САНДА ДА, САНАТТА ДА ЖОҚ АУЫЛ
САНДА ДА, САНАТТА ДА ЖОҚ АУЫЛ
САНДА ДА, САНАТТА ДА ЖОҚ
АУЫЛ
Көкшетаудың
іргесінде Красный Яр атты ауыл бар. Бұрын бұл ауыл аудан орталығы болған
көрінеді. Қазір Ақмола облысының Зеренді ауданына қарайды. Естеріңізде болса,
атақты «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында осы ауылда оралмандарға арналған
тағы бір ауыл бой көтерген. Үш бөлмеден тұратын типті екі пәтерлі үйлер бой
көтергенде біраз үміттердің жанғаны рас. Алайда үміттер жанбай жатып сөнді,
қоламтаға айналды.
Көкшетаудағы
Абылай хан бабамыздың 300 жылдық торқалы тойына шақыру алғанда, осы бір атышулы
ауылға соға келуді іштей жоспарлаған болатынмын. Қуантқаны сол, «Азат рухтың –
Абылай ханы» атты театрландырылған көрініс пен ат бәйгесі өтетін ипподромға
аталған ауыл тиіп тұр екен. Түске дейін жауған жаңбырдан есімізді жинағаннан
кейін, батпақты белуардан кешіп жүріп, осы ауылды аралауды жөн көрдік. Алғашқы
кірген үйіміз Нұрбақыт Жандарханның үйі болды. Көкшеде күзгі суық қатты. Суық
жаңбырмен қоса, аңырап жел соғып тұрды. Сыртта әжептәуір тоңып қалған біздерге
үй ішіндегі маздай жанған пеш ерекше әсер етті. Олай дейтініміз, кезінде осы
ауылдағы үйлердің сапасыз салынғандығы, мұз қатқан тоң қабырғалардың құлап
жатқаны туралы көптеген ақпарат құралдары шулағанда, сол кездегі Еңбек және
халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев:
«Оралмандар от жағуды білмейді екен. От жағылмаған соң, үйлердің қабырғасы
қақырап, аязға шыдас бермей жатыр», – деген еді. Тарап кеткен Комитет
төрағасының жоғарыдағы уәжінің қаншалықты жалған екендігіне осы жолы көзіміз
жеткендей.
Нұрбақыттың
сөзіне қарағанда, оның отбасында төрт адам бар. Красный Ярдағы «Нұрлы көш»
ауылында 2010 жылдан өмір сүреді. Ол негізінен жеке кәсіппен айналысатын кәсіп
иесі. Жолдасы екі жыл бойы Атырауда қытай тілінен қазақ тіліне аудармашы
кәсібін атқарып келген, қазір жұмыссыз. Ол қыстан арып-ашпай шығу үшін 8 тонна
көмір, 1 тонна ағаш жағатынын айтады. Алайда, бұл отбасының үйінің сырты
кірпішпен қапталған, сол себепті де тым қатты суыққа ұрына қоймаған. Дегенмен,
жыртық-тесігін жамау үшін біраз қаржы жұмсағандықтарын айтады.
Бұдан
кейінгі бас сұққан үйіміз Өзбекстаннан оралған Абдулла Әубәкіров ақсақалдың
үйі. Ол кісі Красный Ярдағы «Нұрлы көш» ауылындағы 270 үйді түрлі
мердігерлердің және әр мердігер әртүрлі сапада салғанын айтады.
–
Бақытымызға қарай, біздің үйлеріміз апатты жағдайдағы үйлерге жатпайды. От
жақсаң, жылуды жақсы ұстайды. Кемінде 8-9 тонна көмір жағамыз. Аллаға тәуба,
жолдасым қайта мамандандырудан өтіп, қазір балалар бақшасында тәрбиеші қызметін
атқарады. Жанымызда тау-кен байыту комбинаты бар. Онда жұмыс істейтіндер орта
есеппен 70-80 мың теңге алады, – дейді ол.
Екі
отбасы да ауылда суыққа төзбей жарылып, құлап қалған үйлердің барын жоққа
шығармады. Және өз үйлерін жылыту үшін жыл сайын жөндеу жұмыстарын
жүргізетіндіктерін әрі отынды қажеттіліктен артық жағатындықтарын айтады.
Олардың сілтеуімен құлап қалды делінген 50-үйге келіп кірдім. Үйдің іші көк
сыз. Қабырғалары жарылып, төбесі түсіп кеткен. Бізді қарсы алған Ламия Насан
2011 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасымен көшіп келіп, Семей қаласында оқып жатқан
балаларының жайымен бір жылға кешігіп келеді. Алайда бұл кезде бұндағы 270
үйдің бәрі иелі болып қойған екен. Сол себепті де оған екі жыл бойы күтуге тура
келген. Үй Арқаның қақаған суығына шыдас бермей жарылып қалғаннан кейін, иесі
оны тастап кетіп қалыпты. Красный Ярдағы Тұрғын үй комитетінің жетекшісі
баспанасыз жүрген Ламияны осында әкеп қоныстандырған.
–
Тұра бастағаныма бір аптадай уақыт болды. Күн суытып кеткеніне қарамастан,
құлағалы тұрған үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге тура келді. Үйге су әкелетін
канализация сынып қалған екен, соны жөндеудің қамымен жүрмін. Үй маған тиесілі
болмаса да, қыстап шығудың амалын қарастырып жатырмын, – деген ол, бұл үйдің
иесін тапқаннан кейін сотта оны қайтарып алу ісі қаралатынын, содан кейін ғана
өзіне тиіп қалуы мүмкін екендігін жеткізді. Ол Красный Ярдағы «Маржан»
кафесінде ыдыс жуушы болып жұмыс істейді. Күніне 2 мың теңге табады. Алды
21-де, соңы 12-де бес баласы бар. Күйеуі Астанада құрылыс жұмыстарын атқарады.
Айына табатын табысы – 80 мың теңге.
Ауыл
тұрғындарының айтуы бойынша, бұл үйлерде әлі күнге дейін ешқандай құжат жоқ.
Сол себепті де оған тіркеуге тұру мүмкіндігі қарастырылмаған. Ламия
Көкшетаудағы бір танысына 25 мың теңге беріп, тіркеуге тұрғанын айтса, Нұрбақыт
та Красный Ярда біреуге ақша беріп, тіркеліп алған. Өйткені мектеп жасындағы
балаларды ИИН-сіз оқуға қабылдамайтын заң шыққан. Тіркеусіз ИИН алу да мүмкін
емес.
Ауыл
тұрғындары «Нұрлы көш» ауылының атынан әкімшілікте жұмыс істейтін Жырғау
Туғанбай атты белсендінің бар екенін және оның осы ауылда «Нұрсая» атты дүкені
жұмыс істейтінін жеткізді.
Красный
Ярдағы санда да, санатта да жоқ ауыл жөнінде бізге осы Жырғау Туғанбай ағамыз
көп мәлімет берді. Оның айтуынша, ауыл 2009 жылы тұрғызылған, 7 мемлекеттен
1300-дей адам келіп қоныстаныпты. Оның 400-і мектеп жасындағы бала, 650-ы
жұмысқа қабілетті азаматтар. Ауылды тұрғызуды мойнына алған «Сарыарқа»
әлеуметтік кәсіптік кәсіпорны оны 9 мердігерге салғызған. Ауылда бес түрлі үй
тұрғызылған. Бесеуіне бес түрлі құрылыс материалдары жұмсалыпты: кірпіш, көк
блок, гипсокартон, пеноблок, т.б.
Көлемі
75 шаршы метр үйлердің бес түрлі болғанына қарамастан, бағалары біреу – 3,2
миллионға бағаланған. Және қоныстанушылар айына 32 мың теңгеден төлеп, 15
жылдың ішінде өтеп шығуы тиіс.
