Қоқаннан көрген қорлық аз ба екен ?!

Қоқаннан көрген қорлық аз ба екен ?!

Қоқаннан көрген қорлық аз ба екен  ?!
ашық дереккөзі
1075

Кейбір зерттеушілер Қоқан хандығының Ташкент пен одан бергі қазақ даласын жаулап алуын хандыққа қарасты жерлерді кеңейтумен қатар, экономикалық зәруліктен туындаған шабуыл деп есептейді. Яғни, Қоқан шабуылы – жері кең, малы мол, жұрты көп қазақтарды құзырына қаратса, бағынышты халық есебінен жиналатын мал мен мүліктік салық арқылы келетін көп дүние хандықтың қазынасын молайтады деген пиғылдан туындаған дейді. Сол кезде Әлім ханның көкейінде осындай ой-пиғыл жатқаны да рас. Оны мұрағаттық жазбалар да растайды. “Әлім хан өзіне бағынышты бектерге пәрмендеді.: “Тәшкен – дүниенің төрт бұрышынан керуендер ағылып келетін кәттә сауда шаһары. Тәшкен саудагерлері мен базарларында алтын көп. Қайтсек те, оны құзырымызға алуымыз керек! Ал Шымқала, Түркістан, Әулиеата, Созақ қазақтарында мал көп. Қазақ малдары да біздің хандықтың байлығы болуы ләзім! Тәшкеннен соң, қайтсек те қазақ даласын басу міндет. Алда ұзақ сапар тұр. Ғаскерді дайындаңдар!” (“Қоқан хандығына қатысты жазбалар”, Ташкент, 1905).

Расында, Әлім ханның қазақ даласын жаулауының негізгі мақсаты – мал-мүліктерді иемденіп қалумен шектелмеген. Оның басты мақсаты – орыс отаршылдығынан әзірше аман тұрған әрі орталық билігі жоқ, бытыраңқы күйде өмір сүріп жатқан оңтүстік қазақтарының жерін Қоқанға түпкілікті қарату болатын. Сонымен қатар бұл даланы әне-міне басып алуды көздеп жүрген Бұқар, Хиуа хандарынан бұрын қимылдап қалу да – көкейінде бар жоспар-тұғын. Әлім қазақ даласын айналасы бірер жылдың ішінде-ақ басып аламын деп сенімді болған тәрізді. Бұл ойды Асат Сәпиевтің 1926 жылы шыққан «Ходжент уәлаяты: қазақтар һәм тәжіктер» кітабындағы «Исақ дамулладан қалған сөз» тарауында жазылған мына сөйлемдер де растайды: «Әлім Шымқалаға жорық жасаудан жарым ай бұрын көпшілігі жалдамалы таулық тәжіктерден құралған он мыңдық шерікпен Тәшкәнге келді. Мұнда қазақ даласынан оралған жансыз-дәруіштерімен әбден сөйлесіп болғасын, хан кеңесін шақырып, алдағы соғыс мәселесін талқылады. Тәшкән құшбегісі Ләшһар: «Тақсыр, мезгіл күзге таяп барады. Қазақтармен соғысамыз деп жүріп, ол жақтың суық болатын қысына ұрынып қалмаймыз ба? Қазақтарды оңай жау емес дейді білетіндер»,– деді. Хан айтты: «Қазақтың баяғыдай айбынды хандары, бізге төтеп беретін қарулы жасағы, топтанған ғаскері жоқ. Хәр ауылын бір би, хәр шаһарын бір төре билеп, малдарына ұқсап шашырап жатқан Дешті-Қыпшақтағы қазақтар біздің шеріктердің бір шапқанынан-ақ жел қуған қаңбақтай күйге түседі. Жабайы ғұмыр кешіп, намаз бен шариғатсыз күн кешетін надан қазақтарды адам етуді, оларға бас ие болуды Алла сары кәпірлерге де емес, Бұқар мен Хиуаның дүниеқоңыз әмір-ханына да емес, маған бұйыртпақ…»
Әлім хан мақсатына жетпек ниетпен хыжраның 1223 жылының аяғында, біздіңше 1808 жылдың сүмбіле (тамыз) айының ортасында Ташкентте әскеріне қосымша күш қосып, 13 зеңбіректі, 4 мың мылтықты, бас-аяғы он жеті мыңды құраған ләшкерге өзі бас болып, Дешті-Қыпшақ даласына қарай шеру тартады. Оның жолында алғашқы кездескен үлкен қазақ қыстақтары – Тұрбат пен Шарапхана еді. Қамсыз жатқан бұл қыстақтардың жұрты шаңдатып келген 17 мыңдық қолға қарсылық таныта алмай, Әлімнің құзырына бас иеді.
Қоқандық әскер Шарапханаға жеткенде ары қарай жорығын жалғастырмай, осы жерде екі ай аялдайды. Бір аттаныста кез келген қала-қамалдарды басып алуға бекінген Әлім Шарапханада неліктен мұншалықты уақыт аялдаған себебін мен ұзақ уақыт зерттедім. Ақыры мұның жауабын Асат Сапиевтің кітабынан таптым. Ондағы жазу бойынша оның мәнісі былай екен: «Әлім хан маған қарсылық көрсететін қазақтар жоқ деп, Тәшкәннен бейқам аттанды. Хақиқатында Келес суына жеткенше қазақтар тарапынан шыққан ғаскер де, шерік те көрінбеді. Аяңмен үш күн жүріп, кеш түсе Келестің орта тұсындағы Қақпақ деген жерге аяқ басқанда, тау жақтан шыға келген 500-600-дей қазақ аламандары ғаскердің оң бүйіріне тап берді. Шабуылдарының шапшаңдығы сондай тез болды, қоқандық шеріктер мылтық, найзаларын көтеріп үлгергенше, ғаскердің бір шетін қиратып тастап, қайтадан тау арасына кіріп кетті. Осыдан кейін Әлім сақтана жүріп, Тұрбат пен Шарапхананы бағындырды. Ләкін бұ қышлақтарға жеткенше де, қазақтың әлгіндей топтары біресе қамыс арасынан, біресе жыра тасасынан шыға келіп, қоқандықтардың берекесін кетірді. Мұндайды күтпеген Әлім Шарапханада аялдауға ықырар қылды. Ләкін қарап жатпады, қазақтарды қорқытпаққа айла тапты. Шарапхана қыстағының жоғарғы жағынан өзіне арнайы қамал салдырып, күнде арғы жақтағы Шымқала, Түркістан, Әулиеата, Түлкібас тарапына шабармандар аттандырып, қала хәкімдері мен қазақ сұлтандарына, би-байбатшаларына: «Аяғыма келіп жығылыңдар, маған бағыныштарыңды білдіріп, көп дүние-мүлік, мал айдап келіңдер. Мен мұсылманмын, сендерге қамқор боламын. Өйтпесеңдер арғы жақтарыңда төніп тұрған доңыз етін жегіш, түрегеп тұрып дәрет алатын, адам қанын су орнына ішетін түрі бөтен кәпір-орыстар сендерді басып алып, тұқымдарыңды тұздай құртады. Әгәрки бейбіт келіп, құзырыма өтпесеңдер, мен сендерді орыс-кәпірден бұрын жаулап аламын. Әр он еркектің үшеуін дарға асамын, екеуінің басын кесемін, екеуінің бұтына қыл бұрау салып, әтек қыламын, қалған үшеуінің бір-бір құлақтарын кесіп, өмірбақи құл етемін. Қатын-қыздарыңның бәрі сарбаздарыма қатын, күң болады», – деп пәрмен айтты.
Ләкін қазақтар хан дәргейіне келіп бас ұрмады. Ашуланған хан Шарапхана маңындағы қазақтардың күніне жиырма шақтысының басы мен қол-аяқтарын кесіп, олардың жаншошытарлық өлі денелерін ат-есектерге өңгеріп, ауыл-ауылдарға жіберді. Дала қазақтары ержүрек екен. Бұған да шошымады. Хан алдына келмей қойды. Ашудан жынданардай халге түскен Әлімхан зулхиджа айының 17-ші жұлдызы күні (1808 жылдың қазанының 19-сі) ләшкерін көтеріп, Шымқалаға қарай аттанды…»
Дәл сол уақытта Ұлы жүздің және Орта жүз қоңыраттың барлық тайпалары, арғын-найманның шоғыр-шоғыр аз ғана рулары, Кіші жүздің тамасы, адайы мен рамаданының едәуір бөлігі Қоқан жауламаққа ниеттенген оңтүстік тарапты жайлаған-ды. Әлім хан шабуылы алдында, А. Сәпиев жазғандай, бұл дала жұртының не ортақ ханы, не ортақ биі жоқ, бытыраңқы қалыпта күн кешіп жатқан. Қазығұрт, Арыс, Шымқала, Түлкібас маңындағы ел осыдан он жыл бұрынғы, тарихта «Қазақ қырғыны» деген атпен қалған Ташкент түбіндегі Жүнісқожамен өткен сұмдық соғыстың зардабынан әлі айыға қоймаған. Оның үстіне ай құрғатпай тау асып келіп, жеке-жеке отырған ауылдарды қан қақсатып кететін қырғыз барымташылары да әбден титықтатып тастаған. Оған қоса, айлалы Әлім хан әдейі жіберген, дін насихаттаушылар боп көрінгендерімен, жансыздық жұмыстарды атқарған пірлер мен дәруіштердің батыс пен күнгей жақтан таяп келе жатқан орыстар туралы айтқан үрейлі дақпырттары да, «Олардан сендерді құтқаратын – Алла жолымен, шариғат жөнімен жүретін, хақ мұсылмандықты ұстанатын Қоқан хандығы ғана!» деп жар салған үгіттері де жұртты әрі-сәрі күйге түсіріп қойған. Тек өз төрелері мен билеріне ғана бағынатын әр шаһар, әр ауыл өз беттерінше күн көріп, ілкідегі жау келсе дереу атқа қонып, бір ортаға жинала қалатын ұйымшылдығынан айырылған.
