Іскерлік-сапар қызметін дамытпақ
Іскерлік-сапар қызметін дамытпақ
29-30 қазан
күндері Алматы қаласында бизнес-сапар нарығындағы үлкен оқиға Abacus
корпоративтік саяхат конференциясы – АСТС-2013 өтеді. Бұл шараны
ұйымдастырушы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы туризм индустриясында қызмет
көрсетуде басты жабдықтаушы – Abacus International компаниясы.
Осымен үшінші мәрте өтетін
конференцияға қазақстандық және шетелдік ірі компаниялар басшылары, іскерлік
сапарды ұйымдастыратын әкімшілік үйлестірушілері, әуе және қонақүй
бизнесіндегі негізгі жабдықтаушы өкілдер, сондай-ақ корпоративтік клиенттерге
түрлі қызмет көрсететін туризм индустриясының сарапшылары қатысады. Биылғы
шара компаниялардың бизнес-сапары саясатын әзірлеу және енгізуде алдыңғы
қатарлы халықаралық тәжірибеге, іссапарды ұйымдастыру бойынша шығындарды
азайту және сапа деңгейін көтеру технологиясына арналады деп күтілуде. Оған
ірі және орта бизнестегі түрлі компаниялардан 300 делегат қатысады деп
жоспарланған.
Қазақстан Республикасы Индустрия
және жаңа технологиялар министрлігінің Индустрия және туризм комитеті ресми
түрде қолдау көрсететін алқалы басқосуға, сондай-ақ корпоративтік басқарушылар
қауымдастығы (Association of Corporate Travel Executives) да көмек қолын
созуда. Бұл қауымдастық корпоративтік саяхатты басқару бойынша және әлемдегі
100 елден астам елде бизнес-сапар саласын жабдықтаушылармен жұмыс жөніндегі
менеджерлерді біріктіретін кәсіби ұйым болып табылады.
Abacus корпоративтік саяхат
АСТС-2013 конференциясының өтуіне қатысты өз пікірін жеткізген Abacus Central
Asia компаниясының бас директоры Павел Спицын: «Біз осымен үшінші жыл қатарынан
корпоративтік туризмге арналған конференция өткізгелі отырмыз. Жыл өткен сайын
бұл шараның нарық ойыншыларын қызықтыра түскеніне қуаныштымыз. Алғашқы екі жиынның тәжірибесін
талдай келе, біз іскерлік сапардың қазақстандық нарығы жаңа сапалы деңгейге
шықты деп сеніммен айта аламыз. Биылғы конференция компаниялардың
бизнес-сапары саясатын құруға, іскерлік туризм саласында қызмет көрсету
сапасын жақсарту және шығынды азайту мәселелеріне арналады. Конференцияның
негізгі идеясы – отандық нарықты іскерлік сапар саясатын әзірлеу және
енгізудегі халықаралық тәжірибемен таныстыру, компаниялардың іссапар шығынын
барынша азайту және қызметкерлерді тиімді басқару тәсілдерін көрсету. Конференция
жұмысына халықаралық компаниялардағы бизнес-сапарды басқару тәжірибесімен
бөлісетін шетелдік мамандар қатысады. Өз кезегімізде біз бұл жиынның
Қазақстандағы саяхат индустриясына, оның ішінде іскерлік сапарды дамыту
ісіне өз үлесін қосады деп үміттенеміз», – деді.
Конференция аясында Abacus корпоративтік
саяхат көрмесі өтеді. Бұл бизнес-сапарды ұйымдастыру бойынша іскерлік
келісімдер жүргізу үшін таптырмас мүмкіндік.
Біздің анықтама:
Штаб-пәтері Сингапурда орналасқан Abacus International Азия Тынық мұхиты
аймағында 31 елдегі 20 мыңнан астам агенттікке туризм индустриясы саласында
шешім мен қызмет түрлерін ұсынады. 25 жылдан бері жұмыс істеп
келе жатқан Abacus компаниясы өзінің ең үздік халықаралық тәжірибесін
жергілікті тенденцияларды жақсы білуімен ұштастырады.
Динара Мыңжасарқызы