БӘЙДІБЕКТІҢ АСТЫҒЫ БІТІК ШЫҚҚАН
БӘЙДІБЕКТІҢ АСТЫҒЫ БІТІК ШЫҚҚАН
Қазіргі Бәйдібек ауданының қай түкпірінде болмасын, егіс алқабында қызу тірлік жүруде. Диқаншыларды іздей қалсаң, егістік басынан табасың. Бұған жақында аудандық ауыл шаруашылығы мамандарымен бірге Борлысай ауыл атырабындағы егілген дақылдың өсімі қандай, астық орағы қалай жүргізілуде, диқаншының өнімге көңілі тоқ па деген сұрақтарға жауап іздеп, шаруалардың шаруасымен танысуға барғанда көз жеткіздік. Борлысай ауыл әкімшілігінің жер инспекторы Темірәлі Батырбеков аймақтағы оңды өзгерістер жөнінде әңгімелеп берді.
Темірәлі Батырбеков бізді алдымен тау етегіне егілген алқапқа алып барды. Қос қыратты қақ бөліп тұрған тас жолдың екі жағы да егістік. Мақсары дақылы қызғылтым тартып алыстан көз тартады. Бірақ көп жерлерге сары шөптің араласқаны да байқалады. Оның жайын маманның өзі түсіндіріп берді.
– Сары шөп деп тұрғандарыңыз жабайы сұлы. Жылда бір жерге бір дақылды «Орта Сүңгі К» ЖШС-нің директоры, белгілі диқан еге бергеннен жер тоза бастайды. Міне, осындай кезде жабайы сұлы қаптап кетеді екен. Ол мақсарыдан бұрын пісіп, дәні жерге төгіліп қалады. Сондықтан алқапты ауыспалы егістікке ауыстырып отыру қажет. Ондай жерге жоңышқа еккен жөн, – деді.
Біз одан әрмен қарай биылғы егілген жоңышқаның шығымын да көрдік. Таулы аймақ болғаннан соң ба, жайқалып тұр. Біраз уақыт алқапты аралағаннан соң, түске таман диқаншы Кәрім Оспановпен хабарластық. Онымен кездесіп, тауға қарай тартып кеттік.
Кедір-бұдыры көп, қара жолмен шаңғытып келе жатырмыз. Жолдың екі жағында теңіз толқынындай желдің ырғағымен тербеліп, бидай дақылы жайқалып тұр. Кәрім ағамыз биылғы жылғы табиғаттың шаруаға жайлылығын, жауын-шашынның молдығын айызы қана отырып әңгімелеп келеді.
– Мен біраз жылдан бері егін егіп жүріп, мұндай нәтижеге сирек қол жеткіземін. Биыл бидайдың өсімі өте жақсы. Бойы биік, дәні толық. Бірақ ауылдың малы тыныштық бермей жатыр. Көзді ала бере егістікке лап қояды. Осыларды қуумен-ақ уақыт өтуде, – дейді ризашылығы мен ренішін қоса айтып.
Шаруашылық төңірегінде әңгіме өрбіте отырып, егіс басында жұмыс істеп жатқан жігіттерге де келіп жеттік. Олардың жұмыс барысымен танысып, хал-жағдайын, техниканың жай-күйін білдік. Астық орымы ойдағыдай жүргізіліп, бидай түсімі гектарына 25 центнерден айналып жатыр екен. Егістік басында 7 жұмысшы, екі комбайн, бір Камаз, екі трактор еңбек етіп жүр. Кәрім белорустық екі «МТЗ-80» тракторын жаңалап алыпты. Енді комбайнның жаңасын алсам деген арманын айтып қалды.
Жалпы, «Орта Сүңгі К» ЖШС-і 819 гектарға мақсары, 200 гектарға бидай, 100 гектар алқапқа жоңышқа егіпті. Бидайдың 96 түрінің ішінен жергілікті жерге жерсінген «память-47» деген түрін таңдаған. Ауыл маңындағы неше жылдан бері қаңырап, тоз-тозы шыққан ескі қойманың есік-терезесін бүтіндеп, жиналған өнімді осы жерге түсіріп жатыр екен. «Орылғаннан кейінгі қалған сабанды не істейсіз?» деген сұраққа, диқаншы ағамыз «өзіме шамалысын алып, қалғанын ауылдастарыма таратып беремін ғой», – деп жауап берді. Осылайша кеңпейіл азамат бидаймен, сабанмен, керек кезінде техника жағынан да ауылды қамтамасыз етіп, ел-жұртқа да пайдасын тигізуде.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