ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ МЕДИА ФОРУМЫ

ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ МЕДИА ФОРУМЫ

ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ МЕДИА ФОРУМЫ
ашық дереккөзі
238

  Қырғыздардың астанасы Бішкек қаласында
“Түркітілдес елдер мен қоғамдардың ІІІ медиа форумы” тақырыбындағы
шара басталды. Екі күнге созылатын бұл шарада түбі бір түркінің күн тәртібіне
шыққан өзекті мәселелері мен оларды шешудің жолдары қарастырылмақ. 

  “Жаңа медиа технологиялық
өзгерістердің көрінісі іспетті” деп аталатын алғашқы отырыста жаңа
технологиялардың бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыруға қалай ықпал
ететіні, “жаңа медиа” ұғымының шын мәнісіндегі түсінігі, баспа
ісіндегі жаңа форматттар мен бизнес-үлгілері т.б. мәселелер талқыға салынбақ.

  Түркия Баспасөз және ақпарат Бас
басқармасының бас директоры Мұрат Каракая түркі бірлігін күшейтуде медиа форум
сияқты шаралардың игі әсер ететінін айтты. Ал Әзірбайжан Баспасөз одағының
төрағасы Афлатун Амашов түркі әлеміне тиесілі ақпарат кеңістігіндегі бірлік
қоғамдар арасындағы ынтымақтастықта аса маңызды екендігіне тоқталды:
“Түркітілдес қоғамдардағы баспасөз бірлігі, Интернеттегі ынтымақтастық,
ақпарат алмасудағы жеделдік түркі әлемінің бірлігін нығайтады. Демократиялық
құндылықтарды насихаттау да аса маңызды. 

  Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік
ассамблеясының басшысы Жандос АСАНОВ: “Түркі елдері өзара ынтымақтастыққа ықпал
етуге әрқашан дайын. Тіркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы Назарбаевтың
бастамасымен құрылған. Ұйым түркі әлеміндегі бірлікті күшейтуді мақсат етеді.
Біз ақпараттық технологиялар заманында өмір сүріп отырмыз. Меніңше, түркі
әлеміндегі ақпарат алмасу үрдісі жеткілікті деңгейде дамымаған. Мен өз
міндетіме осы  жылдың қазанынан бастап кірістім. Байқағаным, кәсіби біліктілі жоғары
аудармашы мамандар тапшы. Сол себепті, ақпарат алмасу төменгі деңгейде” –
дей келе, қазақ, түрік, әзірбайжан т.б. тілдерде ақпарат тарататын сайт ашуға
ұсыныс білдірді. Ал Түркі кеңесі бас хатшысы Халил АКЫНЖЫ түркі әлемінің
мәдениетін, салт дәстүрін насихаттайтын арнайы бағдарламалар мен мультфильмдер
түсіру жұмысы қолға алынғанын айтты: “Бір бірінен шалғай орналасқан
бауырлас халықтардың тығыз қарым қатынас орнатуына көмек қолын созу басты
мақсатымыз. Сонымен қатар түркіге ортақ тілді де қалыптастыру қажет. Мәселен,
қазір түркі елдерінде қолданыста жүрген “ұшақ”, “тікұшақ”,
“құрылым”, “байрақ”, “кеңес” тәрізді сөздерді
ортақ қолдануға болады”.

  Қырғызстанның мәдениет министрі Сұлтан
РАЕВ “Диуани лұғат ат Түрік сөздігі әлі күнге өзектілігін жоймағанын
айтты: “Біздің мақсатымыз – түркі әлеміне тән салт дәстүрді, ортақ
мәдениетті сақтап қалу. Осы мақсатта сөздік түзілуде, мәдени және рухани
тұрғыда басқа да шаралар ұйымдастырылуда”.

  Сонымен, форумның салтанатты ашылуы
аяқталды. Енді бірнеше бөлімнен тұратын отырыстары басталмақ.

  

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ,

Бішкек қаласы

 

Серіктес жаңалықтары