454
Ән тағылымы
Ән тағылымы
Кез келген ұлттың мыңдаған ғасырлар бойы жинаған рухани құндылықтары келесі ұрпақтың санасына тарих, әдебиет, мәдениет, өнер арқылы сіңеді.
«Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады»,– деген Елбасы Н.Назарбаевтың қазақ топырағындағы таным мен тағдырды өнеге тұтуға шақыратын пікірі бар.
Ата-бабаларымыздың арманы болған тәуелсіздіктің арқасында өткен- кеткенімізді жаңаша бағамдап, ой елегінен өткізудеміз. Тәуелсіздіктен кейінгі желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың тәлім-тәрбесіне, отансүйгіштік қасиеттерінің үстем болуына қайта құрылған қоғамдағы сана серпілісінің әсері мол. Ұлттық құндылықтарымызды ұлттық санасы бар ұрпақ қалыптастыру мақсатына пайдалануымыз керек, сонда ғана ұлттық табиғаттан алыстамайтын ұрпақ өседі.
Таяуда Алматы қаласында «Қазақконцерт» залында Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының қолдауымен Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығы қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастыруымен «Дала дауылпаздары» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кештің мақсаты – әннің тарихи тағылымы, ән құдіреті арқылы ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру. Бұл кештің басты ерекшелігі: мұнда тек ән шырқалып қана қоймай, ән тарихы баян етілді.
Кешті ғалым, әдебиет сыншысы, драматург Қайым Мұхамедханов атындағы қор ұйымдастырды. «Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қоры жетекшісі Дина Қайымқызы басшылығымен әке шығармаларын зерттеумен ғана айналысып қоймай, қазақ әдебиетіне, оның әлемдік әдебиетпен ара-қатынасына, қазақ тарихына қатысты егемен ел ғылымының, мәдениетінің сан-саласындағы жұмыстарына атсалысуда.
Алаш әдебиеті рухында тәрбиеленген қайраткер Қайым Мұхамедхановтың негізгі ғылыми зерттеу бағыты – Абай мұрасы, оның ақын шәкірттерінің өмірі мен шығармашылықтары. Ол–Абай өлеңдерінің басты текстологы. Қайым Мұхамедханов – жарты ғасырдан артық орындалған Қазақстан кеңестік республикасының тұңғыш әнұранының авторы.
Осы кеште қанша ұрпақ алмасып, жаңарып, жасарса да – ұмытылмауға тиісті ұлттық құндылықтарымыздың бірегейлері – Абай Құнанбаев, Әсет Найманбаев, Балуан Шолақ Баймырзаұлы, Естай Беркімбайұлы шығармашылықтары туралы айтылып, әндері шырқалды. Биыл Әсет пен Балуан Шолақтың туылғанына 145 жыл, Естайға 140 жыл, келер жылы Абайдың дүниеден озғанына 110 жыл болатыны да есте. Есімдері ән өнерінің көгінде қалған Абай бастатқан, оны үлгі тұтып, тағлым алған Әсет, Балуан Шолақ, Естайлар әрқайсысы өзінше бір әлем.
Қайым Мұхамедханов ақын, әнші, сазгер Абай, Әсет, Балуан Шолақ, Естай шығармашылықтары арнайы зерттеулер жазған ғалым.
Кеште Абайдың қазақтың дәстүрлі ән табиғатына жаңа түр, бағыт енгізгендігі, Әсет әндерінің ырғағындағы Арқаның асқақтығы, Жетісудың сыршылдығы, Тарбағатайдың мөлдірлігі, Алтайдың көне түркілік сарыны, «бір сырлы, сегіз қырлы» Балуан Шолақ әндерінің өнегесі, Естай әндеріндегі лирикалық иірім туралы айтылды. Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», Әсеттің «Інжу-маржан», «Қысмет», Балуан Шолақтың «Ғалия», «Карон балуан», Естайдың «Хорлан», «Бір мысқал» әндерінің шығу тарихы баян етілді. Ән мәтініндегі кейбір сөздерге түсініктеме берілді.
Кешке еңбек ардагерлері, зейнеткерлер, мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері қатысты. Залда ине шаншар орын болмады. Ең қуантқаны көрермендердің дені жастар болғандығы. Көрермендер әр әнге, әр орындаушыға ықыластарын аямады. Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіманов, Халықаралық, Республикалық конкурстардың лауреаты Сайлау Нұрбергенов, ҚР Мәдениет қайраткерлері Ардақ Исатаева,Тілеулес Құрманғалиев, Нұржан Жанпейісов, Республикалық конкурстардың лауреаттары Талғат Әбуғазы, Жақсыкелді Маясаров, Ғазым Қабденов, Жанқожа Аяпов, Ерназ Халықов, Ерқанат Көшенов, Еркебұлан Карипов, Азат Дулатұлы өнер көрсетті. Концерттік бағдарламаны Нәсіпжан Басшыбай, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Венера Мейірбек жүргізді.
Жан тебірентер, терең сезімге бөлейтін ән – халықтың рухани қазынасы. Сол қазынаны сақтай білген, сол қазынаны рухани қажетіне жарата білген халықтың ғана ұлт ретінде, халық ретінде болашағы сақталады.Сол қымбаттарымызға иелік жасап, қасиеттерін ұғынып, дәуір тынысына орай рухани қажеттілікке айналдыруымыз керек.
Ән де – тарихи шежіре. Осы қасиетті шежіре – бүгінгі буын арқылы келер ұрпаққа берілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы болып табылады.
«Дала дауылпаздары» аты әдеби-сазды кешті өткізудің қажеттілігі де осыдан туындап отыр.
Нұржанат Рахманова,
филология ғылымдарының кандидаты
Алматы