Грузиядағы президенттік сайлау:
Грузиядағы президенттік сайлау:
Гүржілер
еліндегі саяси науқан қызып тұр. Ертең гүржі халқы ел президентін сайлайды. Бәсеке
көрігін қыздырған үміткерлер арасында қазіргі премьер Бидзин Иванишвилидің жақтасы
Маргвелашвили де бар. Отставкаға кетуге санаулы уақыт қалғанда Грузия
премьер-министрі Бидзин Иванишвили саяси науқанға қатысу қарқынын арттыруға қатысты
бірқатар шара жүргізді. Журналистерді жинап алып, баспасөз мәслихатын ұйымдастырған
ол егер өзі қолдау білдіріп отырған басты үміткерлердің бірі – Маргвелашвили алғашқы
турда сайлаушылардың 50 пайыз дауысын жинай алмаса, екінші турға қаысудан бас
тартуға кеңес берді: “Сайлаушылардың жартысынан кемі қолдаса, бұл
“грузиндік арманға” сенгендер санының аздығын көрсетеді. Егер 60
пайыздан аз болса, азаматтардың ертеңгі күнге деген құлшынысының төмендігі”.
Иванишвили
ертеңгі сайлауда елді белсенділік танытуға шақыра келе, тағы бір ескерту
жасады: “Біртұтас ұлттық қозғалыс” үміткері Давид Бакрадзе жеңіске
жетсе, Михаил саакашвили премьерлік таққа отырады. Қызықтың көкесі сонда болады
сіздер үшін”. Премьердің сөзін сан саққа жгірткен грузиндік сарапшылардың
пікірі де сан алуан. Мәселен, Горби” әлеуметтік қызметінің жетекшісі Мераб
Пачуляның айтуынша, Иванишвили сайлауға аз қалғанда, дауыс берушілердің қытығына
тиіп, оларды оятуға күш салды: “Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне
сәйкес, билік тарапынан ұсынылатын үміткердің жеңіске жетуіне басты кедергі
келтіруші – жалқау дауыс беруші. Шын мәнісінде, жалқау сайлаушы Иванишвилиге бүйрегі
бұрғанмен, оның ұсынған үміткері Маргвелашвилиге дауыс беруге дайын тұрғанымен,
сайлау учаскесіне келуге мойны жар бермеуі мүмкін. ауа райын болжаушылар сайлау
өтетін күні ауа райы күр бұзылуы мүмкіндігін ескертуде. Демек, күн бұзылса, төрт
қабырғадан шықпай, үйде бұйығып отыратындардың саяси белсенділігі бәсеңдейтіні
анық. Осының салдарынан, Маргвелашвилидің ұпайы оның басты қарсыластары Давид
Бакрвдзе мен Нино Бурджанадзеден әлдеқайда жоғары болса да, жинаған дауысы 50
пайыздан кем түсуі мүмкін”.
Грузин
саясаттанушысы Георгий Нодияның пікірінше, “сайлаушыларды оятуға ұмтылған
Иванишвилидің әрекетін түсінуге болады, бірақ оны демократиялық деуге
келмейді”: “Иванишвилидің бұл мәлімдемесі шынында да өте түсініксіз.
Егер “Грузиндік арман” коалициясының үміткері 48-50 пайыз дауыс
жинады делік. Оны жеңіліске жатқызуға бола ма? Бір жағынан алғанда, бұл
Иванишвилидің “не бар қылам, не жоқ” деген авторитарлық өктемдігін көрсетеді”.
Г.Нодия егер алғашқы турда басым түсе алмаған Маргвелашвили екінші кезеңге қатысудан
өз еркімен бас тартса, сайлаушылардың аса қолдамайтын екі үміткері Бакрадзе мен
Бурджанадзенің бірін таңдауына мәжбүр”, – дейді.
Саяси
науқанда кремльдік көзқарасты ұстанатындардың ойыны да қылаң берді. Мәселен,
“Маргвелашвилидің кандидатурасын саяси ойын алаңынан өз еркімен аластатқан
Иванишвили ресейлік ынтымақтастықты жақтайтын Бурджанадзені президенттікке әкелгісі
келеді” деген пікір барын айтқан Г.Нодия бұл пікірді жақтамайтынын
жеткізді.