Әлім хан қазақтардың осындай осал сәтін әдемі пайдаланғысы келді. Бірақ қазақ қаншалықты қамсыз қалыппен бұйығып жатқан ел болса да, байырғы ата-бабаларының өр рухы бойларынан кетпеген халық емес пе. Соған орай жалпы жұрттан ұйымшылдық кетсе де, ел ішінде әр жерден сөз бастаушы билер, қол бастаушы батырлардың шықпағы кәдік.
Әлім хан Шарапханада жатып, жан-жаққа жаушылар жібергенде, кеудесінде намысы бар осындай билер мен батырлар да қарап жатпай, оларға қарсы қол құрай бастайды. 1798 жылы Тәшкенді мәжбүрлік пен амал жоқтығынан, сонымен бірге Қоқан мен Бұқара хандықтарынан қосымша күш алып күшейген Жүнісқожаның билігіне қалдырып, өзі Қазығұрт етегіне келіп орныққан Төле бидің кенже ұлы Қожамжар дәл сол мезгілде осындағы қазақтардың сөзбасшысына айналады. Ал Қоқан ләшкері Шымқалаға жақындағанда, жасы тоқсанға келіп қалса да атқа қайта қонады. Айналасындағы елдерге сауын айтып, сарбаз жинайды. Шымқала билеушісі Елек төре, сіргелі Назар, Тайлақ, шегір Ақпан, қоңырат Алтай батыр, Түркістан қожаларынан арнайы топ құрған Сейіт ахун оның жанына жиналады. Қақпақ, Келес бойында Әлімнің қолына таса-тасадан шабуылдап, маза бермеген де осы батырлар бастаған сарбаздар еді.
Шымқаланы бетке алған Қоқан ләшкерi Қазығұрт белiнен асқанда жан-жақтағы сай-жыраларда жасырынып тұрған екі мыңдық қазақ қолы оларға тарпа бас салады. Жайбарақат келе жатқан дұшпан ләшкерi тез ес жиып, мылтықтарына жармасады. Ылғи шоқпар-найзамен, садақ және құс ататын шитi мылтықтармен қаруланған қазақтар жақсы қаруланған қоқандықтарды жайпап салмаса да, қатарларын бiраз селдiретiп, шегiнiп кетедi. Қазақ батырларының қылығына ызаланған Әлiм хан осы соғыста өлгендер мен жараланғандарына да қарамай, Шымқалаға қарай асығыс жүредi. Бiр күннен кейiн Бадам жағасындағы Қасқа жотасына келiп тоқтайды. Дәл осы кезде бұларға Ташкенттен жеткен жеті зеңбiрегi бар тағы үш мыңдық қосымша ләшкер келiп қосылады. Қанша булықса да, қаланы түнгi мезгiлде шабуылдаудың қисынсыз екенiн ұққан Әлім ләшкерiне аттан түсiп, таңға дейiн демалуды пәрмендейдi.
Бұл кезде жоғарыда аталған батырлар жалпақ даладағы рухы төмендеген жұрттан бар болғаны жеті-ақ мыңға жуық сарбаз жинап, Шымқала түбінде топтасып тұрады. Қоқандықтар Қасқа жотасының ар жағындағы тегісте түнемелікке аялдағанын шолғыншылар арқылы білген қазақтар далада ер-тоқымдарын төсенiп жатқан жиырма мыңдық ләшкерді түнде шабуды ұйғарады. Содан түн ауа қамсыз ұйқыдағы жауға Ақпан батыр бастаған екі мыңдық қол шығыс жақтан, Тайлақ пен Алтайдың сарбаздары батыс беттен, Елек төре мен Сейіт ахун ерткен бір мыңдай жасақ Шымқала тұстан бірден лап қояды. Бұл – күші басым дұшпанға қазақтардың алғашқы үлкен шабуылы еді. Түн iшiнде дүрлiккен дұшпандар бұл жолы үш мыңдай аламандарынан айырылады. Бiрақ етек-жеңдерiн тез жиып үлгерген қоқандықтар ұйысып, қазақтарға қарсы оқ боратады. Бие сауымдай мезгіл ойран салған қазақтар аз ғана шығынға ұшырап, жылыстап кетедi.
