«АЗАТТЫҚ ЖОЛЫНДА ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ҚАНСЫРАП БАҚТЫ, БІРАҚ ҚАЗА БОЛҒАН ЖОҚ»

«АЗАТТЫҚ ЖОЛЫНДА ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ҚАНСЫРАП БАҚТЫ, БІРАҚ ҚАЗА БОЛҒАН ЖОҚ»

«АЗАТТЫҚ ЖОЛЫНДА ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ  ҚАНСЫРАП БАҚТЫ, БІРАҚ ҚАЗА БОЛҒАН ЖОҚ»
ашық дереккөзі
316

 

Сонау ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының айтқан ел бірлігі, ұлт
тұтастығы, ұлттық идея турасындағы ойлары әлі күнге дейін саф алтындай құнды.
Біз алаш қайраткерлері айтқан ұлттық ойлардан ешқашан алшақ кеткен жоқпыз.
Қазақтың ұлт ретінде қалыптасуында қазақ зиялыларының орны бөлек. Олардың
өлең-жыры, шығармалары қазақ ұлтының үні болды. Қазақ әдебиетіне дара
болмысымен, өзіндік қолтаңбасымен келген қабырғалы қаламгерлеріміздің бірі –
Ақселеу Сейдімбек еді. Ақселеу аға әдебиетті дамытып қана қойған жоқ, қазақтың
ұлттық мұрасын жинап, «күпі киген қазақтың мол мұрасын, шекпен жауып» өз еліне
қайтарды. Білетіндер, Ақселеу ағаны серілердің соңғы тұяғы деп жатады. Біздің
білетініміз – ұлт десе жаны ауырып, ұлттың мәселесі десе, жүрегі күйген
қаламгердің азаматтық келбеті ғана. Төменде алынған ой-пікірлер қоғам
қайраткері, марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыздың әр жылдары жазылған
мақалаларынан теріліп алынды. Арада ұзақ жылдар өтсе де, әлі де шешуін
таппаған, түйткілді мәселелер жетерлік. Қаламгердің күні ілгеріден болжаған
кейбір ойлары бүгінгі қоғамның кейбір келеңсіз жайттарын дөп басады. Қалай
десек те, «жақсының аты, ғалымның хаты» өлмейді деген осы… 

Үш ғасырға созылған бодандық кезеңінде жүйелердің алмасуына қарамастан, мемлекеттік
төңкерістердің жүзеге асқанына қарамастан және идеялық саяси көзқарастардың
өзгеруіне қарамастан Ресейде бір ғана жағдай өзгеріссіз қалып отырды. Ол
бодандықтағы басқа да бұратана делінетін халықтар секілді, қазақ халқына да
Ресей империясы ұстанған репрессиялық-экспансиялық пиғылы мен әрекеті еді.

Қазақ халқы бодандық кезінде атамекенінің үштен бірінен айрылды. Еділ
(Волга), Хажытархан (Астрахань), Сарытау (Саратов), Селебе (Челябинск), Қорған
(Курган), Орынбор (Оренбург), Төмен (Тюмень), Баранауыл (Барнауыл), Аңғар
(Ангара), Үстіқұт (Усть-кут), Ащылы (Ачинск), Байкөл (Байкал), Енесай (Енисей)
деп аталатын ондаған-жүздеген елді мекендер мен жер-су атауларының күні бүгінге
дейін таза түркілік қазақтық мән-мағынада айтылуы көп жайды аңғартатыны айғақ.

Тек қана Кеңес заманында 5 миллион қазақ репрессия мен аштықтың құрбаны
болып, 2 миллиондай қазақ шетелді паналауға мәжбүр болды. Қазір 4 миллионнан
астам қазақ дүниежүзінің 32 мемлекетін паналап, тілі мен діні әр түрлі ортада
ғұмыр кешуде. 

Бодандық кезеңінде табиғат байлығы қорқаулықпен тоналып, экожүйеге
бейімделген дәстүрлі шаруашылық зорлықпен өзгертіліп, 1949-1989 жылдар
аралығында 500-дей атом мен сутегі бомбалары сыналып, Қазақ даласы экологиялық
сүргінге (катаклизм) ұшырады. Мұның өзі ұрпақтың тұқым қорына (генофонд) әсер
етіп, қазірге дейін ұлтты аздыратын қатерлі фактор болып отыр.

