ХАН АБЫЛАЙ
ХАН АБЫЛАЙ
Ұлт тарихында қазақ мемлекеттілігін құрып және оны сақтап қалуда ерекше саяси қызмет атқарған билеушілердің қалың қатары бар. Халық жадында, сондай-ақ тарихи деректерде сақталған сол қалың топтың ішінде биік қарағайдай көзге түсетін айтулы тұлғалар кездеседі. Оларды тарих сахнасындағы атқарған қызметіне қарай хронологиялық тәртіппен «ат қойып, айдар тағып» түгендейтін болсақ, ол былай түзелген болар еді:
1. Хандық басқару орталығы Еділ-Жайық бойына орналасқан Жошы ұлысындағы көшпелі Өзбек хандығынан өзіне қарасты ру-тайпаларды бөліп алып, сауда-саяси орталығы Ташкент-Түркістан маңына шоғырланған Шағатай ұлысындағы көшпелі Моғолстанның шекаралық аймағында (Шу өзенінің маңында) жеке Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек (ХV ғ.);
2. Моғолстандағы жаңа қоныста жақтас пен тілеулес тауып күшейген Қазақ хандығын Жошы ұлысының Еділ-Жайық бойына қайта орналастыруға ұмтылған Жәнібекұлы Қасым хан («Қасым ханның қасқа жолы» (ХVІ ғ.);
3. Сыр бойындағы ескі қонысты (Ташкент-Түркістан) жаңа саяси орталыққа айналдыра білген Есім хан («Есім ханның ескі жолы» (ХVІІ ғ.);
4. Түркі тектес жеті жұртты (қазақтың үш жүзі және қырғыз, қарақалпақ, қатаған, жайма руларын) жоңғарға қарсы жұмылдыру мақсатында «Жеті Жарғыны» қабылдатқан Әз-Тәуке хан (ХVІІ ғ. соңғы ширегі);
5. ХVІІІ ғасырда шығыстағы жоңғардың жойқын шабуылдарының бетін қайтарып, Аңырақай соғысында жеңіске жеткен, батыстағы қалмақты Еділ-Жайықтан асырған, башқұртты Оралдың ішкі аймағына қарай ығыстырған, Орта Азияға ентелеп кіріп жатқан Ресей патшалығымен тиімді келіссөз жүргізе білген Әбілқайыр хан;
6. Ресей мен Қытай арасында амал-айла құралымен қазаққа тиімді саясат жүргізе отырып аталмыш елдермен шектесетін ел шекарасын сақтап қалуда, күйреген жоңғар қонысынан қазақтың жерін қайтаруда, оңтүстіктегі ежелгі қоныстарды кеңейтуде ерекше қажыр-қайрат көрсеткен Абылай хан;
7. ХІХ ғасырдағы Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы азаттық күрестің басшысы болған, қазақтың соңғы ханы –Кенесары т.б.
Бүгінгі әңгіме арқауы – осы тізбектегі Абылай хан. Атақты тұлғаның ел алдындағы атқарған тарихи қызметі ХVІІІ ғасырдағы қазақ халқының басынан өткізген оқиғаларымен тығыз байланысты болды. Ол ғасыр қазақтың мемлекеттілігі, тәуелсіздігі, азаттығы қатал сынға түскен уақыт еді. Ел басына алмағайып сын жағдайдың орнауына бірнеше тарихи оқиғалар себеп болды. Олар мыналар: біріншіден, қазақ даласын шығыс пен батыстан қатар қысқан көшпелі жоңғар қалмақтарының жойқын шабуылдары, екіншіден, қазақ билеушілерінің арасындағы тақ күресінен туындаған алауыздық, үшіншіден, империялық пиғылы, ақыл-ойы, ерік-жігері жаулап алу саясатына қарай түбегейлі ауған көрші Ресей мен Қытайдың қазақ жеріне тікелей көз салуы, төртіншіден, Орта Азия хандықтарының қыспағы.
Аталмыш жағдайлар қазақ даласындағы геосаяси мәселелерді өте қатты шиеленістіріп жіберді. Осындай сын кезеңде Абылай хан үлкен мемлекет қайраткерлігіне тән ерік-жігер, батылдық, батырлық, ақыл-айла танытты. Қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалуға көп еңбек сіңірді.
Абылай ханның саяси қызметіне бастау болған арқау – оның арғы тегі Шыңғыс ханнан тарайтындығы. Әйтсе де, хан-сұлтандардың Шыңғыс тұқымынан шыққандығы жауынгер халық қазаққа хан болуға даңғыл жол ашпайтын. Халықты билеу үшін Шыңғыс тұқымы халыққа оны өзге бәсекелестерінен ерекшелендіретін қасиеттерімен (қазіргі ұғыммен айтсақ, харизмі) ұнауы тиіс. Қазақтың саяси танымындағы бұл құбылысты Абылай заманындағы орыс шенеуніктері мен зерттеушілері байқаған болатын. Мысалы, орыс патшасының қазақ даласындағы «көзі мен құлағы» болған, даладағы саяси жағдайды жіті бақылап отырған Орынбор губернаторы И.Неплюев мұны былайша сипаттайды: «Қазақ хандары басқа сұлтандар алдында биліктегі үлкендігінен басқа ешбір артықшылығы жоқ…, ал нағыз хандық билік пен құрмет оның бүкіл халықтық істері мен ақылдылығымен және іс-әрекеттегі амал тапқыш айлалығына байланысты» (Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи ХVІІ-ХVІІІ вв. А., 1991). Ал қазақтар туралы алғашқы көлемді тарихи-этнографиялық еңбек жазған зерттеуші А.Левшин: «Хандық ақсүйектік халық жиынында оған – егер ол ақылымен, байлығымен және тағы басқа қадір-қасиетімен маңайына тілеулестерін жинай алмаған болса – ешқашан басым дауыс алып бере алмайды» (Левшин А.И Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей. /Под общей редакцией академика М.К Козыбаева. – Алматы: Санат, 1996.–656 с.), – деп атап көрсетеді.
ХVІІІ ғасырда қазақтың ұнатқан қасиеттері, қоғамының ең әлеуметшілік сұранымы – батырлық, өжеттілік пен қайсарлықтан өрілетін жауынгершілік, ой жүйріктігін танытатын ақыл-айла, даналық. Абылайдың бойында осы қасиеттер мол орын алды. Ол ел назарына батырлығымен ілінеді. Оның батырлық жорықтары халықтың жыр-аңыздарында аса үлкен құрметпен дәріптеледі. ХVІІІ ғасырдағы қазақтың атақты батырларының барлығы дерлік хан маңына жиналған. Қазақтың атақты батырлары (Қанжығалы Бөгенбей, Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай) елге танылмаған жас Абылайды жорыққа алып шығып, ерлігін сынайды, батырлық ісіне тәнті болып, оны өз орталарынан хан етіп көтереді.
Абылайдың хандық мөрінде батырлық лаузымның «Баһадүр Абылай хан бин султан Уәли» деп таңбаланып, ханның тікелей ұрпағы Ш.Уәлихановтың «Хандар шежіресінде» «Хан Абылай батыр» [Валиханов Ч.Ч. Родословное древо казахских ханов и султанов.// Соб.соч. в 5 т.- Алма-Ата, 1984, Т.4, с.174] деп айшықталып берілуі – хандық саяси билікке батырлық, жаугершілік қасиеттерімен көтерілгендігін танытады.
Абылайдың батырлық көрсеткен алғашқы майданы – сөз жоқ, қазақ-қалмақтың жауынгершілік заманы. Болашақ ханның балалық, жастық шағы жоңғар қалмақтарының 1723-1729 жылдар арлығындағы жойқын шабуылдарына тұспа-тұс келді. Бұл кезеңде қазақ хандығы Қаратау-Сырдария ареалындағы қоныстарынан айырылады. Әз-Тәуке тұсынан бастап қазақ билігіне көшкен Сырдария өзенінің орта ағысындағы үлкенді-кішілі Ташкент, Сайрам сынды сауда қалаларына қалмақтар билігі орнайды. Бұл қалалар Қазақ хандығының сауда-экономикалық артериясы болды. Сондықтан оның стратегиялық маңызы зор еді. Әз-Тәуке ханға туыстық тұрғыдан немере ағайын болып келетін Абылайдың аталары осы стратегиялық маңызы зор өлкеде билік құрады. Атап айтқанда, Абылайдың атасы Абылай мен әкесі Уәли Ташкентті билейді. Бұл деректі біз айбарлы ханның хатшысы болған, сондықтан оның өмірбаяны мен шежіресін жақсы білетін бірден-бір кісі М.Мәмедовтің 1768 жылы орыс үкіметі өкілдеріне берген хабарламасынан оқи аламыз. «Абылай сұлтанның, – дейді ол, – атасы мен әкесі Ташкент қаласының хандары болған. Қаланы жоңғар қалмақтары жаулап алғанда, он жасар Абылай Түркістан қаласындағы Әбілмәмбетке барады» (История казахской литературы. В 3-х томах. Т.ІІ. А., 1979, с. 41).
Ханның хатшысы баяндап отырған хабарлама тарихи шындыққа өте жақын. Біріншіден, жоңғарлардың Ташкентті жаулап алғаны – тарихи шындық. Бұл оқиға 1723 жылы болады.
Екіншіден, Сырдария өзенінің орта ағысындағы қалаларды өзіне қаратқан Әз-Тәуке Ташкент билігін немере інісі Қанішер Абылайға (Абылай ханның атасы) беруі әбден мүмкін еді.
Үшіншіден, аталмыш хабарлама Абылай ханның қай жылы дүниеге келгенін де дәл анықтап береді. 1723 жылы Абылай 10 жаста, 1781 жылы ол дүниеден қайтқанда, баласы Уәли сұлтанның хабарлауынша, 68 жастан 69 жасқа қараған болатын. Қарапайым математикалық амалмен есептесек, ол былай болып шығады: Абылайдың қайтқан жылы – 1781, жоңғарлардың Ташкентті жаулап алған жылы – 1723, Ташкентті жоңғарлар алғанда Абылай – 10 жаста. Демек, 1781-68=1723-10 жыл. Демек, биыл Абылайдың туғанына тура 300 жыл! Атақты тұлғаның мерейтойын ала-құла атамау үшін, «Өспейтін елдің балалары – өшпейтін дауды қуады» деген қазақтың мақалының кері болмай, тарихи деректермен қуатталған осы датаға тоқтауымыз қажет.
Әлқисса, «сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей, Әз-Тәукенің Ташкент билігін өз аталарына бергендігіне және оның ұрпақтарының (Болат, Әбілмәмбет) өзіне жасаған тікелей қамқорлығына Абылай да орынды жауап береді. Бұл оның хан тағына жету жолындағы іс-әрекетінен көрінеді. Сұлтан Абылай өзінің атақ-даңқы немере ағасы Әбілмәмбет (Әз-Тәукенің немересі) ханнан асып тұрса да, оның көзі тірісінде тақ иесімін деп ұмтылмайды. Жоңғар хандығы күйреп, Орта жүзде Абылайдың атақ-даңқы артып бара жатқанын байқаған орыс үкіметі Абылайға кісі салып, оны Орта жүзге хан етпек болған ойларын жасырын жеткізеді. Абылай бұл ұсыныстан «Әбілмәмбетті әке орнына құрмет тұтатынын, оған үлкен хандықтан басқа атқарар жұмыстардың баршылық»( Казахско-русские отношения XVI-XVIII вв. (Сборник документов и материалов).–Алма-Ата: АН Каз ССР, 1961, с.607) екенін айтып, үлкен биліктен бас тартады. Абылайдың хандыққа Әбілмәмбеттің көзі тірісінде ұмтылмайтынына анық көздері жеткен орыс үкіметі «шарасыздан»: «…Әбілмәмбет көбіне Түркістанды мекендейді, әрі күші көп. Оны Абылай құрмет тұтады, ақыл-кеңесін тыңдайды. Сондықтан Әбілмәмбет тірі кезінде ол ордада (Орта жүзде) басқа хан тағайындаудың пайдасы жоқ» [Сонда, 87 б.],- деген қорытынды шығарады. Айтса айтқандай, Абылай хандық таққа (1771 ж.) Әбілмәмбет өлгеннен кейін отырады. Әз-Тәуке мен оның ұрпақтарының Уәли әулетіне істеген жақсылығын ол осылайша құрмет тұтады.