–
Үйлер аса сапасыз салынған. Алғашқы жылдары біздің шырылымызға құлақ түрген жан
болмады. Кіре қалған жылы-ақ бұрқақ соғып тұратын. Қанша көмір жақсаң да, қанша
жылытсаң да, одан пайда болмады. Арқаның сары шұнақ аязында тұрғызылатын
үйлердің іргетасы – 50 сантиметрден жоғары болуы керек еді. Ал бұл үйлердің
іргетасы – 15-50
сантиметр аралығында ғана.
Тек
2012 жылы Ақмола облысына әкім болып тағайындалған Қайрат Қожамжаров «Нұрлы
көш» ауылына арнайы ат басын бұрып, жағдаймен танысты. 30 адамнан тұратын
комиссия құрып, комиссия төрағасына мені сайлады. Біз сапасыз салынған үйлерге
сараптама жүргізіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қанша қаржы кететінін
есептеп шықтық. Біздің есебіміз бойынша, 2 миллиард 200 миллион теңге қажет
болды. Бұл дегеніңіз бір ауылды тұрғызуға кететін қаржы көрінеді. Облыс
әкімшілігі соның 200 миллионын бөлді. Сөйтіп, үш ай бойы қайтадан жөндеу
жұмыстары қолға алынды. Үйлердің жыртық-тесігі жамалды. Соның арқасында, биыл
қыста азынамай, жылы шықтық. Дегенмен, сапасыз салынған үйлердің ғұмыры ұзаққа
созылмайтын түрі бар. Қазір облысқа жаңа әкім келді. Енді сол әкімнің бір
шешімін күтіп отырмыз. Үйлерде ешқандай құжат жоқ. Сол себептен де бұл үйлерге
тіркеуге тұра алмаймыз, – дейді Жырғау Туғанбайұлы.
Басында
жоспарланған макет бойынша бұл үйлерге қосымша, қойма, веранда, гараж, сарай
салынуы тиіс еді. Оның бірде біреуі жоқ, тек үш бөлмелі үй ғана салып берді.
Сонымен қоса, мектеп, балабақша, медпункт салынуы керек еді. Олар да жоқ. Қазір
ауылдағы мектеп жасындағы төрт жүз бала Красный Ярға автобуспен қатынайды.
–
Әне, Красный Яр мен «Нұрлы көш» арасында тұрған ашық алаңқайды көріп тұрсыз
ғой, сол жер мектептің орны. Красный Яр мен осы ауылдағы балалар сол мектепте
оқиды деп жоспарланған. Биыл сонда үшінші мектеп салынды. Оны неге осындағы
төрт жүз бала үшін салмады екен. Қыста балалардың қатынауы қиындап кетеді. Жол
салынбаған, су тартып берген, алайда қыста қажетті тереңдікте салынбағандықтан,
су қатып қалады, – дейді.
Жырғау
Туғанбайұлы мұндағы ауылдың төрт жыл бойы ептеп-септеп өмір сүріп келе жатқанын
айтады. Ауылдағы тағы бір түйткіл – жұмыссыздық. Ауыл тұрғындары шағын несие
алып, кәсіпкерлікпен айналысқысы келеді. Алайда оған қолдау жоқ, кепілге қоятын
дүние-мүлкі жоқ. Өйткені құжатсыз үйлерді ешкім кепілге алмайды. Сөйтіп күн
көрудің қамы да күн өткен сайын қиындап барады.
Жырғау
Туғанбайұлы әйелінің жеке кәсібі, «Нұрсая» атты дүкені барын, өзінің Красный
Ярда әкімшілікте жұмыс істейтінін айтады. – Бұл ауылдың түйткілін сөз етпеген
депутат, сөз етпеген баспасөз жоқ шығар. Алайда одан шыққан нәтиже шамалы. Сіз
де келіп тұрсыз ғой, бірақ одан бірдеңе шешіле қояр деп ойлмаймын, – деді
Жырғау таусыла сөз соңында. Біз де ақпарат құралдарының шырылынан бірдеңе
шығатынына сене алмай аттанып кеттік.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