«БАЯНДЫҚТАР» «ТҮРКІСТАН» ГАЗЕТІНЕ ДӘН РИЗА
«БАЯНДЫҚТАР» «ТҮРКІСТАН» ГАЗЕТІНЕ ДӘН РИЗА
Бет қатталып жатқанда редакциямызға Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданынан сүйінші хабар келіп жетті. Осы аудандағы бірден-бір қазақ ауылы «Баян» елді мекенінің ауылдық округ мәртебесінен айрылып қалғаны жөнінде «Түркістан» газеті биыл көктемнен бері мәселе көтеріп келеді. Аудан, облыс әкімдеріне хат жазып, арызданған ауыл тұрғындары халықтың пікірін елеусіз қалдырған атқарушы билікке наразы болып, «Түркістан» газетінен араша сұраған еді. Бұдан соң газетіміздің бетінде Гүлбиғаш Омардың осы тақырыпқа арналған «Баян» ауыл басына бұлт оралды», («Түркістан» 23 мамыр, 2013 ж. №20) одан соң «Басы даулы, халқы мұңлы «Баян» ауылы» атты мақалалары жарық көрді. Біз бұл мәселені газетке жазып қана қоймай, «баяндықтардың» мұң-зарын құзырлы органдарға жеткізуге қал-қадірімізше үлес қостық.
Кеше осы өңірдің белсенді азаматы, газетіміздің тұрақты оқырманы Тілеген Жетеев ақсақал редакцияға телефон соғып, «Баян» ауылының ауылдық округ мәртебесін қалпына келтіру туралы облыс әкімінің шешімі шыққанын қуана хабарлады. «Осы мәселені көтеріп, республика басшылығының назарын аударған «Түркістан» газетіне ауыл тұрғындарының атынан көп рахмет айтамыз», – дейді ақсақал.
Әйтсе де, «баяндықтардың» тағы бір мұңы бар: ауылдық округ орталығын сақтап қалған «Баян» ауылы енді қазақы атауынан айрылып, «Архангелкі» деп аталуы мүмкін деген хабар бар.
Сондықтан бұл мәселенің жай-жапсары алдағы уақытта да жіті қадағалауымызда болады.
“Түркістан-ақпарат”