САЯҚ

САЯҚ

САЯҚ
ашық дереккөзі
310

Төбесi шошайып көрiнген киiз үй жақтан ыңыранып шыққан мотор үнi бiртiндеп күшейiп, қалың жыңғыл арасынан машина тұмсығы көрiндi. Сусыма құмға малтыққан доңғалағы шыр айналып, бiрде баяулап, бiрде жылжып, күрең айғырдың тұсына жетiп тоқтады. Ақ  қалпақты жылқышының соңынан үш еркек жерге түстi. Көгiлжiм тартқан күрең айғырдың жанарында талтайып тұрған  әлгi адамдардың бейнесi пайда болды. Iшiн тартып, қабырғасы сай-сай болған айғыр басын көтерiп,  артқы аяғын шалғылап, орнынан  тұрғалы  бойын жиырды да, сал тартқан денесi икемге келмей, қайта сылқ түстi. Буын-буынын алып, сiрестiре бастаған жегiқұрттай кемiрген кеселге дес бергiсi келмей, танауын  парылдата  тынысын кең алды. Ту сыртынан айналған қасқа маңдай,  мұртты жiгiт айғырдың қылқұйрығынан уыстап ұстап, жуан бiлегiне орап, ырғап тартып,  жамбасына жаншылған тезегiн көрдi. Айғыр күре тамырдан қадалған иненi шыбын шаққан құрлы көрмедi. Тістерінің арасына қылшылбыр салған жiгiттер екi жаққа тартып тұрып, шыныдағы дәрiнi лақылдата құйды. Сынаптай сырғыған сұйық көмейiн күйдiрiп, аш өзегiн өртеп кеттi. Жылқышы айғырдың тiсi батқан шылбырды жұлқи тартып, босатып алды. Кең танаудан шыққан демi сусыма құмды суырып, тоқымдай жер тақырланып қалды. Қылшылбырды қарына шумақтап жиған жылқышы серіктерін ертiп, жыңғыл арасына кiрiп кетті.  Киiз үй орныңдай ашық алаңқайда жас құлынның өлексесi үйiліп жатыр. Қолқаны  атқан жағымсыз  иiстен жел өтiнде тұрғандар керi шегiншектеп, жылқышы ыдыстағы майды құлындарға шашты. Босаған ыдыс­ты жерге қойып, жанқалтасын қарбанып, сiрiңке алып тұтатты. Тынық ауа оттың етек-жеңiн қаусырып, көкке тiк көтерiп әкеттi. Қызыл жалын қою қара түтiнмен араласып, шатырлай жанып,  қауырсын күйе көкке көтерiлдi.

Күрең айғыр құм шашып, орнынан ытырыла қозғалған машинаға, одан қызыл жалынға қарап, естiлер-естiлмес оқыранды. Құла түзде ақселеулi жазық даланың шүйгiнiне жайылып, шыңыраудың суын қанып iшiп, еркiн өскен жылқы iшiндегi күрең айғырдың үйiрiне көлденеңдеп тиген кесел оңай соқпады. Жас құлындар көк шыбықтай солып, үйiрге басие болып жүрген күрең айғырды да мұрттай ұшырды. Әуелде бауырын жерге төсеп, әнi-мiні тұрып кететiндей алдыңғы  аяғын тiреп, итiне-итiне сал тартқан бөксесiн көтере алмай,  жанбасына құлап түскен күйi жатыр. Жылқышының жалаң аяқ баласы   жүгiрiп келiп, көзiн сығырайтып тұрды  да, жыңғыл арасынан көк шалғынды асығыс жұлып, айғырдың алдына тас­тады. Ернiн жыбырлатып, тiсiнiң арасына басқан шөптiң дәмiн ашырқанып,  қыбырсыз  қалды.