Ресей экспансиясы бел ала бастаған ХVII ғасырдан бастап, 1986 жылғы
Желтоқсан көтерілісіне дейінгі аралықта қазақ халқы отаршылық езгіге қарсы
300-ге жуық ұлт азаттық көтерілісті бастан кешті. Алайда дүлей күш қазақ
халқының азаттықты көксеген рухын ұдайы қанға тұншықтырып отырды.

Ең соңында, қазақ халқы бодандық кезеңінде жойқын рухани экспансияны бас­тан
кешіп, ғажайып төлтума мәдениеті көмескіленді.

Міне, қазақ халқы қазіргі азаттығына осындай нәубеттерді, есепсіз қиянат,
мехнат азаптарды басынан өткеріп жетті. Азаттық жолында қазақ халқы қансырап
бақты, бірақ қаза болған жоқ, есеңгіреп бақты, бірақ есінен адасқан жоқ,
сүрінді, бірақ құлаған жоқ.

***

Мұндай ахуалда керек нышан – адамдарды, партияларды, топтарды, діни
конфессияларды біріктіре алатын және еліктіре жұмылдыратын идея болуға тиіс.
Бұл ретте, объективті ақиқат пен тарихи әділеттілікке дес бергенде, Қазақстан
үшін іргетас болатын жалғыз ғана идея бар. Ол – қазақ идеясы. Қазақ идеясы ғана
Қазақстанды дербес мемлекет ретінде даралап, жалпы қазақстандықтардың бүгінгі
және тарихи перспективадағы мақсат-мүдделеріне іргетас бола алады. Бұл тұрғыда,
қазақ идеясын қазақстандық идея немесе ұлттық идея деп те атауға болады.

***

Рас, Қазақстан ондаған ұлттық диаспоралардың тарих толғағы маңдайларына
жазған отаны. Ал қазақ халқы – сол ұлттық диаспоралардың жарастықты өмірлеріне
ұйытқы болатын, ұйытқы болуға тиіс бірден-бір тірек ұлт. Қазақстанда қазақтан
басқа бірде-бір ұлттық диаспора ұлттық идеяға ұйытқы да, тірек те бола алмайды.
Мұны Қазақстан Үкіметі мен Парламенті ғана емес, бүкіл қазақстандықтар өмірлік
ақиқат ретінде сезінулері керек, мойындаулары қажет және сезініп мойындай
отырып, өміршең әрекетке көшкен абзал.

***

Қазақстан қазіргі этникалық алашабырлықты, яғни жүзден астам этникалық
диаспоралардың қазақ жерінде ғұмыр кешуін Құдайдан тілеп алған жоқ. Бұл ахуал
бұған дейінгі тарихи даму үдерісінің нәтижесі, былайша айтқанда, бүгінгі
қазақстандықтардың маңдайларына жазылған тағдыры. Осындай ахуалда,
Қазақстандағы жүзден астам этникалық диаспоралардың әрқайсысының тарихи
отандары бөлек-бөлек екенін біле отырып, сонымен бірге сол этникалық диаспора
өкілдерінің әрқайсысы мүмкіндігінше өз еліне, өз Отанына кетуге ділгір екенін
көре отырып, ондай ниеттің мейлінше табиғи да кісілікті ұмтылыс екенін мойындай
отырып, сол жүзден астам ұлттық диаспоралардың әрқайсысына тарихи отанындағыдай
орта жасаймыз деп тыраштану, ең сорақысы, осының бәрін тұрғылықты қазақ халқының
өмірлік мүдделерін шектеу арқылы жүзеге асыруға талпыну және мұндай әрекет
қылықты нағыз демократиялық үрдіс деп қопию, ақиқатын айтқанда, ең бір қиялға
бергісіз жалпақшешейлік болып шығар еді. Өйткені біртұтас мемлекет аясында әр
текті этникалық мақсат-мұратты жеке-жеке күйттеу арқылы көпшілік әлеуметті
жаппай еліктіре алатын идеал орнықтыру әсте мүмкін емес. 

