СААКАШВИЛИ: МАҚТАЛА МА, ДАТТАЛА МА?

СААКАШВИЛИ: МАҚТАЛА МА, ДАТТАЛА МА?

СААКАШВИЛИ: МАҚТАЛА МА, ДАТТАЛА МА?
ашық дереккөзі
359

Күні кешегі президенттік сайлауда бәсекелесіне есе
жіберіп алған Грузияның қазіргі басшысы Михаил Саакашвилидің үстінен қылмыстық
іс қозғалуы мүмкін. Қ
азіргі үкімет
пен құқық қорғау органдарының өкілдері
тарапынан білдірілген ресми мәлімдеме
ауаны осыған саяды. Бұл туралы халықтың пікірі әр алуан. Сотқа сүйрейтіндей,
Саакашвили қандай қателік жіберді? 

Грузиядағы президенттік сайлауға санаулы күн қалғанда
грузиндік кейбір БАҚ өкілдері «дауыс беру процесінен кейін грузиндердің құқық қорғау
органдары Саакашвилидің үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін» деген ақпарат
таратты. Осы мәселеге орай ресми мәлімдеме жасаған премьер-министр Бидзина
Иванишвили: “Саакашвили саяси қуғынға ұшырамайды, бірақ оған қойылатын сұрақтар
бар. Егер бұрынғы премьер (Вано Мерабишвили) қазір түрмеде отырса, бұрынғы қорғаныс
министрі (Бачо Ахалая) де абақтыға жабылса, тағы бір экс-қорғаныс министрі
(Давид Кезерашвили) қашып жүрген жерінен Францияда қолға түссе, бұрынғы бас
прокурор әрі әділет министрі (Зураб Адеишвили) мен қазіргі Тбилисидің қазіргі
мэрінің (Гиги Угулава) үстінен бір емес, бақандай үш қылмыстық іс қозғалса, әлбетте,
Саакашвилиге де қойылатын сұрақтардың туындауы – заңдылық. Алайда, саяси тұрғыда
қуғынға ұшырайды деу қисынға келмейді”.

  Иванишвилидің айтуынша, 2006 жылы қаза
тапқан премьер-министр Зураб Жванияның қазасына байланысты Михаил Саакашвилидің
үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. “Саакашвилиге қатысты қылмыстық
іс қозғалуы әбден мүмкін. Тым құрығанда Зураб Жванияның өліміне қатысты және
басқа да көптеген жағдайларға байланысты. Мәселен, 2001 жылдың 26 мамыры күні
болған оқиғаны алыңыздар. Шеруді тарқату кезінде бірнеше жазықсыз жан ажал құшты.
Президент бұл туралы білмеді дейсіздер ме? Әрине, білді. Мен Грузия азаматы
ретінде президентімді жауапқа тартқанын және оның түрмеге түскенін қаламаймын.
Бұл елдің беделіне нұқсан келтіреді. Алайда, сот пен прокуратура бар, олардың
ісіне мен араласпаймын”, – деген
Иванишвилидің емеурнінің астарында Саакашвилиге қиын тиетінін айтқан ескерту
жатқан сияқты. Алайда, мұндай қоқан-лоққыдан
ыққан Саакашвили жоқ. Саакашвили Ахалкалакидегі кездесулерінің бірінде
президенттік тақты бәсекелесіне тапсырғаннан кейін оны Путин-Медведев,
Иванишвили және армяндардың саяси белсендісі В.Чахалянның жазаға тартуға құлшынып
отырғанын айтады: “Тоғыз жыл бұрын, Шеварнадзенің кезінде осы аймақта
тіпті тудың өзі толқи желбіремейтін. Қандай деңгейдегі грузин мектебін салғанымызға
қараңызшы. Грузин тілі пәнінің мұғалімдерін әкеліп, балаларды Ана тілінде
сайраттық. Ең бастысы, грузиндік сана қалыптасты. Инфрақұрылымды дамыттық,
темір жол мен газ тарттық. Тбилисиде ешкім мән бермеген шығар, бірақ Ахалкалаки
Грузияның заңды меншігіне өтті. Енді қазір Чахалян деген баскесер бүгінгі
билікпен бірге “Саакашвили елді тұралатты, барды жоқ қылды” деп
аттандап жүр. Оның пікірінше, Саакашвилиді соттау керек екен. Саакашвилиді
соттауға жанталасатындар: Путин-Медведев, Иванишвили мен Чахалян. Мұны кездесоқтық
деп ойлайсыздар ма? Сепаратистердің саны қазір саусақпен санарлықтай. Грузия үкіметін
бұндай қауіпті ойынмен әуестенбеуге шақырамын. Өйткені ұсақ-түйектен басталған
нәрсенің барлығы кейін ушығып, өзімізге сор болады. Жеке бастың қыжылын, өшпенділігі
мен шетелдіктердің саяси тапсырмасын Грузия қауіпсіздігіне қатер төндіруге
пайдалануға болмайды. Бұл менің Грузия үкіметіне кеңес ретінде білдірген соңғы
ескертуім. Бізді тек Шеварнадзенің дәіріне қайта оралтып, сол кездегі соралықылық
пен былыққа қайта батырмаңдар”. Саакашвилидің қытығына тиген жайт,
Ахалкалакидегі шіркеуге барған оны Чахалянның “Бұл жердегі мектептерде
армян әдебиетін оқытылмайды, Саакашвилиді соттау керек”, – деп жиылғандардың
көзінше сынға алуы. Оған “Грузин шіркеулерін жермен-жексен етіп, шіркеулер
мен Ахалкалаки училищесінің маңында баскесерлеріңмен бірге сойқан салған –
сенсің!».