Таңсәрiден үйiрдегi байталдарды жекелеп қуған  сүлiкқара айғырда тыным жоқ. Суат басындағы жылқы  iшiнен бөлiп алып қуған торы байтал жыңғыл арасына келiп кiрдi. Күреңнен таяныш iздеген  байтал сал болып жатқан  айғырды айнала шауып, алқымынан иiскедi де, қара жердi дүрсiлдетiп, екпiндеп келген сүлiкқарадан үркiп, ытырыла жөнелді. Арыны қатты айғыр   жыңғыл арасынан саңлау тауып қашпақшы болған байталдың күлтеленген жалына  ауыз салып үлгердi. Әлеуеттi құрсау шеңгелiне iлiккен байтал артқы аяғын епетейсiз көтерiп мөңкiдi. Сүлiкқараның қылқұйрығы жерге төгiле көкке  шаншылғанын, торы байталдың аузын бақадай ашып, шарасыз күй кешкенін көрген айғыр денесiн жиыра орнынан тұрғалы ұмтылып, аш құрсағы тiреуге келмей, келiдей басын жерге епетейсiз соқты. Сүлiкқара тiлерсегi майысқан торы байталдың үстiнен сырғып түсiп, талтайып тұрып, ұзақ шорылдатты.  Сауыры қазандай төңкерiлген байтал  тұмсығын шүйiрiп,  айғырдың  зәрiн иiскедi. Суатқа   беттеген сүлiкқараның соңынан басын шұлғып, жай аяңдап, iлесе берді.

Ертеңiне  жылқышы  сүлiкқараға құ­рық салып ұстап, қалыңның арасына арқандап қойды. Қылқа мойнынан байланған жуан кендiр құрсауынан  шыққысы келген айғыр шыр айнала шапқылап, ауылдан ұзаған мама биелерге қызылкөздене қарады.

Бiр уыс шөпті тiсiнiң арасында қаужаңдап жатқан күрең айғырды байқаған жылқышы дорбаға арпа салып әкелдi. Дорбаның аузын жиырып, алдына қойды. Басын көтерген айғыр қарбытып асап, күтiрлетiп шайнағалы жағын ашқанда, арпа тiсiнiң арасынан сусып түстi. Аузы құрғаған айғырдың шөлiркегенін сезген жылқышы шелекпен су әкелiп бердi. Алқымынан демеп басын көтерiп, тұмсығын шелекке тосқанда кең өңештен сылдырап су жүгiрдi. Шаруамен жүрiп,  қайта соққанда күреңнiң басындағы  жантайған шелек пен бос дорбаны көрдi. Айғыр аяғын бауырына жиып, басын көтерiп жатты.  Шығыстан құланиектенген таң қылаң бергенде күрең бойын тiктей алмай, аяғын шашырата орнынан тұрды.  Қарсы беттен таң бозында басын шұлғып, үйездеген  жылқыларды  көрдi. Жыңғылдың ұшар басы қызыл араймен астасып, түбiттей жұқарып, таңғы самалмен тербеледi.

Күреңнiң буын-буыны  дiрдек қақты. Аяғына жем түскен арғымақтай  тұяқ   үстi шорланып, қорғасындай зiл тартады. Тұмсығын көкке созып, iшiн тартып кiсiнегенде даусы ұзаққа жетпей, қамшының сабындай шорт үзiлдi. Тiлерсегiн бүкпестен, аяғын сүйрете басып, қарға адымдап жылжып келедi. Жыңғыл арасындағы жалаңқайға шығып, киiз үй сұлбасы толық көрiнгенде ши түбiрiне сүрiнiп, бойын тiктей алмай, бiр жамбасына тыраң етiп құлап түстi. Шабаланып үрiп келген қос ит бөгде мал емес екенiн сезгенде  құйрығын бұлаңдатып қайта кеттi. Иттердiң даусынан оянған жылқышы сыртқа шығып, төңiрекке көз жүгiрттi. Күрең айғырдың қасына келiп, сай-сай  қабырғасынан демеп, шалғылаған аяғын  бауырына жиып, тiктеп жатқызып қойды. Дорбадағы  жемдi басына iлiп кеттi. Күн көтерiлгенде  басындағы дорбасымен суатқа барған күрең айғырды көзi шалды. Бұл кезде жылқылар ауылдан ұзап кеткен едi. Айғыр басын әуiтке салып, тынық судан сыздықтата iштi. 

Жылқышы диланған күрең айғырды үйiрiне қайта қосты. Бұрынғыдай үйiрiн шұрқыратып алдына салып, қайырмалап кетер деген үмiтте едi. Өзге үйiрден көлденеңдеп келген саяқтар жасқанбастан байталдарды алдына салып оқшаулап куып кете бердi. Күрең айғыр басын шұлғып, лекiлдей желiп, үйiрдi топтауға  талпынғанмен жас биелер ауа жайылып, басы бiрiкпей қойды.  Жер тарпып оқыранып, омырауымен қағып,  азуын шеңгелдеп салғаңда ытырыла жөнелетiн байталдар етiнен арылған айғырдан ыға бермейдi. Өзге үйiрге жанасып жайылғанда тұрқы есiк пен төрдей, құйрық-жалы төгiлген, сiңiрлi көк айғыр омырауымен қағып құлатып, ту сыртымен айнала бере өкпе тұсынан оңдырмай теуiп кеттi. Тынысы тарылған күрең алдыңғы  аяғын  бүккен күйi   шөкелеп жатты. Сәскеде суатқа үйiрдiң соңынан  аяғын iлбiп басып, оқшау келдi. Су iшiп болып,  үйездеген жылқылар өрiске беттегенде жылқышы арқандаған  сүлiкқараны босатып жiбердi. Құйрығын шаншып, орнынан ытырыла жөнелген  сүлiкқара  дүрсiлдете шауып келіп, оқшау тұрған күрең айғырдың жалына  ауыз салды. Екеуi бiрдей кiсiнеп, көкке шапшығанда күреңнiң таяныш еткен артқы аяғы қара ұйыққа тiлерсегiнен кiрiп кеттi. Бойын тiктеп қайта ұмтылғанша  сүлiкқара алқымына азу салып үлгердi. Жанұшыра жүгiрiп келген жылқышы  құрықпен жасқап, екеуiн ажыратып жiбердi. Шашырай жайылған үйiрдiң басын құраған сүлікқара оқшаулап айдап, ұзай бердi. Күрең айғыр  суат басында басын кекжитiп, қызылкөздене оқыранып, көз ұшында кетiп бара жатқан үйiрге ұзақ қарады.

Өрiске ұзап жайылмай, ауыл төңiрегiне үйiрсек болып алды. Басын төмен салып, көктемде көк қуған малдай  ұзақ жүредi. Шомқораны төңiректеп, жылқышының қолына қарайды. Басындағы дорбаны сыпырған жылқышы күреңдi жасқай айдап, ауылдан ұзатып жiбердi. Жыңғыл арасына кiрген айғыр  құлын өртеген үй орнындай үйiлген күлдi жанап өтiп, бұтақ басын шалып, қалың арасынан саңлау тауып, iшкерiлей бердi.  Алдыңғы жақтан жылқының пысқырғаны естiлдi. Қыбырсыз тұра қалып, тың тыңдады. Тобылғы күрең жыңғыл арасынан басын көкжите қарсы қарап тұрған боз биенi көзi шалды. Тұрқы қысқа, үрген торсықтай шеңбер атқан ту бие басын шұлғып, қасына таянған күреңнен үрiкпедi. Күрең төгiлген жалына тұмсығын тығып, жонын, сауырын иiскедi. Алқымынан, бауырынан шымшып тiстеп, ту сыртын берiп, сауырымен сүйкендi. Күрең айғыр келiдей басын биенiң жалына артты. Делебесi қозған күрең көкке тiк шаншылып, боз биенiң тегiлген жалына азуын шеңгелдей салып, жұп-жұмыр денесiн бауырына жиып алды. Белi майысқан ту бие шиқылдай дыбыс шығарып, төрттағандап талтайып тұр. Боз биенiң үстiнен сырылып түскен күрең алдыңғы аяғын тiрей алмай тұмсығымен жер сүзе  құлады. Әл-дәрменi кеткен айғырдың артқы аяғын шалғылап, бауырын төсеп жатуға шамасы келдi. Орнынан тапжылмай ұзақ тұрған боз бие басын шұлғып шыбындап, қалынның арасына кiрiп көрiнбей кеттi. Күрең айғыр сол жатқаннан iңiр үйiрiлiп, жыңғыл арасына қараңғылық жүгiргенде орнынан тұрып, iлби басып, суат басына беттедi.

Жылқылар жиылғанда  сүлiкқара көк айғырға қырғын салды. Құйрық-жалы желбіреп, көкке шапшып, күрзiдей тұяғымен тепкiлесiп, шайнасып қалды. Құлағын жымырып, көзi шатынаған айғырлардың екпiнiнен жылқылар  ығысты. Сүлiкқараның тегеурiндi тепкiсi қата  тиген көк айғыр жалтарып, сырт берiп қорғанып жүргенде жылқышы құрықпен жасқап, екеуiн екi жаққа қуып жiбердi.

Үйiрге iлесуден қалған күрең айғыр ауылды айналшықтап, жылқьшының қолына телмiрiп жүрiп, тұрқы жуандап, шомбал тартты. Қарашаның  шуақты  күнi қоңды жылқылармен бiрге күрең айғыр да қорабы биiк машинаға тиелдi. Ақ ұлпа жеңiл шаң көтерген машина жылқышы ауылынан ұзай берді.

«Созақ қасіреті» – қазақ қасіреті

Өтеш Қырғызбаевтың  бір романы  хақында  бірер сөз

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары – қазақ халқы небір ауыр да азапты, қайғылы да қасіретті күндерді бастан кешкені белгілі. Оның бәрін тағы да тәптіштеп айтып, жіпке тізгендей санамалап беру артық. Дегенмен ел тарихында ерекше есте қалған кесапатты бір кезең туралы сөз қозғаудың реті енді келгендей. Ол – совет үкіметінің алғашқы жылдарында большевиктердің ел ішінде ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық укладтарды зорлықпен бұзып, жеке меншікті қоғамдық меншікке айналдырған тұстағы қиянпұрыс іс-әрекетінен туған зобалаңды кезең. Секемшіл, сесті қызыл империяның әсіре сақтығының «арқасында» сол кезеңнің солақай саясаты мен шынайы бет-бейнесіне де біз арада алпыс жылдай уақыт өткенде ғана ептеп үңіле бастадық. Ептеп дейтініміз, ұзақ жыл құпиясы мен жұмбағын, сыры мен жырын ішке бүріп жатқан тың тақырыпқа түрен тісі іліккен кезде Кеңестік биліктің әлі де туы жығылмаған кез еді. Бірақ түбі босап, түбірі шайқалып тұрған-ды. Бұны 85-тің сең бұзар тұсы десе де болар. «Қайта құру» деп дабылдатып келген сол уақыттың болмашы жылымығын, ең алдымен, жалаңтөс жас тарихшылар мен қарымды қаламгерлер оңтайлы пайдаланып қалған. Сонда… баспасөз беттерінде, әсіресе партияның сөзінен гөрі халықтың сөзін көбірек сөйлеуге бейім «Қазақ әдебиеті» газетінде жиырмасыншы, отызыншы жылдардың небір ойрандары аз да болса, бетін аша бастаған. Осы газет арқылы қалың жұрт аталған кезеңдегі «ұжымдастыру» ісінің қалай жүргенін, оның аяғы алапат аштыққа қалай ұласқанын т.б. да қазақ бастан кешкен талай-талай тауқыметті, нәубетті күндердің қасіретіне алғаш рет қаныққан-ды. Бұның бәрі де, нақты айтқанда, қара мақала, естелік, зерттеулер арқылы көрінген. Ал әдеби шығарма дегенде, аталған кезеңнің ащы шындығын көркем кестелеген Бейімбет Майлиннің әңгімелерінен басқа («Күлпаш», «Айт күндері» т.б.) ештеме жоқ деп жүргенде, күтпеген жерде баяғы Нұрқан Ахметбековтің «Күләнда», Жақан Сыздықовтың «Әли қарттың әңгімесі» атты поэмалары жарқ ете қалған. Бірақ кейін қанша іздестіргенмен «ұжымдастыру» әлегі, ашаршылық зұлматы туралы жазылған әдеби шығарманы еш жерден көрмегенбіз. Осының өзінен-ақ кеңестік кезеңнің қандай қатал болғанын, халықты қалай қорқытып-үркітіп ұстағаны анық көрінер еді.

 Міне осы кезеңде, дәлірегінде 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басында асқан қысым мен зорлық-зомбылыққа шыдай алмаған халықтың жер-жерде бас көтерулері, соның ішінде аяғы қан-қасаппен біткен әйгілі бес көтерілістің болғанын да кейінгі ұрпақ өте кеш білген. Соңғы 20-25 жыл көлемінде, шүкіршілік, бұл көтерілістер туралы арнайы зерттеулер мен публицистикалық біраз материал жарық көрді. Осылардың арасынан менің алғаш ден қойып оқығаным – Созақ көтерілісі жайында жазылған жергілікті өлкетанушы ақсақал Сүлеймен Тәбірізұлының, журналист, ақын Жарылқасын Боранбайұлының материалдары. Бұлар арқылы мен аталған көтеріліс жөнінде нақты деректерге қанығып, сол уақыттағы Созақ жұртының арпалысты күндерін біраз елестеткендей едім. Бірақ мұндай күндерді елестетіп қана қою аз ғой. Ал оның тірі суреті, адамдардың жан күйзелісі, бір сөзбен айтқанда, уақыттың, оқиғаның (көтерілістің) психологиясы қайда? Ол, әрине әдебиетте, көркем шығармада болады. Міне, ондай шығарма да дүниеге келген екен. Оны жазған – түбі созақтық жазушы Өтеш Қырғызбаев екен. Жай әңгіме, хикаят емес – роман. «Созақ қасіреті» атты роман.

Егер шығарма атауы өзін ақтауы керек десек, мұндағы «қасірет» сөзі романның өн бойында өзін түп-түгел ақтап шыққаны анық. Ол қасірет қайдан келді, қалай туды, қалай өрбіді, оның аяғы халықты қандай күйге түсірді деген сұрақтардың бәріне мұнда толық жауап бар. Романды оқып отырып, елдің бейкүнә тірлігін, сенгіштігі мен аңқаулығын, биліктің қанқұйлы әрекеті мен қаныпезерлігін, ауыл-ауылдағы ала-құйын тіршілікті, белсенділер мен әпербақандардың ессіз де арсыз қылықтарын, олардан зәбір көрген кәрі-жастың мұңы мен зарын көзбен көресің, жүрекпен сезесің. Кейде сол оқиғаның ішінде өзің жүргендей ішің қан жылайды, бармақ тістейсің, бас шайқайсың. Әсіресе, романдағы ең жанға батар дүние – бір қазақтың бір қазаққа, ағайынның ағайынға, тіпті туған баланың туған әкеге жау боп шыға келуі. Міне, қайда қасірет. Бұл қасіреттің романда шын мәнінде қасірет боп көрінуі, әркімге оның нағыз қасіреттей әсер етуі – сөз жоқ, жазушының шеберлігі, шығарманың көркем орындалып, шыққандығынан екені даусыз.

Жазушы Өтеш Қырғызбаевтың бұған дейін «Сүгір», «Аллаһу» атты екі романы жарық көрген еді. Бұл – талантты жазушының «Созақ қасіретіне» қаламын әбден шыңдап, үлкен дайындықпен келгенін көрсетсе керек…

                     

Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары