961
«Капустин Яр» әкелген қасірет
«Капустин Яр» әкелген қасірет
Жақында еліміздің батыс шаһары Орал қаласында «Капустин Яр» және «Азғыр» полигондарының экологиялық зардабын анықтайтын республикалық комиссияның көшпелі отырысы болып өтті. Бұл комиссия Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2008 жылы өңірге сапарынан кейінгі полигонға жақын орналасқан аудандардың экологиялық жағдайын зерттеу жөніндегі тапсырмасынан кейін құрылған болатын. Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі және аталмыш комиссия төрағасы Бектас Мұхамеджановтың қатысуымен өткізілген бұл басқосуға полигонның қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына зиянды әсері (полигонға жақын орналасқан 6 ауданда 150 мың халық тұрады) талқыланды.
«Нарын» қоғамдық қозғалысының жетекшісі К.Көбейсінов әскери сынақтың зардаптарын анықтау мақсатында жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытынды құжаттарын республикалық комиссия төрағасына табыс етті. Жалпы, 1994-2005 жылдар аралығында полигонның аймақтағы экологиялық зиянды әсерін анықтау мақсатында 13 ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген екен. Алайда бұл құжаттардың «Капустин Яр» және «Азғыр» сынақ аймағының ядролық және химиялық ластану деңгейін анықтау үшін жеткіліксіз екендігі айтылды. Комиссия отырысының қорытындысында полигонға жақын орналасқан аумақтардағы тұрғындардың арасында жүйке, қан тамыр аурулары, эндокринді жүйе сырқаттарының жоғары екендігі көрсетілді, тұрғындарға жарылыс зардаптарының қалай әсер етіп жатқандығын анықтау үшін 4 бағдарлама дайындалып, зерттеу жұмыстарының басталатындығы айтылды.
Кешегі Кеңестік билік тұсында көпшілікке Семей полигоны ғана айтылып, ал Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының шектесетін жері «Капустин Яр», «Азғыр» әскери сынақ алаңына айналғаны мүлдем құпия болып келген еді.
Туған жерін аяулы анасына балап, қадір тұтатын көнекөз қарияларымыздың жадында мәңгілік жатталып қалған бұл оқиға 1951 жылы 21 желтоқсанда КСРО Министрлер Кеңесінің Орал облысы Орда ауданының жерін, 1947 жылдан іске қосылған «Капустин Яр» сынақ аймағына беру жөніндегі №5263 бұйрығынан соң басталған еді. Міне, енді осы жарлықтың негізінде 1952 жылы 31 қаңтардағы Орал облыстық еңбекшілер депутаттары атқару комитеті кеңесінің: «В соответствии с постановлением Совета Министров Казахской ССР от 14 декабря 1951 г. №1013-119 С, установившим план внутри республиканского переселения на 1952 г. Исполком Облсовета депутатов трудящихся решил: «Утвердить на 1952 год план переселения из колхозов области 300 колхозных хозяйств в хлопководческие районы Южно-Казахстанской области, в том числе из Джангалинского района 125 хозяйств и Урдинского района 175 хозяйств» деген №62 қаулысы негізінде аудан таратылып, халқы туған жерден қуылып тынады (БҚОММ 850-қор, 9-тізбе, 1555-іс, 114-парақ).
Ежелден ата-бабаларымыздың құтты қонысы болған, шөбі шүйгін, жер асты суы мол, төрт түлік малы үшін жазы сая, қысы пана болған, табиғаты ерекше Нарын құмындағы Орда ауданы халқының Ұлы Отан соғысынан кейінгі тыныштығы тағы да осылай бұзылған еді.