  Президенттік сайлауда жеңіске жеткен үміткер
Маргвелашвилиден кейін тұрған Баркадзе – Саакашвили бастаған «Біртұтас ұлттық қозғалыстың»
үміткері. Сайлаушылардың 62 пайыздан астам дауысына ие болған Маргвелашвилиден
кейін ең көп дауыс Баркадзеге бұйырды – 22 пайызға жуық. Сарапшылар мен
саясаттанушылар қауымы: «Саакашвили елде өзін қолдайтындар саны әлі де көп
екенін көрсетті. Демек, бұл Саакашвилидің артында оның үстінен қылмыстық іс қозғауға
үлкен кедергі келтіретін топ тұр деген сөз», – дейді.  

  «Гүржілер сайлауалды науқанға дайындықты
қалай жүргізуде?» деген сауалдың жетегімен Грузия астанасы Тбилисидің көшелерінде
әлеуметтік
сауалнама жүргізу барысында тбилисиліктерден “Саакашвилидің үстінен қылмыстық
іс қозғалуына қалай қарайсыз?” деп сұраған едік.

Зураб,
таксист:


Саакашвили елге көп жақсылық жасады. Әділет министрлігі сияқты алып да әдемі ғимараттарды,
қала ортасындағы керемет көпірді салды. Елдегі коррупциямен күресті. Меніңше,
оны жазаға тарту, түрмеге отырғызу әділетсіздік болмақ.

Нино,
студент:


Білмеймін, тіпті, не айтарымды да білмеймін…

Николай,
зейнеткер:


Саакашвили – ауру.
Есі дұрыс емес. Елді ірітіп-шірітті, алдады. Грузияны кері кетірді. Бұрын көшеде
ұялы телефонмен де ашық сөйлесе алмайтыныз. Өйткені қасыңда тың тыңдап,
Саакашвилидің жансызы отыратын. Айттым ғой саған ауру деп! Оңбаған адам! Қанша
адамның қанын мойнына жүктеді. Соттағаны дұрыс!

Георгий,
жұмыссыз:


Саакашвили елге көп жақсылық жасағаны рас. Бірақ жамандығы одан да көп болды.
мысалы, менің мектеп жасындағы екі қызым бар. Иванишвилиге келгенге дейін
екеуіне жыл сайын 500 лар шығын шығаратынмын кітап сатып алуға. Қазір үкімет бәрін
тегін беріп отыр. Бюджеттен шығарып. Мен неге Саакашвилиге араша түсуім керек?!
соттай берсін!

Давити,
зейнеткер:

– Маған
айту қиын. Бірақ Саакшвили коррупциямен күресем деп жүріп, өзінің қасына жемқорларды
жинап алды. Елді салықпен қинады. “Анаған төл”, “мынаған төле”,
бітпейтін “төле”! Тіпті, бақшадан мандарин жұлып әкеліп сатсаң да, төлетеді.
Сонда нанға ақшаны қайдан табады жұмыссыз жұрт? Жазаға тартсын Саакашвилиді!

Тамара, мемлекеттік қызметкер:

– Бір
шаруамен шығып едім далаға. Асығыспын… Жауап бере алмаймын…

Лариса, мектепте мұғалім:

– Миша
мемлекеттегі жемқорлықты түбірімен жойды. Мектептерде тіпті, бір қорап шоколад
алуға тыйым салынатын. Соңғы бір жылда, Иванишвили билікке келгелі ол үрдіс өзгерді.
Басқаны қайдам, мен жұмыс істейтін мектепте ұстаздар ақша да, шоколад пен басқа
қымбат, бағалы сыйлықты да еш қорықпастан ала бастады… Миша кімдерге жақпай қалды?
Әлбетте, Ресейге! Путин бізге, Грузияға жақсылық ойлайды дейсіз бе? Ойламайды ғой.
Миша қарсы шыққаны үшін өз халқын оған қарсы қойып, арандатуға тырысуда. Менің ұлтым
– орыс. Грузияда туғанмын. Гамсахурдияның кезінде «Грузия – тек грузиндер үшін!»
деген ұран болды. Мен қоғамдық көліктерге мінгенде грузиндер «неге орысша сөйлейсің?»
деп ескерту жасайтын. Ал Миша келгелі елде ұлтшылдық та бәсеңдеді. Өйткені
демократиялық құндылықтарды ұстанатын ол ешкімді ұлтына, дініне, жынысына қарай
бөлуге болмайды деген ұстанымда болды. Нағыз әділ, демократияшыл басшы. Рас, соңғы
кездері оның командасы жиі қателесті. Тың тыңдау, адамдарға психологиялық тұрғыда
қысым жасау т.б. айтам. Бірақ ол елді дамытуға құлшынды ғой! Оны халық сезінді
де. Сонда Мишаны не үшін, кім үшін соттауы керек?

Леван Панчвидзе, бұрынғы журналист:

–Мен журналист едім, одан қол үздім. Кінәлі – Саакашвили.
Екі газетім болатын. Екеуін де жауып тастады. Оның адамдары маған «оппозицияны
тастап, Саакашвилиді жақтасаң, саған 4 миллион береміз» деді. Мен бас тарттым. Қудалау,
ізіме түсу сол сәттен басталды. Тіпті, өміріме қауіп төндіріп, қастандық та
жасалды. Мені өлтіргісі келді! Бар кінәм – газет шығарып, басылым арқылы өз
ойымды еркін жеткізгім келгені. Әлбетте, Саакашвили жазасын алуы тиіс. Мойнында
жазықсыз қанша адамның қаны бар. Мен сияқты жазықсыз зардап шеккен қанша адам
тағы бар…

Абели, Тбилиси тұрғыны:

– Осыдан
он жыл бұрын, Миша билік басына келмей тұрғанда сіз Тбилисдің қандай жағдайда
болғанын көрдіңіз бе? Тбилиси ғана емес, бүкіл Грузия былыққа батып, тұралап
жатқан. Небары 37 жастағы Миша елге су, газ, жарық әкелді, жол салып берді. Жемқорлықпен
аяусыз күресіп, оны жойды. Біз тіпті, алғашқыда сене алмағанбыз. Көшелерді қарасаңыз,
қазір қоқысқа толы. Мишаның кезінде ондай емес еді. Мұнтаздай таза болатын.
Айналдырған бір жылдың ішінде Иванишвилидің үкіметі Мишаға дейінгі қоқысқа толы
қаланы қайта әкелді бізге. Тазалық қайда?! Миша ұрыларды да аямады. Оның
кезінде есігіміз ашық-шашық жата беретін. Қазір есікті бекітуге мәжбүрміз. Өйткені
жұмыссыз жүргендер, алаяқтар түрмеден босатылды. Негізі кінәлі адам жазасын өтеуі
керек қой. Сонда Мишаны не үшін соттамақ? Ұрыны, жемқорды жазалағаны үшін, елді
дамытуға жанталасқаны үшін бе? Бұл әділетсіздік қой!

Цицино, зейнеткер:

– Мен қазір
зейнеттемін. КСРО кезінде суретші болғам. 
Кеңестік елдердің көпшілігін араладым, Мәскеуде біраз жыл тұрдым. Бірақ
бәрібір өз еліңе жетпейді. Мен Миша қалыптастырған елімді айтам. Өзгелер тек өзін
ойлайды. Миша елді ойлады. Инфрақұрылымдарды қалпына келтірді, экономиканы
дамытты, Еуропалық Одақпен, АҚШ-пен ынтымақтастықты арттырды… Жазаға тартылмау
керек. Керісінше, Саакашвили –демократиялық қоғамды құрған тұңғыш президент
деген атақ берсін.  

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары