500 МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІ ЖЕП ҚОЙҒАН ШЕНЕУНІК
500 МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІ ЖЕП ҚОЙҒАН ШЕНЕУНІК
Көш тоқтады. Оған соңғы жылдардағы оралмандарға қарсы ақпараттық “белсенділіктің” ықпалы болмай қойған жоқ. Ең әуелі оралмандарға бөлінген көші-қон квотасынан ши шықты. Осы салаға бөлінген миллиардтаған қаржы жемсауы кең жемқорлардың аузына түсіп кетті. Көші-қон саласындағы шенеуніктердің жегенін желкесінен шығарып, осыған қатысты қаншама қылмыстық іс қозғалса да, ең соңында бұл жемқорлыққа оралмандардың өзін кінәлі етіп шығарды. Бұдан кейін Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздікке оралмандарды кінәлау ісі белең алды. Осы кезеңде Қазақстанда бұған дейін қалыптасқан қоғамдық пікір 180 градусқа кері бұрылып, олардың Қазақстан қоғамы үшін пайдасынан зияны көп деген әңгімелер өрши бастады.
Оралмандар туралы кері пікір қалыптастырған тағы бір оқиға – «Нұрлы көш» ауылдары. «Басы таудай – аяғы қылдай» болған жақсы ниеттен туындаған бағдарлама тағы да жемқорлардың құрбаны болды. Біз «Түркістан» газетінің биылғы жылғы 17 қазан күнгі санында «Арқада Көкшетауға жер жетпеген» атты мақаламызда Көкшетаудағы «Красный Яр» ауылындағы «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынған 270 үйдің проблемасы туралы жазған едік. Көп уақыт өтпеді. Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласының жанында тұрғызылған «Шығыс» ауылына бөлінген қаржының 500 миллион теңгесін жеп қойған Өскемен қаласының бұрынғы бас қаржыгері Нұрлан Жанеттің 156 миллион теңгені қазынаға қайтарғаны жайында сенсациялық жаңалық пайда болды.
Егер оқырмандардың есінде болса, былтыр мамыр айында Өскемен қаласының іргесіндегі «Шығыс» ауылындағы «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынған 300 үйдің тұрғындары электр қуатының тым қымбаттығын айтып шағынған болатын. Өйткені үйлер сапасыз салынған, оның үстіне онда пешпен жылыту көзделмеген, барлық үйді теплофонмен жылыту жоспарланған. Үйлердің сапасыздығынан электр энергиясын айына өлшеусіз жағуға тура келді. Сөйтіп, ай сайын электр қуатына 60-80 мың теңгеден төлеуден жалыққан оралмандар ақыры шеруге шығып, жұртты біраз шулатқан еді. Осы кезде іске облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі араласып, ақыры «Шығыс» ауылында қордаланған электр қарызын облыс қазынасынан төлеуге уәде береді. Дәл осы сәтте ақпарат құралдарының біразы «жалқау, жұмыс істеуге құлықсыз оралмандардың электр қуатына кеткен шығынды төлемей байбалам салып жатқанын» жазып еді. Биыл күзде «шығыстықтар» электр энергиясының құны тағы да жағадан алғандарын айтып, шу көтерді. Облыстық әкімдік те енді олардың қарызын мойнына алмайтынын айтып үзілді-кесілді бас тартты.
«Бақсақ, бақа екен» демекші, қазір белгілі болғанындай Өскемен қаласының бас қаржыгері қызметіне 2009 жылы тағайындалған Нұрлан Жанет пысықтығымен көзге түскен сияқты. Бір жылдан кейін «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша тұрғызылатын үйлерге 5 миллиард теңге бөлінеді. Ауылды салуға шымкенттік «Бытстрой» компаниясы кіріседі. 2011 жылы оралмандар қоныс тойын тойлады. 300 отбасы бірден пәтер кілтіне ие болып, бөріктерін аспанға атты. Алайда, қуаныш ұзаққа созылмады. Біраз уақыттан кейін үйлердің сапасыз, арзан құрылыс материалдарынан салынғаны анықталды. Қысы 40-50 градусқа дейін аяздататын шығыстың климаты ескерілмей салынған үйлерді жылыту үшін орасан зор электр қуаты қажет еді. Бүгінде «Бытстрой» банкротқа ұшыраған компания ретінде жарияланды да, оның құрылтайшылары Нұрлан Жанет пен Нұржан Құмарбеков темір торға қамалды.
«Шығыстың» шырылдаған шындығы туралы «Атамекен» одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Игорь Шацкий журналистерге берген мәліметінде: «Қақаған аязда біз осы ауылда болдық. Көргеніміз жағамызды ұстатты. Фанерден жасалған терезелерге «буржуй» пештерінің трубалары тартылған. Соғыстағы сияқты. Адамдар тек солай ғана жылынып отыр. Ойлаңыз, 1942 жыл емес, 2012 жылы. «Шығысқа» жылыту трассалары тартылмаған. Теплофонмен жылыту көзделген. Алайда біздің қыс Жамбыл мен Шымкенттегідей болмайтынын неге ойламаған»,– деп күйінеді.
