ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТҰҒЫРЫ

ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТҰҒЫРЫ

ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗ —  ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТҰҒЫРЫ
ашық дереккөзі
654

Ұлттық валютаны айналымға енгізу арқылы Қазақстан өзінің дербес саяси, экономикалық және әлеуметтік саясатын жүргізуге көшті. Төл теңгенің арқасында егемен елдің іргесі бекіп, ішкі және сыртқы әлемге беделі артты. Биыл 20 жылдық мерейтойын тойлайтын теңгенің тарихына көз жүгіртсек.

Жаңа ақшаны ұшақпен тасыды


Тарихқа шегініс жасасақ, төл теңгенің пайда болуы қызық. Жетпіс жыл үстемдік құрған кеңестік империя ыдыраса да, адамдар санасы әлі өзгермеген шақ. КСРО-ның рубль аймағына кірген Қазақстан іргесін ажыратып, егемен ел болса да, ұлттық валюта туралы мәселе адамдардың көпшілігінің түсіне де кіріп шықпайтын. Ресми деректерге сүйенсек, 1993 жылдың қазанында Ресейде жаңа купюралар енгізілгеннен кейін Қазақстан, Өзбекстан, Армения, Тәжікстан, Беларусь пен Ресей басшылары бірігіп, келісімге қол қойған. Осы құжаттың негізінде Ресей КСРО құрамында болған алты мемлекетке ортақ жаңа рубльдік аймақ құруға тиіс болатын. Жаңалықты елге таратуға асыққан бұқаралық ақпарат құралдары «осылайша, жаңа экономикалық одақтың іргетасы қаланды» деп жарияға жар салды. Бірақ Ресей өзге бес республикаға жаңа ақшаны беруге асықпады. Есесіне, бақылау мен қадағалау болмаған ескі ақшаның ағыны Қазақстанға лап қойды. Осының кесірінен инфляция деңгейі бұрын-соңды болмаған деңгейге шарықтап кетті. Бұл тәуелсіздігін енді алған жас мемлекеттік экономикалық және саяси қауіпсіздігіне қатер төндірді. Сондықтан 1993 жылы теңгені айналымға енгізу операциясы мемлекеттік құпияға тең әскери шараға ұқсады. Ал Одақ құрамындағы он төрт одақтас рес­пубикадан құтылғанша асыққан Ресей рубль аймағынан бас тартуды талап етті. Анығында, 1990 жылы Михаил Горбачев РСФСР Жоғары кеңесінің ақшалай-қаржылық жүйесіне қатысты қаулыға қол қоюдан бас тартқан болатын. Ол кезде КСРО құрамында болған республикалар Қазақстан, Өзбекстан мен Ресейден басқалары өздерінің ұлттық валютасын айналымға енгізген. Қазақстан үкіметі посткеңестік кеңістікте ортақ валюталық кеңістік сақталатын шығар деп үміттенген. Ресейдің ықпалымен, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» деген құпия жарлығымен, ұлттық валютамыздың іргетасын қалау үшін төрт дизайнерге тапсырма берілді. Алғашқыда теңгені айналымға екі кезеңмен енгізу жоспарланған. Яғни, алдымен уақытша ақшаны, сосын ұлттық валютаны. Бірақ мамандар ойласа келе, уақыт пен қаражатты босқа өткізбей, бірден төл теңгені жасауға шешім қабылдады. Теңгенің алғашқы нұсқасы Ұлыбританиядағы «Харрисон мен ұлдары» деген компанияның басшылығымен, ағылшындар жерінде басылды. Қазақтарға төл теңгесін жасап берген Харрисондар Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге танымал болды. Тіпті, Ұлыбритания королевасының «Алтын белгісімен» марапатталып, Британияның экспорт­тық өнімі ретінде бағаланды. Қазақ­тар мен теңгеге дән риза бол­ған «Харрисон мен ұлдары» ком­паниясының бас ғимаратында біздің теңгеміздің суретін құрметті орынға жайғастырған. Отандастардың есінде болса, алғашқы ақшамыз қағаз түріндегі тиындар болатын. Кейін оларды темір сөлкебайлар алмастырды. Кейінірек ұсақ тиындар айналымнан мүлде алынып тасталды.  