Абылай хан кемеліне келіп, күш-қуаты артқан уақытта ата-бабасының қонысын өзіне қаратады. «Абылайдың Ташкентпен және Ходжентпен соғысы, – деп жазады Ш.Уәлиханов, – Жизаққа дейінгі жеті шаһарды алумен тынады. Олардың арасында Әзірет-сұлтан, Сайрам, Шымкент, Созақ және басқа қалалар бар. Ал Ташкент алым-салық төлеп тұруға тиісті болды» (Валиханов Ч.Ч. Аблай.//Собр. соч. в 5-ти томах. Т. ІҮ. А., 1985, с.111).
Ташкент және оның маңындағы шағын қалаларына өз билігінің орнағанын ол 1771 жылы орыс патшайымы ІІ Екатеринаға үш жүз Алашқа хан сайланғанын айтып жазған хатында айтады. Онда ол былай дейді: «Менің ата-бабама туыс болған Әбілқайыр хан мен Әбілмәмбет хан қайтыс болды. Олар дүниеден өткен соң, хан болу жолы маған тиді. Олар қайтыс болғаннан кейін, қазақтың барлық жүзі, яғни Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз хандары мен сұлтандары бір ауыздан Ташкенттің кішігірім және үлкен қалаларымен (астын сызған – біз) бірге отырып 1771 жылы Түркістан қаласында, мұсылманның әулие Қожа Ахметтің басында, әдеттегіміздей дұға оқи отырып, мен үш жүз Алаштың ханы етіп сайлағаны хақ» [Казахско-русские отношения XVI-XVIII вв. (Сборник документов и материалов).–Алма-Ата: АН Каз ССР, 1961, с.87].
«Қазақ хандары Ташкентке билік жүргізді» және «Абылайдың аталары Ташкентті биледі» дегенен шығады, кешегі ХХ ғасырдың 20-30 жылдарға дейін қазақтар Ташкентті өзінің қаласындай санады. Алаш зиялылары Ташкентте бас қосып, оны орталық етуге ұмтылды. Өзбекстан құрамындағы бүгінгі Қарақалпақстан сол тұста Қазақстанға қараған еді. Мұндай танымның өзіндік тарихи негізі бар еді. Қазақтардың ХVІІІ ғасырдың басында Ташкентте билік құрған тарихын былай қойғанда, оның арғы жағында көшпелі Моғолстанның тарихына бойлайтын кезеңі бар еді.
Тарихтан белгілі, Қазақ хандығы Моғолстанның жерінде шаңырақ көтеріп, олар саяси одаққа айналады. Ташкент Моғолстанның үлкен ханы билік құратын ордасы болатын. ХVІ ғасырда көшпелі Моғолстан тарих сахнасынан жойылған соң, алғашқыда оған саяси одақ, кейін қарсылас болған Қазақ хандары күйреген орданың жеріне мұрагер болуға ұмтылып, Ташкент және оның маңындағы кішігірім қалалар үшін шайбанилермен ұзақ жылдар кескілескен ұрыс, саяси күрес жүргізеді. ХVІІ ғасырдың басында Ташкентті Тұрсын хан, Түркістанды Есім хан биледі. Ташкентті билеген Тұрсын «үлкен хан» деп саналды. Бұл қазақ хандарынан саяси пана іздеп келген Хиуа ханы Әбілғазының еңбегінде айтылады. Тұрсыннан билікті Есім хан тартып алды. Ол Ташкентте өзіне қалмаққа қарсы соғыста және үлкен билікке талас жолында саяси одақ болған қырғыз биі Көкімге арнап күмбез соқтырады. ХVІІІ ғасырдағы қазақтың атақты биі Төле Ташкентте Жолбарыс ханның атынан билік құрады, дүниеден өткен соң ол сол қалаға жерленеді. Тіпті, Абылай ханның өзі де 1780 жылдың күзінде Ташкент маңында (бәлкім, қыстап шығу үшін жылы Ташкентке қарай бет алған болар – автор) қайтыс болады. Сондықтан да қазақ үшін бұл қаланың орны әрдайым бөлек болатын.
Ташкентке деген қазақтардың көзқарасы Абылай туралы жыр-аңыздарға арқау болған. Жыр-аңыздар баянында хан Орта Азия қалаларына жасаған жорығын өзінің ата-бабалары мекен еткен қонысты қайтарып алу мақсатында аттанған. «Орыспен жауласпады – ел болды, шүршітпен жауласпады – ел болды, екеуіне де тіл боды. Өзіне-өзі әбден келді, кемеліне толды. Енді Үргеніш, Бұқара, Қоқан, Ташкент жанындағы қазақты сартқа билетіп қоймаймын деп, үш жүздің баласына жар шақыртып, қосын жинап аттанып Түркістанға барып түсіп, оған бел баласы Сыдық сұлтанды отырғызады. Шымкент, Сайрам барып, оған Әбдірахман деген сартты ие қылды. Ташкент барып, оған Мырхахмет деген сартты ие қылды. Одан Жизаққа барады. Одан аттанып Самарқанды қамап түседі…» (Мәшһүр Жүсіп. Абылай хан дәуірі.// Абылай хан. А., 1993, 324-325 бб.)– дейді дала тарихнамасы.
Хош, батырлықпен аты шыққан Абылайдың даңқы жоңғардың 30-40 жылдарындағы шабуылы кезіндегі күресте, сол жоңғардың Галдан-Церені 1745 жылы өлгеннен кейінгі тақ мұрагерлері арасында орын алған талас-тартыстың салдарынан күйреуге бет алған оқиғалары кезінде жүргізген саясаты арқасында арта түседі.
Жоңғарлардың 40-жылдарындағы шабуылдың бірінде Абылай сұлтан жаудың атақты ноянын өлтіреді және жаумен болған кезекті шайқаста жоңғар қолына тұтқынға түседі. Тарихи құжаттарда Абылайдың жоңғар тұтқында болғаны туралы деректер сақталған. Айталық, 1742 жылдың тамыз айында Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюев Ор қаласында қазақтың Әбілқайыр ханымен, басқа да ел ағаларымен келіссөз жүргізеді. Бұған жоңғар мен қарақалпақтардан да елшілер қатысады. Келіссөзге, дәлірек айтқанда, 27 тамыз күні Ор қаласына ағасы жоңғар ханы тұтқынында отырған Абылай сұлтанды босатып алу мәселесімен Сұлтанбек сұлтан келеді. 28 тамызда олар (келіссөз жүргізушілер–авт.) «соңғы соғыста қолға түскен Абылай туралы сөз бастады. Жоңғар елшілерінің айтуынша, Абылай Галдан-Цереннің ең жақын және атақты адамын өлтірген. Сол үшін тұтқында. Бірақ тұтқында да құрмет көріп отыр. Сондай-ақ қазақтардың қолдарында жоңғардың бірқатар текті қыздары қалған. Қазақтар оларды қайтарса, бәлкім, Абылай да бостандыққа шығар» (Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар. (Құрастырған, қазақшаға аударған, көрсеткіштерін түзген, түсініктерін жазған З.С. Тайшыбай). Петропавл, 2005, 119-б.) деген деректер құжатта хатталған. Сонымен қатар аталмыш құжатта қазақ сұлтанын босату мәселесі Галдан Церенге елшілікке кетіп бара жатқан майор Миллерге тапсырылғаны айтылған. Бірақ Миллер бұл тапсырманы орындай алмаған. Жоңғар жеріне барғанда оны Галдан-Церенге жібермеген, елде шешек (оспа) ауруы бар деп кері қайтарған (Сонда, 119-б). Абылай тұтқынынан 1743 жылы Қалдан Цереннің қазақтан талап еткен аманаты орындалғаннан кейін босайды (Сонда, 119-б.).
Жоңғар тұтқынында болған уақытта Абылай көрші көшпелі елдің ішкі саяси жүйесімен танысады, қалмақ тілін үйренеді, жоңғар билеушілерінің арасынан Галдан Церенге бақталас, өзіне тілеулес жандар табады. Тұтқыннан босанып, өз жұртына келген Абылай жоңғар хандығымен келісімдер арқылы бейбіт өмір сүруді жақтайтын билеушіге айналады. Тарихшы ғалымдардың көрсетуінше, Галдан Цереннің атақты хан-сұлтандары мен беделді рубасыларының балаларынан бейбіт келісім жасау үшін аманат беруді талап етуі қазақ билеушілерін екі топқа бөлінеді. Бірі – аманат беруге қарсы болып, жоңғармен ымырасыз күрес жүргізуді ойлаған топ, екіншісі – жоңғардың аманат беру талабын орындап, бейбіт келісімді жақтаған топ. Бірінші топтың ішінде Әбілқайыр хан, Шақшақ Жәнібек, Құлсары, Құлеке, Қазыбек би болса, екінші топта Әбілмәмбет, Абылай, Барақ, Батыр секілді хан-сұлтандар болады.
Бірінші топтың басты үміті – Ресей патшалығы еді. Олар батыстағы көршінің көмегі арқылы олар жоңғар қауіпін сейілтпек болады. Бірақ империялық пиғылын Азияға қарай тереңдете жүргізе бастаған Ресей патшалығының шынайы саясаты шекаралас көшпелі екі ел – қазақ пен жоңғардың бейбіт өмір сүруін шын мәнінде қалаған жоқ. Олар «қай жеңгенің – менің жемім» деген саясат ұстанып, соғыс өртін тұншықтыруға аса ықыласты болмады. Отаршылдық бұғауын қыса түсуді мақсат еткен Ресей үшін екі көшпелі елдің бір-бірімен жау болып отырғаны тиімді еді. Сондықтан патша үкіметі қазақ билеушілері арасындағы жоңғармен ымырасыз болуды қалаған топты қолдап, ішкі берекесіздікті қоздыра түсуге ұмтылды. Ал осы саясатты ол бір орталыққа бағынған хандық билікті нығайтқан Абылай ханның тұсында ханға қарсы топтарды қолдап, желеп-жебеп отыруда пайдаланды. Сондықтан Абылайдың өз балаларына: «Қытайлықтар хан билігі үшін қатерлі емес, ал орыс үкіметі болса жергілікті билікке ең күшті бәсекелес»,– деп, Қытаймен жақындаса түсуді, Ресеймен келісімді сақтауды өсиет еткені – сол уақыттағы өмір шындығынан туған саяси пайым болатын.
Абылайдың жоңғар билеушілерінің арасында тамыр-таныс, тілеулес табуы және бейбіт келісім жүргізудегі «дипломатиялық икемділігі» 1745 жылы Галдан Церен өмірден өтіп, қоңтайшының тағына оның ұрпақтары арасында талас басталғанда өз пайдасын тигізеді.
Қазақ хандығының сыртқы қауіпсіздігі үшін аса маңызды болған осы бір тарихи оқиғалар кезеңінде Абылай сұлтан алдын ұзақ жылдарға болжай алатын сұңғыла саясаткер екенін танытады. Жоңғар хандығының ішкі ала ауыздығы кезінде Даваци мен Әмірсананы қолдай отырып, «ежелгі (қауіпті) жауды» іштей күйрету мақсатын көздесе, Жоңғария жойылып, Қытай экспансиясы басталғанда Әмірсананы үлкен империя алдында қалқан, қорған етуге тырысады. Сөйтіп, жоңғарға өтіп кеткен жерлерді қазаққа қайтаруға ұмтылады. Галдан Цереннің тұсында жоңғар мен қазақ шекарасы Іле өзенінің бойымен белгіленсе, Абылайдың күйреуге бет алған Жоңғарияға қатысты тиімді саясатының және Қытайға қарсы тегеуірінді қарсылығы мен дипломатиялық қарым-қатынасы арқылы Қазақ хандығының шекарасы шығысқа қарай едәуір кеңейтеді.
Жоңғар жойылғаннан кейін қазақ пен қытай арасындағы қарым-қатынастарға кең жол ашылады. Абылай қазақ елінің дамуына жаңа мүмкіндіктердің ашылғанын дәл аңғарып, Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынасты нығайта түсіп, қазақ даласының шығыс бағытындағы сауда-саттық істерін жандандыруға күш салады.
Абылайдың жоңғар ордасының ішкі ісіне араласып, жаудың күйреуіне әсер еткені және Қытаймен қарым-қатынасты күшейтуі оның даладағы беделін артыра түседі. Қазақ сұлтанының шығысқа қарай бет бұруы Ресейдің де «мазасын» алады. Себебі олардың да құлаған Жоңғар империясының жерінен «енші» алуға дәмесі бар болатын. Патша үкіметі Ертіс өзенінің бойына бекініс-қорған сала отырып, шығысқа қарай мейлінше терең жылжи түсуді көксейді.
Абылай сұлтанның қазақ даласының шығыс өлкесінде жүргізген саясаты қытай мен қазақ қарым-қатынасын жолға қойып, Ұлы Жібек жолының бір тармағы-Шығыс Түркістан (Үрімші) мен Орта Азия арасындағы керуен жолын қайта жандандырады, сауда-саттық ісі қарқын алады.
Абылайдың Қытай бағытындағы ендігі бір мақсаты – қазақ даласының транзиттік әлеуетін арттырып, Орта Азия мен Шығыс Түркістан арасындағы керуен саудасына бақылау жасау арқылы елге кіріс кіргізу, сауда жолының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Осы мүддені және «ханы жоқтықтан берекесіздік пен тыныштықсыз жайлаған ел деп танылатын» шыңғыстық танымды (шыңғысизм) басшылыққа алып, қырғыз руларына жорық жасайды.
Бұл тұста «шыңғыстық таным» дегенді кеңірек ашуға тура келеді. Еуразия кеңістігінің басым бөлігіне билік құрған моңғол империясының басты миссияларының бірі – орталықтанған, бір басшыға бағынатын мемлекет құру болатын. Империяны құрған Шыңғыс қағанның ұрпақтары өздерін мемлекет құрушы тұлғалар ретінде танытуға, соны мойындатуға күш-жігерлерін салды. Абылай да сол «миссиядан» шет қалмады. Жоңғарлардың бұғауынан босаған, екінші сөзбен айтқанда, ол басшысыз қалған қырғыздарға хандық тегеурінді орнатуға ұмтылады.
Қазақ сұлтаны Қытай үкіметіне Алатау маңын жайлайтын қандастары қырғыздардың маза бермейтіндігіне арызданып келіп жатқандығын айтып, қырғызға қарсы жорыққа шығатындығын хабарлайды. Қытай жағының қолдамағанына қарамастан, ол қазақ қолын бастап жорыққа атанады. Абылай сұлтан бірнеше рет қырғыздарға қарсы жорық жасайды. Бірақ оның бұл «екпіні» Алатаудың етегіндегі қырғыздарға ғана жетіп, биік тауға қарай жайлайтын басқа руларға әсер ете алмады. Қазақ-қырғыз қақтығысындағы ел есінде ерекше қалғаны – «Жайыл қырғыны» деп аталатын 1770 жылғы жорық. «Соғыстың қатты боғаны соншалық,– деп жазады Ш.Уәлиханов,- қырғыздың Сұлту руы Талқан деген атасынан тек қырық-ақ кісі тірі қалды» (Валиханов Ч.Ч. Аблай.//Собр. соч. в 5-ти томах. Т. ІҮ. А., 1985, с.115).
Абылайдың қырғыздарға жасаған жорықтарының нәтижесінде қазақтар Шу өзенінің төменгі ағысы, Алатаудың Меркі, Түлкібас салаларындағы тау етектері қазақ иелігіне өтеді. Ал Абылайдың Орта Азия қалаларына жасаған жорығынан кейін Ташкент және оның маңындағы сауда қалалары қазақтың билігін мойындайды. Осылайша, Абылайдың саяси әрекетінің нәтижесінде Қазақ хандығы Орта Азия кеңістігіндегі өзіндік салмағы бар саяси ойыншыға айнала бастайды.
1771 жылы қазақ даласында Ресей мен Қытайды алаңдатқан, қазақтардың әбігерін алған елеулі оқиға болады. Ол – Жоңғар хандығының Еділ бойындағы бөлігі– торғауыт қалмақтарының қазақ даласы арқылы жойылған Жоңғария жеріне қарай үдіре көшкен трагедиялы көші еді. Еділ қалмақтары мен жоңғар жеріндегі қалмақтардың жұрнақтары қосылса, қазақ жұртының мазасын алады деген қауіппен хан-сұлтандар Абылай, Нұралы, Ералы, Айшуақтар арнайы жасақ шығарып, торғауыттарды Жоңғарияға жеткізбей талқандауға ұмтылады. Қаша соғысқан торғауыттар ашық майданға шықпай қазақ жасақтарының мысын құртады. Ұзын-саны 120 мыңдай кісімен шыққан көш қазақ даласының үстінде көп шығынға ұшырап, жарты адамынан, малынан айырылып Жоңғарияға жетеді. Ол жерде олар Қытай бодандығын алуға мәжбүр болады. Міне, осылайша қазақ даласын шығысы мен батысынан қысқан күшті қалмақ Галдан Церен өлгенен кейінгі бар-жоғы 25 жылдың ішінде ел болудан қалып, мемлекет ретінде жер бетінен жойылады. Қазіргі таңда қалмақтардың Ресей федерациясының құрамындағы автономиялы республикасы ғана сақталып қалды.
Қазақтардың торғауыт қалмақтарына жасаған жорығы елдің рухын арттырып, жеңімпаз халықтың мерейін тасытты. Елдің қуанышы жыр жолдарына төгіліп, жыраулардың толғауына арқау болды. Жыр-толғауларда елді жаудан азат еткен батыр, көршілерімен тиімді қарым-қатынас орната білген саясаткер Абылайдың бейнесі ерекше дәріптелді. Бұқар толғауымен айтқанда:
Күпшек санды күреңді
Табияға жаратқан,
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына қаратқан.
Айбалтасын алтынмен булатқан,
Алафасын арттырып,
Арпалап атты қуантқан.
Лабашы деген бір елді
Антыменен улантқан,
Еренші мен Серенді
Тозғындатып шулатқан,
Періштесін жұрт үстінен дулатқан…
Абылайдың күйрей бастаған жоңғар ордасына, қырғыздарға және Еділден қашқан торғауыт қалмақтарына жасаған сәтті жорықтары, Қытаймен қарым-қатынасты жолға қоюы Абылайдың Үш жүзге хан болуына еш кедергісіз жол ашады.
Үш жүздің тағына (үш жүздің беделді рубасылары мен сұлтандарының қолдауымен) легитимді түрде көтерілген Абылай хан ру-руға бөлінген қазақ жұртын темірдей тәртіпке бағынған бір орталықтық мемлекеттік жүйені құруға ұмтылады. Бұл – сонау көне түркі заманынан бері келе жатқан ірі билеушілердің басты мұратының бірі еді. Сондықтан ол ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен хал-ахуалы әбден шиеленіскен қазақтың саяси жүйесіне реформалар жүргізе бастайды. Сөйтіп, Абылай хан: біріншіден, қазақ қоғамының ішкі мәселелерін шешуге сыртқы күштердің (әсіресе, Ресей әкімшілігінің) ықпалын араластырмауға және сыртқы істер мәселесіне жекеленген рулардың қарым-қатынасын бір орталықтан–хандық билік тізгіні арқылы жүзеге асыруды жол қояды.
Екіншіден, ханды алқалы кеңес арқылы шектеп отыратын рубасылар мен сұлтандардың билігін шектейді. Әрине, мұндай реформа ру-тайпаларды еркін билеп үйренген, хандық билікті шектеп отыруға әдеттенген кейбір рубасылары мен сұлтандарға ұнай қоймайды (Валиханов Ч.Ч. Аблай.//Собр. соч. в 5-ти томах. Т. ІV. А., 1985, с.114).
Жекелген рубасылары Абылайдың темірдей қатал тәртібіне қарсы шыққанымен, халықтың негізгі бөлігі хан саясатын қолдады. Оны қазақ елінің басшысы ретінде таныды. Абылай заманы қазақтың кейінгі дәуіріне көп азық болды. Ханның немересі Кенесары Абылай заманындағы қазақ жерін қалпына келтіруге ұмтылып, орыс отаршылдығымен ұзақ жылдар күрес жүргізді.
Түйіндей келгенде, Абылай Еуразия кеңістігінде геосаяси жағдай күрт өзгерген дәуірде хандық билік құра отырып, қазақ мемлекеттілігінің басты нышандарын сақтай білді. Елді жоңғар шапқыншылығынан қорғауда, екі үлкен империя арасында қазаққа тиімді саясат орнатып, елдің тыныштығы мен ішкі бірлігін нығайтуға, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалуға өлшеусіз еңбек сіңірді.
Алмас Әбсадықов,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің профессоры