Гүржі
саясаттанушыларының арасында “сайлаудан кейінгі сыни ескертпелер ескі
билік пен “Біртұтас ұлттық қозғалыс” өкілдері тарапынан
айтылады” деген сенімдегілер көп. Мәселен, Иосиф Цискаришвили аталған қозғалыс
мүшелері сайлаудың әділ өткеніне және сайлау комиссиясы мүшелерінің халықаралық
стандарттарға сай болғанына қарамастан, Грузияның Орталық сайлау комиссиясына кәні
артатынын айтады. Яғни, жуырда ғана ОСК тізгінін қолға алған Тамара Жвания ханымға
бағытталатын сын мен ескертпе көп болмақ: “Әлбетте олар өздері ұсынған үміткерді
жеңіске жете алмағаны үшін жерден алып, жерге салмайды. есесіне, Орталық сайлау
комиссиясын сын тезіне алады”. Тағы бір саясаттанушы Мамрадзенің
пікірінше, “Біртұтас ұлттық қозғалыс” өкілдері сайлаудан кейін
жасайтын наразылық шараларында арнайы мақсатпен жұмыс істейді: “Оларға уақытты
соза түсуге тырысады. Өйткені жаңа президенттің инаугурциясы өтетін күні
(сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейін үшінші жексенбіде) Михаил Саакашвили әлі
президенттік тақта соңғы рет отырмақ. Сайлаудан жиырма күн өткеннен кейін
Саакашвили Вильнюстағы Еуропалық одақтың саммитіне Грузия президенті ретінде қатысып,
радикалдық бағыттағы мәлімдеме жасауы мүмкін. Бұл “Біртұтас ұлттық қозғалысты”
сайлаудан кейін жаңа биліктің қуғынға ұшыратуына себеп болуы ғажап емес”.
Соңғы
кездері қазіргі президент Саакашвилидің телеарналарда жиі қылаң беруі, саяси мәлімдемелерді
жасауда аса белсенділігі ертеңгі дауыс беру процесінде “Біртұтас ұлттық қозғалыс”
тарапынан ұсынылатын үміткерге оң ықпал етуі мүмкін. Дәл осы пікірді ұстанатын
Цискаришвили: “Соңғы бес жылда айтып үлгермегенін Саакашвили сайлауалды нуқанында
түгесуге жанталасқандай. Дәл осы қасиеті сайлаушыларды сайлау учаскелеріне қарай
сүйрейтін басты тетік саналады. Саакашвили болмаса, дауыс берушілер тарапынан
белсенділік байқалмаған. Алайда, қазіргі президент күн сайын теледидар арқылы өзі
билік басында отырған кезде қандай жақсы істер атқарылғанын сайлауышлардың құлағына
құйып бағуда. Демек, “Біртұтас ұлттық қозғалысты” жақтайтындарды
санын күрт арттыруы әбден мүмкін”.
Жұма
күні Грузияның Орталық сайла комиссиясы ертеңгі президенттік сайлауға дауыс
беруге 3 537 719 азаматтың тіркелгенін мәлімдеді. ОСК өкілі Екатерина
Азарашвилидің айтуынша, олардың 48 458 шет мемлекеттерде дауыс беретіндіктен,
шекара сыртынан 52 сайлау учаскесі құрылыпты.
Грузияның
Орталық сайлау комиссиясы резиденттік тақтан үміткер 23 азаматты тіркеді.
Алайда, кандидаттар арасында небары үшеуі ғана аса белсенді. Олар: қазіргі премьер
Иванишвили іштартатын “Грузиндік арман” коалициясынан Маргвелашвили,
Саакашвилидің жатқасы “Біртұтас ұлттық қозғалыстан” Бакрадзе және
“Демократиялық қозғалыс – Біртұтас Грузиядан” Нино Бурджанадзе.
Алайда, күні ертең кім жеңіске жететінін Грузия халқы анықтамақ.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