«ЭЙР АСТАНА» ЛОНДОНҒА РЕЙС АШТЫ

«ЭЙР АСТАНА» ЛОНДОНҒА РЕЙС АШТЫ

«ЭЙР АСТАНА»  ЛОНДОНҒА РЕЙС АШТЫ
ашық дереккөзі
309

Лондонға сапар шеккіңіз келе ме? Әлемнің түкпір-түкпіріне есігін ашып жатқан «Эйр Астана» әуе компаниясы әйгілі екі астананың арасын мейлінше жақындата түспек. Бұдан былай Астана қаласынан Лондонға аптасына үш мәрте қатынайтын «Boeing-757» әуекемесі көкке қанат самғайды. Бұл жөнінде бүгін Астанада өткен рейстің ашылу салтанатында айтылды. Шараға ҚР Сыртқы істер министрлігі Ерлан Ыдырысов, Ұлыбританияның ҚР-дағы елшісінің орынбасары Грег Куин, ҚР Транспорт және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров, «Эйр Астана» әуекомпаниясының президенті Питер Фостер қатысып, іске сәттілік тіледі. 

Тура Хитроу әуежайына қонатын ұшақ кез келген жолаушының арманына қол жеткізбек. 16 бизнес-класс және150 эконом-класс орындары да қолжетімді бағаға сатылмақшы. Эконом-кластың билеті екі жаққа да 117 574 теңге, ал бизнес класс 495 649 теңгеден басталады. Тағы бір айта кетерлігі, сейсенбі күні әуе кемесі Алматы-Лондон-Астана-Алматы, ал бейсенбіде Алматы-Астана-Лондон-Алматы, сенбіде Алматыдан Лондонға тікелей қатынайды. Бұдан бөлек тұманды Альбионға сапар шеккісі келген жолаушы тікелей рейс болмаған кезде күнделікті Астана-Франкфурт рейсі арқылы серіктес British Airways әуе компаниясымен Хитроу әуежайына қона алады. Айта кету керек, «Эйр Астана» Алматы-Лондон рейсін 2003 жылдың желтоқсанында ашып, осы уақытқа дейін 160 мың жолаушыны тасымалдады. 

«Эйр Астана» әуекомпаниясының президенті Питер Фостер: «Біз Ұлыбританияға рейстің санын арттыруға мүмкіндіктің болғанына қуанамыз. Бір қуаныштысы, «Эйр Астана» екі елдің астанасы арасына жол салып отыр. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Камеронның елімізге жасаған сапарынан кейін қабылданған бұл шешімі екі елге де тиімді. Бұл Ехро-2017 халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында Астанаға деген жақындастықты айқындай түседі», – деді. 

Динара Дүрмән

Серіктес жаңалықтары