Тосын шабуылдан ызаға бой алдырған Әлiм таң атар-атпаста ләшкерiн Бадамнан өткізеді. Арада жарты сағат уақыт өткенде зеңбіректерін ат-түйелерге артқан, бес мың мылтығын, сансыз найза-садақтарын алдарына кезенген қалың ләшкер Қошқар ата асуының жиегiндегi биiк төбе үстiнде орналасқан Шымқала қорғанына таяйды. Қорған түбінде шеп құрып жатқан қазақ сарбаздары оларға жебе жаудырады. Алайда қоқандықтар от тастары 200-230 метрге жететiн Бұқарда құйылған жиырма зеңбiрек пен оқтары алысты дәлдейтін мылтықтарын бiрдей iске қосып, сарбаздардың шебі мен Шымқаланы төпеп бередi. Қазақтар отты қарудың қандай құдіретті болатынына осы жолы көздері жетіп, шат-шәлекейлері шығады. Өлгендері өліп, өлмегендері майдан шебінен шегініп, жан-жаққа кетеді. Бір тобы қорған ішіне тығылады.
Әлiм хан шабуылы кезiнде Шымқалада қанша халық тұрғаны жөнiнде еш дерек жоқ. Бiрақ қисынға ден қойсақ, 15 мыңнан кем болмауы тиiс. Мейлi, қанша болса да, бiр анық нәрсе – Әлiм хан зеңбiрек от тастарының атқылауынан аман қалған қала тұрғындарының көбiн өлiмге бұйырған. Елек төре мен Сейіт ахунды қолға түсіріп, азаптап өлтірген. Сарттар мен түбі ташкендік қауымға тиiспептi. «Тақсыр хан! Қала тұрғындарын қыра бергенiмiз қалай болар екен… Ертең мына қамалдарды қайта тұрғызуға, хандыққа қызмет етуге һәм салық төлеп, хандық қазынасын толтыруға адамдар керек емес пе?» – дептi сонда ләшкербашы Тұғрыл бек. Әлiм хан айтыпты: «Намаз оқымайтын бұ қазақтар кәпiрмен бiрдей. Жөн сөзге көнбеген бұ тағыларды қыру – сауап. Қырылғандардың орнын Ферғана мен Наманған уәлаятынан өз туыстарымызды көшiрiп әкеп толтырамыз» (Асат Сапиев жазбасы, «Исақ дамулладан қалған сөз» тарауынан). Әлімнің Шымқаланы жаулауы – 1808 жылдың ақырап (қазан) айының 23-і күні іске асқан.
Шымқаланы алған соң Әлiм арада апта өтпей жатып-ақ Сайрамды бағындырады. Сайрам қаласы еш қарсылықсыз берiлген. Себебi, мұнда Әлiмнiң ой-мұратын қуаттаған тұрғындар көп болыпты. Сайрам мен Шымқалаға 500-ден ләшкер қалдырып, өз адамдарын шаһар даруғалығына (басшылығына) бекiткен Әлiм хан қауыс (қараша) айында қазiргi Түлкiбас, Төлеби аудандарының таулы аймағындағы қазақтарды шауып, көп дүние-мүлiк пен мал олжалап Қоқанға қайтады. Ал Тұғрыл бек бес мыңдық қолмен Арыс, Шаян бойы мен Қаратау етегіндегі қазақтарды қанға бөктiріп, мұндағы жұртқа Қоқан билігін мойындатады.
Қанша қазақтың қанын мойнына жүктеп Қоқанға оралған Әлімді мұнда ажал күтіп тұрған еді. 1809 жылдың қысында жеңісіне масаттанып, той-думанға көп беріліп кеткен ол, жауларының қастандығынан тіпті хабарсыз-тын. Уәзірлерінің жалған мадақтары мен гаремдегі жас қыздардың буына елітіп, тіпті біраз уақыт өз тарапынан күнделікті бақыланып отырылуға тиіс хандық жұмыстарына да көңіл бөлуді азайтады. Бұрыннан оған қарсы топ құрып, хандық билікті көптен аңсап жүрген туған інісі Омар осындай ұрымтал сәтті пайдаланып, оны түнде жас қызбен жатқан жерінде қылышпен шауып өлтіреді. Арада екі күн өткенде Омар өзін ханмын деп жариялайды.
Омар хан қазақ даласын жаулауды одан әрі жалғастырады. Ол 1809 жылдың көктемінде әмір-ләшкер Тұғрылдың ләшкерiн Арыс, Бөген, Шаян бойындағы руларды шабуға жұмсайды. Бір жылдан кейін Тұғрыл шеріктері Ташкенттен Әулиеатаға Қаратау арқылы бет түзеген Арыслан бастаған екiншi қолмен Күйiк асуының етегіндегі Билiкөл жерiнде түйiседi. Көкек айында екi қол Әулиеатаны бiрлесiп басады. Одан соң Арыслан тобы Қордай мен Меркi, Самсы мен Ұзынағашты шабады. Осыдан кейiн Арыслан бек Омар ханмен келiсiмi бойынша Әулиеатаның хәкiмi болып қалады да, өзiне қарасты үш мың ләшкердi Қордай, Меркі, Ұзынағаш секiлдi шағын-шағын қалаларға бөлiп, жайғастырады. Бұларға Қоқан хандығының шығыс шекарасын бекем ұстап тұру мiндетi жүктеледi. Тұғрыл болса, Әулиеатаны шапқаннан кейiн Талас бойымен төмен түсiп, Сарысуға дейiнгi аралықта жатқан қазақтарға шабуылдайды. 1816 жылы Түркiстанды шапқан Тұғрыл қаланың даруғалығына, яғни Созақ, Саудакент, Құмкент қалалары хәкiмдерiнiң үстiнен қарайтын басшылыққа тағайындалады. Түркістаннан кейін Омар Ақмешіт тарапына тағы да Тұғрыл бастаған әскер аттандырады. Әскер екі ай ішінде Ақмешітке дейінгі алапты басады да, Омардың пәрменімен батыс және солтүстік тараптағы орыс пен Хиуа хандығынан сақтану һәм оларға бұл жерлерді бермеу мақсатында Жаңақорған, Ақмешіт қорғандарын салып, бекінісін нығайтады.
1810-11 жылдары бiр кезде Қоқанға бек болған Әбдiрахманның кенже ұлы Әбдiрәсiл пансат он бес мыңдық қолмен бүкiл қырғыз жерiн жаулап алады. Содан 1816 жылдың аяғында Қоқан хандығының құзырына бүкiл қырғыз жерi мен шығысы Жетiсуға, солтүстiгi — Сарысу, Созақ, Ақмешiтке, батысы –Ходженд жерiне дейiнгi өңiрлер қарады. Ұзын-ырғасы 37 қала мен қамалдар оның иелiгiне кiрдi.
Кейбір зерттеушілер қоқандықтар Түркістан мен Ақмешіт төңірегін 1819-1830 жылдары басқан деп жазады. Бұл – қате тұжырым. 1822 жылдан кейін Қоқанға Мәдәлі хан болған. Ал тарихи деректердің қайсысына көз салсаңыз да, Мәдәлі қазақ жерін жауламаған. Бұрынғы хандар басып алған өлкелерді билеп-төстеп отырған. Оның үстіне Қоқан тарихы туралы деректердің ең сенімдісі боп табылатын және Әлім, Омар сияқты хандардың жеке хаткерлері жазып қалдарған мәліметтер топтастырылған «Қоқан хандығына қатысты жазбалар» жинағында Омар хан Түркістан мен Ақмешітті хыжраның 1231 жылдың аяғында құзырына қаратты деп көрсетілген. Ал бұл жылды біздің санаққа аударсақ, 1816 жыл боп шығады.
Бір өкініштісі, қоқандықтардың осы Түркістан, Ақмешіт, Әулиеата маңын қалай жаулағаны жөнінде, жергілікті халықтың қандай қарсылықтар көрсеткені жайындағы мәліметтер тым жұтаң. Тіпті бұл туралы ел аузында да әңгіме жоқ. Тек жоғарыда біз атаған жинақта Ақмешіт түбінде Тұғрылға Қойсал деген кісі басқарған топ біраз қарсылық көрсеткені, сол маңдағы әлім руының адамдары көп уақытқа дейін хандық билігін мойындамай, әлсін-әлсін көтерілгендері хақында келте ғана дерек бар. Есесіне, 1820 жылдан кейін хан билігіне қарсы шығып, көтеріліс ұйымдастырған қазақ көсемдері мен ру басшылары жайында жазылған да, ел аузында сақталған да әңгіме көп.
