475
ҮЗІЛГЕН ӘН немесе ұлы әншінің соңғы жұмбағы
ҮЗІЛГЕН ӘН немесе ұлы әншінің соңғы жұмбағы
«…Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды.Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге ән салады.
Әмірқан кісі емес, әнге айналады. …Әмірқанның киімі де, жүріс-тұрысы да жат еді, қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді…».
Әнші жайлы жазушы Жүсіпбек Аймауытовтан артық асырып айту мүмкін бе, сірә?!. Ал ән арысы Жүсіпбек Елебеков әнші даусы 8 шақырым қашықтыққа дейін жетті деген дерек келтіреді, Әмірені ән жанрының импровизаторына балайды. «Әдебиет және искусство» журналының 1949 жылғы 10-санында жарық көрген «Екі естелік» мақаласында замандас досы Қалибек Қуанышбаев: «Әміре ән салғанда, қандай күшпен, айқаймен бірнеше әндер айтқанда, түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әндерді айтарда, барлық демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып көпке дейін дем алмайтын», – деп әнші даусының алапаттығының, ғажаптығының сырын саралай келе: – Әміре әнді ылғи сүйіп, ұнатып, өзі әнге ғашық болғандай боп айтатын. Халық көп болса, делебесі қозып кететін. …Құйындай ұйытқып, құландай ойнақтап жүйткіп, дабылдай саңқылдап, кішірек театрға сыймай, далада болса жер мен көктің арасын жаңғыртар еді. Аса көтеріліп ән салғанда, жеке келе жатқан бәйге атындай жарқылдап, ойнақтап кетер еді», – деп тамсанады. Әміре – нағыз әнші еді. Бірақ, бір өкініштісі, осы бір ғаламат талантының, тамыры қазақы еркіндікпен астасқан дарқан да аңғал болмысының өз өміріне орны толмас өкініш сыйларын, тіпті қамшының сабындай қысқа ғұмырын аяусыз жаншырын ол кезде әншінің өзі де білмеді-ау…
Даңқ шыңы
…1925 жыл. Қазақ өнерінің тарихына толайым табысымен қосылған осы жылдың 25 мамыры күні Франция астанасы Парижде дүниежүзілік этнографиялық көрме өтеді. Халықтар достығын паш еткен өнер жәрмеңкесінде орыстың әйгілі әншілері Долива-Саботнаций мен Ковалева, өзбек өнер майталмандары: әнші Кари Якубов пен биші Тамара Ханум, Әзірбайжан ән өнерін әйгілеуші Шавкет Мамедов сынды өнерпаздармен кеңес делегациясы құрамында бірге келіп, ән салған Әміре әніне сол кезде тәнті болмаған, қол соғып қошеметін аяған жан қалмапты. Сөзін түсінбегенімен, қазақы әуен қуатына, шыңылтыр таза дауыс пен тыныс кеңдігіне бас иген Францияның талғампаз қауымы бірауыздан байқаудың күміс жүлдесін сонау қияндағы қазақтай қасиетті елдің абыройын арқалап барған Әміренің қанжығасына байлап берген еді. «Ағаш аяқты» шырқап, Париж көгінде қалықтай қанат қаққан үн құдіретіне француз жазушысы, өнердің білгір сыншысы Ромен Ролланның: «Мен шығыста әншісін бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім, онда әншілік қабілет өте басым», – деп тебірене тіл қататыны да осы сәт. Ән асқақтаған сайын Әміре де шексіз абыройға бөленіп, даңқ шыңына көтерілді.
…Сәні мен салтанаты келіскен бүкіләлемдік көрмеден делегация үлкен әсер, шығармашылық шабытпен оралды. Тек Әміре ғана одан кейінгі болашақ өмірін астаң-кестең еткен аласапыран алапатты арқалап қайтты.
Дүрбелең
Франция сапарынан кейін ұлы әншінің өмірі адам айтып төзгісіз дүрбелеңге айналды. Себеп – Әміре Қашаубаев пен ұлт қайраткері Мұстафа Шоқайдың Париждегі құпия кездесуі. Жат елдегі жүздесу жайлы әншінің өзі губерниялық «Қазақ тілі» газетіне Париж сапары турасынан сұхбат беріп отырып мәлім етеді. Осыны желеу еткен Біріккен бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшылары қазақ эмигранты Мұстафа Шоқаймен астыртын байланысы бар деп күдіктеніп, Әмірені сансыз сұрақтың астына алады. Үйін тінтіп, үздіксіз тексерулер жүргізеді. Қорқытып, үрейлендіріп, тіпті соққыға да жығады. Сөйтіп, дала дарыны аяусыз азаптау мен жантүршігерлік қатыгездікті басынан кешіреді. Сондағы әншінің қиналған, нәзік жаны тоз болған, азаматтық ары қор болған қиын күндердегі көңіл-күйі мен ішкі сезімін өнер зерттеушісі Жарқын Шәкерім 1974 жылы өзіне құпия түрде айтқан Социалистік Еңбек Ері, әйгілі актер Серке Қожамқұловтың естелігіне сүйене отырып, былайша әңгімелейді: «Бүкіл халық қошеметіне бөленіп, атағы жер жүзіне кеткен Әміре Парижден аса көңілді де шатты оралды. Арада бір-екі ай өтпей жатып бір күні бет-әлпеті көгерген, көзі ісінген күйі жұмысқа келді. Не болғанын сұрадық. Ол: «Сұрамаңдар, мен айтпаймын», – деді. Оның осы көрінісі араға айлар салып қайталанып жүрді. 1929 жылы ұлт театры Алматыға көшті. Мұнда келген соң да Әміреде сол күй үзілген жоқ. Ұмытпасам, 1931 жылдың көктемі еді. Бір ойын-сауықтан соң Иса, Әміре үшеуміз айлы түннің аспанында үйді-үйімізге бірге тарастық. Сонда Әміре: «Мына пәлелердің менде не ақысы бар екенін білмеймін, түн жамылғысында қара киінген екеу үйден әкетіп, таң сәріге дейін ұстап қоя береді. Сондағы сұрайтыны: «Мұстафа не деді?» – дейді. Айтқан әнімді тыңдап, көзіне жас алып, елге деген сағынышын білдіргеннен басқа естіген ештеңем жоқ десем, сенбейді. Сенген былай тұрсын, бірі ұстап тұрып, екіншісі қол жұмсап, көкала қойдай етеді», – деп көзіне жас алып, қиналып жүргенін жайып салды.
Бәрінен де сорақысы, «осынымызды бір адамға айтушы болсаң, отбасыңа зияны тиеді» деп, әбден қорқытатынын айтып еңкілдегені естен кетер ме?.. Қайран Әміренің сол сөзі әлі құлағымда» деген еді».
Күмән мен күдік
Көпке дейін құпия сақталып келген тергеу ісінің ақиқаты бүгінде күмән мен күдіктен арылып, нақты құжаттық деректер негізінде саралауға мүмкіндік туғызып отыр.Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі, жазушы-публицист Әмірхан Бәкірұлының еңбегі арқасында жарыққа шықты, көп құпияның беті ашылды. Архивтің шаң басқан сөрелерінен табылған құнды құжат Серке Қожамқұлов айтқан құпия естеліктің ақиқаттығын, Әміре Қашаубаев шығармашылығын дендеп зерттеп жүрген өнер зерттеуші ағамыз Жарқын Шәкерімнің пікір-тұжырымдарын нақтылай түсті. Құжатта Әміре Қашаубаевтың 1927 жылғы 6 маусым күні басқармаға шақыртылып, тергеушілер алдында берген жауабы төмендегіше өрбіпті. «Егемен Қазақстан» газетінің 2004 жылғы сәуір айындағы нөмірінде жарияланған «Париждегі құпия кездесу» тақырыбымен берілген деректі-құжаттық материалындағы әншінің берген жауабын өзгертпестен, сол қалпында оқырман назарына ұсынып көрсек. Құжаттың мазмұны мынадай: «…1925 жылы маусым немесе шілде айының бірінде мен барлық ұлттық республикалардан жиналған 14 актермен бірге Парижге бардым. Барған бойда «Дория» отеліне орналастым. Екінші күні қонақүйге Мұстафа Шоқаев келіп, менімен әңгімелесті. Ол Қазақстанда болып жатқан жағдайларды сұрады. Арасында: «Үкімет басында кімдер тұр? Қазақтар бар ма?» деген сауалдар да қойды. Мен «бар» деп жауап бердім. Бірақ олардың кімдер екенін айтқаным жоқ, ол да менен сұраған жоқ. Сосын ол менің білімімді сұрады. Мен оған «ешқандай білімім жоқ» деп жауап бердім. Әңгіме үстінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың хал-жағдайларын және немен айналысып жүргендерін сұрады. Мен: «Байтұрсынов Қызылордада мұғалім, ал Дулатов әдебиетпен айналысып жүр», – дедім…
Тағы бір жолы Мұстафа Шоқаев мейманханаға келіп, актерлердің бәрін ресторанға қонаққа шақырды. Бірақ актерлер әртүрлі себептерді сылтау етіп, ресторанға барудан бас тартты. Онымен бірге ресторанға тек мен ғана бардым. Ресторанға барған соң ол екі саптыаяқ сыра сатып алды. Екеуміз небәрі он бес минөттей бірге болып тарадық. Кетерінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа сәлем айта бар деп өтініш білдірді. Сөйтіп, өз қолымен менің қойын кітапшама олардың аты-жөндерін қазақшалап жазып берді.
Парижден Қызылордаға келген соң мен Дулатов пен Байтұрсыновқа бірнеше рет жолықтым. Оларға Мұстафа Шоқаевтың жолдаған сәлемін жеткіздім. Екеуі де оның шетелдегі хал-жағдайын, өмір сүруге қаражатты қайдан алып жатқанын сұрады. Мен Мұстафа Шоқаевтың Париждегі француз және орыс баспаларында қызмет атқарып жүргенін айттым. Бірақ оларға Мұстафаның хатын көрсеткен жоқпын, ұмытып кетіппін. Кейіннен кітапшам із-түссіз жоғалып кетті, іздеп таба алмадым. Бұл хатпен бұрын Қызылорда қаласында «Еңбекші қазақ» газетінің қызметкерлері Ахмет Елшібаев пен оның екі жолдасы танысқан. Соңғы екеуінің аты-жөндерін білмеймін…».
Әміре Қашаубаевтан бірнеше мәрте осы сарындас қолхат алынған. Бәрінде де Әміренің жауабы бір. Бірақ соған қарамастан, қауіпсіздік органы қызметкерлері әншінің ант-су ішкен бұл жауабына сенбей, аңдуды тоқтатпаған. Неге? Өйткені олар Қазақстандағы ұлтшылдар мен Мұстафа Шоқайдың арасында тұрақты шпиондық байланыс бар деген болжам жасады.
Публицист Әмірхан Бәкірұлының айтуынша, Қауіпсіздік қызметкерлері Алашорда ұйымы мен 1918 жылдан өле-өлгенше идеялар күресін тоқтатпай өткен ұлт қайраткері Мұстафа Шоқай Әміре арқылы хат жазысып, хабар алысып отыр, негізгі тапсырма, идеяларын, іс-шараларын біріктіріп шешіп отыр деп күдіктенеді. Күмәндары қисынсыз емес еді. Бір қызығы, Мұстафа Шоқай шет елде жүріп Орталық Азия мен қазақстандық газет-журналдардың келтірген деректерін өз мақаласында дер кезінде пайдаланып отырды. Соған кеңес үкіметі және қауіпсіздік қызметкерлері таң қалды. «Бұл мағлұматтарды ол қайдан алады? Оған жеткізуші кім?» – деген сынды сауалдар туындай бастады. Әлбетте, басты күдікті Әміре Қашаубаев болатыны айтпаса да түсінікті жайт. Өйткені Мұстафа Шоқаймен Францияда ашық түрде кездесіп, тілдескен жалғыз Әміре болатын. Сондықтан Әміре Қашаубаев Алашорда ұйымының мүшесі ретінде Иса Байзақов және Мұхтар Әуезовпен бірге тергеу ісінен өтеді. Тергеу көбінесе түнгі мезгілде жүргізіліп, ұлт мұратын өз мүддесінен биік қойған арыстарымыз талай қинау мен жантүршігерлік азаптауды бастарынын өткерді. Алайда қанша қысым мен қиянат көріп, жандары мұрындарының ұшына келсе де, жалған жаланы мойындамады. Ұлы мұрат жолындағы ағысқа қарсы ұлы сапарға қайыспай батыл қадам басты.
Бірақ әншінің басынан қара бұлт сейілмеді. Әмірхан Бәкірұлының құжаттық деректерінен мәлім болғандай, комитеттің «құпия» деген арнайы белгі соғылған құжаттарының бірінде мынадай бұрыштама жазылыпты: «За Кашаубаевым установлено наблюдение с целью выявление – не привез ли он кому-либо переписку от Чокаева и не получил ли от него более серьезные сведения или задания». Бұрыштама қаншалықты негізді? Ұлы әнші Әміре Қашаубаевтың ұлт көсемі Мұстафа Шоқайға хат апарғаны немесе қайраткерден елге маңызды хабар әкелгені рас па?
Құпия хат
Соңғы кездері әнші өміріне қатысты бұған дейін айтылмай, беймәлімдеу келген мына бір жайт әміретанушылар тарапынан айтылып қалып жүр. 1925 жылдың жазында, яғни Парижде өтетін бүкіләлемдік көрмеге қарайлас уақытта Мәскеудегі татар етікшісіне ерекше тапсырыспен етік жөндеу ісі жүктеледі. Тапсырыс беруші жап-жаңа етіктің ұлтарағының астына әлдебір хатты салып, қайтадан тігіп беруін өтінеді. Тапсырыс мүлтіксіз орындалады. Және алдын ала жоспарланғандай, аяқкиім Әміренің аяғына киілген күйі француздарды таңдай қақтырған ғаламат әнші әнімен бірге Еуропаға қарай шекара асып кете барады. Ұлтарақ астында жасырынған хаттың қаншалықты қауіпті екенін және өзінің қандай іске тәуекел еткелі тұрғанын әншінің өзі білмеуі де мүмкін. Әлде біле тұра ұлт мұраты жолындағы үлкен саясатқа еріксіз араласты ма екен?.. Ол хат жайлы, жазбадағы айтылған әңгіме жайлы нақты мәлімет болмағандықтан, мәселе күні бүгінге дейін беймәлім болып келеді. Бірақ жазған адамның есімін халықаралық журналист Сұлтанхан Аққұлыұлы өзінің журналистерге берген бір сұхбатында мәлімдейді. Сұхбаттың қысқаша мазмұны мынадай: «Әміре Қашаубайұлының Парижге баруына ұлт көсемі, алты алаш арысы Әлихан Бөкейханның тікелей қатысы болғандығы туралы көп жерде айтылмайды. Әлекеңнің жазуы бойынша, Әміреге ұлттық киімдер кигізгенде оның етігіндегі ұлтарағының астына ол Мұстафа Шоқайға арналған хатын жасырып, дәл сол жолмен Мұстафа Шоқайдан хат алғаны мәлім. Мұстафа Шоқайдың Әлиханға немесе Әлиханның Мұстафа Шоқайға жазған хатында не айтылғаны жайында біздің қолымызда, өкінішке қарай, ешқандай дерек жоқ». Хат мазмұнын анықтау мүмкін болмағанымен, жолдаушы Әлихан Бөкейхан екені ақиқат. Әміре шындығын ашушы жазбагерлердің бірі Әмірхан Бәкірұлы Мұстафа Шоқай Әміремен тек Парижде ғана емес, Майндағы Франкфуртте де бірнеше мәрте кездескендігін жазады: «Мұстафа Шоқай Парижде және Майндағы Франкфуртте де бірнеше мәрте кездесіп, онымен ашық әңгіме жүргізген сияқты. Сол кездесулерде ол әншіге қазақтың біраз халық әндерін орындатып, шер тарқатқанға ұқсайды. Бірақ Әміре тергеуде бұл турасында аузына алмайды. Шамасы, жаналғыштардың әрекеттерінен қорыққан, сосын белгілі деректерді ғана айта берген. Осыған орай ГПУ тергеушілері де оны жиі шақырып, қайта-қайта тергеп тұрған», – дейді «Париждегі құпия кездесу» мақаласында автор.
Соңғы аманат
Беймезгіл және бейуақыттағы шақыртулар мен жөнді-жөнсіз тергеу, адам төзгісіз азаптаулар, күні кеше ғана жанында бірге жүріп, жақынына айналған жандардың қара бастарының қамы мен қауіпсіздігін күйттеп сырт айналуы, театрда ойнаған рөлдерінен шеттетілуі, дауыс жазу үшін Мәскеуден арнайы келген мамандарға берілетін тізімнен өз есімінің сызылып тасталуы – мұның барлығы да жаны нәзік, сезімтал өнер адамының қай-қайсысына да оңай тимесі анық. Жеңіл тимегені былай тұрсын, бұл өнер адамы үшін өліммен тең азап еді. Мұндай соққы әнші емес, жай адамның өзінің сағын сындырып жіберуі әбден мүмкін. Әміре Қашаубаев та сондай қиын күндерді басынан өткерді. Әсіресе, жанына қатты батқаны Евгений Брусиловскийдің қолтаңбасында 1934 жылдың 7 қарашасы күні қойылған қазақтың тұңғыш операсынан әншіге лайық рөлдің табылмауы болды. Қанша төзуге, шыдауға тырысқанмен де, пенде емес пе, төзе-төзе төзім де түгесілді. Даңқ шыңына шыға тұра шығармашылық шарасыздыққа шырмалды. Париж аспанын әнмен әуелетіп, таңдай қақтырған, қазақтың әншілік дәстүрін дүниежүзіне танытқан дара дарын енді ішер ас, киер киімге зар болып, «ащы сумен» достаса бастады. Іштегі күйікті осылай басқысы келді. Сөйтіп, ұлы талант өзінің әншілік ғұмырына мәңгілік нүкте қойды. Өнер иесінің осы бір қиын күндердегі аянышты хәлін ұлттық операны шырқау биікке көтерген композитор Евгений Брусиловский: «Париж бен Страсбургтің сахналарында жарық жұлдыздай жарқ етіп көрінген Әміре Қашаубаев сенің алдыңда тұр. Көзі қанталап мөлиген, денесіне тер сіңген, даусы барлыққан, еңсесі пәс адам сол Әміре Қашаубаев па? Әлі де болса маған бірдеңені дәлелдемек болады… Көпе-көрінеу жылап тұр. Бірақ бұл мастықтың әсерінен төгілген көз жасы емес еді. Жоғалған, алданған өмірдің ащы солығы еді. Қазір даусынан айырылған шағында оның кездесіп, бас қосар адамы да шамалы, оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Өзінің жалғызсырап қалғанына, елеусіз қалғанына қатты қамығады ол», – деп жазады өзінің «Дүйім дүлдүлдер» аталар еңбегінде. Ащы да болса шындық осы. Өміріне төнген қауіпті сезсе керек, қайтыс боларынан аз уақыт бұрын сол кезде небәрі 27 жастағы композитор Ахмет Жұбановқа барып: «Әлдеқандай жағдай бола қалса, үйдегі қаршадай екі қызыма көз қырыңды сала жүргейсің», – деп отбасын аманаттап кетіпті. Бұл 1933 жылы болған оқиға. Арада бір жылға жетер-жетпес уақыт өткенде алапат әнші бақиға аттанады. Париж сапарынан кейінгі өнерпаз өмірінің тозаққа бергісіз тоғыз жылы осылайша қайталанбас талант иесінің тамырын үздіксіз балталап, ақыры қиып тынды.
Үзілген ән…
…1934 жылдың 7 қарашасы. Осы күні Евгений Брусиловский жазған қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» қойылымының премьерасы өтті. Қазақ өнері үшін үлкен жаңалық! Халықтың қошеметінде шек жоқ. Шебер өнер көрсеткен: Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Қанабек Байсейітовтей өнерпаздарға шексіз ілтипатпен толассыз шапалақ соғып, ризашылығын білдірісіп жатқан шат-шадыман шақта қазақ өнерін ойсыратып кеткен қаралы хабарды да естіді жиылған жұрт: «Ән атасы Әміре Қашаубаев қайтыс болды…».
«Лениншіл жас» газетінің 11 қараша күнгі санында мынадай некролог берілді: «Ноябрьдің 5-інен 6-сына қараған түнгі сағат үште Қазақстанның белгілі халық әншісі Әміре Қашаубаев аз күн ауырып, қайтыс болды». Бұл – ресми дерек. Ал бейресми мәліметке сүйенсек, қойылымнан өзіне лайық рөл бұйырмаса да, театрға күнде келіп, дайындыққа қатысып, операның сахналануын асыға күтіп жүрген әншінің жансыз денесі дәл өзі тағатсыздана тосқан «Қыз Жібегінің» тұсауы кесілетін күн қарсаңында опера театрына жақын маңнан табылыпты. Бұл болжамды «Казахстанская правда» газетінің 1945 жылғы 25 қарашадағы нөмірінде жарық көрген жазушы Николай Ановтың мақаласындағы: «Враги народа, травившие Амре, хотели похоронить славу народного певца в одной могиле с покойником», – деген мына бір сөзі әрі қарай растай түседі. Қаламгер жазбасындағы бұл жолдар Әміре Қашаубаев өкпе қабынуы салдарынан болған аурудан емес, қасақана жасалған қастандықтың құрбаны болғандығын күмәнсіздендіреді. Әлі күнге дейін құпиясы толық ашылмай жұмбақ күйінде қалып келе жатқан әнші өліміне қатысты деректер осындай. Ал жақында ғана Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатында болған Қазақстан Ұлттық телеарнасының шығармашылық ұжымы Әміренің өліміне қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалмағандығы,
9 жыл бойы әншіні формальды түрдегі болса да негізі жоқ тергеулермен қинағандығы жайлы сұмдық деректі мәлімдеді. 1937-38 жылдардағы репрессияда ұлт мұраты жолында жанын салған ұлтшыл арыстарымызды қынадай қырған жауыз жүйенің тырнағына алғашқылардың бірі болып ілініп, жазықсыз құрбаны болған ұлы әнші Әміре Қашаубаев өлімінің жұмбағы мен шындығы осы.
Назерке ЖҰМАБАЙ