Аса құпия әскери шарадан кем түспеген «теңгені елге әкелу» операциясы тіпті, қызық. Ақшаның алғашқы бөлігін сақтау үшін арнайы салынған жерасты қоймалары пайдаланылды. Ағылшындар елінде дайындалған теңгені елге түгел әкелу үшін төрт ИЛ-76 ұшағы пайдаланылған. Бір аптаның ішінде Британияға 18 рет қатынаған төрт ұшақтың ұшу құжаттарында «ішінде президенттің резиденциясына қажетті құрылыс материалдары бар» деп көрсетілген. Соңғы бір тиынға дейін тасып алғанша, құпияны құзырлы тұлғалардан басқа ешкім білмеген. Тағы бір маңызды жайт, айналдырған 8 күннің ішінде еліміздегі банктердің барлығына таратылып үлгерді. Ал айналымнан 950,6 млрд. рубль алынған. Посткеңестік елдер ішінде тұңғыш рет ұлттық валютасын тез дайындап, оны айналымға жылдам енгізген Қазақстанға талай ел сонда таңдай қаққан. Кейінірек Президент Н.Назарбаев теңгенің тарихы туралы әңгімелегенде ұлттық ақшамызды енгізуде тосын жайттар болғанын жасырмады. Мәселен, теңгенің алғашқы нұсқасына Хайролла Ғабжәлелов, Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов сияқты елімізге танымал кәсіби дизайнерлер Назарбаевтың портретін салып әкеліпті. Елбасы бұл үлгіден бас тартқасын, мамандар жоспарды өзгертіп, әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Шоқан Уәлихан, Абай Құнанбай, Әбілхайыр хан, Абылай хан т.б. сияқты ұлттың ғасырлар бойы мақтанышына айналған тұлғалары мен Бурабай, Іле Алатауы, Балқаш көлі сияқты еліміздің әсем табиғатын суреттейтін асыл мекен, түрлі мешіттер мен кесенелер т.б. тарихи ескерткіштер таңдалған.

Теңге 8 күннің ішінде енгізілді


Айналымға небары 8 күннің ішінде енгізілген төл теңгенің қалып­тасу кезеңі аса оңайға түс­кен жоқ. Отандық экономис­тер қауымы алғашқы кезеңде-ақ теңгенің бағамын анықтауда қателік жіберіпті. Яғни, 1 доллардың құнын 4,7 теңгеге бағалаған мамандар асырасілтеушілікке ұрынған. Осы себепті, Қазақ үкіметі жасанды жолмен теңгені құнсыздандырып, 1 доллардың құнын 20 теңгеге теңгереді. Алайда, бұл шешім жағдайды өзгерте алмайды. Себебі шынайы ахуал одан әлдеқайда күрделі болатын. Сондықтан айналымға енгізілген жеті айдың ішінде 8 рет девальвацияға ұшырайды. Ал екінші жылы инфляцияның деңгейі 1158,3 пайызға көтерілген. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде қымбатшылық 1995 жылы 60,3 пайызға төмендеп, 1998 жылы 1,9 пайызға жетіпті. Алғашқыда темір ақшалар жасалып үлгермегендіктен, олардың орнын қағаз тиындар басқан еді. Ал қазақстандық монеталар алғаш рет Германияда жасалды. Л-80 (қысым арқылы өңделген латунь) мен нейзильбер (5-35 пайыздық никель мен 13-45 пайыздық мырыштан тұратын мыстың құймасы). Кез келген мемлекетте валютаның қорғаныс шарасын қанша күшейткенмен, оңай жолмен пайда жасауға құмар алаяқтар ақшаны қолдан жасауға әрекеттенетіні анық. Сондықтан қауіпсіздік шарасы шеңберінде ақшаның қорғанысы мен үлгісі үнемі өзгертіліп отырылады. Арада үш жыл өткенде төл теңгенің келбеті өзгеріске ұшырағаны сол себепті. 2006 жылдан кейін теңге бірнеше рет түледі. Олардың бір-бірінен ерекшелігі: жаңадан шыққан номиналдардың ұзындығы әр шыққан сайын 4 мм, ал ені 3 мм үлкендеу еді. Әрі банкноттардың барлығында 17 кезеңдік қорғаныс шарасы бар.

Сондай-ақ, қорғанысқа қатты көңіл бөлгендер ұлттық нақыштағы портреттерді алып тастады. Бұл әрекет Қазақ қоғамында әлі күнге пікірталас көрігін қыздырған тақырыптардың біріне айналды. Әлемдік тәжірибеге салсақ, валютаның қорғаныс элементтері қарапайым халық үшін, кассирлер мен орталық банктер үшін деп үш түрге бөлінеді. Кассирлер жалған ақшаны арнайы құралдың көмегімен анықтай алады. Бүгінде отандық мамандар біздің ірі номинанттарымыз: 2 мың, 5 мың және 10 мыңдықтардағы қорғаныстың жаңа үлгілері орнатылғанын айтады. Әлбетте, мұндай технологиялық жаңалықтарды қазақтармен бірге дүние жүзіндегі басқа елдер де пайдаланды. Яғни, ақшаның көшірмесін ксерокс жасағысы келетіндерге көшірменің орнына жай ғана қара дақтар шығады. Яғни, қағаз құрамында көшірмеге қарсы элемент (тартан, пирамида) бар. Бұған дейін ірі купюралардың көшірмесін оп-оңай жасап, пайдаға шаш-етектен кенелген алаяқтардың арыны басылған. Қара дақпен бірге ақшаның қорғанысына ашық және қара түстегі арнайы белгілер пайдаланылады. Олардың бірі жарыққа ұстағанда айқын көрінеді. Екіншісі, ашық түстегі терезе болса, үшіншісі, бір-біріне астарласқан суреттер. Сондай-ақ, жасырын суреттер де бар. Олардың бірі жарыққа көрінсе, енді бірі арнайы түсірілген жарықта ғана байқалады. «Алтын интаглио» деп алатын алтын түсті бояумен салынған сурет ұстағанда қолға сезіледі. Көзі нашар көретіндерге арналған тағы бір белгі – ақшаның беткі бөлігіндегі қолға білінетін элемент. Ақшаны қолыңызға ұстап тұрып, ары-бері төңкерсеңіз, бояудың әртүрлі түске өзгеруі қорғаныс шарасының ең маңызды бөлігіне жатады. Бүгінде ҚР Ұлттық банкінде жасанды теңге мен доллардың бірнешеуі сақтаулы тұр.

Т – теңгенің белгісі


Әлемдік қаржылық нарықта әр мемлекет өзінің төл ақшасын әртүрлі белгімен айшықтап алған. Мәселен, АҚШ доллары – $ болса, € – дегеніңіз еуро. Қорғаныс шаралары күшейтілгеннен кейін мамандар қауымы теңгенің символын ойлап тапты. Ол үшін арнайы байқау ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға 30 мыңнан астам жоба келіп түскен. Солардың ішінен «Т» әрпінің үстін бір сызықпен сызған үлгіні таңдап алған ҚР Ұлттық банкінің өкілдері жоба авторлары Вадим Давиденко мен Санжар Әмірхановқа миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындаған. Осылайша, 2007 жылдың 29 наурызында теңгенің жаңа символы қабылданады. Алайда, арада сәл уақыт өткенде осы символға қатысты жапондар дау шығарды. Өйткені бір ғасырдан астам (120 жыл) уақыттан бері жапондар поштасын осылай белгілеп келеді екен.

Негізі «теңге» ұғымының дүниеге келуі кездейсоқтық емес. Осыдан алты ғасыр бұрын біздің аумақта өмір сүрген халықтар ақшаны «танга» немесе «тенга» деп атаған екен. Сондықтан ұлттық ақшамыздың атауын ойлап табуда да пікірталас көрігі қызды. Сол кезде тіпті, «алтын» атауын ақшаға пайдалануды ұсынғандар табылған. «Данга», «ділда», «танга» т.б. көптеген атаудың арасынан «теңге» алға шықты.

1994 жылы шығарылған 1000 теңгеліктер 1995 жылдың 14 ақпанында айналымға енгізілді. Сол жылы Қазақстаннан банкноттық фабрика ашылды. 1996 жылы 2000 теңгелік купюра шықса, 1998 жылы 5000 теңге жасалды. Арада он үш жыл өткенде ескі ақшаның орнын жаңа ақша басуға көшті. 2006 жылдың 15 қарашасынан 2007 жылдың 14 қарашасына дейін ескі және жаңа купюралар айналымда қатар қолданылған болатын. Кейін ескі ақша өзінің құнын жойды. 2010 жылдың 5 қаңтарында 10 млн. данамен 1000 теңгелік шығарылды. Бұл Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету құрметіне арналған. Мерейтойлық және естелік монеталар айналымда ақша ретінде қызмет етумен қатар мәдени-ағартушылық міндетті қоса атқарады. Әрі шектеулі тиражбен шығарылатын олар еліміздің аумағы мен шет елдерде коллекциялық құнмен сатылады. Еліміздегі банкноттық фабрика ұлттық валютаны ғана емес, сондай-ақ, Қазақстан мен Тәжікстан азаматтарының төлқұжаттарын, акция, вексель түріндегі саналуан құнды қағаздар, куәліктер, маркалар мен лицензиялар, буклеттер, аттестаттар, жолда жүру және лотарея билеттерін шығарады. ТМД елдері арасында Қазақстан, Украина, Өзбекстан мен Ресейде ғана банкноттық фабрика бар. 


Сөлкебайлар да салмақты 


Теңге қолданысқа енгелі қағаз түріндегі ақшамен қатар монеталар пайда болды. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының 50 жылдық мерейтойы, Қазақстан тәуелсіздігінің 5 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығы, Астанаға Елорда мәртебесін беру құрметі, Жеңістің 55 жылдығы т.б. Біздің еліміздегі монеталық сарай Өскеменде орналасқан. Іргетасы 1998 жылы қаланған осы кәсіпорында темір ақшаларымыз соғылады. Бұрын бұл міндетті германиялық мамандар атқарған еді. Қазақстандық монеталар алтын, күміс және нейзильберден құйылады. Сонымен қатар екі металдан құйылған монеталар да бар. Алғаш рет шығарылған монеталарда Қазақстанның Елтаңбасы мен туы бейнеленген болатын. Бұлар ұлттық валютамыздың 10 жылдық мерейтойының құрметіне арналды. Салмағы бір келі тартатын бұл монета алыс және жақын шет елдерден келетін сыйлы қонақтарға беруге арналған. Ал күмістен құйылған монета Абай Құнанбайұылының 150 жылдық мерейтойына бағышталды. 1995 жылы австриялық монеталық сарайда шығарылған бұл монеталарды бүгінде сатып алу өте қиын. Бес монетадан тұратын сыйлықтың құны 2 мың АҚШ долларына дейін жетеді. Бастапқыда олардың бағасы 1800 теңге болатын. Ұлттық валютаның 20 жылдық құрметі орай, салмағы 2 келі тартатын алтын монета мен бір келілік күміс монета құйылды. 

Күміс сөлкебайлардың барлығы да сериясына қарай бөлінеді. «Қазақстанның қолданбалы өнері» деген серия қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарына арналған. Ал «Қазақстанның Қызыл кітабы» деген серияда еліміздегі тұқымы құрып бара жатқан жан-жануарлар бейнеленген. Сондай-ақ, жақсы сатылатын сериялар арасында қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетіне қатысты сөлкебайлар бар. Барысты қатты қадірлейтін қазақтарға арнап күміс пен алтын жалатылған монета шығарылды. Барыстың көзі бриллианттан. «Қазақстанның жетістіктері», сондай-ақ, 999 сынамалы алтыннан құйылған «Әлемнің танымал мешіттері» сериясы да ерекше көз тартады. «Әлемнің ең кішкентай монеталары» мен «Көшпенділердің алтыны» сериясы да аса жоғары тұтынушылық сұранысқа ие көрінеді. Спортқа арналған сөлкебайлар да монеталық сарайдың туындысынан саналады. Осыдан екі жыл бұрын елімізде VII Қысқы азиялық ойындар өткені белгілі. Осы шараның құрметіне арнап монеталық сарай салмағы 1 келілік алтын және күміс сөлкебай шығарды. Ал банкноттық фабрика 2000 теңгелік жаңа купюраны айналымға енгізді. Спорттық ойындар мен элементтері бар бұл номинал бүгінде көпшіліктің көзайымына айналған. Ал «Ұлы қолбасшылар» сериясында Шыңғысхан, Еділ патша, Тұмар ханым, Бейбарыс сұлтан т.б. бейнелері суреттелген. Бір қызығы, егер Шыңғысханның монетасын қолға алып, оны әрі-бері қозғасаңыз, қолбасшының жас күні, орта жасы мен қартайған шағындағы суреті көрінеді. Сондай-ақ, Қазақстан монеталық сарайы тиын, шақалармен қатар Қазақстан Республикасының түрлі марапат белгілерін шығарады. Елбасының салтанатты шараларда тағатын президенттік белгісін де жасаған.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары