ҚЫЗЫҒЫ – ӘЛЕМДІКІ, ИГІЛІГІ – ҚАЗАҚТІКІ
ҚЫЗЫҒЫ – ӘЛЕМДІКІ, ИГІЛІГІ – ҚАЗАҚТІКІ
66-шы ЭКСПО:
ЭКСПО көрмесі техникалық және технологиялық саладағы соңғы ғылыми жетістіктерді паш етудің жолы ғана емес. Бұл – білім беру, инновация саласындағы әріптестік орнату, жалпы адамзатқа ортақ мәселелерді талқылауға ыңғайлы орта.ЭКСПО халықаралық көрмелері 160 жылдан бері әлемнің әр түкпірінде өткізіліп келеді. Шындығында, ЭКСПО-ның әрбір көрмесінің қай елде, қай қалада өтетіні туралы шешім талапкер елдің саяси, экономикалық, географиялық және мәдени ерекшеліктерін ескере отырып қабылданады. Былтыр Қазақстан таласты бәсекеде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығын жеңіп алғанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды құттықтаған еді: «Енді біздің алдымызда «ЭКСПО-2017» көрмесін лайықты деңгейде өткізу міндеті тұр. Бұл еліміз үшін емтихан ғана емес, көрме біздің жасампаз әлеуетімізді ашуға мүмкіндік береді. Астанада «ЭКСПО» көрмесін өткізу республикамыздың инновациялық дамуына серпін береді».
Сондықтан ТМД аумағында осындай халықаралық көрмені өткізу мәртебесі Қазақстанға сеніп тапсырылуы оның мемлекеттік әлеуетінің мықтылығын, келешек даму бағдарының айқындығын білдіреді.
Оның үстіне, көрмені өткізу кезінде белгілі бір тарихи даталарды атап өту дәстүрге айналған. Мысалы, 1889 жылы Парижде Француз революциясының 100 жылдығы атап өтілсе, 1876 жылы Филадельфияда АҚШ тәуелсіздігінің жариялануының 100 жылдығы тойланды.
Ал 1998 жылы Лиссабондағы көрмемен Васко да Гаманың Үндістанға алғаш табан тірегеніне 500 жыл толуы тұспа-тұс келді. 1986 жылы Ванкуверде болған көрмеде осы қаланың жүз жылдығы қоса атап өтілді.
Бір ғажабы, Қазақстанда өтетін ЭКСПО көрмесі де ел өміріндегі айтулы датаға орайлас келгелі тұр. 2017 жыл – Астана қаласының 20 жылдығы тойланатын мерейлі жыл. Ендеше, Астананың өзі инновациялық шешімдер тоғысқан, ғылыми ой мен озық технологиялар дендеп енген заманауи қала ретінде ЭКСПО-2017 көрмесінің басты символына айналуға лайықты.
Қай кезде де көрмені өткізетін қала өзінің келбетіне заманауи архитектуралық жаңалықтар енгізіп, өзгеше сәнмен құлпыруға тырысқан. Осы кезге дейін өткізілген халықаралық көрмелердің ішінде барша әлем мойындаған ғимараттар ЭКСПО-ға дайындық барысында дүниеге келген архитектуралық туындылар еді. Мұндай ғимараттарға қойылар басты талап – олар замана лебін сездірер сипатқа ие болуы керек.
Париждегі Эйфель мұнарасы, Брюссельдегі Атомиум, Барселонадағы Монжуич ұлттық сарайы – олардың бір парасы ғана.
Кейде ЭКСПО көрмелерін «әлемдік ауқымдағы театр сахнасы» деп те атайды. Өйткені мұнда адамзатқа тән заманауи озық ой мен өнер түрлері барынша жарқырап көрінеді. Көбіне қарапайым туристер көрмеге жаңа ақпарат алуға немесе технологиялар туралы білімін тереңдетуге емес, қызық көру үшін, тамашаны танып білу үшін, таңсыққа тамсану үшін келеді. Қазіргі кездегі аттракциондардың алғашқы түрлері халықаралық көрме көрермендерінің көңілін көтеру үшін ойлап табылған деседі. Тіпті жеделсаты, телеграф, тігін машиналары, электр жарығы, мұздатқыш, робот сияқты адамзат ақыл-ойының жемісі болған, бүгінде үйреншікті затқа айналған құрылғылар ең алғаш рет ЭКСПО көрмелерінде таныстырылған.
Осы орайда, Астана көрмесінің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» аталғандықтан да, бұл салада соны жаңалықтар, өзегеше жобалар таныстырылады деп күтуге негіз бар.
Астанада бұл мақсаттағы жұмыс басталып та кеткен. Көрме кешенінің іргетасы келесі жылдың басында қаланады деп жоспарланып отыр. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге шамамен 100 гектар жер бөлінді. Кешенде жүзге тарта павильон салынбақшы.
ЭКСПО-2017 көрмесінің нысандары қандай болатыны биыл күзде Астанада өткен халықаралық архитектуралық байқауда анықталды. 20 мемлекеттен келген 50 шақты архитектор астаналық көрменің болашақ бейнесіне қатысты өз жобаларын ұсынды. Үкімет басшысы Серік Ахметов ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кешенінің сәулеттік дизайнын жасау бойынша өткізілген байқау қатысушыларымен кездескенде: «Мұндай ауқымды мамандандырылған шараны өткізу халықаралық қауымдастықпен бірге біздің елімізде де үлкен қызығушылық туғызады. Көрмені өткізуге дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі ЭКСПО-2017 алаңының сәулеттік дизайнын жасау болып табылады», – деп атап өтті. Қазан айының басында үздік шығармашылық жұмыстар Елбасыға таныстырылды.
Кешенде салынатын ғимараттарды ЭКСПО-дан кейін қалай пайдалануға болады деген мәселе қазірдің өзінде талқыланып жатыр. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев: «Көрме кешендері қазақстандықтарға ЭКСПО-дан кейін де қызмет етеді деп жоспарлап отырмыз», – деп мәлімдеді.
Мамандар ЭКСПО-2017 кешені кейіннен болашақ энергиясының орталығы болады әрі жастар бас қосатын мекенге айналады деп пайымдауда. Мұнда көрме аяқталғаннан кейін ғылым мен техника саябақтары, бизнес-инкубаторлар, білім беру және ойын-сауық орталықтары салынатын болады.
ЭКСПО Қазақстан үшін экономикалық және технологиялық алға жылжытар тетік болатыны сөзсіз.
ЭКСПО ғимараттарын салуда «жасыл экономиканың» негізгі қағидалары сақталып, қалаларды байыпты жобалау қағидалары ескерілетін болады. Ең әуелі көрменің инфрақұрылымы халықаралық көрмелердің техникалық талаптарына сай болуы тиіс, оның ішінде экологиялық қауіпсіз материалдарды пайдалану, қуатты үнемдейтін нысандар салу керек.
ЭКСПО-2017 көрме кешенінің нысандары қуатты өте аз әрі үнемді жұмсайтын болады. Олар негізінен қайталанбалы қуат көздерін тұтынады. Оларға қоса интеллектуалды қуат жүйелері т.б. тың жобалар болады. Олар өз бейнесімен жаңа әрі таза технологияларды насихаттайды.
Бұған дейінгі ЭКСПО көрмелерінен ғылым мен мәдениет, өнер шеберлері тыс қалған емес. Кезінде Вагнер, Штраус, Верди сияқты талантты музыканттар түрлі көрмелер тақырыбына арнап шығарма жазғаны тарихи дерек. Атақты суретшілер мен мүсіншілер көрме кешенін безендіру көркемдеу үшін эскиз-жобаларын ұсынады.
Көрме кешені өнер галереясына айналған кездері де болған. Атақты суретші Моне 1867 жылы Париждегі халықаралық көрмеге арнап сурет салса, 1939 жылы Дали Нью-Йорктағы сюрреализмге арналған павильонды әрлеумен, кескіндеумен айналысқан.
Әйтсе де, ЭКСПО көрмелері тек ғылыми-мәдени немесе экономикалық-экологиялық мақсаттарды көздейді десек, қателескен болар едік. ЭКСПО көрмелері кез келген басқа жоғары деңгейдегі халықаралық басқосулар секілді әлемдік мемлекет басшылары арнайы ат басын бұратын, халықаралық саясаттағы белгілі бір шешімдердің қабылданып, адамзаттық даму бағыты айқындалатын стратегиялық алаңқай.
Оның үстіне, халықаралық көрме – әлемдік мәселелерге баршаның назарын аудару үшін таптырмас орын. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң технологиялық өрлеуді тұрақты дамумен ұштастыруға деген талпыныс байқалды.
ЭКСПО павильондарының сыртқы саясатта әріптестік орнату үшін оңтайлы көпірі бола алатындығының мысалы Шанхайдағы 2010 жылғы көрме еді. Осы жылы Израиль халықаралық көрмелер тарихында алғаш рет өзінің төл павильонын салды. Жалпы саны 12 миллион доллар жұмсалған жоба Израиль мен Қытай ара-қатынасын жаңа деңгейге шығаратын шара болуы тиіс еді.
Әдетте, халықаралық көрмелердің ашылу салтанатына көптеген мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады. Мұның өзі көрмелердің саяси маңызынан хабар береді.
Шындығында, әр кезеңде халықаралық көрме қожайыны ЭКСПО сахнасын өзінің экономикалық қуатын әлемге паш ету үшін пайдаланған. Мұның жарқын мысалын 2010 жылы Қытай аңғартты. Шанхайда өткен халықаралық көрмелер тарихындағы ең қымбат жобалардың бірі болды.
Астаналық ЭКСПО көрмесінің басты тақырыбы – болашақтың энергиясы баламалы қуат көздерін дамытуды талап етеді. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі адамзаттық деңгейде энергия тапшылығын жою және кедейшілікті азайту мәселелеріне оң ықпал етуді көздейді.
Қазақстан алдағы уақытта күн, жел, су көздерін пайдалану, өндірістік суды қайта пайдалану жолдарын қарастыруы қажет. Оның үстіне қуат тасымалдаудың үнемді де арзан жолын табу керек. Қазіргі электр қуатының 20 пайызы тасымал кезінде ысырап болатыны белгілі.
Энергия көздерін табуда және оларды пайдалануды жетілдіруде экологиялық қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс.
Қазақстан қолға алған болашақтың энергиясы бағыты бойынша ғылыми тұрғыда ізденуге Ерейментаудағы жер станциялары мен Астанада салынатын күн көзі қуатын пайдалану жобалары айтарлықтай сеп болмақ. Бұдан бөлек, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстары қазірдің өзінде жел қуатын пайдалануға көше бастады.
Былтыр Оңтүстік Кореяның Есу қаласында өткен көрме аясында концерттер, фестивальдер, конференциялар, бизнес-форумдар сияқты 6000-ға жуық іс-шаралар өткізілген. Ендеше, Астанадағы тоқсан күн түрлі оқиғаларға толы болмақ.
Алдағы төрт жылда жыл сайын Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бо-йынша конференциялар мен симпозиумдар өтеді. Осылайша, Қазақстан «жасыл технологиялар» мен балама қуат көздері мамандарын жер-жерден тартуды көздеп отыр.
ЭКСПО-2017 көрме маусымдық модель бойынша ұйымдастырылмақ. Қысқа мерзімдік жазғы маусымда шамамен 5 миллион қонақты қарсы алуға дайындық тыңғылықты болуы тиіс. Кешен құрылысы келесі жылы басталады. Көрмені ұйымдастыруға 1,5 миллиард доллар жұмсалады деп есептелген. Дегенмен, барлық шығындар мен түскен пайданың нақты көлемі көрме өткен соң ғана анық болады.
Әрине, барлық халықаралық көрмелер ойдағыдай өтті деу шындыққа сай емес. 2000 жылы Ганноверде өткен маусымдық көрме туристердің көңілінен шықпаған. Сол кездегі баспасөздің жазуынша, бұл көрме ұйымдастырушыларды айтарлықтай шығынға батырған екен.
Ал Лиссабонда 1998 жылы өткізілген көрме өте табысты өтті деуге болар. Жалпы саны 11 миллион турист тамашалаған көрме кешені әлі күнге дейін пайда түсіруде.
Сәтті өткен көрмелердің бірі Оңтүстік Кореяның Есу қаласында өткен ЭКСПО-2012 шарасы. Осы көрмені ұйымдастырудың арқасында қала инфрақұрылымы жаңарып, басқа қалаларға көлік жолдары салынды.
ЭКСПО көрмелері қонақтарды қарсы алушы елдің өзінің кешегі тарихын, халықтық мәдениетін, ұлттық колоритін жарқырата көрсетудің мүмкіндігі екені есімізден шықпауы тиіс.
Қазақ қолөнер бұйымдарын саудалау арқылы халқымыздың дәуірлер бойы қалыптасқан бай этнографиялық мұрасы мен рухани байлығын таныта аламыз. Жалпы, сырттан келетін қонақтарды ұлттық қайталанбас өнерімізбен, төл мәдениетімізбен, тағдырлы тарихи өнегемізбен таң қалдырмасақ, оларды заманауи ғылым мен білім жетістіктерімен ғана қарсы алудың тиімділігі аз.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында туризмді дамыту тұжырымдамасын жасап жатыр. 2014-2015 жылдары туристерді көптеп тарту үшін кең ауқымдағы ақпараттық-насихаттық жұмыстар басталмақ. Осы көрмені ұйымдастыру барысында туризмнің сан саласын дамыту көзделіп отыр. Мысалы, экотуризм, мәдени туризм, артфестивальдер ұйымдастырылады.
ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Алматы, Көкшетау және Қарағанды қалаларына да туристерді шақыру, орналастыру, түрлі таңғажайыптар ұсыну – Қазақстан үшін оңтайлы мүмкіндіктер болмақ. Жақында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Астана өткізген баспасөз мәслихатында Байқоңыр қалашығы мен ғарыш айлағын ЭКСПО туристерін шақыратын маңызды нысанға айналдыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
ЭКСПО туристеріне ұсынылатын ғажайыптардың бірі – Бурабай курортты аймағы болмақ. Ондағы су қоймалары тазартылып, арнайы туристік қалашықтар салынады.
Өткен айда Астанада брифинг өткізген Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру барысында Целиноград, Аршалы және Қорғалжын аудандарында этноауылдар құру жобалары дайындалып жатқанын хабарлады. Әкімнің айтуынша, бұл этноауылдар сырттан келген туристерді халықтың салт-дәстүрімен, мәдениетімен етене таныстыруға мүмкіндік береді. «Бурабай курорттық аймағымен қатар, Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын, Ерейментау, Бұланды және Ақмола аудандарында да туризмді дамытудың мүмкіндігі жоғары», –деді Қ.Айтмұхаметов. Оның үстіне, бұл жоба елдегі аграрлы туризмді дамытуға сеп болмақ.
Туристерді құшақ жая қарсы алатын мекендердің бірі – Қорғалжын қорығы. Туристер бұл жерде мұрты бұзылмаған табиғат тынысымен қауыша алады.
Мұндай жобалар қазақстандық көрменің мерейін асырып, өзгелерден ерекшелейтіні ақиқат.
ЭКСПО-ға дейін Астанада әлі талай құрылыс нысандары салынбақ. Солардың бірі – «Абу-Даби Плаза» көпфункционалды кешен пайдалануға беріледі.
Ал Астана қаласы әкімшілігі астаналық әуежай төрт жылдан соң бес миллион адамды еркін қабылдайтын болады деп уәде беріп отыр. Бұған қоса Елорданың сол жағалауында теміржол терминалы салынады.
Астананың паспортына айналған мұз қалашығы енді «Мұз сарайға» айналып, жаңадан Жекпе-жек орталығы салынады. Бұлар – астаналық қонақтарға ұсынылатын тосын да соны ғажайыптардың бір парасы ғана.
Олардан бөлек, Астанада жасыл желек көбейіп, түрлі саябақтар, ботаникалық бақтар қатары көбейеді.
Әлеуметтік нысандар салу да назардан тыс қалмақ емес. Астаналық тұрғындар үшін жергілікті басшылық тағы 50 балабақша мен 30 мектеп, жаңа медициналық орталықтар тұрғызуға уәде беріп отыр.
Жеңіл рельстік жол салынып, 42 шақырымдық жол Астана мен ЭКСПО кешені арасын жалғастырады.
Ал қазақстандықтар үшін ЭКСПО көрмесі өз жерінде отырып, бір мезгілде жүзден аса елге «виртуалды» саяхат жасаудың, олардың мәдени, тұрмыстық, тарихи ерекшеліктеріне қанығып, экономикалық, саяси, ғылыми жетістіктерімен танысудың таптырмас мүмкіндігі. Өзін ғаламдық дамудың бір бөлшегі ретінде сезініп, шетелдік мамандармен пікірлесу, білім мен тәжірибе алмасып, дүниежүзіндегі үдерістер жайлы мол мағлұмат алу – әрбір қазақстандық үшін танымдық өсудің алғышарты болуы да ғажап емес.
Ал 2017 жылы Астанаға сапар жасай алмайтын азаматтар үшін ЭКСПО көрме кешенін ғаламтор арқылы онлайн түрде тамашалауға жағдай жасалады.
Ендеше, ЭКСПО өткізудің ең үлкен жетістігі – одан кейін қалатын ізінде, оның мұрасында. Бір сөзбен түйіндесек, «ЭСКПО-ның боладысы да, болғаны да қызық».
Меруерт АСҚАРҚЫЗЫ
Астана қаласы