«Шығыстағы» жағдайды бізге өз аузынан баяндаған сол жердің бір тұрғыны аты-жөнін атамауымды өтінді:
– Мен бұл ауылда 2011 жылдың күзінен бастап тұрып жатырмын. «2007 жылдан кейін көшіп келген оралмандарға «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша баспана беріледі» деген соң, осы бағдарламаға тіркеліп, «Шығысқа» орын тептім. Басында бұл үйлерді бізге жекеменшікке беретін болып келісті. Алғашқы бес жылда ай сайын 36-37 мың теңгеден, қалған он жылда айына 24 мың теңгеден төлеп тұратын болып, он бес жылдық келісім-шартқа отырдық. Үйдің құны 4 миллион 9 жүз мың теңгеге бағаланды. Өздеріңізге белгілі, электр қуатының бағасы шектен тыс деңгейге жетуі – ай сайын 36 мың теңгені төлеу былай тұрсын, электр қуатын өтей алмайтын дәрежеге жеткізді ғой. Сол себептен болар, 2012 жылдың соңында келісім-шартты қайта жасадық. Қазір бұл пәтерлер несиеге берілген емес, жалдамалы пәтерге айналды. Пәтер Үкіметтің балансына қайтарылды, біз айына 5,5 мың теңгеден пәтерақы төлеп тұрып жатырмыз.
– Ал, жылыту мәселесін қалай шешетін болдыңыздар? Күні кеше ғана осы «Шығыс» ауылында баспасөз-мәслихаты өтті. Онда әкімшілік өкілдері ауылдың қысқа сақадай сай екендігін жеткізді. Бұған не дейсіз?
– Енді былтыр көктемдегі шудан кейін облыстағы құзырлы органдардың барлығының назары бізге ауды. Облыс пен қала әкімшілігінен, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, шығыстан сайланған депутат Нұртай Сабильянов, барлығы келіп, біздің жағдайымызды көзімен көрді және үйлердің сапасыз салынғандығын мойындады. Оған дейін бізге пеш қоюға рұқсат берілмей келген еді. Қазір халық үйлерін өздері қысқа дайындап жатыр. Жөндеу жұмыстарын өздері жүргізуде. Анау ұсталған шенеуніктің 70 үйге жөндеу жұмыстарын жасап бергені туралы ақпарат құралдары жазып жатыр ғой. Бірақ ол нақты ақпарат емес. Ол ешкімнің үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізген жоқ. Облыстық әкімшілік тұрмыстық жағдайы төмен 60 отбасына өздері пеш орнатып береміз деп отыр. Әкімшіліктің сметасы бойынша бір үйге жылу жүйесін тарту – 240-250 мың теңгеге бағаланып отыр. Егер осы бағасын төлесеңдер, қалғандарыңа да тартып береміз дейді. Сол себепті де халықтың көбі пештерін өздері салуға кірісті.
Бұрын «Шығыс» ауылын қаланың 28-інші мөлтек ауданы деген болатын. Қазір Өскеменнің жанындағы бір ауылмен қосып, 11-жергілікті өзін өзі басқару комтитеті деп атады. «Шығыс» қазір кент дәрежесінде. Ауылда 2426 адам тұрады. Оның 1028-і жұмысқа қабілетті. Олардың 539-ы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген, 405-і өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. 84-і жұмыссыз. Біз осы 11 тұрғын ауданының өзін-өзі басқару комитеті директорының орынбасары Амантай Бақытпен телефон арқылы хабарласқан едік:
– Біздің естуімізше, осы ауылдағы жемқорлық фактісімен істі болған Нұрлан Жанет 150 миллион теңгені қайтарды дейді. Ол бұл қаржыны кімге қайтарды, ауылға ма, жоқ, қазынаға ма?
– Қазынаға.
– Ақпаратта Нұрлан Жанеттің жетпіс үйге өзі жүріп жөндеу жұмыстарын жасағандығы айтылады. Бірақ ауыл тұрғындары ешқандай жөндеу жұмыстарын көрген жоқпыз деп отыр. Бұған не дейсіз?
– «Шығыс» ауылын салған «Бы тстрой» компаниясы қазір банкрот деп танылған. Сондықтан да, олар ешқандай қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізген жоқ. Қазір «Берел Құрылыс» деген компания демеуші ретінде көп балалы отбасыларға, әлеуметтік жағдайы төмен жандарға біраз көмектер көрсетіп, сапасыз салынған үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Ондай үйлердің саны – 76 болып анықталған. Қазір 65-іне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
– Ал теплофондардың орнына пеш салуға рұқсат берілді дейді. Алайда жаңа жылыту жүйесін жүргізу жұмыстары 250 мың теңгеге бағаланып отыр екен.
– Облыстық және ауылдық әкімшіліктің шешімі бойынша, жалғызбасты ананың үйіне материалдық көмек ретінде пеш қойылды. Ал қазіргі жағдайда алты үй өз бетімен пеш салып алды. Екі үй пешті қою жұмыстарын әлі жүргізіп жатыр. Ең әуелі бұл үйлерді жөндеуге, жобасын бұзуға рұқсат берілмеген еді. Қазір әртүрлі құзырлы органдардан жылыту жүйесін өзгертуге, үйге өз беттерімен жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілді. Бірақ бұған мемлекеттен ешқандай қаржы бөлініп отырған жоқ. Бұл демеушілер мен халықтың өзінің тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар. Өскеменнің жанында «Имсталькон» ЖШС деп аталатын зауыт бар. Осы зауыт көмек ретінде 20 пеш жасап берді. Біз оны әлеуметтік жағдайы төмен 20 үйге таратып бердік.
– Халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі қалай?
– Жазда тұрғындардың көбі құрылыс компанияларында көтерме жұмыстарын істейді. Алайда қысқа қарай ол жұмыстар тоқтайды да, тұрғындардың көбі жұмыссыз қалады. Сондықтан біз 20 жұмыс беруші компанияның өкілдерін шақырып, еңбек жәрмеңкесін өткіздік. Өскемен қаласының әкімі Темірбек Жұмақұлұлының негізгі мақсаты халықты жұмысты ету. Қазір бұл жәрмеңкелердің көмегі көп.
– Әңгімеңізге рахмет!
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