Шымылдығы түрілген 88-маусым
Шымылдығы түрілген 88-маусым
М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры биыл 88-маусымның шымылдығын түрді. Биылғы маусым жыл сайынғы дәстүрге сай, Мұхтар Әуезовтің пьесасымен емес, Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан» спектаклімен ашылды.
Театрдың биылғы маусымашарына да өзгеше жаңалықтар еніпті.
Театрдың биылғы жаңалығы көп болып тұр. Жұмыс барысы да біршама өзгерген. Театрдың тыныс-тіршілігінен хабардар ететін «Баспасөз қызметі» жаңа бөлім болып ашылса, спектакльдерді бейнетаспаға көшіріп, оны кәсіптік деңгейде өңдеу үшін арнайы «Дыбыс және бейнежазу» студиясы жұмыс істей бастаған. Сонымен бірге, биылғы маусымнан бастап, театр сағат үштен бастап ашылатын болады. Әрі мұнда тұрақты театр мұражайы жұмыс істей бастайды. Бұл мұражайдан тоқсан жылдық тарихынан сыр шертетін құнды дүниелерді кездестіресіз. Театр ұжымы да толыққан. Жас актерлер, жаңа мамандар, жас режиссерлер келіпті. Тағы бір жаңалығы, спектакльдерді көрермендер енді жаңа орындықтарда тамашалай бастайды.
Маусымашар алдында театр ұжымы баспасөз-мәслихатын өткізді. Театр басшылығы, актерлеріміз журналистердің сауалдарына жауап беріп, атқарылып жатқан игілікті істерімен де бөлісті.
«Жалпы, драматургия – қартаймайтын жанр. Оны жас пен кәріге бөле алмаймыз. Мәселен, Дулат Исабековтің драматургиясын алайықшы. Ол кісінің бұл саламен айналысып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Оның туындылары әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Еліміздің барлық театрларында жазушының туындылары сәтті сахналанып жүр. Дәл сол секілді егер драматургтеріміздің ұсынып отырған шығармасы бүгінгі күннің бейнесін дәл суреттеп, қоғам шындығын айқын көрсететін болса, ондай шығармаларды сахналаудан театр бас тартпайды. Біз спектакльдерді таңдағанда бірінші кезекте осыған мән береміз. Негізі, сәтті жазылған шығарманы шаң басып жатпайды. Ол міндетті түрде өз көрерменін табатыны сөзсіз», – дейді театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек. Бұл Еркін Жуасбектің драматургия мәселесіне қойылған сауалға берген жауабы. Жыл сайын, драматургтер мен режиссерлердің арасында дауға айналған бұл мәселенің негізгі түйіні осы. Яғни, жақсы шығарма табылса, режиссер неге қоймасқа? Немесе, жақсы режиссердің кез келген жақсы туындыны қою үшін біліктілігі мен білімділігін көрсете білуі. Сондай-ақ ұжым басшылығы репертуардан кейбір қойылымдардың орынсыз түспейтінін де айтып өтті. Тіпті, биыл репертуардан шығып қалған кейбір спектакльдердің қайта оралатынын да жеткізді. «Репертуардан қай қойылымды алу керектігін театрдың көркемдік кеңес мүшелері шешеді. Олар сахналанып жүрген барлық спектакльдерді бір жыл бойы бақылап, зерттейді. Онда қозғалатын тақырыптар мен мәселелерге қарай талдау жасап, келесі жылғы репертуардан қысқартып отырады. Әдетте көрерменнің алдында өз парызын өтеп болған шығармалар ғана тізімнен алынады. Театр қоржыны жыл сайын жаңа спектальдермен толығып отыратындықтан осылай ету қажет», – дейді Еркін Жуасбек мырза.
Биылдан бастап, театрда дербес сайт жұмыс істей бастайды. Бұл сайт театрдың жаңалықтарымен оқырманды хабардар етіп отыратын болады. Әрі биылдан бастап, электронды билет жүйесі де іске қосылмақшы. Көрерменге билет алу үшін кассаға барып, әуре болудың қажеті болмайды. Электронды билетті кез келген жерден алуына мүмкіндік бар. Театрдың тағы бір жаңалығы, биылғы жылдан бастап, билет бағасы да көтеріліпті. Рухани дүниенің құны жоғарылағаны дұрыс. Шет елден келетін әртістердің концертіне қомақты қаржысын құртатын көрермен үшін театрдың бағасы соншалықты қымбат та болмас.
Биылғы маусымның тағы бір жаңалығы, әртістердің шеруі болды. Қызылды-жасылды жасанған салтанатпен ашылған 88-ші маусымының ашылу көркін театрдың аға буындары бастап шыққан актерлар шеруі қыздыра түсті. Шерудің көшін театрдың ақсақалы, ҚР Халық артисі Сәбит Оразбаев бастап шықты.
Едіге Бектас