КҮНГЕЙДЕ ӨТКЕН МЕРЕЙТОЙ

КҮНГЕЙДЕ ӨТКЕН МЕРЕЙТОЙ

КҮНГЕЙДЕ ӨТКЕН  МЕРЕЙТОЙ
ашық дереккөзі
276

Қазақ халқының
ең танымал биі болған, мемлекет және қоғам қайраткерi, сөз зергері Төле би
Әлiбекұлының 350 жылдығы бүкіл Қазақстан көлемінде атап өтіліп жатқаны жалпақ
жұртқа мәлім. Қазақтың Төбе биіне арналған той 23 қазанда Ташкент қаласында
басталды. Ұлы бидiң кесенесiне тағзым етiп, рухына Құран оқылып, ас берілді. 

Бұл тойлаудан Шымкент
жұрты да қалыс қалған жоқ. Әйгілі бабамыздың мерекелік тойы 24 қазан күні
Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрында «Қазақ мемлекетiнiң
тұтастығы мен дамуындағы Әз Төле бидiң тарихи қайраткерлiк рөлi» деген
тақырыппен республикалық ғылыми-теориялық конференциямен жалғасты. 

Бұл жиынға облыс әкімі
А.Мырзахметов қатысып, сөз сөйледі. Конференцияны ұйымдастырған Оңтүстік
Қазақстан облысының әкімдігі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік
университеті және «Төле би» қайырымдылық қоғамдық қоры екенін айта кетейік.
Конференция Төле би Әлібекұлының Тәуке ханның билігі кезінде «Жеті жарғыны»
қорыту және қабылдаудағы рөлін, Төле бидің жалпы қазақ халқын біріктірудегі
билік істерін, ел тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аласапыран
кезеңіндегі тәуелсіздік үшін күресті ұйымдастыруы, азаттық жолындағы
күрескерлігін, халқының келешегін ойлаған азаматтығын, ірі тұлғалығын айқындау
үшін ұйымдастырылып, бұл есімді келешек ұрпаққа жеткізу және қазақтың тарихында
мәңгі қалдыру үшін өткізілді. Сонымен қатар, конференцияға түскен баяндамалар
жинақталып, «Төле би – қазақ тарихының биігінде» атты кітабы шығарылды. 

Одан өзге Шымкент
шаһарындағы Облыстық А.С.Пушкин атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында «Төле
би» жеті томдық жинағының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер рәсімін облыс әкімінің
орынбасары Ә.Бектаев ашып, жүргізіп отырды. Мерейтойға орайластырылған бұл
шарада белгілі айтыскер, ақын Біржан Байтуов арнау орындады. Жеті томдықтың
құрастырушылары әрі редакторлары халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері,
жазушы-журналист Мархабат Байғұт және Республикалық «Құрмет» орденінің иегері,
жазушы-журналист Шойбек Орынбай жиналғандар алдына шығып, бұл еңбектің қалай
жазылғанын баяндады, оқырмандар қауымын жаңа туындының дүниеге келуімен құттықтады.

Тағы бір айтулы оқиға
ретінде Шымкентте Төле бидің 350 жылдығына арналған көрмені айтуға болады.
Экспозиция Оңтүстік Қазақстан өлкетану мұражайына қойылды. Көрме Ұлы жүздің бас
биі, «Жеті Жарғы» заңдар жинағы авторларының бірі Төле би өмір сүрген кезеңнің
тарихы туралы сыр шертеді. Мұнда Төле би дәуірінде ел басқарған тұлғалар туралы
деректер ұсынылған. Мұражайда, сондай-ақ, тарихи ескерткіштер фотогалереясы мен
сол дәуірдің сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары қойылған. Одан соң Ж.Шанин
атындағы облыстық драма театрында белгілі қаламгер жазушылар Мархабат Байғұт
пен Шойбек Орынбайдың «Қарлығаш әулие – Төле би» спектаклі сахналанды. 

Ал, қазанның 27-сі күні
Төле би ауданында ұлан-асыр той болды. Баба рухына бағышталып, құран оқылып,
көкпар тартылды. Аламан бәйгеге тігілген бас жүлде – «Нексия» көлігі
қазығұрттық шабандоз Асланбек Сейдоллаға бұйырды. Тойлы ауылда жүзге жуық
ақшаңқан киіз үй тігіліп, әрқайсысы бұл күні қонақ күтісіп жатты. Алыс-жақыннан
келген қадірлі меймандар Төле бабамыздың тарихтағы орнын сөз етті. 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Серіктес жаңалықтары