Бізге жұмбақ бір әлем
Бізге жұмбақ бір әлем
Суретшінің тілін суретші ғана түсінер. Жеңіс Кәкенұлының «Ақ зер» атты кітабын оқығаннан кейінгі ойымыз бұл. Тілі шұрайлы, сөзі көркем, ойы кестелі. Бір сөйлемінен бір сөйлемін ажыратып ала алмайсыз. Ой бөлініп қалатындай. Суретшінің салған суреті қандай шеберлікпен, ұқыптылықпен салынар болса, мұндағы әрбір сөз де қылқаламмен салынғандай қиюластырылған.
Атынан да көрініп тұрғанындай, «Ақ зерде» – «қазақтың бейнелеу әлемі суретші көзімен»…
«Алла Тағала: «Адамды топырақтан, жындарды оттан жаратып жерге жібердім», – дейді Құранда. Адамдар түсінікті делік. Неге жындар көзге көрінбейді немесе біз оларды танымаймыз? Маған кейде аса дарынды музыканттар, ғаламат суретшілер адам кейпіне енген жындар шығар деген ой келеді. Әлгілердің өлшеусіз қуаты, қиямпұрыс мінезі, саудың тамағын жеп, қояншықтың сөздерін айтарына қарап, сол ойым қуаттала түседі. Мысалы, дүниенің құтын жағып, құтырына өмір сүрген Сальвадор Дали: «Мен Галаны жақсы көргенде, шешемнің фотосуретіне түкіргім келіп тұрады», – дейді. Галасы – өзінен жасы үлкен, керек десеңіз, басқа біреудің қатыны. Қызық болғанда, Галасы бар, оның заңды күйеуі бар, Дали бар – бәрі бір шаңырақтың астында тұрады, бір төсекке жатады…», – дейді суретші әлемі туралы Жеңіс Кәкенұлы.
Расында да, бізге суретші қауымының өмір сүру болмысы, тұрмыс-тіршілігі қызық көрінетіні жасырын емес. Бұл бізге таныс қазақ қылқалам шеберлерінің әлемі ғана. Ал әлемдік суретшілердің өмірі бізге мүлдем беймәлім. Біздің білетініміз – пәлен ғасыр өтсе де, сынын да, сырын да жоғалтпаған құнды дүниелері ғана. Бұл құнды шығармалардың талай-талай аукциондарда қомақты мыңдаған қаржыға сатылып жатқанын да біреу білсе, біреу білмес, бәлкім.
Суреткер өз кітабында: «Таяу жылдары батыстың аса дақпыртты «Саатчи» атты сурет галереясы өртке оранды. Қызыл жалынның көмейінде жүздеген сотық жерді алып жатқан, үлкен аңғардың ішінде сақтаулы мыңдаған картина кеткен деседі.
Чарлз Саатчи дейтін – Ирак жеріндегі соғыстан қашып, Англияға барып табан тіреген, майлы бояу исі мұрнына бармаса да, бейнелеу әлемін ақшаның сауын сиырына «әдемі» айналдыра білген кәсіпкер. Өңкей бір атышулы, жауыз картиналарды жинап сатып алып, қайыра сатумен аты шыққан кісі. Мысалы, оның жинағында көптеген баланы қинап өлтіріп, етін жеген Каннибалдың үлкен портреті болыпты. Әлгінің келбетін жүздеген сәбидің алақандарының табымен, бедерімен салдырған дейді әлгі сұм. Сыртта әлгі жазықсыз шетінеген балалардың аналары ереуілдетіп, «Саатчиге» қарсылық акциясын жасап жатса да, көрмеге қызық көріп сабылушыларда есеп болмаған деседі»,– дейді.
Суретшінің көрмені көруге ағылғандар сол үлкен портретті көруге асықты дегенін түсінуге болады. Дүниеде не нәрсені көрмеу керек десе, соған ұмтылатынымыз анық. Көрмесін деген дүниені көруге асығады, алмасын деген дүниені алғысы келеді. Мұның сыры неде? Әлде, адамдардың көрсеқызарлығы ма бұл.
Әрине, сурет әлемінде қара мен ақтың орны бөлек. Қара түсті көбірек тұтынатын қылқалам шеберлері де болды. Суретші: «Қара түс – нүкте. Жарық пен түстің ең соңғы көрінісі. Бүкіл бояудың қосындысы. Адамзаттың генетикалық коды. Высший разум. Қазақша айтсақ, Қара шал (ақылдың кені, даналықтың қайнар көзі). Қара сөз. Қара жер. Қара шаңырақ», – дейді. Демек, қара түс – қазаққа да жат емес.
«Қазақстандағы өзге жұрттың қазақпен салыстырғанда бір қайғысы кем. Оларда ұлттық рух, сана, тіл мәселесі ушығып тұрған жоқ. Күшігін салса да, мысығын салса да, лала гүлдерін бейнелесе де, өз көрермендеріне рауа», – дейді суретші. Қазақтың талантты суретшілері Айбек Бегалин, Ералы Оспан, Өскенбай Шоранов, Есімғали Жұманов, Сәдір Кәрібай, Бақытбек Талқамбаев, Қалиолла Ахметжанов, Айтбай Құлбай шығармалары санаулы жылдар ішінде өз көрермендерін тауып, санамызға сіңіп үлгерді.
«Ақ зер» – қазақ бейнелеу өнерін ғана қамтымайды. Әлемнің озық ойлы суретшілері Х.Рембрандт, И.Айвазовский, Д.Волдини, К.Моне, П.Пикассо, Э.Уайст туралы да пікірлерін білдіреді. Суретші дейтін бір қауым елдің кейбіреуі туралы үзік-үзік сырларын кейде баспасөз беттерінен оқып қалғанымыз болмаса, біз білмейтін, аты-жөнін естімеген суретшілеріміз қаншама?!
Жеңіс Кәкенұлының тілімен айтқанда: «бір кісілер айтады «суретшілер өздерін жариялай беруге соншалық нәумез халық» деп. Мүмкін. Олар бір форманың екіншіге ауысқанында, көбінше арадағы аса жауапкершіліктің болмағанынан, рәсуа болып кетерінен әбден ауыз күйгеннен солай ететін болар».
«Творчествода адам жападан-жалғыз». Шығармашылық еркіндігі деген сол шығар, бәлкім. Шығармашылық адамын, әсіресе суретші қауымын түсінетіндер көп емес. Өйткені, суретшіні түсіну үшін сурет өнерін түсінген абзал. Ал бейнелеу өнері қазақтың өзімен біте қайнасып жатыр. Мүмкін, «бейнелеу өнеріне суретшінің көзімен» ғана баға бергеніміз дұрыс шығар.
Гүлзина Бектас