Басқыншыларға қарсы көтері­ліс­тер
Қоқан басқыншылары мол әскер­мен Оңтүстiк Қазақстан жерiндегi қала­лар мен қалашық-қамалдарды аз уа­қыт iшiнде басып алып, бауырына басқандарымен дала қазақтарын оңайлықпен бағындыра алған жоқ. Ташкентте Қошық, Шардара өңiрiнде Алтай, Шымқала төңiрегiнде Ақпан, Шойбек, Тайлақ, Созақ жерiнде Кенесары, Жанқожа, Әулиеата маңында Қожағұл, Дербiс, Сұраншы, Спатай, Байзақ батырлар және де бұлардан басқа би-датқалар бастаған топ-топ қолдар қоқандықтардың мазасын жиi алып, берекесiн қашырды. Алайда, ұлт-азаттық күрес жолына түскендердiң бастары қосылмады. Бiр-бiрiмен араласып, қолдасып кетуге жер шалғайлығы, аралықта жатқан Қоқан әскері керi әсерiн тигiздi. Оған қоса, ауылдардың барлығы бiрдей түп көтерiлiп, әлгiндей батырларға ере қоймады. Сонда да болса намысы биiк батырлар, бүгiнгi тiлмен айтқанда, партизандық соғыс тәсiлiне көшiп, ретi келгенде хас дұшпаннан кек қайтарып отырды.
Қоқан хандығы Ташкенттен Жетiсуға, Қордайдан Сарысу мен Ақмешiтке дейiнгi қазақ жерiн тура 55 жыл биледi. Осы 55 жыл iшiнде қазақтардың қоқан-сарт басқыншыларына қарсы дүмпуi бiр сәтке де басылған емес. Қоқанның тоғыз ханының хаткерлерi жазып қалдырған мұраларға қарасақ, жаңағы 55 жыл iшiндегi қазақ даласында iрiлi-ұсақты 114 көтерiлiс болыпты. Бiр әттең-айы, олардың бәрi туралы нақты жазбалық деректер қалмаған. Солай десек те, қазақ-қоқан қосындары арасында өткен iрi көтерiлiстердiң бiразын «Қоқан хандығына қатысты жазбалар» жинағындағы мәліметтермен тізбелеп, баяндап көрелік.
№7-тізім: «Хижраның 1223 жылы (1808) ақырап (қазан) айының аяғында паруанашы Тұғрылдың әскерi Сайрамды құзырына қаратуға аттанды. Сайрам қорғанының сыртында Ақпан мен Тайлақ деген қазақ батырлары қол жиып, Тұғрылмен қатты соғысты. Қазақтардың қолы аз-дүр. Тұғрыл жеңдi. Тұғрыл келгенде Сайрам хәкімі һәм тұрғындары «Әулиелі шаһарға қош келдіңіздер. Біздерге сіздермен соғыс керек емес»,– деп өздері қақпаларын ашты. Бiр айдан кейiн Ақпан Тұғрыл әскерiмен Күйiк деген жота үстiнде тағы соғысты. Тұғрыл Ақпанды ұстамақ болды. Ақпан шайтан сияқты екен. Еш ұстатпады».
№8-тізім: «Қазақтар еш тыншымайтын болды. Биыл Мухаммед Ғалиһисаламның 1237-жылы. Ташкент құшбегiсіне қарасты Шымқала жақта тағы соғыс басталды. Кәтта соғыс. Жошы тұқымы Тентек төре деген бiреу қазақ батырларынан шерiк топтап, Сайрамдағы Айқас хәкімді, Қарабұлақ, Қарамұрт датқаларын өлтірді һәм хандық дәргейіне құлдық ұрған нешеме қазақ датқаларын ат құйрығына байлады. Қоқан сарбаздарын қиратты. Шымқала даруғасы шаһардан қашып шықты. Тентек төре Ташкентке дейiнгi жердi Қоқаннан тартып аламыз дептi. Омар хан құшбегi Ләшһарға пәрмен берді. Ләшқар оларға қарсы Тәшкән әмір-ғаскері Исақұл бастаған 15 мыңдық шерiк аттандырды. Тентек төре мен оның жасауылбашылары Ақпан, Шымырбай батырлардың қосыны Шымқала мен Сайрамды он бес күндей ұстап тұрды. Ождан шерiктерi қазақтарды от тастармен атқылап, тас-талқандарын шығарды. Тентек төре ымыраға келіп, Исақұлға берілді. Ал жасауылбашылары соғыса жүріп, Алатауға қарай жылжып кетті. Исақұл Тентек төрені Қоқанға айдап әкелді. Омар оны қазыққа отырғызып өлтірді».
Қоқан жазбагерлерiнiң 1237 жыл деп отырғаны – бiздiң санақпен 1821 жыл. Тарихтан, әсiресе, оңтүстiктiң тарихынан хабары бар адамдардың бәрi бiледi, тап сол жылы Тентек төре Шымқаланы қоқандықтардан аз уақыт азат етiп, қазақтарға қайта қаратқанын. Әлбетте, оның және де оған серiк болған батырлардың мұраттары үлкен едi. Бiрақ айналадағы ахуал ондай арыстардың мақсат-мүдделерiне қайшы келгендiгi тым өкiнiштi…
1830 жылы Бетпақтың шетін жайлайтын тама, Қаратау етегіндегі қоңырат, ысты, сіргелі тайпаларының бас көтерлері Қоқан хәкімдеріне қарсы соғысайық деп, Арал төңірегінде Хиуа мен орыстарға қарсы соғысып жүрген құттық Жанқожа мен қаракесек Ақтан батырды шақыртады. Жанқожа мен Ақтан үш жүздей жігіт ертіп келеді. Қаратау жақтағы елдерден жеті жүз жігіт жиналып, басшылары – қоңырат Жаманқара мен тама Ерсібайға еріп, Жанқожа-Ақтанның қолымен Созақтың Бетпақ тарапында қосылады. Сол жылдың мизам айының басында олар алдымен Созаққа тірек боп тұрған Саудакентті басады. Ондағы Қоқан хәкімін өлтіріп, қазынасын тонайды. Одан соң Шолаққорғанды шабады. Бес-алты күннен кейін Созақты қоршайды. Ана екі кентке қарағанда Созақ бекінісі бекем әрі мұнда қоқандық шеріктердің саны мол-тұғын. Қазақтардың шабуылына бекіністегі қоқандықтар он бес күндей төтеп береді. Оқ-дәрісі таусыла бастағанда Созақ хәкімі өзін жүз шақты мылтықты аламандарына қоршатып, батыс беттегі қақпадан сыртқа шығады. Ойы – атысып жүріп, Түркістанға жету еді. Бірақ соңына түскен қазақтар Қаратаудың Суындық асуы үстінде олардың бәрін қырып салады. Бұдан құлақтанған Шымқала даруғасы Қайып Ташкенттен үш мың ләшкер алдырып, өзіне және Түркістан хәкіміне қарасты шеріктерден екі мың әскер түзіп, Созаққа аттанады. Жиырма күнде Созаққа жеткен ол, күші бес мыңдық ләшкерден әлдеқайда кем қазақ жасақтарын талқандап тастайды. Бұдан кейін де Созақ маңында үш көтеріліс болады. Дегенмен бәрi де қанға бөктiрiлiп, басып тасталады.
Созақтағы бұдан соңғы көтеріліс 1845 жылы Кенесарының бастауымен өтеді. Кенасарының соғыс тәсілін оңтайлы жүргізгені сондай, Шымқала мен Түркістан жақтан қосымша келген бес мыңдық дұшпан әскеріне дес бермей, төрт ай бойы соғысады. Қоқандықтар Созақтан күдер үзгендей боп, шегініп кетеді. Кенесары болса, Созаққа қоңырат Алданды бек етіп, Талас бойына қарай кетеді. Алайда артынша қоқандықтар қайта келіп, Созақты алады.
1842 жылы Әулиеатада шымыр Байзақ датқа бас болған ауқымы жағынан өте үлкен көтеріліс бұрқ етеді. Көтеріліс Меркі мен Қордайды, бүкіл Талас бойын шарпиды. Оған Сұраншы, Спатай, Шымырбай сияқты белгілі батырлар қатысады. Көтерілісшілер Ұзынағаш пен Қастекті де азат етуді жоспарлайды. Қоқан хандары аталған кенттер хандықтың шығыс шекарасындағы бекеттер болғасын, мұндағы гарнизонды зеңбірек, мылтықтармен жақсы жарақтаған-ды. Әрі мұнда әскер саны да айтарлықтай мол еді. Оның үстіне Байзақ көтерілісі кезінде бұған Тоқмақтан көмекке келген ләшкер қосылған. Қазақтар екі кентке де бірнеше мәрте шабуылдап ала алмады. Ал, қорғанушы ләшкерлер қазақтар шабуылын тойтарып отырумен ғана шектеліп, қарсы шабуылға шықпады. Осыған байланысты Әулиеата мен Талас маңы екі жыл бойы басқыншылардан азат тұрып, билігі жергілікті халықтың қолына көшті.
Шымқала мен Әулиеата маңындағы наразылық көтерілістің тағы бір белең алған шағы 1856 жылы болды. Әр кездегі көтерілістерге – хандықтың, әсіресе Ташкент құшбегілерінің Дешті-Қыпшақ даласындағы руларға көрсеткен зәбірі мен салық мөлшерін арттыруы себеп болды. Ташкентке 1853-57 жылдары құшбегілік еткен Мырзахмет сарт жергілікті жұрттан алынатын салық мөлшерін төрт есеге арттырды. Онысы аздай, далалық қазақтардың жайлау мен қыстауларына көшуіне тыйым салды. Сол уақытта Мырзахметтің салық жинаушыларымен бірге қазақ даласында болған, кейін өз көргендерін хатқа түсіріп, «Құласат әл-ахуал» атты еңбек жазған Әбу Убайдуллах қазір Шығыстану институтының қолжазбалар қорында сақтаулы тұрған жазбасында мынадай уақиғаларды баяндайды: «Мырзахмет құшбегі Шымқала, Әулиеата шаһарларына қарасты қазақ руларының басшыларын жайлау-күздеулерге жібермей: «Ешқайда көшпей, қыста қоныс ететін жерлеріңде отыра беріңдер, егер бұған көнгілерің келмесе, шөлейтті аймақтарға, болмаса орыс құзырындағы жерлерге көшіп кетіңдер!»,– деп пәрмен етті.
…Бұрынғы хәкімдер уағында қазақ-қырғыздардың рулары жерді егістікке пайдаланғаны үшін әрқайсысы 100 тілләден ақы төлейтін. Мырзахмет бұл ақыны үш-төрт есеге көтерді. Салық беруші шаруалар бұдан құтылу үшін барлық астығын, малын сатты. Тиісті пұлды жиып бере алмағандар оларға күңдік пен қатындыққа он-он бір жастағы қыздарын берді. Мырзахмет Дешті-Қыпшақтағы қазақтардан жақсы тұқымды жылқылармен қатар бетінде әрі бар сұлу қыз-қатындарды да тартып алды. Оның диуанбектері ауылдарға келгенде жергілікті халық жылқыларын жасырды, қыздарының бетіне күйе жағып, кебежеге тықты. Мырзахметтің осындай қатаң пәрмендеріне шыдай алмаған қазақтың кейбір датқалары, би-оғландары дембіл-дембіл соғысқа шықты…»
1858 жылы Ордабасыда қоңырат Мұсабек батырдың паруанашы Мырза бидің басын алған уақиғасынан қанаттанған қазақ би-батырлары өздеріне жақын маңдағы кенттерге, бекіністерге тап берді. Ташкент қақпаларының қожасы Қошық датқа мен Рүстембек би бүкіл шаһарды дірілдеткен көтеріліске басшылық жасайды. Қазығұрт етегіндегі ауылдардың билері – Дауыл мен Сәбекке ерген топ Шарапхана, Тұрбат бекеттеріндегі жау жасақтарын қырып салады. Шаян бойындағы сіргелілер Иқанды талқандайды. Арыс, Сыр жағасының қоңыраттары Шардарадағы бекіністі тас-талқан етеді. Жаңақорғандағы қожалар қамал бастығын суға тұншықтырып, ләшкерлерін шешіндіріп, тырдай жалаңаш күйлерінде далаға айдап жіберді. Ақмешіт айналасы да дүмпуге толады, Талас маңы тағы отқа оранады. Ең өкініштісі, жер-жерде дүмпу ұйымдастырған көтерілісшілердің тағы бастары қосылмайды. Үлкен шаһарлардан жеткен бес қаруы сай ләшкерлерге төтеп бере алмай, тағы қырылады, тағы өлім құшады. Иә, тағы, тағы… өзекті өртеген өкініш-ай…
Қазақтар бекерге көтерiлген жоқ. Қоқан билеушiлерi бiздiң ата-бабаларымызға қатыгез саясат ұстанды. Тарихқа ден қойсақ, оның залымдығы қалмақ зәбірінен кем емес. Ол бас көтерген қазаққа өлім жазасының сұмдық түрлерін қолданды. Жұт жылдары да мал, астық салығын белгіленген көлемде өткізуге бұйрық берді. Бұйрығы орындалмаған жағдайда ұрып-соқты, қырып-жойды. Осының кесiрiнен оңтүстiктегi қазақтардың адам саны азайды, шаруашылығы күйредi, мал басы кеміп кеттi.
Әлбетте, ол кезде төрт құбыласы түгел, мыңғырған малы, жайлы ғұмыры бар адамдар да өмір сүрді. Әйтсе де, ондайлар бөтеннің аяғына кеудесін таптатқан жағымпаздықпен, өз ұлтын өзгеге жығып берген опасыздықпен, ағайын-туғанның мүддесіне емес, заманның әуеніне төңкеріліп күн кешті. Датқалардың көпшілігі осындай қалыппен өмір сүргені де дау тудырмас ақиқат. Бұның бәрін тарихтан сызып тастай алмаймыз. Ал тәуелсіз елдің адамдары өткен тарихымызды еш бүкпесіз біліп, тағылым алғаны жөн. Сонда ғана біз өзімізді азат ұлт деп санай аламыз, еліміздің болашағына сеніммен қарай аламыз.

Момбек Әбдәкімұлы, жазушы

Серіктес жаңалықтары