ЖОҚТАН БАР ҚҰРАЛМАЙДЫ

ЖОҚТАН БАР ҚҰРАЛМАЙДЫ

ЖОҚТАН БАР ҚҰРАЛМАЙДЫ
ашық дереккөзі
368
Алматыда 2013 жылы «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» деп аталатын кітап жарық көрді. Жинақы, баспаханалық тұрғыда мұқият, қатты мұқабамен шығарылған кітап көлемі жағынан аса үлкен емес, таралымы шағын, қысқа әрі нұсқа, ықшам, «шымыр» түрде, түсінікті әрі жеңіл етіп жазылған. Ол менің назарымды аударды: мен, дегенмен де, негізгі алған білімім бойынша педагогпын ғой, бір кездері – институтқа дейін де, институттан кейін де – ауыл мектебінде мұғалім болғанмын, аспирантураны сабақ беру әдістемесі кафедрасында аяқтадым, мектептегі шаруаларға әлі күнге дейін немқұрайды қарай алмаймын. Жоғарыда аталған кітапты қолыма қарындаш алып, бос шеттеріне көптеген белгілер соға отырып, оқып-зерттеп шықтым. Кітап авторы – маған бұрыннан, ол Германияда доктор-инженер дипломын қорғап шыққан кезден бері, таныс Асқарбек Құсайынов. Осы жылдар ішінде ол педагогика шебіндегі атақты адамға айналды, түрлі атақтар, дәрежелер, лауазымдар алып-иеленіп үлгерді: педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясы басқарма төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресей Білім академиясының шетелдік мүшесі, бес отандық және шетелдік академиялардың академигі, Қазақстандағы салыстырмалы педагогиканың негізін қалаушы, Салыс­тырмалы білім беру кеңесінің президенті және т.т. және т.б. екі-үш бетті толтыратын et cetеra иесі. Жеке менің бұл тәріздес «мандаттарға» ерекше құрметім шамалы, ал Асқарбек Қабыкенұлының тамаша азамат және білгір, өте білікті маман екеніне баяғыда-ақ көзім жеткен. Маған оның өзінің ең сүйікті тақырыбына ғылыми тұрғыдан келуі де, баяндау әдісі мен қисыны да, ең бастысы – өзінің объективті пайымдауларындағы адалдығы, ашықтығы, принципшілдігі мен батылдығы аса қатты ұнайды. Солар туралы шамам келгенінше әңгімелеуге тырысамын. Құзіретті ғалымдар кітап туралы күн ілгері айтып үлгерді: ҚР Ұлттық ғылым академиясы академигі Көпжасар Нәрібаев («…мектептегі білім берудің сапасы жыл өткен сайын төмендеп барады, ал мектепке білім беру еліміздің интеллектуалдық әлеуетінің негізі болып табылады»); ҚР ҰҒА академигі Еділ Ерғожин («Ізгі ниеттер бар, бірақ нәтиже жоқ. Республикада білім беру төмен сапалы»); практик-педагог, №159 гимназияның директоры, Еңбек Ері Аягүл Миразова («Бұл кітап елде қолданылып жүрген білім беру жүйесіндегі кемшіліктер мен қоғамның оны жою мүмкіндіктері туралы негізгі ақпарат болып мектеп жүйесін реформалау алғышарттарының бірі ретінде қызмет етеді деп үміттенемін»). Бұл пайымдаулар мен бағалаулардың барлығы да көңілге қонымды. Профессор Асқарбек Құсайыновтың еңбегі композициясы жағынан екі негізгі тараудан  құралған: а)    Білім беру сапасын бағалау жөніндегі халықаралық зерттеулер; б) Дүниежүзілік кеңістіктегі Қазақстанның жалпы орта білім беру жүйесі. Білім сапасын арттыру жолдары. Жеке маған бірінші тарау аса қызықты болды, себебі онда мен жалпылай ғана, бұлыңғыр немесе мүлде дерлік білмеген дүние туралы, ал нақтырақ айтқанда – білім беру сапасының әлемдік табелі туралы, әлемдік білім беру жүйесіндегі оқыту сапасы туралы, әлемдегі көшбасшы білім беру жүйелері туралы, әлемдік білім беру жүйелері тиімділігін артыру туралы байыпты және дәлелді түрде сөз қозғалады. Кітап авторы көп жайларға біздің көзімізді ашады. Нақты айтқанда, оқушылардың білімі мен білігін бағалаудың халықаралық бағдарламаларына. Бұл бағдарламалардың ағылшын аббревиатураларынан тұратын қысқартылған атаулары бар – PISA, TIMSS, PIRLS. Нақты міндеттері мен ғылыми-зерттеу бағыттары бар. Параметрлері «ортадан жоғары» 34 елдегі барлық осы бағдарламалар бойынша зерттеулер нәтижелері келтіріледі және көшбасшы елдер қатарында, әдетте, Финляндия, Гонконг, Оңтүстік Корея, Канада, Жаңа Зеландия, Австралия,  Нидерланд, Лихтенштейн, Жапония елдері аталады. Озат елдер атаулары ауысып тұрады: Тайвань, Швейцария, Эстония, Германия және басқалары. Бұл тізбектеме-тізімдерде Ресейдің де, Қазақстанның да кездеспейтіні түсінікті. Олар жай ғана әлі өсіп-жетпеген. Автор табысты елдердегі білім беру жоғарылығының себептері мен түрткілерін мұқият ашып көрсетеді, олардың табыстылығы мен тиімділігін қамтамасыз ететін негізгі факторларды сол шаруаның білгірі ретінде тізіп береді. Әрине, көп нәрсе жоғары экономикалық көрсеткіштерге, елдің әл-ауқатына, халық басына шаққандағы ЖІМ-ге (жалпы ішкі өнімге) (20 мың доллардан жоғары не соған жуық) келіп тіреледі. Бірақ тек оған ғана емес. Тек ақша ғана білім беру сапасына себепші бола бермейді. «Осы бақылаудан қарапайым қорытынды жасауға болады, – деп жазады профессор А.Құсайынов, – жақсы білім беру жүйесі болу үшін мемлекет бай болуы керек. Бірақ жақсы білім беру – елдің жақсы жағдайының арқасы екені анық бола тұра, жақсы білім беру – көп шығындарды талап ететіні шындыққа жанаспайды. Мысалы, Грекия мен Оңтүстік Кореяда мемлекет бір оқушыға есептегенде шамамен бірдей қаржы бөледі, бірақ Оңтүстік Корея барлық рейтингте алғашқы үштікте болса, ал Грекия тізім соңында тұр». Бұл шынында да солай. Қазақстан өзінің әзірге шектеулі мүмкіндіктері шамасына қарай білім беруге салыстырмалы түрде аз емес жаманды-жақсылы қаражат салады, ал нәтиже көрінбейді, керісінше барлық ресми және нақты көрсеткіштер бойынша білім беру саласында кері кету, төмендеу байқалады. Мәселе неде? Айқын ойластырылған педагогикалық жүйе болмауында, педагогикалық кадрлар деңгейінің төмендігінде, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін мардымсыз қаражатты ұрлап-жырымдауда, білім беруді басқаратын шенеуніктердің шет-шегі жоқ бейберекеттігінде (тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде 12 министр ауысқан – бұл не болғаны?!), жасанды «рипормдар» (оларды реформалар деп айтуға аузың бармайды) қисынсыздығында, жаппай орын алған селсоқтық пен бейқамдықта, жауапкершіліксіз ойлау жүйесінде, байырғы ұлттық дәстүрлердің ұмыт қалуында, педагогика саласында төменнен жоғарыға дейінгі іріктеулердің кездейсоқтығында, педагогтардың әлеуеттік мүмкіндіктерін тиімсіз пайдалануда – еһ, біздің кең-байтақ еліміздегі бұл тәріздес кемшіліктерді тізіп айта берсең тауыса алмассың. Бұл мәселеде, менің ойымша, бәрінен де бұрын игілікті және қайырымды мемлекеттік ерік-жігердің болмауы байқалатын тәрізді. Жоқтан бар құралмайды. Қоқыс қоқысты ғана тудырады. Білім және тәрбие беру ісінде қандай да бір ғажайыпқа үміттену – нағыз нонсенс. Профессор Асқарбек Құсайынов жан-жақты сипаттаған көшбасшы елдер іс-тәжірибесі ел болашағы және оның өскелең ұрпағы үшін нақты стратегия, мақсат көздеушілік, керемет төзім мен табандылық, барлық мемлекеттік салалар бойынша жүйелі ауыр жұмыс қажет екендігін растай түседі. Тәрбие және білім беру алаңын ондаған жылдар бойы күтіп-баптауға тура келеді. Бұл айқын ақиқат, оған қол сілтей сала алмайсың. Пікір жазылып отырған кітаптың авторы тағы бір талас тудырмайтын ақиқатты атап өтеді: «Мектепте білім берудің ең үздік жүйесінің тәжірибесі келесі үш фактордың шешуші рөл атқаратынын растайды: 1) осыған лайық адамдар ғана мұғалім болуы керек; 2) олар оқытушылық қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін дайындықтан өтуі қажет; 3) әрбір оқушы сапалы білім алатындай жағдайды қамтамасыз ету қажет». Шын мәнінде осымен барлығы айтылып тұр. Немесе барлығы дерлік. Бұдан әрі автор Финляндия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Англия, Жапонияда  және ежелден білім, мектеп мұғалімі мамандығы, кадрларды іріктеу үдерісі жоғары бағаланатын, мұғалімдерді кәсіби дайындау курстарында оқытудың бастапқы кезеңінің өзінде-ақ қатаң бақылау орнатылған басқа да көшбасшы елдерде тәрбие және білім беру ісі қалай жолға қойылғанын тыңғылықты түрде талдайды. Бұл елдерде «кадр таңдаудағы бір ғана қате шешім сапасыз оқытудың қырық жылына апарып соғатынын» баяғыда-ақ түсінген. Кітап авторы тәрбие және білім беру жүйесіндегі көптеген дәлелді және лайықты мысалдарды келтіреді. Оқисың да таңырқайсың; таңырқайсың да ойға қаласың; ойға қаласың да, өзің туып-өскен өлкеде бар жайлармен еріксіз салыстыра қарап, мұңға батасың. Бір ғана мысал: «Финляндияда мұғалім мәртебесі, тым болмағанда, ішінара оның білім деңгейіне байланысты деген қорытындыға келді: сондықтан финдік білім беру жүйесінде барлық мұғалімдердің магистр дәрежесі болсын деген талап енгізілді». Мен соғыс жылдарындағы, соғыстан кейінгі және қазіргі кездегі ауыл мектептерін есіме аламын, өзімнің мұғалім кезімдегі кадрлар мен материалдық базаны есіме түсіремін, «түкпір-түкпірлердегі» кадрлық деңгейді жадымда жаңғыртамын, басқа-басқа елдердегі міндетті магистр дәрежесі жайлы ойлана келіп, өз-өзіме күйіне және абдырай сұрақ қоямын: «Ал, енді қалай? Қаусаған арбамен қоянды қалай қуып жетпекпіз?!». Жаңашыл профессор, энтузиаст-ғалым Асқарбек Құсайынов кітабындағы талдау және баяндауларда келтірілген барлық деректер мен жай-жапсарды толық баяндамай-ақ қояйын. Олар көңіл аударуға тұрарлық; олар ойға қозғау салады; олар іс-әрекет жасауға шақырады; олар нақты әрекет пен жасампаздық жолдарын анықтайды; олар үміт ұялатады. Кітаптың екінші тарауы түгелдей біздің ішкі педагогикалық проблемаларға – Қазақстандағы жалпы орта білім беру жүйесіне арналған. Бұл жерде елдегі білім беру сапасын бағалау туралы, білім беру жүйесінің жай-күйі туралы, педагогикалық кадрлар мәртебесі туралы, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесі туралы, білім беру саласындағы ғылыми зерттеулер нәтижелері туралы, Қазақстандағы білім беруді басқару жүйесінің тиімділігін арттыру туралы және басқа да материялар туралы сөз болады. Маған мұның барлығы едәуір деңгейде таныс. Бұл арада орыстың бір ғана «Неважно» сөзімен қайыруға болады. Не қазақтың «Мәз емес» сөзімен. Я болмаса немістің «Швах» сөзімен. Жапониядағы, Германиядағы, Оңтүстік Кореядағы педагогикалық деңгей туралы баяндалған беттер жанды талдаушылық баяндауларымен әсер қалдырады. Автордың ҰБТ туралы көзқарасы маған қатты ұнайды. Мен ҰБТ оқушылардың екі буынының жаппай ақымақтануына әсер етіп, балаларды өздігінше ойлану қабілетінен мүлде ажырата отырып отандық педагогикаға ойсырата соққы берді деп есептеймін. Автордың педагогика саласындағы барлық ұсыныстарын қызу қолдаймын. Оның мына екі қорытындысымен келісемін: «Отандық білім беру жүйесінің қазіргі нақты жағдайы көңіл алаңдатарлықтай». «Біздің елдегі жалпы білім беретін мектептің орташа түлегі білімінің сапасы қанағаттандырарлықтан төмен деңгейде». Диагноз қойылды. Бірақ, сонымен бірге оны емдеу жолдары да белгіленді. Кітап рухының көтеріңкілігі, оның маңызы мен ғибраттылығы да осында жатыр. Мұғалімдер үшін, басқарушылар үшін, ата-аналар үшін, тәуелсіз елдің әр азаматы үшін де.

ГЕРОЛЬД БЕЛЬГЕР

Серіктес жаңалықтары