықтарды сүлікше сорып қанау, биліктің ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда деген есерсоқ саясаты ғасырдан-ғасырға жалғасып, Батыс Еуропаны оятқан ұлы француз революциясының либералды мұраттары Ресейді айналып өткен еді. 1917 жылғы Қазан төңкерісі қалқан етіп көтерген азаттық пен теңдік ұрандары орыс самодержавиясының орнына адамзаттың тарихында бұрын-соңды болмаған, жеке адамды басып-жаншу тетігі мейлінше жетілдірілген мемлекеттің ең сорақы тоталитарлық үлгісіне алып келді.
Таптық күресті сылтауратып, миллиондаған адамдарды қырып-жою үшін арнайы қамау лагерлерін ойлап тапқан 1930 жылдардағы Кеңес Одағын фашистік Германиямен ғана салыстыруға болады. Ал Ресей құрамындағы қазақ сияқты аз ұлттардың қасіретті халін сөзбен жеткізу мүмкін емес еді. Патшалық Ресей тұсында ата қонысынан қуылған қазақ Кеңес одағының жымысқы саясатының кесірінен тілінен, ділінен айырылып, жұтылып кетуге шақ қалды.
1930-1932 жылдары Голощекин басшылық еткен кезде, қолдан ұйымдастырған ашаршылықтың кесірінен 4 миллион қазақ аштан қырылды, көмусіз қалған өліктен қазақ даласы өлік сасыды. Ашаршылықтан есеңгіреп қалған қазақтың басына тағы бір жалмауыз келді. Қазақ халқы ерекше мейіріммен «Мырзажан» деп атап кеткен Левон Мирзоян 1933-1938 жылдар аралығында Қазақстан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы болған. Мирзоян басқарған 5 жылдан астам уақытта ондаған мың қазақты өлтірді. Ату-асу, итке талату сияқты адам айтса нанғысыз зұлымдық атаулының бәрін істеді. Ит егесін таппай қаңғырып кетті. Аман қалғандары бас ауған жаққа қашты.
Қазақстанның бас қалалары Астана мен Алматы қалаларындағы «Мирзоян» есімін иеленген көше атауларын жою туралы, оған қойылған ескерткіштер мен белгі тастарды алып тастау кезек күттірмейтін жайт. Бұл ұсыныс бірнеше жылдан бері айтылғанымен, нәтижесі көзге көрінбейді. Тыңдайтын құлақ, құлақ қоятын құзырлы мекеме жоқ. «Баяғы жартас сол жартас» күйінде қасқиып тұр. Қазақты қынадай қырған адамға Елорданың қақ ортасынан ат шапса, шаршайтын ұзын көшенің атын беру қай жағынан алғанда да ақылға қонымсыз.
Оққа ұшқан арыстар… Атың өшкір «Алжир» мен «Карлаг» сияқты түрмелері… Сұраусыз аққан қан…Құнсыз шыққан жан… Белгісіз оба…Аңыраған ана мен бала… Қапалы мылқау халық… Жарты ғасырға созылған қара тастай үнсіздіктен соң, ақ күн туып, Алаш арыстары ақталды. Бұдан былай есімі ескерусіз қалған қазақтың асыл азаматтарының атын ғана қала көшелеріне қоятын күн келіп жетті. Бұл – уақыт талабы!
Жұмамұрат Шәмші,
тарих ғылымдарының
кандидаты
ҚАРА БАЗАРДЫҢ КҮНІ ҚАРАҢ
ҚАЛА МА?
Базарға қарап тұрсам, әркім барар,
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу астық алады, біреу маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар, – деп Абайша ой елегінен өткізіп сөз қозғасақ, құстың сүтінен басқаның бәрі сатылатын Алматының әмбебап базарлары халықты керек-жарақ, көрпе-құрақ, киім-салым атаулының бәрімен қамтамасыз етеді.
Жетісу өңірін Орта ғасырларда жұртшылық әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолының бір тармағы ретінде танып, қызықтап көруді арман етсе, бүгінгі таңда сол Жетісудың жүрегі Алматы қаласына келген-кеткен қонақтардың көбісі халық арасында «Барахолка» деп аталып кеткен әмбебап базарға ат басын тіреп кетуді ойлайды. «Тек жетуің қиын, жетсең қайтып кетуің қиын», – деп қынжылады көлік кептелісінде тұрған адамдар. Көлік пен жаяу жүргіншілер судай сапырылысып, сеңдей соғылысады. Автотұрақ жоқтың қасы. Көліктер көшеде қаңтарылып тұр. Заманауи түрде айтқанда инфрақұрылым нашар, жалпақ тілге салғанда, жағдай жасалмаған жабайы базар. Жолдың шет-шетінде азық-түлік, жеміс-жидек, көкөніс сатып тұрған саудагерлер ақ нанның бетін жаппастан саудаларын жүргізіп әлек, автомобильдердің улы газы мен желден көтерілген шаң-тозаң оның бетіне ұшып-қонып жатқандығына алаңдайтын ешкім жоқ.
Алматыда ұзын-саны осындай 74 базар болса, солардың 34-і сәулет-құрылыс талаптарына сәйкес емес деп танылды. Сәулет және қала құрылысы басқармасының айтуынша, «Нормативті талаптарға сай етіп салынбағандығына байланысты кейбіреуі бұзылуға тиіс». Алайда айтайын деп отырған ойымыз ол емес.
Ластығын былай қойып, халық алдына ұсынып отырған өнімдерінің «ата-тегіне» көз жүгіртсек, бірінші кезекте Қытай, екінші кезекте Қырғызстан, одан асса түрік бауырларымыздың өнімі екен. Бөтен үйдің қорасына шөп үйгеннің күйін кешіп, көрші-бауырларымыздың мемлекеттік қазынасын өз қалтамыздан соңғы тиын-тебенді қырнап, байытып жүрген сиқымыз аянышты.
2006 жылы Қазақстан нарығына әлемдік талаптарға сай етіп салынған алғашқы сауда ойын-сауық кешені “Mega” келді. Қазір соған ұқсас орталықтардың саны жыл санап өсуде. Бір Алматының өзінде мұндай кешендер саны 20-дан асып жығылады. Нарыққа аяқ басқандарына көп болмаса да, заманауи сауда орталықтарына халық балға қонған арадай топырлап жиналуды әдетке айналдырып келе жатыр. Солардың арасында бұған, әсіресе, жастардың бүйрегі бұрып тұрғанын аңғаруға болады. Бұл сауда ойын-сауық кешендері базарлардың пайдасына шабылған балта іспеттес. Мәселен, «Болашақ» базарының саудагері Алмажан Қалиеваның айтуынша, соңғы бір-екі жылда сатып алушылар саны азайып кетті. Ол бұны жаңаша үлгіде салынған сауда орталықтарынан көреді.
Киім-кешек өнеркәсібін былай қояйық, ет пен сүтімізге дейін Қырғызстан, Қытай, Украина, Ресейден әкелінген. Олардың сапасы ойымыздан шықса бір сәрі. Қазақстанға Қытайдан сиыр еті деп шошқа етін тасымалдайтыны жайында «Қазақстанның Халал индустриясы» қауымдастығының төрайымы Гүлжазира Нұралбаева хабарлады. «Бізде шындығында да Қазақстанға сондай еттерді тасымалдап жатқаны туралы ақпарат бар. Сиыр етінің қоспасы араластырылып жасалған арнайы ерітіндіге салынған соң, шошқа еті сиырдікінен аумай қалады екен. Түрін де, тіпті иісін де ажырата алмайсың. Бұндай жағдайда тек генетика деңгейіндегі сараптама ғана көмектесе алады» , – деді Нұралбаева.
Ауыл партиясының төрағасы Ғани Қалиев республикамыздағы импорт мәселесі жайында былай деп ой түйеді: «Еліміздегі азықтың 40%-нан астамы шетелден әкелініп жатыр. Бұрын Қазақстан жылына сыртқа 380 мың тонна ет шығарса, қазіргі таңда біздің межеміз 180 мыңға жетер-жетпес болып төмендеп қалған. Отыз жыл бұрын осындай жағдайға душар болатынымызды көз алдыға елестетудің өзі қорқынышты түстей көрінетін».
Әлемдегі алпауыт өнеркәсіптік державалардың алдыңғы қатарынан орын тепкен Германия мемлекетінің экспорт деңгейіне сүйсінбей қарау мүмкін емес. Германияда жұртшылықтың киімінен бастап, шайнаған сағызына дейін, мінген автокөлігінен үй техникасына дейінгінің бәрі – отандық өнім. Оның үстіне халық отандық өнімнің сапасына дүдәмалдық көрсетіп, күдіктенбейді. Біздегі жағдайға қайта оралар болсақ, экономика саласының маманы Рахат Арзықұлованың айтуынша, Кеңес өкіметі кезінде Алматы мақта-мата комбинаты, Қостанай мен Семейдегі мауыты шұға комбинаты, Жамбыл тері-аяқ киім комбинаттары мен он сегіз тігін фабрикасы Қазақ КСР-ы қаржысының 25%-ын құрайтын. Халық үшін ауыр тиген тоқсаныншы жылдары бұл сала тоқырауға ұшырап, 2008 жылы Алматы мақта-мата комбинаты жұмысын тоқтатса, Шымкенттегі қаракөлді экспортқа шығаратын зауыттан жалғыз мұражай ғана қаңырап қалды. 2011 жылғы статистика мәліметтеріне көз жүгіртсек, қазір Қазақстанда жеңіл өнеркәсіппен айналысатын 85 өнеркәсіп орны бар. Олар халық қажеттіліктерінің 8%-ын ғана қамтамасыз етеді, аяқ-киім бойынша 1 пайыз ғана.
Осы мәліметтердің артын қуып, бұл өнеркәсіп саласын қайта жаңғыртсақ, қазақстандықтар қалай қабылдайтынын білу мақсатымен халық арасында «Сіз отандық киім-кешек өнімдерін сатып алар ма едіңіз?» деген сауалнама жүргіздік. Сұрағымызға 73% «иә» деп жауап қайтарса, қалған 27%-ы өнімнің сапасына күмәнмен қарайтындарын айтты. Яғни жұртшылықтың басым бөлігі отандық заттарды алудан бас тартып отырған жоқ. Өнім сапасы мен мөлшері, тартымды жарнама мен бағасы келісім тапса, тұтынушылар да табылады деген сөз. Басты капитал көзіміз – табиғи кен байлықтардың сарқылатын күні туады. Мұнай мен газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, Қазақстанның мұнай-газ қоры алдағы 40-60 жылға ғана жететін көрінеді. Елу жылдан кейін «Шырылдауық шегіртке ыршып жүріп ән салғанның» кері болмайық…
Әсемгүл Сыздықова,
ҚазҰУ-дің студенті