Батыс Қазақстан облысының Орда ауданы жеріндегі Хаки соры деген тұзды көл 1947 жылдан іске қосылған «Капустин Яр» әскери сынақ аймағы үшін нысана орталығы ретінде таңдалып алынған болатын. Әскерилер мәліметі бойынша, сордың аумағы 832 мың гектар жерге созылып жатыр. Тәуелсіздіктің тізгіні тиген сонау тоқсаныншы жылдардың басында Хаки соры құлаған зымырандар «қабіріне» айналып, оның аймақтағы халықтың денсаулығына тигізген зардабы мен экологиялық қасіреті жөнінде ақпарат құралдарында жиі көтеріліп, қоғамда бұқаралық қозғалыс туғызған болатын.
Бұл тақырыпқа көпшіліктің назарын тағы бір аударудағы біздің мақсатымыз – Нарын құмындағы Орда ауданы жерінің әскери сынақ алаңына айналып, кеңестік әміршіл жүйе тұсында қазақ халқының туған жерінен еріксіз қуылғандағы көрген азабы мен әлеуметтік зардабын көрсету.
Облыстық мұрағат қорында сақталған екі бума құжаттардың ақиқатына жүгінсек, Орда аудандық атқару комитетінің төрағасы А.Ваисов (А.Уәлиев болуы мүмкін – Б.Б.) 1952 жылы 11 шілде күні облыс орталығына: «Уральск, Облисполком Поляковой. Переселенцы 223 хозяйства 724 человек 11 июня отправлено эшелон №2433 подробности почтой Ваисов. Пред. Урда Райисполком. 11.ҮІІ. 1952 г.», – деп шұғыл түрде жедел хатын жолдайды. Сонымен бірге жоғарыға Теректі ауылдық кеңесіне қарасты 3 колхоздың 223 отбасындағы 724 адам, 44 сиыр, ірі мүйізді 33 жас мал, 7 қой, ешкіні 43 вагонға тиеп, №2433 эшелонның Батыс Қазақстан облысы, Орал – Рязань темір жолы бойындағы Сайхын бекетінен Оңтүстік Қазақстан облысының Ильичев ауданы, Жетісай ауылына жөнелтілгенін айтып, арнайы жазбаша мәлімдеме жасайды. Ресми деректерге қарағанда, Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударылған колхозшылардың барлық малы мемлекет белгілеген бағамен сатылып, түгелдей жан-жаққа таратылады. Ал жоғарыдағы вагонға тиелген мал жөніне келсек, шілденің 4-і күні облыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары Ғабдулиннің А.Ваисовке: «Реализации скота переселяемие колхозов Южно Казахстанскую область оставьте ограниченное количество одинокие колхозников» деп жіберген жеделхаты бойынша қалдырылған болуы мүмкін.
Жалпы, Кеңес үкіметі «Капустин Яр» әскери сынақ аймағына берілген аумақтардағы халықты қоныс аудару, көшіру жұмыстарын қалай ұйымдастырды? КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Қоныс аудару Бас басқармасының (Главного переселенческого упраление) №59 бұйрығымен қоныс аудару ісіне жауапты өкілдер үшін 1951 жылы 23 қараша күні арнайы нұсқау бекітіліп, 21 бөлімнен құралған жадынама (памятка) дайындалған. Жадынамада қоныс аудару ісін дұрыс ұйымдастыру мен халықты тасымалдаудың тәртіп, ережелері мұқият жазылып көрсетілген. Алайда мұрағат қорында сақталған сан түрлі жедел хаттар мен тұрғындардың отбасынан немесе бауырынан ажырамай бірге қоныс аударғысы келетінін айтып, аудандық атқару комитетіне жазылған жалынышты түрдегі өтініштерінен қоныс аудару ісі шын мәнінде, колхозшылардың еркінен тыс, жоғарыдан келген бұйрықты бұлжытпай орындап, шұғыл түрде жүргізілгенін, ел ішіндегі дүрбелеңді анық көруге болады. Мәселен, Орда аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы А.Ваисовтың 1952 жылы 30 маусым күні Теректі ауылдық кеңесіне қарасты Калинин атындағы колхоздың бастығына жіберген жеделхатында: «Сіздің колхоздың колхозшыларын Сайхын станциясына тасуға барған автомашиналар ауылды аралап, әр жердегі үйлерді жинап тиеп жүретін көрінеді. Бұл жағдайда колхозшыларды тасу жұмысы 5 июльге дейін аяқталмайтын болып отыр. Сондықтан колхозшыларды бір орынға жинап, сол жерден автомашинаға отырғызуды, сөйтіп, колхозшыларды Сайхын станциясына көрсетілген мерзімде тасып бітіруді ұйымдастыру сізге міндеттеледі»,– деген бұйрығы пікірімізді дәлелдей түседі.
Осылайша, 1952 жылы шілде айындағы аптап ыстыққа қарамастан Ордадан көшірілген көшпен бірге Оңтүстік Қазақстан облысына келген бүгінде белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев: «Шымкентке дейін тура 17 күн жүрдік. Жолда кез келген өткізу пунктеріне тоқтаймыз. Қашан қозғаламыз, қайда барамыз, ол жағы беймәлім. Ырғатылып келіп пойыз тоқтағанда, жапа тармағай түсе қалып, самауыр жағып, шай қайнатып ішеміз. Кейде шай қайнағанша пойыз жүріп кетіп, ыстық суды жерге төге салып, әрең ілінеміз. Қозғалған поезға асығыс отырам деп жүріп, бір адам темір дөңгелекке басылып, қаза тапты»,– деп, ал оңтүстіктің ыстық ауасы мен суына үйрене алмай, қарт адамдар мен жас балалардың іш сүзегі ауруына ұрынып, жаппай шетінегені туралы «ауа райы қоңыржай, жер асты ылғалынан сүзіліп шыққан құдықтың салқын суына үйренген біздер мында келіп еріксіз арықтың суын іштік. Осыдан іш ауру пайда болып, әсіресе балалар қынадай қырылды. Өлімнің көптігі соншалық, адамдар бір-біріне көңіл айтудан қалады екен. Заң қатты, ешкімді себепсіз жұмыстан босатпайды, өліктерді жерлеудің өзі сын болды ғой. Өлікті жерлейтін адам жоқ. Қандай қасірет еді! Осылай біздің арқамызда ауылдың шетінде айналасы ат шаптырым қорым – зират пайда болды. Зираттың үлкейгені соншалық, білмейтін адам оны «жаңадан орнаған ауыл екен» деп қалатындай дәрежеге жетті. Өйткені қабірдің қасындағы біздің колхоз көзге көрінбей қалды», – деп еске алады. Ал төлқұжаттарын жинап алғандарына қарамастан, еріксіз қоныс аударылған сол адамдардың бірқатары кері жасырын қашып келіп, туысқандарын паналағаны туралы ақын ағамыз: «Тағы бір сұмдықты айтайын: біздің бәрімізде паспорт жоқ, құжатымызды жинап алған. Адам санатында емеспіз. Төлқұжат жоқ. Қайда барамыз. Қашқандардың өзі малын қорасына байлап, отын жағып қойып, ешкімге білдірмей айлы түнде соқа бастарын алып, кетіп жатты. Шіркін, осының бәрін кезінде айта алмадым», – деп қамығады.
Осылайша, біз бүгін ғана кешегі айтылмаған тарихи шындықтың ақиқатына көз жеткізе алып отырмыз.
Бір таңқаларлығы, жоғарыда Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аударылған Теректі кеңесіне қарасты «Калинин», «Каганович» және «Интернационал» колхоздарында өткізілген жалпы жиналыстың қаулысында ежелден бабаларымыздың құтты қонысы болған, табиғаты ерекше Нарын құмындағы Орда ауданы жерінің әскери сынақ алаңына айналатыны айтылмайды. Керісінше, бұл жердің шабындыққа да, жайылым үшін де қолайсыздығы, колхозшылар табысын арттырудың ешбір мүмкіндігі жоқ екендігі айтып түсіндіріледі. Жиналыста сөйлеген колхозшылар мақта өсіріп, тұрмысты түзеуге болатын оңтүстікке көшуге өздерінің ризашылығын білдіріп, «Сталин жолдас» пен «коммунистік партияға» алғыстарын айтады.
Осылайша жерінің билігі әскерилер қолына көшіп, еріксіз таратылған Орда ауданының бұдан басқа 4 ауылдық (Азғыр, Батырбек, Сүйіндік, Лабай) кеңесіне қарасты жерлері көрші Гурьев облысына (қазіргі Атырау облысы) беріледі. Сондай-ақ Қасымтау және Талап ауылдық кеңестеріне қарасты «Көсем», «Бастауыш», «Энгельс», «Талап» т.б. колхоздарының халқы мал-жанымен облыстың ішкі Чапаев, Жаңақала аудандарына қоныс аударылады.
Ресми деректерге қарағанда, таратылған ауданның Қарулы күштер қолына кеткен территориясында үш сынақ полигоны қызмет жасаған. Олар: Мемлекеттік орталық, Мемлекеттік ұшу-сынақ және Азғыр атом полигондары. Алғашқы екеуі ортақ атаумен «Капустин Яр» деп аталынып, орталығы Ресей территориясында орналасқанмен, сынақ алаңы Батыс Қазақстан жерінде жүргізіледі. 1990 жылдары Ресей мен Қазақстан ғалымдары мен әскери мамандарының берген мәліметтері бойынша, бұл аймақта 29 сынақ жасалып, оның 19-ы жер астында, 10-ы әуеде жүргізілген. Жалпы, «Капустин Яр» полигонында бұдан басқа 24 мыңға жуық ракеталар мен әскери техникалар сыналып, оның 159 түрі қару-жарақ ретінде кейін қолданылған. Сонымен бірге, бұл өңірде 619 орта қашықтықта ұшатын ракеталар жойылған. Ал әуе кеңістігіне 30 мың тоннаға жуық улы заттар таратылған. Бұл сандық көрсеткіштер, сөз жоқ, қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына зиянын тигізгенін дәлелдейді. Мәселен, Санкт-Петербург және Батыс Қазақстан ғалымдарының бірлесіп жүргізген ғылыми жұмыстарының нәтижесі полигонға іргелес орналасқан Батыс Қазақстанның ауыл аймақтарындағы жер қыртысының, су көздерінің улануы адам денсаулығына қажетті мөлшерден 10 есе жоғары екендігін көрсеткен.
Әрине, әскери полигон зардабы мұнымен ғана шектелмейді, ол сонымен бірге аудан территориясын талан-тараж жасап, 32 мың гектар жердің Ресей Федерациясының Владимировка ауданына беріліп, халқының босқынға айналуына себеп болған еді.
Міне, «Ел аман, жұрт тынышта жер аударып,
Зарлады-ау, Құм Нарынның жас баласы!», – деп оңтүстікке аударылған ақын Қайрат Жұмағалиевтың анасы Жаңылғаным Өкенқызы жырлағандай, Оңтүстік Қазақстан облысына резервацияланған Орда ауданы халқының басына түскен қиындықпен салыстырғанда, жоғарыда айтылған облыстың ішкі аудандарына жүк тиелген әскери машинаның соңынан малдарын жаяу айдап, қоныс аударылған көш мал-жанымен аман қалған еді. Сөйтсе де халықтың туған Ордасын қимай қиналғаны туралы ел ішінде әлі айтылып келеді. Өзім ес біле бастағалы әкем марқұмның: «Қайран Ордам, құмаршығы мен құмының сағызын айтсаңшы» деп жиі айтатын сөзі жадымда қалыпты. Сондай-ақ КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, ұлтжандылық қасиеттерімен ерекшеленіп тұратын марқұм Саламат Өтемісов ағамыздың да Алматыдан елге келген соңғы бір сапарында көз жанарын алысқа тіктей отырып: «Ордадан көшкенде мен 12 жасар баламын. Әкем колхоз басқармасы болды. Күнде абыр-сабыр. Адамдар үйге келіп, кіріп-шығып жатады. Бір күні әкем қасындағы адамдарға «Болмады, ертең көшетін болдық», – деді де шығып кетті. Артынан шықсам, әкем қораның артында жылап тұр екен. Қасына жайлап барған мені байқап қалып: «Балам-ай, әкеңнің көз жасын сенің көрмеуің керек еді» дегені есімде қалыпты», – деп мұңайғаны ұмытылмас.
Ал Ордадан шыққан көшті бастап Чапаев ауданы (қазір Ақжайық ауданы, Алғабас ауылы) Киров колхозына келген әкеміздің жездесі Қадеш Иманғалиұлының жан күйзелісінен туған мына жыр жолдарынан Кеңес өкіметінің резервациялық саясатының халыққа тигізген әлеуметтік зардабын анық көре аламыз.
…Жел соқса қайда бармас суда қайық,
Қонысымыз бар туған ата Жайық.
Туған жер ой мен қырға
амандасып,
Барлығын ақтық рет аралайық.
…Бабалар ақтық рет келіп тұрмын,
Әдеппен сәлемімді беріп тұрмын.
Бұрынғы тіршіліктерің ойға түсіп,
Қайтейін, көздің жасын
төгіп тұрмын.
Жатсаң да тілекші бол бабаларым,
Туысқан үлкен-кіші балаларым,
Біз кеттік Ақжайыққа дәмі
тартып,
Қалды ғой бабалармен
қайран Нарын.
Жаз болса, сайрандаған
жақсы бастау,
Бауырыңа ата-анам салған қыстау.
Қар шеген суыңды
ішіп сайрандаған,
Қайтейін, бәріңе де айттым
қош-сау.
Бай шағыл көп қатқылдың
арасында-ай,
Қалды аман ақ тікеннің
панасындай.
Қорған мен Меңес
шағыл жайлаған жер
Қаңырап өз еліңнен қаласың-ай.
Атақты елге мәлім Қасым тауым,
Жерімнің кіндігі еді-ау
асқар тауым.
Туған жер осы арада
Самбай шағыл,
Жатады бабалар да
бір топ қауым.
Колхоздың егіндігі
көлдей тасып,
Егінді талай алдық атпен
басып,
Тел өстік осы арада тентек
болып,
Жас кезде не істемедік
асып-тасып.
Біздің ел осы араны
көп жайлаған,
Қоралап көп түлікпен
мал айдаған.
Қыр мен құм екі араның
кіндігі еді-ау,
Кетем деп бұл арадан
кім ойлаған?!
Нарын құм осы
арадан жалғасады,
Кең ашық аралары бел асады.
Өсімдік ішіндегі алуан түрлі,
Аспанға тал мен терек таласады.
Ия, бұл бейбіт күнде атамекені әскери сынақ алаңына айналып, елінен еріксіз қуылған халықтың жан тебіренісі еді. Қазақтар жөнінде Ресейде алғаш монографиялық еңбек жазған А.И. Левшин «Қазақтар туған жерін, атамекенін қатты қастерлейді, кір жуып, кіндік кескен жерінен ешкім ешқайда кетпейді», – деп, қазақ халқының туған жерін ерекше қадір тұтатын ұлттық мінезіне көңіл аударған болатын. Алайда тоталитарлық билік басындағылар қазақтың бұл ұлттық ерекшелігімен санасып жатпады.
Міне, тарихта орын алған бұл оқиға бүгінгі жас ұрпақтың тәуелсіздіктің қасиетті ұғым екенін сезінуіне септігін тигізеді деген ойдамыз.
Бақтылы Боранбаева, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты