Ағайынның белгісі – алыс-беріс

Ағайынның белгісі – алыс-беріс

Ағайынның белгісі – алыс-беріс
ашық дереккөзі
262

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллар көлеміне жеткен. Биылғы көрсеткіш те бұл межеден едәуір асқалы тұр. Бұлай деп Қазақстанның Премьер-министрі Серік Ахметов 1 қарашада Бішкекте өткен екі мемлекеттің үкіметаралық кеңесінің отырысынан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Қырғызстан экономикасы үшін Қа­зақ­станның ең ірі инвестор болып есептелетінін баса белгілеген Серік Ахметов мырза екі елдің арасында орын алған экономикалық мәселелер Үкіметаралық кеңес комиссияларының жұмыс барысында шешілетінін және жөнге салынатынын тиянақтады. Аталған жайт су-энергетика салаларын, ауыл шаруасындағы, саудадағы алыс-берістерді қамтиды және Қазақстанның бастамасымен Қырғызстанда жүзеге асуы жоспарланған жарғылық капиталы 100 млн. долларлық инвестициялық қорға да тиісті.
Бішкектегі Үкіметаралық кеңес жи­ынының аясында екі елге де тиімді бірқатар шаруалардың түйіні шешілді.
Таратып айтсақ, Қырғызстанда Қазақ­стан­ның қатысуымен ферроқұйма зауытын салу қолға алынбақшы. Мұнда бірінші кезеңде жылына 50 мың тонна, өнеркәсіп толық қуатымен істегенде 200 мың тонна ферросиликоалюминий алынатын болады. Оны өндірудің технологиясын қазақстандық ғалымдар жасап шығарған.
«Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясы Қырғызстанның Қарабалта тау-кен комбинатына жыл аяғына дейін бір мың тонна табиғи уран қоспасын қосымша жеткізетін болды.
2013 жылдың аяғына дейін электр қуатын Қырғызстан-Қазақстан-Қырғызстан бағыты бойынша тасымалдау келісімі, ал 2014 жылдың 1 шілдесіне дейін Қазақстанның егін суғару науқанында электр энергиясын жеткізіп тұру келісімі жасалады.
2013 жылдың 30 қыркүйегіндегі есеп бойынша, «Қырғыз теміржолы» ұлттық компаниясы әріптесі «Қазақстан теміржолына» 5 млн. 253 мың 104 швейцариялық франк көлемінде қарыз. Қырғызстан бұл қаражатты төлеудің 30 қарашадан басталатын нақты кестесін ұсынбақшы.
Қазақ теміржолына Қырғызстанның Талас облысындағы «Маймақ» станциясынан жүк өткеру бойынша келісім жиын өтіп жатқан 1 қарашаға дейінгі мерзімге жасалған екен, қырғыз тараптың өтінуімен ол 20 қарашаға дейін ұзартылып, одан әрі жаңа келісім жасалатын болды.
Егер Қырғызстан жыл аяғына дей­ін Қазақстанға газ бойынша­ қарыздарын төлеп берсе, онда «ҚазТрансГаз» АҚ келер жылы қырғыз бауырларымызға 300 млн. текше метр газды жеңілдетілген бағада беретін болады. Қырғызстанның қарызы қазіргі кезде 12,2 млн. долларды құрап отыр.
Қырғызстан Қазақстанның темекі импортын лицензиялауды алып тастау өтінішін 2014 жылдың бірінші жартысында қарайтын болды. Өткен жылы Қырғызстан 24 өлкеден 51,8 млн. долларға 4,2 млрд. дана темекі заттарын сатып алған. Ең ірі жеткізуші Қазақстаннан 38 млн. долларға 3,2 млрд. дана темекі алынған.
Қырғызстан бүгінгі күнде Қазақ­стан­­нан келетін бидай ұнына уақытша үстеме төлем қойып, ұн импортын шектеп отыр. Әлбетте, қырғыздар өз өлкесінде өндірілетін ұнға артықшылық беріп отырғаны түсінікті. Қырғызстан қазақ елінен ұн сатып алудағы шектеуді жоюды осы қараша айында қарап шығатын болды.
Үкіметаралық кеңестің жиынында Қырғызстанның Премьер-министрі Жантөре Сатыбалдиев көршілерімізде Қазақстан азаматтарының 90 күнге дейін тіркелместен жүруге болатынын еске салып, Қазақстан тарапынан қырғыз азаматтарының 90 күнге дейін тіркелмей-ақ жүре беруін заңдастырып беруді сұрады. Нақтылай кетсек, шекарадан өткен қырғыз азаматы Қазақстанның көші-қон полициясының бөлімінде 5 күннің ішінде тіркеліп алса, одан әрі 90 күн жүре алады. Ал қазақтар Қырғызстанның аймағына өтіп бара жатқанда шекара бекетінде ешқандай құжат толтырмайды. Сондықтан олар, ресми түрде 90 күн делінгенімен, бауырлас елде қанша күн болса да жүре береді.
Жиынның ашылуында сөйлеген сө­зін­де Қырғызстанның үкімет басшысы «Кемін-Алматы» электр желісінің және Қазақстан-Қырғызстан мұнай құбыры құрылыстарының жобалары стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.
Қазақстан Қырғызстанға өзара тиімді шарттарда «KazSat» ғарыштық байланыс жер серігін бірге пайдалану үшін жалға алу мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынды. Бұл бойынша шешімін қырғыз тарап алдағы жылдың бас кезінде білдіретін болды.
Жиында Қырғызстан үшін маңызды нәрсе – Қазақстанға сүт және ет өнімдерін экс­порттау күн тәртібіне қойылды. Өткен жылдың қазан айында Қазақстан Қырғыз­станнан келетін сүт азықтарына Қырғызстандағы эпизоотикалық жағдайға байланысты қауіпке орай, тыйым салған. Ал желтоқсан айында «Бішкексүт» және «Қантсүт» кәсіпорындарына рұқсат берілген. Биыл шілде айында сүт өнімдерін әзірлейтін тағы да бес кәсіпорынға рұқсат берілді. Қазіргі таңда бұл мәселе Қазақстанның Кеден одағына кіргеніне де тікелей байланыс­ты болып тұр. Бұл саладағы қырғызстандық мекемелер Кеден одағының инспекциялық бақылауынан өтуге тиіс. Сондай-ақ, қырғыз тарапы ет тағамдарына да шектеуді алып тас­тауды қарастыруды сұрауда.
Шекараларды белгілеу және бекіту іс-шараларында Шу облысының Тоқмақ қаласына жақын жердегі Бішкек-Нарын-Торығарт (одан әрі Қытай) автожолының бойындағы ұзындығы 800 метр жер телімі Қазақстан аймағында қалған. Бұл мәселе оң шешіліп, екі республика да жолды еш кедергісіз пайдалануды мақұлдасты.
Жиында қозғалған тағы бір мәселе – қырғыз тарапы өлкеде балық шаруашылығын өркендету үшін инвестицияға мұқтаж болып отыр. Қазақстан қолдау көрсетсе, балық шаруасын жандандыру үшін бұрын балық өсіруге тыйым салынып келген Ыстықкөл бассейні пайдаланылмақшы.
Қырғызстанға ресми сапармен келген Қазақстан Премьер-министрі Серік Ахметовті президент Алмазбек Атамбаев жылы шыраймен қабылдап, екеуара республикалар ортасындағы жан-жақты ықпалдастық мәселелерін талқылады.
Үкіметаралық кеңестің кезектегі бесінші жиыны келесі жылы Астана қаласында өтетін болды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары