«Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің»,

«Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің»,

«Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің»,
ашық дереккөзі
1038
Соңғы кезде тіркелген жол-көлік оқиғаларының көрсеткіші төбе шашты тік тұрғызады. Қаншама адамның ажалы темірден келіп жатқанын жұрттың бәрі көріп, біліп жүр. Бұған кім кінәлі? Жол-көлік апаттарының себебі мен салдарын таразылап көрдік пе? Жол апаты туралы айтқанда, алдымен еліміздегі жолдардың тарлығы, сапасыздығы ойға оралады. Бұл кез келген жүргізушіге де, қарапайым адамға да етене таныс мәселе. Мемлекет жыл сайын ескіден бүгінге жамау-жасқаумен жеткен жолдарды жаңартуға қыруар қаржы бөлсе де, нәтижесі мәз емес. Мәселен, Қазақстан жол сапасы жөнінен әлемде 140 елдің ішінде 117-ші орында көрінеді. Ал көрші Ресей 136, Қырғызстан 139-орынға табан тіресе, жолы тақтайдай елдердің қатарын Франция бастап тұр. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болатын шығар. Жақында Елбасы Н.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевқа сын айтып, түйткілді жайтты шешудің жолын қарастыруды тапсырған болатын. Сыннан нәтиже шығаруға кіріскен министр олқылықтың орнын толтыратындығына сенімді. Бірақ қалай? Бұл бүгін туындап отырған мәселе емес қой. Елбасы Н.Назарбаев: «Жол құрылысында жаңа технологиялар енгізілмейді. Жуырда білдім, Ресейде «Казань-Москва» жолын салуға темір бетонның жаңа түрі қолданылады екен. Сонда пайдалануға беру мерзімі бар-жоғы – 2 жыл. Құны 3 есеге дейін қысқарады. Ал бізде енді ғана салынған жолдар жөндеуді қажет етеді. Астананың өзінде салынған жолды бір жыл өтпей жатып, жөндеу керек болады.  Нәтижесінде әлемдік рейтингте жол құрылыс бойынша біз мың-мың жарым шақырым жол салып жатқан күнде де 117-ші орындамыз. Міне, нәтижесі. Біз қаржыны бөлеміз. Жолды саламыз. Бірақ оны қалай қабылдап алып отырмыз?», – дегенге екпін түсірді.  Шынында да, тақтайдай тегістелген тасжолдар жыл өтпей жатып, неліктен таз кейпіне қайта түседі? Ел аумағында жол апаты жиі тіркелетін он алты қауіпті аймақ белгілі. Оның ұзындығы республика тас жолының 7 пайызына тең. Ал апаттың 30 пайыздан астамы осы жолда тіркеледі екен. Көлік және коммуникация министрлігінің айтуынша, еліміздегі жолдардың 33 пайызы өте нашар. Себебі, жөнделген жолдарды жүйткіген ауыр жүк көліктері көпке апармайтын көрінеді. Әзірге бізде «Астана-Щучинск» тасжолы ғана бірінші санатта. Оны жоғарғы сапада ұстап тұру үшін ақылы жүйе енгізілгені мәлім. Мамандар тәжірибе тиімділігін көрсетіп, жаңа бақылау әдісімен 357 млн. теңге түскенін айтады. Ең бастысы, бұл тас жолда жол-көлік оқиғалары азайыпты. Бұдан былай жол құрылысын жүргізуге байқау өткізу міндетін жаңадан құрылған «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы атқарады. Ал оның сапасын «FIDIC» инженер-кеңесшілердің халықаралық федерациясы шарттарына сәйкес аккредитациядан өткен шетелдік компаниялар бақыламақ. Бұлар – неміс, чех, австриялық компаниялар. Демек, 2020 жылға дейін бірінші санатты жолдарды 4 мың шақырымға дейін жеткізу көзделген. Ал сапасыз жолдарды 33 пайыздан 22 пайызға дейін азайту межеленіп отыр. Мемлекет қазынадан ағымдағы жылы жол жөндеуге 2 млрд. АҚШ долларын бөліпті. Соңғы бес жылдан бері еуропалық талапқа сай салынып жатқан жолдың бір шақырымына 200 млн. теңге жұмсалатын көрінеді. Бізде тек 1886 шақырым ғана жаңартылған. Қаржыны мақсатты жұмсау мен сапа жеткіліксіз. Жыл басынан бергі алты айда жолдардың құрылысы саласында сыбайлас жемқорлық сипатындағы 400-ден астам қылмыстық іс қозғалған.                                                               Асығыс айдап, асығыс кетті… Қолда бар деректерге жүгінсек, еліміз тәуелсіздік алғалы бері жол апатынан 60 мыңдай адам қайтыс болыпты. Ал соңғы тоғыз айда 2273 адамның ажалы жол апатынан келіп, 22 мың адам жарақат алған. Жолда жүру тәртібі 1,5 миллион рет бұзылған. Көлікті мас күйде айдаған 36 мың жүргізуші ұсталып, 26 мың жүргізуші сот шешімімен куәлігінен айрылған. Әрине, көп ретте негізгі фактор көлік иесінің өз өміріне бей-жай қарауында жатыр. Алайда, жол апатының жиі тіркелуіне ойқы-шойқы жолдардың да кері әсерін тигізетіні белгілі жайт. Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Сириядағыдай соғыс жүріп жатыр. Адамдар қайтыс болуда. Қалай күресеміз? Кеше сұрасам,  жол ережесін бұзуда дейді. Полиция не үшін тұр?» дейтініндей бар. «Қаралы тізімді жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұматындар бастап тұр. Ал екінші орында осы, жол апатынан қаза табатындар екен. Не деген сұмдық, бұған көзімізді жұмып қарап отыра береміз бе?! Жол-көлік апаттарын болдырмау үшін «Талапты күшейтуіміз керек!», – деп күйінген Елбасы ішіп алып көлік жүргізгендерді қылмыскер деп айтуға негіз бар екенін ескертті. «Тәртіп бұзған жүргізушілерге ең қатаң жазаны қолдану керек. Осыны Қауіпсіздік кеңесімен бірге ойланып, шешім шығарыңдар. Заң тұрғысынан тағы не істей алатынымызды жақсылап қарастырыңдар», – деді. Жол полициясы Президенттің осы сөзін күтіп-ақ отыр екен. Бірден «Қауіпсіз жол» рейдіне шығып, жол тәртібінің 54 мың рет бұзылғанын тіркеп үлгерді. Тағы да 1300 мас жүргізуші құрыққа ілінді. ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Игорь Лепеха 2013 жылдың басынан 15 мың жол-көлік оқиғасы тіркелгенін және бұл көрсеткіштің былтырғыдан 60 пайыз көп екендігін тілге тиек етті. Расында да, бұл ойлантарлық мәселе. Күн сайын қаншама адам жол апатынан көз жұмуда. Бір-біріне қарсы бағыт алған желөкпе көліктер соқтығысып, бүтіндей бір отбасы мүшелерінің қырылып жатқаны жүректі қан жылатады. Асығыс жүріп, о дүниеге де асығып аттанып кетіп жатыр.                                                   Полиция жаңаша жасақталды Елімізде 1 қарашадан бас­тап әмбебап полицейлер қызметке кі­ріс­ті. Бұған дейін әкімшілік және жол полициясы біріктіріліп, қайта жа­сақ­талған болатын. Ендігі жерде әмбебап полицей деп аталатын құрылым қоғамдық және жолдағы тәртіпті қатар қадағалайтын болады.  Ішкі істер басқармасының айтуынша, «әмбебап полицейлер» азаматтардың жеке бас және мүліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, қоғамдық тәртіпті және жолдағы қауіпсіздікті сақтайды әрі қылмыстарды ашып, қылмыскерлерді ұстайды. Журналистерге түсініктеме берген ҚР Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев әмбебап полицейлер алғаш рет Павлодар мен Жамбыл облысында сыналғанда жол полицейлері көліктерді орынсыз тоқтатып, жөнсіз тексергені белгілі болғанын айтады. Алдағы уақытта осындай олқылықтар қайталанбауы үшін жол-патрульдік полицияның көліктерді орынсыз тоқтатуына тосқауыл қойылмақшы. Бұл үшін полицейлер мінген көлікке GPS жүйесі орнатылып, олардың іс-әрекеті автоматты түрде бақылауға алынады. Жаңа бастамаға сын көзбен қарай­тындар да көп. Олар мұны иі қанбаған, бір қайнауы кем жоба деп есептейді. «Жолпол мен Патрульдік полициясының бірігуі жолдағы жемқорлықты асқындыра түспесе, азайтпасы анық» дегенге саяды. Әйткенмен, еліміздің Ішкі істер министрлігі бұдан былай тәртіп сақшыларына көлікті жөн-жосықсыз тоқтатуға қатаң тыйым салынады дейді. ҚР Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев: «Әрбір полицейдің кеудесіне өз аймағының нөмірі тағылып, ол өзіне жүктелген аймақтың аясында ғана жұмыс істейді. Нәтижесінде полиция қызметкерлерінің әрбір әрекеті мұқият тіркеліп, бұл өз кезегінде құқық қорғаушылар тарапынан орын алатын әртүрлі заңбұзушылықтарға жол бермейді», – дейді. Қазақстан полицейлеріне енді күдіктілерді ұстаған кезде оларға құқықтары туралы айтып беру міндеті жүктелуі мүмкін. Бұл туралы қылмыстық-процессуалдық кодекстің жаңа жобасын таныстыру кезінде бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель хабарлады. АҚШ-та қолданылатын «Миранда ережесі» сияқты, жобаға полицейлерді күдіктіні ұстау кезінде оған құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде адвокат жалдау құқығы, ешнәрсе айтпай үнсіз қалу құқы барын және барлық айтқандары күдіктінің өзіне қарсы қолданылуы мүмкін екенін ескертуді міндеттейтін ережелер кіргізілген. Меркельдің айтуынша, бұған қоса жаңа кодекс жобасында күдікті кінәсін мойындаған жағдайда және тергеу ісіне көмек көрсетсе, жазасын жеңілдету мүмкіндіктері де қарастырылған. Қылмыстық-процессуалдық кодек­с­­тің бұл нұсқасы қабылданар болса, Қазақстан Орталық Азияда заң­намасында «Миранда ережесі» қол­данылатын алғашқы мемлекет болмақ. Айта кету керек, бұдан былай кішігірім ереже бұзғандар да жазадан құтылмайды. Ал көлік тізгініне ішімдік ішіп отырғандар қылмыстық жауапқа тартылып, оларға салынатын айыппұлдың көлемі 900 мың теңгеге дейін өседі немесе алты айға темір торға қамалады. Мұнымен қоса екі жылға дейін жүргізуші куәлігінен қағылмақ. Сол сияқты мас күйінде адам қағып өлтірген жүргізушілер 20 жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін. Ал жылдамдық асырып, қарсы бағытқа шығатындар бірден 9 айға куәлігінен айырылады. Егер жол апатын жүргізушінің ішімдікке бой алдырып жасағаны белгілі болса, онда ол ауыр қылмысқа жатқызылады. Яғни, оны бұрынғыдай екі тараптың татулығымен шешуге болмайды. «Қылмыстық кодекстің» жаңа жобасы бойынша, қаза тапқан әр адам үшін жүргізушінің бас бостандығы шектеледі. Мысалы, 1 адам көз жұмса 7 жылға дейін, 2 азамат үшін 12, одан көп болса 15 жылға дейін темір тор күтіп тұр. Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігі, Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха жүргізушілерді оқытатын мектептерді сын садағына алды. «Егер жүргізуші қарапайым талаптарды білмесе, тиісті білім алмаса, біз автомектептердегі заңды тұлғаларды жауапкершілікке тартамыз. Ал бұндай оқиға қайталанған жағдайда аталмыш автомектептің лицензиясын қайтару немесе қызметін тоқтата тұру мәселесі төтесінен қойылады», – деді. Жол апаттары жиі тіркелетіндіктен, қылмыскерлердің саны алдағы уақытта артуы мүмкін. Қазірдің өзінде елімізде 50 мың жазасын өтеуші бар көрінеді. Олардың қатарын жыл сайын 125 мың адам толықтырады. Сондықтан жаңа кодексте тұтқындарға арналған қосымша орындар ашу қарастырылған. Ол үшін Ішкі істер министрлігі «тұтқындау үйлерін» салуды көздейді. Жалпы, еліміз бойынша осындай 95 мекеме ашу қажет. Осыдан сандаған ғасыр бұрын Майқы би: «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің», –  деп айтып кетіпті. Бабамыз білген екен. Расында да, бүгінгі жол апаты деректері жаға ұстатады. Күн сайын көз алдымызда соқтығысып жатқан жол-көлік оқиғасының куәгеріне айналдық. Көңілді күпті еткен көрсеткіш қашан, қалай азаяды? Бұл мәселе қоғамның кез келген мүшесін ойландыруы керек.

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары