БІЛІМ БЕРУ БАЙЫПТЫ ШЕШІМДЕРДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

БІЛІМ БЕРУ БАЙЫПТЫ ШЕШІМДЕРДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

БІЛІМ БЕРУ БАЙЫПТЫ ШЕШІМДЕРДІ ТАЛАП ЕТЕДІ
ашық дереккөзі
203

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жұмыс сапарымен Сыр еліне келді. 

Алдымен № 15 мектеп-лицейге ат басын тіреген министр іргесі 1960 жылы қаланған білім ұясының тыныс-тіршілігіне қанықты. Әуелде  малшы отбасының балаларына арналып салынған бұл нысан 2009 жылы мектеп-лицей мәртебесіне ие болған. 480 орындық мектепте  бүгіндері 688 бала тәлім алып жатыр. Ұжымдағы 92 ұстаздың жиырмаға жуығы жоғары санатты. Оқушылардың жан-жақты білім алуына біршама жағдай жасалған. Алайда, пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан білім ошағының тозығы жетіп тұр. Оқу сыныптары тар, спорт зал, шеберхана жоқ. Оның үстіне асхана мен акт залының да жағдайы сын көтермейді. Ғимарат сырты да қоршалмаған. Әйтсе де осындай қиындықтарға қарамастан білім ордасы білімді де талантты шәкірттер тәрбиелеумен өзге үзеңгілестерден шоқтығы биік көрініп отыр. Директоры Күләш Ежетаеваның айтуынша, биылғы жылдың өзінде 30 оқушы Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылданса, 18 түлек «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алуда. Ал бес оқушысы Назарбаев университетінің студенті атанған. 

Шын мәнінде, бұл үлкен көр­сеткіш. Тіпті даңғарадай ғима­раты, заманауи құрал-жабдығы, әйтеуір балаға білім беруге жан-жақты жағдайы бар кейбір мектептерге үлгі болатын жетістік. Білуімізше, бұл білім ұясына ата-аналар тарапынан сұраныс өте жоғары. Бір орынға 12 баладан келеді, – дейді ұстаздар. 

Қысқасы, балаға білім беруге келгенде аянып қалмай, нәтижесінде жоғары көрсеткіштерге жетіп отырған мектеп-лицейге ендігі жерде жаңа ғимарат құрылысын жүргізу қажеттігі туып отыр. Министрмен кездесудегі келелі сөз осыған сайды.  

Мұнан кейін Білім және ғылым министрі «Шұғыла-2» жеке балабақшасында болды. Мұның құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты Сейітқали Алшынбаев.

320 орындық балабақша «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Жуырда ғана қызылордалық бүлдіршіндер көзайымына айналған нысанда қазір 320 бала тәрбиеленуде. Ұжымда 43 педагог, 47 техникалық қызметкер жұмыс жасайды. Қашанда келген қонақты бал тілімен, әсем киім, әдемі қылығымен қарсы алатын бүлдіршіндер бұл жолы да ән айтып, би биледі.  

Ең бастысы, балабақша жаңа үлгіде салынған. Балғындардың тәрбиесіне жасалған қызмет жақсы. Дегенмен бірқатар балабақшаларға қатысты ескеретін мәселе, ашылған мектепке дейінгі мекемелерге мемлекеттік тапсырыс негізіндегі қаржының бөлінбей отырғандығы. Нақты айтқанда, 562 млн. теңге қажет. Осының салдарынан жеке балабақша ашушылар, яғни, кәсіпкерлер қиындыққа тап болып отыр.

Бұл ретте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты жоспарымен бөлісті. Аймақ басшысы атап өткендей,  2020 жылға арналған «Балапан» бағдарламасын 2015 жылы толықтай іске асыру жос­парланып отыр. Бұл бағытта жеке кәсіпкерлер көмекке келуде. Бүгінгі таңда меже 79 пайызға орындалды. Демек, 2015 жылы бағдарламаны 100 пайыз орындауға мүмкіндік бар. Ол үшін жоғарыда айтылған мәселе шешілуі керек. Яғни, бізде балабақша бар да, мемлекеттік тапсырыс негізіндегі қаржы жоқ. Ал ол өз кезегінде кәсіпкерлерге кері әсерін тигізеді. 

Бір мысал, мәслихат депутаты Сейітқали Алшынбаев балабақша ашуда алғаш қадам жасап отырған жоқ. Бұған дейін де өзінің елжандылық үлгісін көрсеткен азамат білім беру саласына үлкен еңбек сіңіріп келеді. Яғни, қаржысын аямай салуда. Әйткенмен, мемлекет тарапынан қолдау қажет.  

Осы тұста министр балабақша құрылтайшысынан қаншалықты пайда барын сұрады. Бұған жауап былай өрбіді. 

– Мектеп салу, балабақша ашу қыруар пайда әкелетін шаруа емес, – деді алдымен Сейітқали Алшынбаев. –  Мен мұны азаматтық борышым деп білемін. Әрбір азамат туған еліне осылай қызмет етуі керек деп ойлаймын. Екі жылдың ішінде білім саласына 1 млрд. теңге көлемінде қаржы салдым. Мен оны мұнай саласына немесе өзге салаға салсам пайда көрер едім, бірақ бұл біздің еліміз үшін керек, балаларымызға қажет. Бізден кейінгі жас кәсіпкерлер осындайға қарап бой түзеуі үшін керек. Мен мұны шын жүрегіммен жасап жатырмын. Мәселен, мемлекеттік тапсырыс негізінде алынған қаржы тек қызметкерлердің жалақысы мен коммуналдық шығындарды төлеуге ғана жетеді, ал қалғаны түгел өз қалтамнан шығып отыр. Мен бұған өкінбеймін. 

Министр сондай-ақ, Қызылорда құрылыс және бизнес колледжіне аялдады. 

1956 жылы кәсіптік-техникалық мектеп ретінде ашылған нысан қазірге дейін кәсіптік мамандар даярлауға үлес қосып келеді. Бүгінде 571 студент білім алуда. Олардың 278-і мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алып жүрсе, 293 оқушы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында қабылданған. Шәкірттер 10 мамандық бойынша тәрбиеленеді. 

Қолледжге қатысты негізгі түйткіл,  ғимарат типтік жобаға сәйкес келмейді. Акт залы мен асхана істен шыққан, спорт зал, жатақхана мүлдем жоқ. Есесіне жаңа мамандықтарға оқу шебер­ханалары қарастырылмаған. Бір сөзбен айтқанда, жаңа типті ғимарат қажет. Осыған орай бірқатар жұмыстар қолға алынып отыр.  

Білім және ғылым министрінің Қызылордаға сапарында осындай мәселелер сарапқа салынды. Өз кезегінде министр өңірде білім беру саласында жасалып жатқан батыл бастамаларға көңіл толатынын жеткізді. 

Қуат Шарабидинов. 

Серіктес жаңалықтары