Бала-шаға үшін бас қатыру бір бақыт

Бала-шаға үшін бас қатыру бір бақыт

Бала-шаға үшін бас қатыру бір бақыт
ашық дереккөзі
263

Мұндай жағдайды мыңдаған балалар көз алдына елестете де алмайтын шығар. Ал мен есейген шағында азапқа түсіп, не әкесіне барарын, не шешесіне барарын білмей дал болған жасөспірімді талай көрдім. Бірақ, ата-аналарының қайтадан бірге өмір сүретін сыңайлары жоқ. Шеше басқа күйеуге шығып, әке басқа әйел алған. Екеулерінің де кейінгі некеден балалары бар. Сонда өмірдегі ең қымбат адамдарын бір мезгілде жанынан таба алмаған жасөспірімнің жазығы не?

Тағы бір мысал. Бір отбасы ажырасып кетіп, орталарындағы екі перзент шеше жағында қалды. Олар осылай өз жұртына жоламай жүріп есейді. Пәлен жыл өткенде әке өмірден озды. Марқұмның жаназасына екі перзенті де, перзенттердің анасы да келмеді. Жаназадан кейін де көңіл айтпады.
Тағы бір отбасынан бүлік шықты. Ері әйелінен 18 жас үлкен еді. Бірақ, бір-біріне қалап қосылған. Екеуінің некесінен бес ұл-қыз дүниеге келді. Он бес жыл тату өмір сүрді бұлар. Сөйтіп, жүргенде әйел басқа біреуге ғашық болды. Сөйтіп, бес баласын да, он бес жыл отандасқан күйеуін де тас­тап, басқа еркектің етегінен ұстап кете барды. Бірақ, содан бері 13 жыл өтіпті. Әйел екінші күйеуінен перзент көтермепті. Мүмкін бес баланың, орта жолда жазықсыз далада қалған ер азаматтың наласы жібермеген шығар. Мейлі жолдасынан жерінсін, бұл ана неге бес перзентінен бас тартты екен? Ал бес баламен қалған еркек қайтты деңіз. Намыстан өртенсе де мойымады. Ол кезде перзенттерінің алды 11-де, соңғысы 2 жаста екен. Қайтып үйленбей, әке шіркін соларды ойлады, жеткізді. Қазір бір ұл, бір қызы Алматыда жоғарғы оқу орнында оқиды. Кіші ұлы 10-сыныпта оқып жүр. «Енді үйленбеймін. Одан да балаларымның бақытын ойлайын. Енді қызым тұрмысқа шығып, ұлым үйленетін кез де жетті», – дейді балалардың әкесі.
Облысымызда жылдан жылға ажырасу ұлғайып келеді. 2010 жылы 1604 ажырасу жағдайы тіркелсе, былтыр 1844-ке жетіпті. Облысымыз бойынша бір жыл ішінде ажырасушылар саны 240 отбасыға артып отыр. Әрине, бұл – зор қасірет. Бүтін отбасының бүлінуі қанша баланың жағдайсыз қалуына әкеліп соғады. Ал жыл сайын мыңдаған отбасының шырқы бұзылуы сан мыңдаған балалардың сарсаңға салынуы деген сөз. Сондықтан, әр екі жас отбасын құрарда ойланып, толғанып барып шешім қабылдағандары жөн шығар. Әр отбасының беріктігі – мемлекеттің байлығы, жетістігі. Бұл ретте тату отбасы, сүйкімді бала-шағаның мәселелерімен бас қатырып жүргеннің өзі бақыт шығар, сірә?!

Есет Досалы
Жамбыл облысы

Серіктес жаңалықтары