Қазақ тілі мұғалімдері бас қосты
Қазақ тілі мұғалімдері бас қосты
Таяуда «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының білім беру бағдарламалары орталығы еліміздің қазақ тілі мұғалімдері үшін республикалық форум ұйымдастырды. Шараға білім беру саласындағы 300-ге тарта маман қатысты.
Онда қазақ тілін оқытудағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін еліміздегі жалпы білім беретін мектептер арасына таратып, жаңа тәсілдер мен әдістемелерді бөлісу, сондай-ақ үш тұғырлы тіл саясатының шеңберінде қазақ тілінің мәртебесін арттыру мәселесі жан-жақты талқыға салынды.
Форумның беташарында сөз сөйлеген «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова бүгінде мемлекеттік тілдің дамуына ерекше үлесін қосып жүрген әріптестерінің еңбегін жоғары бағалай келе, білімді жас ұрпақты тәрбиелеуде Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған үш тұғырлы тіл саясатының алға қойып отырған мақсаттарына қол жеткізу үшін әлі де аянбай тер төгу қажет екендігін атап көрсетті. Ол: «Біз өзге тілдерді жан-жақты даму үшін үйренеміз. Әрине, қазақ тілі үнемі бірінші орында тұруы керек», – деді. Қазақ тілін оқытуда әуелгі назар оқушылардың сөйлеу, тыңдау, айту және есту дағдыларын дамытуға аударылуы керек.
Ал форумда білім беру бағдарламалары орталығының аға менеджерлері Жанабай Абуов пен Лейла Нұрақаева жиналғандарды Зияткерлік мектептерде қолданылатын кіріктірілген білім беру бағдарламаларымен таныстырды. Оған білім беру процесінің отандық және халықаралық тәжірибенің озық үлгілері кіріктірілген. Бұл құжаттарды әзірлеуге Зияткерлік мектептердің практик мұғалімдері мен Кембридж халықаралық емтихан кеңесінің мамандары атсалысқанын айта кету керек.
Форумға қатысып, баяндама жасаған халықаралық сарапшы – қостілді оқытуды әзірлеп, басқару жөніндегі кеңесші, PhD Питер Мехисто пәннің мазмұнына негізделген тілді оқыту маңызына тоқтала келе, зияткерлік мектептердің қазіргі қолданып отырған әдісі де пән мен тілді кіріктіріп, тіл сабақтарында пән мазмұнын, ал пән сабақтарында тілді қоса үйретуге көңіл бөлуге негізделетінін ескерте кетті.
Мұнымен қоса, басқосуға жиналған ұстаз қауымы күнделікті тәжірибесінде қолданатын инновациялық әдістері бойынша шеберлік сағат өткізді. Сол бойынша сабақ үлгілерін көрсетіп, сұрақ-жауап түрінде пікір алмасты. Олар зияткерлік мектеп мұғалімдері дайындаған әдістемелік құралдардың көрмесін тамашалап, мұндай тәсілдің қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге септігі тиетінін және тәжірибені ел мектептеріне тарату қажеттігін атап өтті.
Динара Мыңжасарқызы