«ЕЛ АРНАНЫҢ» КӨРЕРМЕНГЕ ҰСЫНАТЫН СЫЙЫ КӨП
«ЕЛ АРНАНЫҢ» КӨРЕРМЕНГЕ ҰСЫНАТЫН СЫЙЫ КӨП
Қолы қалт еткенде көрерменнің көк жәшікке үңілетіні жасырын емес. Бүгінде баланың да, шағаның да іздейтіні көгілдір экран болып алды. Көгілдір экранды тәрбиенің негізгі құралы деп қабылдайтын болсақ, әр телеарнаның сауатты дүниені дайындауы қажет-ақ. Еліміздің бүкіл аймағына таралатын халықтық арнаның бірі – «Ел арна». Биылғы жылдан бастап, «Ел арна» бұдан былай шын мәнінде елдің арнасы болуды мақсат тұтып отыр. Бұл бір күнде хабар кестесі өзгереді деген сөз емес, келесі жылдан бастап, арна ұжымы көрермендер үшін қызықты жобалар әзірлеуде. Ең басты жаңалық – «Ел арна» енді жастарға арналған телеарна емес, отбасылық арнаға айналмақ. «Біздің миссиямыз – отбасылық құндылықтарды, әр шаңырақтың береке-бірлігін насихаттау, сол арқылы елдің ынтымағын нығайту. Телеарна үшін «ел» деген кім? Ең алдымен, көрермен. Ресми деректерге сүйенсек, көрерменнің 25,6 пайызы 18-29, 26,2 пайызы 40-54 жас аралығындағы азаматтар болып тұр. Басқа сөзбен айтқанда, біздің көрерменіміз – бір шаңырақта отырған әкесі мен баласы, анасы мен қызы. Біздің мақсатымыз – отбасы түгел отырып, ұялмай көре алатын, отбасының әрбір мүшесіне қызықты болатын арна жасау, көк жәшіктің алдында отбасының басын біріктіру», – дейді ұжым басшылығы.
Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, көрерменнің 77 пайыздан астамы қазақ тіліндегі бағдарламалар көргісі келеді екен. «Ел арнаның» қазіргі мақсаты да осы, көрерменнің талабынан шыға білу. Аталмыш арна алғаш ашылғанда, қазақ тілінде хабар тарататын арна болғаны белгілі. Алғашқы ашылған кездегі сәтімен бүгінгі арнаның келбетін салыстыру мүмкін емес. Сол себепті де, бұдан былай көрерменнің талабын ескеріп, қазақ тіліндегі бағдарламаларды көбейтуді қолға алып отыр.
Арнадағы бұрыннан келе жатқан, уақыты жеткен кейбір бағдарламалар жабылып, оның орнына бірқатар қызықты жобалар ашылатын болады. «Ер арнадағы» жалғасатын бағдарламалардың бірі – «ЖАРАЙСЫҢ» ақпараттық-сазды бағдарламасы. Аталмыш бағдарламаға аздаған өзгерістер енбек. «ЖАРАЙСЫҢ» бұрынғыдай шоу-бизнеске ғана емес, еліміздегі маңызды мәдени жаңалықтарды да қамтитын болады. Күлдіргі бейнематериалдармен бірге әлеуметтік желілердегі соңғы жаңалықтарды да осы бағдарламалардан табасыз.
Соңғы жылдары көрерменнің көз- айымына айналған бағдарламаның бірі – «Саз әлемі» екені белгілі. «Саз әлемі» биыл да жалғасын тапты. Жобаның жүргізушісі әрі продюсері Баян Есентаева. Тұрсынбек Қабатовтың орнына «Базар жоқ» театрының әртісі Қанат Әлжаппаров келіпті. Ұлттық музыкалық байқаудың мақсаты – үздік әнші мен үздік әнді анықтау. Бағдарламада қазылар алқасы мен көрермендердің назарына тыңдарман арасында кеңінен тараған, көпшіліктің сұранысына ие болған әндер ұсынылатын болады. «Саз әлемінің» шарты бойынша, әнші әнді ешқандай фонограммасыз, жанды дауыста орындауы шарт. Қазылар алқасы мен тәуелсіз сарапшылар да қатар жұмыс істейді. Сарапшылардың міндеті, әншіні қорғап қалу. «Биылғы байқауға жаңадан екі номинация қостық. Олар «Той» және «Ретро» номинациялары. Көпшілік тағатсыздана күтіп отырған жобаның жаңалығы сол. Алдыңғы жобаларда ретро және халық әндерімен қоса жаңа авторлық әндер де бірдей сайысқа түскен болатын. Яғни, біз хит әндерді бөлген жоқпыз. Биыл жаңа интерпретацияда көрініс тапқан ретро және халық әндері «Ретро» номинациясына, ал тойда орындалатын әндер, тойдың хиттері «Той» номинациясына кіреді. Мәселен, «Қызыл өрік» әні қазір хит болып тұр. Ол әнсіз қазір бірде-бір қазақ той өткізбейді. Бірақ мұндай әндер ұлттық хит бола алмайды ғой. Сондықтан, бұл әндерге жеке номинация арнауды жөн көрдік», – дейді «Саз әлемі» байқауының музыкалық продюсері Бағым Мұхитденова.
бұл жобаға Бағым Мұхитденова, Алтынай Жорабаева, Айгүл Иманбаева, Алмас Кішкенбаев, Майра Ілиясова, Талант Арғынғали, Жанар Айжанова, Сәкен Майғазиев, Алуа Қонарова қазылық етеді. Жобаға барлығы жүзден астам әнші қатысып, «Үздік той әні», «Ретро», «Ең үздік әнші», «Жыл жаңалығы», «Үздік топ» номинациялары бойынша сайысқа түспек. 49 әннің ішінен суырылып шыққан туынды «Жылдың үздік әні» атанады. Қатысушылардың арасында Айқын Төлепберген, Рүстем Нұржігіт, Әли Оқапов, «Жебе», «Кешyou», «Kz» топтары сияқты танымал өнерпаздарымыз да бар.
«Ел арнаның» қызықты жобаларының қатарында «Оян.kz» таңғы танымдық бағдарламасы да бар. «Оян.kz» бағдарламасының негізгі мақсаты – алашты ұйқысынан ояту, отбасы құндылықтарын насихаттау. Бағдарламаны елімізге белгілі актер, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай әл-Тарази мен белгілі опера әншісі Майра Мұхаммедқызы жүргізеді. Олармен бірге Абылай, Елжан есімді жас жігіттер де бар. Студияға келетін қонақтар да сан алуан. Олардың арасында елімізге белгілі танымал тұлғалар да, есімдері енді шыға бастаған дарынды жастар да бар.
Биылғы жылы аздаған өзгерістермен көрерменге ұсынылатын «Мүмкін емес…» ток-шоуы да өзекті мәселелерді арқау ететін болады. Бағдарлама жүргізушісі ауысып, оның орнына Нартай Аралбайұлы мен Саламат Омаш шығады. Аталмыш бағдарламаның ауқымы кең, көтеретін жүгі де жеңіл емес. Қоғамды жайлаған кейбір дерттерге жауап іздейтін болады. Баласын тастап кеткен безбүйрек аналар да, жалғызбасты әкелер де, ата-анасын соққыға жыққан балалар да, түрмеге түскен адамдардың тағдыры да бағдарламаның тақырыбына айналған. Студияға жиналған сарапшылар осы оқиғалар төңірегінде пікір алмасады. Түйткілді мәселенің жауабын табуға тырысады.
Биылғы жылы жалғасын табатын бағдарламалар қатарында «Фобия» мен «Туған өлке» бағдарламасы да бар. «Фобияның» аты «Сынақ» деп өзгеріпті. Сонымен бірге, алдағы күндері көрермендер үшін «ЖАҚСЫ АДАМ» атты портреттік бағдарлама мен «ӘЙЕЛДІҢ БӘРІ ӘДЕМІ» атты ток-шоудың тұсауы кесіледі. Осы маусымның тағы бір жаңалығы – «Архифакт» атты танымдық деректі фильмі. Журналист Жарас Ниязбек Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, тарихи оқиғалар мен нысандарды көрсетпек. Атақты Орбұлақ шайқасы өткен тарихи орынды алайықшы. 1656 жылы Жәңгір хан 600 сарбазымен жоңғардың 50 000 қолына қарсы тұрып, жеңіске жеткен тарихи орын туралы жиі айтылып, көп көрсетіле бермейтіні рас. Сол сияқты Жаркент қаласында орналасқан Уәлібай мешіті осыдан 1 ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Зәулім ғимаратты тұрғызу кезінде бірде-бір шеге қолданылмаған екен. «АРХИФАКТТІҢ» келесі саны Алматы облысы, Сарқан ауданындағы Черкасск қорғанысына арналады. Бұл тақырыпты көтеру арқылы кеңестік және тәуелсіздік жылдарындағы тарихи сананың қаншалықты өзгергеніне сараптама жасалынды. Мұнда тарихи-өлкетану мұражайы 80 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Алайда, бұрын жау деп саналып келген ақтардың атты әскері қатарында «Алашорда» азаматтарының да жүргені анықталып отыр. Ендеше, осы тұрғыдан Черкасск қорғанысының бүгінгі мәні мен мазмұны қандай бағытта сипатталмақ? Бағдарламаның мақсаты да осы – сансыз сауалға жауап іздеу. Оғыздар астанасы болған Жанкент, ежелгі Сығанақ, Отырар, Сарайшық қалаларына да хабарлар арналды.
«Ел арнаның» көрерменге ұсынатын сыйы көп. Ең бастысы, көрерменнің талғамынан шығатын жақсы дүниелерімен қуантса дейміз.
Гүлзина БЕКТАС