***

Қырық ру, қырық жілік этникалық диаспоралардың Бабыл (Вавилон) мұнарасын
ұқсата алмай быж-тыж болғаны тарих тағылымынан туған әпсана. Демек, жүзден
астам ұлттық диаспоралардың әрқайсысы тарих толғағы маңдайларына жазған Отаны
Қазақстан екенін мойындар болса, онда тек қазақ халқы ғана сол ұлттық
диаспоралардың бастарын біріктіріп, олардың жарастықты өмірлеріне ұйытқы бола
алатын бірден бір тірек ұлт екенін де мойындауға тура келеді. Қазақтардың
Қазақстаннан басқа екінші бір отаны жоқ. Ал Қазақстандағы басқа ұлттық
диаспоралардың бәрінің де тарихи отандары бөлек. Яғни, қазақстандықтардың
бастарын біріктіріп, жарастықты өмір жолындағы мақсат-мұраттарын бір арнаға
тоғыстыра алатын бірден-бір ұлттық мемлекетік идея – қазақ идеясы екені өмірдің
өзі ұсынып отырған ақиқат. Бұл – өзімшіл ұлтшылдықтан ада объективті таңдау
екенін әрбір қазақстандық ықылас ілтипатпен мойындауға тиіс қажеттілік.

***

Өкініштісі, мақсатты әрекетшілдік дегенде, ұлттық идеяны темірқазық еткен,
оның жүзеге асуын кезең-кезеңімен нақтылаған, сала-саласымен саралаған
тегеурінді іс-шараларға Қазақстан Үкіметі мен Парламентінің айтарлықтай
мұрындық бола алмай отырғанын жасыру қиын. Ондай іс-шаралармен көпшілік
әлеуметті еліктіре алмай отырғанын да мойындауға тура келеді. Басқасын былай
қойғанда, ұлттың ұлт болып қалуының негізі – тәуелсіздікті баянды ететін,
төлтума мәдениеттің іргетасы болып табылатын мемлекеттік тіл қазақ тілінің
қазіргі тағдырына бір сәт ден қойып қарайықшы?! Қазақ тілін мемлекеттік
деңгейде тұтынылатын тіл ету жолында небір жанайқайындай сөз де айтылып бақты.
Небір алқалы жиындар да өткізіліп бақты, мемлекеттік деңгейде қаулы-қарарлар да
қабылданып бақты. Бірақ қазақ халқының ұлы тілінің күн өткен сайын ығыстырылып,
көз алдымызда солғын тартып бара жатқанын шырылдап тұрып айтатын,
құрбаншылдықпен қорғайтын күн туып отыр. Өйткені өмір ағымының қарқынына қарай,
бәріне де көнуге болар, бәріне де шыдауға болар, ал кең мағынасында ұлттың жаны
болып табылатын тілге қағажу көрсету – ақтауға да, ақталуға да болмайтын тарихи
қылмыспен тең құбылыс. Тіл жанды үдеріс – тұтынған сайын жетіледі, тұқыртқан
сайын кетіледі. Яғни, тіл тұқыртылған сайын халықтың рухы солады, ұлттың еңсесі
басылады, елдің патриоттық сезімі сөнеді, сөйтіп басқа саладағы оңға басты деп
жүрген әрекет тірліктің бәрі зая кетеді. Бұл – тарихтың мың мәрте дәлелдеген
ащы шындығы.

***

Ақиқатқа дес берсек, қазақ тілі мем­ле­кеттік тіл деңгейінде тұтынуға жарамай
отырған жоқ, жарата алмай жүн еткеннің кері. Осыдан мың жарым жыл бұрын
қалыптасқан жазба дәстүрдің шыңдауынан өткен қазақ тілінің, орта ғасырдағы
Алтын Орда империясының мемлекеттік тіліне негіз болған қазақ тілінің, Қазақ
хандығы кезінде қоғамдық өмірді жыраулардың қанатты поэзиясымен, би-шешендердің
қисынды уәжімен реттеп отырған қазақ тілінің, ХХ ғасырда ғылымның барлық
саласынан оқулықтар түзген қазақ тілінің, әлемдік классикалық сөз өнерін,
негізінен, сөйлетіп үлгерген қазақ тілінің, тіптен Маркс пен Ленин
шығармаларының толық жинағын дүниежүзінде орыстардан кейін бірінші болып
сөйлеткен қазақ тілінің, енді келіп, тәуелсіздік алып, республикадағы
қазақтардың саны 30 пайыздан 67 пайызға жетіп, түркі тілдес халықтардың саны 70
пайызды құрап отырғанда, қазақ тілінің қағажу көруін немен түсіндіруге болады?!
Оның себебі, турасын айтқанда, қазақ тілі Қазақстан Үкіметі мен Парламентінің
тілі бола алмай отыр. Одан да гөрі ашып айтар болсақ, Қазақстан Үкіметі мен
Парламенті ұлт тағдырына қатысты осынау жауапкершілікті терең сезіне алмай
отыр, сезінсе де, жалтақтық, тайғанақтық танытып отыр. 

***

Тарихтың тар жол, тайғақ кешулерінде асыл қазынасын, елдік айғақ белгілерін
тонатып алған халықтар, сөз жоқ, сол дәулетпен бірге өзінің тарихи жадын да
көмескілейді. Егер ата бабаның көзіндей болып, алыс ғасырлардан жеткен
мұралардың жіп шырғасы шықпай төрінде болса, ондай ел өзін ғана тереңірек
түсініп қоймайды, сонымен бірге өзгеге де түсінікті әрі танымал болмақ. 

***

Тарихтың тәлкегі кез келген елдің, мемлекеттің шекарасын өзгертіп тұратыны
аян. Мұндай «жазмыштан» қазақ халқы да шет емес. Жат жұрттың еншісі болып
кеткен атажұрттарды, тарихи мекендерді дәл қазір қайтара қою мақсат болмаса да,
ол туралы ғұмыр-шежіремізге қатысты деректерді біліп отыру, ұрпақ санасында
ұстау парыз. Сыртта қалған атамекендер де ұлт тарихының құрамдас бөлігі болып
табылады.

***

Әдебиет пен өнерге қатысты 1946 жылғы шыққан қаулы-қарарлардың жалпы рухани
үдерісімізге тигізген зиянды әсері бұл күнде толық мойындалып отыр. ХХІ ғасырдың
бастауында бел алған шынайы демократияшыл ұмтылыстарымыз өткеніміз бен
бүгінімізге шыншылдықпен баға беріп, болашағымызға сеніммен қарауды талап
етуде. Жаңаша талғам талапқа орай, жасалған жақсы қадамдарымыз да жоқ емес.
Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып, Әлихан сынды тарихи тұлғалардың
қайтадан рухани өмірбаянымызға айналуы шын мәнінде тарихи әділдіктің салтанат
құруы деп білеміз.

Алайда бірнеше ұрпақтың санасын көктей өткен ондаған жылдар бойғы рухани
қиянат пен әділетсіздіктің зардабы бес-алты тұлғаны ақтаумен орнына келмейді.
Бұл – саяси көрегендікпен және биік парасатпен мән беріп, кең аяда әрекет етсе
ғана орнына келетін тарихи міндет.

Осы орайда жеке тұлғаларға қо­са тұтас тұжырымдамалардың реп­рес­сияланғанына,
халықтың тұтас та­рихи мәдени танымдарының бұр­ма­ланғанына мән беріп, оның
зардап­тарын түсініп қана оң шешім жасауға бо­лады. Мәдениет тек қана рухани
сабақтастық сақталған ортада жасалуға тиісті. Тарихи және мәдени тә­жірибесін
үзіп алған ұрпақ бәрін де тырбанып қайта бастауға мәжбүр. Демек, әрісі 20-30
жылдардағы асыра сілтеулер мен сталиндік қуғын-сүргін, берісі 1946, 1947, 1951,
1952 жылдардағы одақтық және республикалық қаулы-қа­рарлардың тарихи жаңсақтығы
мен ғылыми дәйексіздігін ескермеу бүгінгі жаңаша ой жосыққа мүлде сай келмейді.
Ал жаңаша ойлау дегеніміз – репрессияға ұшыраған жеке адамдар мен жеке
шығармалардың артында тұтас ой тұжырымдар мен халықтық дүние танымдардың бар
екенін сезіну деген сөз.

***

Еуразияның апайтөс даласында өзіндік өмір-салтпен ғұмыр кешкен көшпелілер
ортасында соңғы бірнеше мыңжылдықты көктей өтіп келе жатқан бір рухани үрдіс
бар. Ол – сонау Гильгамештен бастап, Қорқыт арқылы жалғасын тапқан
философиялық-дүниетанымдық ұмтылыс. Айтары оқшау, ұсынары бөлеу осынау рухани
үрдіс адамды құдіретті Құдаймен тайталастырып, танымның түнегінен жарыққа қарай
ұмтылған тамаша құбылыс еді. Оның жаңғырығы мен жалғасы рухани және материалдық
мәдениетіміздің көптеген үлгілерінде бертін келгенше көрініс тауып отырды.
Өкінішке қарай, «мәдениетті тақыр жерде қалыптастыруды» талап еткен жалаң ұран
ғылыми зердеге жол бермей келді.

***

Қазір кез келген елдің саяси әлеуметтік, мәдени рухани өмірінде БАҚ-тың рөлі
айрықша екені дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Дүниежүзіндегі дамыған елдердің
баршасы БАҚ-қа ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздікке пәрменді ықпал ететін тетік
ретінде айрықша мән береді. Ашығын айту керек, Қазақстанда бұл проблемаға
ойдағыдай көңіл бөлінбей келеді. БАҚ-тың ұлт мүддесіне қызмет ету тетіктері
құқықтық тұрғыда жеріне жете бекемделмеген, нәтижесінде атқарушы билік
органдары БАҚ-қа тиісті деңгейде бақылау жасай алмай, ықпал ете алмай отыр.
Демократия мен сөз бостандығын бір жағынан желеу еткен, тәуелсіз БАҚ дегенді
екінші жағынан желеу еткен, белгілі бір «мықтыға» арқа сүйеуді үшінші жағынан
желеу еткен Қазақстан БАҚ-тары қазір тура мағынасында ұлттық және мемлекеттік
қауіпсіздікке өлшеусіз нұқсан келтірудің қайнар көзіне айналған. Қазір
Қазақстандағы БАҚ-тың демократиясын анархия, сөз бостандығын бассыздық,
тәуелсіздігін жабайылық, арқа сүйейтін «мықтысының» болуын сепарация деп
бағаласа, әсіре сөз бола қоймас. Басын ашып айтуға тура келеді, біздің мұндай
алаңдаушылығымыз, алдымен орыстілді БАҚ-тарға қатысты болып отыр.

***

Әкім сайланбалы болу үшін мемлекет аясында біртұтас патриоттық сезім, бір бүтін
діл, бір мақсатқа бағытталған арман-аңсар, бір арнаға тоғысатын
әлеуметтік-экономикалық жүйе, біртұтас тілдік орта қалыптасуы керек. Әзірше бұл
талғам-талаптардың қай-қайсысы да да Қазақстанда алашабыр сипатта болып отыр.
Рас, мұндай алашабырлық ұзақ мерзімге созылған отарлық жүйенің тікелей салдары
болып табылады және ондай зардаптан арылу үшін уақыт керек. Бұл заңдылықпен
санас­пай жасалған мемлекеттік істің кез келгені не жалаң ұран деңгейінде
қалады, не опық жегізеді. Жері сатылсын деп, мемлекеті өзгемен «одақ» болсын
деп өрекпитіндері бар елдің, халық дәулетін іштен де, сырттан да ханталапайға
салуды тоқтатудың тетігін таба алмай отырған елдің, өз елін жамандап, өзге елді
адақтайтын пенделері бар елдің, ол аздай-ақ, адамдары миллиондап миграция жасап
босып жүрген елдің ахуалымен санаспай, әкімдерін сайланбалы болсын деп ұсыныс
жасау – не шолақ ойлылықтың, не зиянкестіктің нәтижесі ретінде қабылдануға
тиіс. 

***

Қазақстанның қазіргі шенеуніктері мен саясаткерлері «ұлт» деп
қазақстандықтарды атайтын үрдіс қалыптастыра бастады. Бұл жай ғана
сауатсыздықтан туындаған бодау сөз емес, ең алдымен, сөз болып отырған ұлттық
мүдденің көмескі тарта бастауының нышаны. Одан да нақтылаңқырап айтса,
Қазақстанның мемлекеттілігі мен тәуелсіздігіне ұйытқы болып отырған қазақ
ұлтының тарихи орнын мойындауға қымсынушылық немесе мойындағысы келмеушілік
деген сөз. Бұл мәселе соңғы жылдары Қазақстан саясаткерлері үшін әуезе болып
жүрген «адам құқығы» туралы идеяны зерделегенде одан әрі айқындала түседі. Осы
тұста назар аударарлық гәп, Қазақстандағы кейбір саясаткерлер «адам құқығы»
деген мәселені гуманистік идея ретінде ғана әузелеп қоймай, сонымен бірге
қарақан бастарының пендешілік аңсарын жүзеге асыратын тетік ретінде де
қарауында болып отыр.

***

Кез келген өркениетті елде цензура да мәдениеттің құрамдас бөлігі болып
есептеледі. Цензурасыз елді тыйымсыз, көргенсіз ел деуге болады. Бұл жерде
Кеңес өкіметі кезіндегі әміршіл цензура емес, мәселе заңмен бекемделген
цензуралық тыйым тәртіп туралы болып отыр. 

***

Соңғы 20-30 жылда шетелдердегі қазақ диаспорасы Қазақстаннан оқулық пен
баспасөз өнімдерін алмайтын болған. Мұның өзі түбі бір туысқан қазақтарды
рухани алшақтатып қана отырған жоқ, күн өткен сайын тілдік айырмашылығы
ұлғайып, этникалық тектестігі әлсіреп, бірін-бірі жатсыну сезімі күшейе
түсуде. 

Соңғы жылдардағы қазақ диаспоралары тұратын шетелдердегі саяси ахуалды
ескере отырып, шұғыл шаралар қолданбаса, енді 10-15 жылда үш-төрт миллион
қазақтан тірілей айрыламыз. 

Қазақтарды өз Отанына оралтуды тарихи науқанға айналдыра алмай отыруымыз –
мемлекеттік саясатымыздың ең бір дәрменсіз халін көрсетеді. 

Қазақ диаспораларын үйірге қайта қосудың жолдары: Қазақстан азаматтығын
беруді мейлінше жеңілдететін Заң шығару; негізінен ауыл шаруашылығымен
айналысатын ұжымдардың шырқын бұзбай, сол мал-жанымен, өз әкімшілік
мамандарымен, өз мектептерімен алып келіп, шағын-шағын шаруашылық ұжымдарын
құрып беру керек, басым көпшілігін Орталық және Солтүстік облыстардың жеріне
орналастыру керек; сонда олар мемлекетке салмақ түсірмейді, керісінше, екі-үш
жылда дүрілдетіп, пайда келтіретін болады, шетелдік қазақтардың ішінде ғылым
мен техника, өнер саласында сирек кездесетін мамандық иелері бар, оларды өз
мамандықтары бойынша орналастырудың маңызы мен пайдасы айрықша.

***

Ұлт мәдениетін көтеруде тарихи тұлғалардың, өнер мен ғылым адамдарының
парқын дәл анықтап, қабілет-қарымын ұрымтал пайдаланып, өз деңгейінде бағалап
отыруға айрықша мән беру керек. Жабыны – тұлпар, жапалақты – сұңқар деп
бағалайтын елде ұлттық талғамсыздық орнығады. Одан да сұмдығы, рушылдық сезім
өршіп, этникалық биік патриотизмнің тұтастығына, отаншыл киелі сезімге өлшеусіз
зиян келеді.

Осы орайда, төл мәдениетімізді көтерудің ең мәнді тетігі – таза ұлттық, таза
дәстүрді, таза төлтума өнердің өкілдеріне бірінші кезекте мән беріліп,
мемлекеттік деңгейде марапатталып, алдымен соларға атақ лауазым беріліп отыру
керек. Италияның әнін жақсы айтқан әншіні Қазақстанның Халық әртісі деп
марапаттау мемлекеттік деңгейдегі мәдени саясаттың жоқтығын ғана білдірмейді,
сонымен бірге мемлекеттік деңгейдегі мәдениетсіздігімізді де білдіреді. Әлемде
үш мыңдай ұлт бар, соның бәрінің төлтума мәдениеті бар, олардың бәрінің де
мәдениеті қадірлеуге лайық. Бірақ қазақ мәдениетінің тек қана қазақ ортасында,
қазақ топырағында, қазақы төлтумалықта жасалатынын әсте естен шығаруға
болмайды. 

Дәстүрлі, төлтума мәдениетіміздің өкілдерін елеп-ескеру және оларға
артықшылықпен қарау арқылы халықтың рухани талғамы төлтумалықта тәрбиеленеді.
Жат өнер мың жерден асыл болғанымен, оларға орынсыз табынсақ, халқымыз өз
мұрасынан өзі жерінетін болады. Біздің халық қазір осындай халді бастан кешуде.

***

Қазақтың басым бөлігі ауылда тұрады және ұлттық төлтумалықтың да, ұлттық
өнердің де қайнар көзі әзірше солар. Олар қазір мәдени рухани бас иесіз күй
кешуде. Мұның салдары белгілі дәрежеде халықтың пәтуа бірлігіне зардабын
тигізіп, өзімшіл күйкі сезімдерін ұштауда. 

***

Ешбір ұлтқа тілді құдай сыйға тартпаған немесе әлдебір «мәдениеттілеу»
дейтін елден дарымаған. Этностың өзі сияқты тілдің де ең өзекті тамыры
экожүйемен сабақтас. Тіл кез келген ұлт үшін қапысын тауып қолға түсіретін
саяси ұпай, я болмаса, мәдени олжа емес. Тіл ең алдымен өскен ортаның, басқан
топырақтың, ішкен судың, жұтқан ауаның, түскен сәуленің нәтижесі. Сондықтан,
тіл кез келген басы жұмыр пенденің биопсихологиялық болмысынан бастап, мәдени
рухани болмысына дейінгі ең негізгі анықтауыш болып табылады.

***

Қазақ тіліне мемлекеттік статус берілсе бітті, бүкіл Қазақстан халқы қазақша
сөйлеп, жазуға мәжбүр болады екен деп ойлау мейлінше қате. Қазақ тіліне
мемлекеттік статус беру – бұл тілді жойылып кету қаупінен сақтайтын жалғыз ғана
кепілдік екенін түсінуіміз керек. 

Бүгінгі таңда Қазақстандағы қазақтардың 40 пайызының өз тілін білмейтіндігін
айтсақ, республикадағы 205 ауданның 23-інде ғана (ресми түрде 38-інде) қазақ
тілінде іс қағаздарының жүргізілетінін ескерсек, 1989 жылдың басында орыс
тіліндегі балабақшаларда бір миллиондай бала тәрбиелегенде, қазақ тіліндегі
балабақшада 80 мың ғана баланың тәрбиеленгенін (яғни, 12 есе аз), оның өзі арнаулы
білімі бар тәрбиешілер мен тәрбие құралдарының жетіспеуінен аты бар, заты жоқ
күй кешкенін елес­тетсек, ең соңында республикадағы қазақтардың ішінде арнаулы
кәсіби дайындықтан өткен санаулы ғана филологтар мен лингвистерден басқа
бірде-бір мамандықтың иелері тым болмаса, өз мамандығы туралы таза қазақ
тілінде әңгімелеп бере алмайтын халге тап болғанын айтсақ… қазақ халқының
басындағы осынау нәубетті республикамыздағы орыс, украин, неміс, корей, ұйғыр
сияқты өз алдына тілдік үлкен отандары бар бауырларымыз да түсінер деп сенеміз.
Сенеміз деп қайталап айтамыз, Қазақстанда қазақ тіліне мемлекеттік статус беру
– бұл тілді жойылып кету қаупінен сақтайтын жалғыз ғана кепілдік. 

Дайындаған 

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары