МИНСК САММИТІНЕН СОҢ...
МИНСК САММИТІНЕН СОҢ...
Өткен аптада Минск қаласында Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы болды. Аталған басқосуда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, Белорусь Президенті А.Лукашенко және Ресей Президенті В.Путин Еуразиялық одақ құру мәселесін тағы бір пысықтады.
Кеңес барысында Кедендік одаққа мүше мемлекет басшылары Еуроодақ табалдырығын аттауға
таяп қалған Украинаның шешіміне қатысты пікірлерін ортаға салды.
Украина мемлекеті Еуроодақ есігін қағатын күнге жақын. Бес жыл бойы тынымсыз жүргізіліп келген келіссөздер нәтижесін беріп үлгерді. Жақында украиндық билік Еуроодақпен қауымдастық туралы құжатқа қол қойып, бастапқы сыннан сүрінбей өткенін жеткізген. Ал мемлекеттің қауымдастық қатарына ресми түрде енуі 28 қарашада Вильнюсте өтетін басқосуда белгілі болмақ.
Егер Украина өз дегеніне жетсе, еуропалық мемлекеттер арасында еркін сауда аймағы қалыптасуы мүмкін. Ең бастысы, Батыстан ағылатын тауар арзан бағамен сатылады. Алайда, Ресей Еуроодақ қауымдастығына кіруге асығып отырған Украинаға ашулы. Экс-президент Ющенконың кезінде сөз болып, кейін жылы жабылып қалған мәселе қайта көтерілгелі бері Путиннен де маза қаша бастаған. Украинаның әуелі Кедендік одаққа кіруіне мүдделілік танытқандықтан ба, әйтеуір соңғы кездері мемлекет басшыларының басқосуында қабағының ылғи қатулы болатыны жиі байқалып жүр. Минск қаласында бір мезетте өткен екі саммит кезінде де жұрт өңі қашып, әлденеге алаңдап отырған Путинді көрді. Себеп – біреу ғана. Оның өзегін орындалмас арман мен өкініш өртеп жатты. Амалы нешік, іште пікір өле ме, Ресейдің ұсынысын аяқасты етіп, Еуроодаққа ұмтылған Украинаға тісін қайта-қайта қайраумен болды. Ол интеграция мәселесі туралы әңгіме қозғалғанда: «Бұл неге әкеп соғады? Киев пен Брюссельдің келісімге қол қоюы Украинаның Кедендік одаққа кіруіне кедергі келтіреді. Тіпті, бұдан соң біздің одаққа кіруі де мүмкін емес. Себебі, қауымдастық аясында еркін сауда аймағы Еуроодақ пен Украина арасында ғана болмақшы. Бұл украина тауарларын басқа нарықта, ең бірінші Кедендік одақ аймағында тарылуына бастайтын жол. Тіпті, Украина мен Ресей арасындағы еркін сауда кеңістігіндегі біздің нарықты да ығыстырып, отандық өнімге залалын тигізеді. Сондықтан біз №6 хаттаманы, яғни еркін сауда аймағы туралы келісімді қайта қарауға, өз нарығымызды қорғауға құқымыз бар. Бұл украиндық тауарды елімізге кіргізуге тыйым салынады деген сөз емес. Бірақ тауарлар бұрынғыдай жеңілдік режиммен болмайды», – деді ызаға булығып. Бұған әріптесі Януковичтің де беретін жауабы дайын екен. Ол Еуропаны нағыз әріптес санау дұрыс екенін және өз халқы тарапынан толыққанды қолдауға ие болғанын тілге тиек ете келе, «Еуроодақпен қауымдастыққа қол қою елімізде қосымша сауда және инвестициялық әріптестікті дамыта түседі. Мемлекетте жұмыс істейтін біріккен кәсіпорындар мен ТМД мемлекеттері капиталы арқылы өз тауарын Еуроодаққа экспортқа шығара алады. Сондықтан бұл құжатқа қол қою еркін сауда аймағының құрылып, әрбір ел азаматының жақсы өмір сүруін қамтамасыз ететіндігіне сенімдімін», – деді Украина президенті.
Негізінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысынан кейін Путин мен Янукович жеке кездесу өткізіп, аталған мәселені тағы бір пысықтауы керек болатын. Ресей мемлекеті басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, екеуара әңгіме тек кешқұрым берілген ас кезінде ғана өрбіген. Алқалы басқосудың алдында украиналық ақпарат құралдары: «Путин Януковичтің Еуроодақ қауымдастығынан бас тартуы үшін саммитке ұтымды ұсыныс дайындап келді. Бұл көптен бері шешімін таппаған ресейлік газды төмен бағамен сату және жыл соңына дейін қомақты несие беру мәселесі болатын» деп жарыса жазса да, Путин мұнысын ашып айтпады. Әріптесі Януковичтің алған бетінен таймайтынын білді ме, әйтеуір сөзін шығын қылып, бос әуреге түскісі келмеген сияқты. Есесіне, Путиннің қас-қабағының түсіңкі екенін аңғарған Янукович Украина-Еуроодақ-Кедендік одақ болып үш жақты форматта жұмыс істеуді ұсынды. «Еуроодақпен еркін сауда аймағы құрылған соң, Ресеймен арада тауар режиміне қауіп төнуі ықтимал. Бұл екі елді де алаңдатады. Сондықтан осы жолды ұсынамын. Білуімше, бұған Еуроодақ та қарсы емес» деген пікірін ортаға салды. Іле-шала Украинаның бұл ұсынысына РФ вице-премьері Шувалов: «Украин тарапы қай бағытқа бет алып бара жатқанын өзі таңдауы керек. Екеуін қатар алып жүру мүмкін емес. Бұл екі кеменің ескегін ұстап, суға кетумен бірдей», – деп жауап берді.
Кейбір ақпарат көздерінің жазуынша, Украина Еуроодақпен қауымдастыққа қол қойса, мемлекеттің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) де арта түспек. Әрине, бұл ел халқының әлеуметтік тұрмысының жақсаруына да септігін тигізері сөзсіз. Мәселен, Литваның АҚШ-тағы елшісі Зигимантас Павиллионис Украинаның Еуроодақ қауымдастығына енуі экономиканы сөзсіз ілгері жылжытатындығына сенімді. Ол бұған дәлел ретінде Литваны мысалға келтіреді. «Литва қауымдастықпен келісімге қол қойған 1995-2004 жыл аралығында ЖІӨ алты есеге өсті. Біз ол кезде қазіргідей Украина ие болатын еркін сауда аймағына қол жеткізген жоқпыз. Мұнымен қоса бұл мемлекет еуропалық құқықтық базаның 80 пайызына иелік етеді. Бұл дегеніңіз, Еуроодақтың табалдырығын бір емес, екі аяқпен сенімді түрде басып тұр дегенді білдіреді», – дейді елші.
Алайда, бұған қарсы пікір айтушылар да аз емес. Жақында «Мир» телеарнасындағы «Слово за слово» атты ток-шоуда «Украина Батысқа кете ме?» деген тақырып талқыға салынды. Сонда Ресей кәсіпкерлер мен жалға алушылар одағының президенті Андрей Бунич: «Меніңше, украиндықтардың басына түскенін көруіне жол беру керек. Олардың жағдайы бәрібір керемет болмайды. Украина әуелі экономикалық тұрғыдан алғанда Кедендік одаққа кіруі керек еді. Бұл елді билеп отырған басшылар да Еуропадан ешқандай жақсылық күтпейтінін өте жақсы біледі. ЖІӨ 15 пайыз көрсеткішіне жетеді дегенге кім сенеді? Сондықтан украин бауырларыма, кәсіпкерлеріне жаным ашиды. Себебі, Украинадан Еуропаға ештеңе керек емес. Тағы қайталап айтамын, Украина жақын 50 жылда ЕО құрамында болмайды. Қазір халық еуропалық мемлекеттер, оның ішінде француз, немістер тамаша өмір сүреді деген сағымға сеніп жүр. Бұл – мифология. Егер жергілікті ақпарат құралдары Болгария, Румыния елдерінің шынайы өмірін көрсетсе, «Мұндай Еуроодақтың не керегі бар?» деуші еді» деген пікірімен бөліссе, Украинаның бұл қадамын құп көрмейтін тағы бір Ғаламдастыру және әлеуметтік қозғалыс институтының Экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі Василий Колташов: «Брюссель Украинаға 6, кейбір мәлімет бойынша 15 пайыздық ЖІӨ уәде етіп отыр. Бұл – абстрактілі нәрсе. Олар алдап соғуда. Брюссель соңғы жылдары посткеңестік мемлекеттерге ашықтан-ашық көз сала бастады. Шама-шарқынша Еуропалық қауымдастықпен келісімге келуге үндеуде. Украиналық элита батыстық әріптестерімен қаржылық интеграция орнатқысы келеді. Бірақ бір ескеретін жайт, ертеңгі күні Еуроодақ Украинаға: «Сенің өнеркәсібің, ауылшаруашылығың неге керек? Бізде де бар ғой. Енді сендерде постиндустриалды экономика ғана болады» деуі мүмкін. Демек, Украина ЕО қауымдастығына кірсе, олар өз шарттарын талап етеді. Қазірдің өзінде ЕО үлкен дағдарысты бастан кешуде. Мәселен, Грекияда баспанасы бар жұмыссыз адам қомақты салық төлейді. Бұл да аузын айға білеп отырған ЕО-тың жағдайының мәз еместігін аңғартады», – деп салды.
Ал, Аймақтар партиясы фракциясының депутаты Анна Герман президент Януковичке ақылды саясаткер ретінде баға береді. «Біріншіден, ақылды саясаткер қашан да қорын толтырып жүреді. Ол кәдімгі білгір ұшқыш сияқты. Сондықтан Янукович ешқашан да Ресеймен серіктес болуға қарсы емес. Алайда, өзінің көрші елдерімен кикілжіңге келген Украина Еуропаға керек пе? Меніңше, Украина Еуропаға Мәскеу мен Брюссель арасын байланыстырушы ретінде ғана қажет сияқты көрінеді», – деген ойын ортаға салды.
Тимошенко бостандыққа шыға ма?
Қалай десек те, Украина Батыс пен Ресей арасындағы негізгі объектіге айналды. Бір жағынан Ресей тісін батырса, екінші жағынан Еуроодақ «жұмақ» болатынын сендіріп бағуда. Екі алпауыттың ортасында қалған Украина екеуінің де көңілін табуға мүдделі. Бірақ қалай? Украина премьер-министрі Николай Азаров Ресей Украинаға тең құқылы серіктес ретінде, әрбірден соң бізге Германиядан кем қарамайтынын іс жүзінде дәлелдеуі керек дегенді айтады. «Біз Путин мен Тимошенко қол қойған газ жөніндегі келісім шартқа үш жылдың ішінде қосымша 20 млрд. АҚШ долларын төледік. Қазір де ресейлік газды Еуропадағы ең қымбат бағамен, яғни мың текшеметріне 530 АҚШ доллармен қол жеткізіп отырмыз. «Газпром» Германия және басқа да мемлекеттерге газ береді. Бірақ Украинадан басқа тұтынушыларына әжептәуір жеңілдік жасауда. Мұны қалай түсінуге болады? Ол ол ма, соңғы жылдары Ресеймен арадағы тауар айналымы да 25 пайызға түсіп кетті. Мұның астарында Ресейге құбыр, кондитерлік өнімдерді, вагондарды жеткізуді шектеу мәселесі бар», – деп біраз жайтты тілге тиек етті.
Ал саясаттанушы Тарас Березовец: «Янукович Еуроодақ қауымдастығымен келісімге қалай да қол қояды. Ол тіпті бұл үшін Тимошенконы босатуға дейін барады. Оның басқа таңдауы жоқ. Егер қауымдастықтан бас тартса, Мәскеудің түрлі тәуекелі тағы бар. Сондықтан украиндық элита ресейліктерге бағынғысы келмейді», – деген пікір білдірсе, белгілі неміс саясаттанушысы Александр Рар Ресейдің де өз тағдырын Еуроодақпен байланыстырғысы келетіндігін айтады. «Ресей Ельциннің кезінде де, Путин билікте отырған тұста да бұл ойын ашық білдірген. Сондықтан Ресейде білгір саясаттанушылар бар болса, Украинаның жолын бөгемей, керісінше соған енуге талпынуы керек сияқты. Сонда қысымның бәрі алынып тасталатын еді», – дейді.
Бәрінен де «Мир» телеарнасындағы «Слово за слово» ток-шоуында Ресейдегі украиндер бірлестігінің құрметті төрағасы Валерий Семененконың пікірі ұтымды шықты. «Ресей Украинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындауы керек. Үйдің қожайыны Путинді қонаққа шақырғанда, ол сағат 4-те түскі асқа бара жатады. Ал президент Янукович оны күтіп отырады. Бұл менсінбеушілікті көрсетеді емес пе? Ал сіздер Украина Батысқа кете ме дейсіздер! Ешқайда да кетпейді. Бұл мемлекет Еуропамен де, Ресеймен де экономикалық кеңістік орнатқан», – деп алдымен мемлекетті және оны басқарып отырған басшыға деген құрметтің болу керектігін қадап айтты.
Қоғамда осындай пікір алуандығы көп. Саясат сахнасында жүрген мамандар жақында Тимошенконың бостандыққа шығатындығын да баса айтуда. Бұл Еуроодақтың талабы. Себебі, жақында Еуроодақ Киевтен сайлау заңнамасына реформа жасау керектігін, ең әуелі экс-премьер Юлия Тимошенконың еркіндікке шығаруын талап еткен болатын.
Қоғамдық пікірді анықтау барысында жүргізілген сауалнама бойынша, украин халқының көпшілігі Еуроодақ қауымдастығына енуді құп көрсе, ал Кедендік одаққа тек 30-35 пайызы ғана қолдау білдірген. Демек, жергілікті халық билік басындағылардың шешімін бірауыздан мақұлдайды. Соңғы өткен ТМД елдері басшыларының саммитінде Кедендік одаққа Армениядан кейін Түркия мен Үндістанның қадам басуы мүмкін екендігі айтылды. Ал ресми Киев бір айдан кейін Еуроодақ қауымдастығына кіріп, еркін сауда аймағын қалыптастыруға бағыт алып барады.
Динара Мыңжасарқызы