Шахан сері

Шахан сері

Шахан сері
ашық дереккөзі
1135

Шахан Мусин – 100 

Қазақ өнеріне еңбегі сіңген актер, театр саңлағы Шахан Мусинге 100 жыл толып отыр. Бұл датаға Мәдениет және ақпарат министрлігі ерекше мән беруде. Өйткені Шахан Мусин сынды өнер саңлақтары ешқашан ұмытылмауға тиіс. 

Қазақ өнеріне еңбегі сіңген актер, театр саңлағы Шахан Мусинге 100 жыл толып отыр. Бұл датаға Мәдениет және ақпарат министрлігі ерекше мән беруде. Өйткені Шахан Мусин сынды өнер саңлақтары ешқашан ұмытылмауға тиіс. Көрнекті актер  1913 жылдың 27 желтоқсанында Павлодар облысы, Май ауданы, Үлкен Ақжар ауылында туған. Актерлік жолын 1934 жылы Семей облыстық қазақ драма театрынан бастады. Әрі дарынды актер осы театрдың іргетасын қалаушылардың бірі болып тарихта ізін қалдырды. Шахан Мусиннің сахнадағы алғашқы ролі І.Жансүгіровтің «Кек» пьесасындағы Бидахмет ролі еді.  Актер Семей қазақ драма театр сахнасында жүріп,  Айдар (М.Әуезов. «Абай), Ақан (Ғ.Мүсірепов. «Ақан сері-Ақтоқты»), Ян Грубек (К.Симонов. «Прага талшындары астында»), Темір (Ә.Әбішев. «Достық пен махаббат») рольдерін ойнады. 

Көрнекті актердің өмірі оңай болған жоқ. Саяси қуғын-сүргіннің де азабын тартты. Көптеген өлеңдерін 1937-46 жылдар арасында Колымада жүргенінде жазды. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1954-1957 жылдары  Қазақтың Мемлекеттік академиялық Жастар мен балалар театрында актерлік қызмет атқарса, 1957 жылдан бастап, өмірінің соңында дейін қазақтың академиялық драма театрында өнер көрсетті. Алуан түрлі кейіпкерлерді сомдады. Ақан (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында»), Сырым (Әуезовтің «Қарагөзінде»), Моцарт (А.С.Пушкиннің «Шағын трагедияларында»), Телегин  (А.П.Чехов, «Сүйікті менің ағатайым») және т.б. рольдері қазақ театрының тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. 

Сонымен бірге, дарынды актер  қазақ киносының өсіп-өркендеуіне де  сүбелі үлесін қосты. Атап айтқанда, «Бұл Шұғылада болған еді», «Біз осында тұрамыз», «Асау Ертіс жағасында», «Шоқан Уәлиханов», «Ұлан», «Қосымша сауалдар», «Жол торабы», «Аманат», «Шешуші айқас», «Даладағы дабыл», «Кек», «Талтүс», «Жаушы», «Құлагер» сияқты көптеген көркем фильмдерге түсті. Шахан Мусин – қазақ театры мен кино өнеріне өлшеусіз үлес қосқан талантты әртіс болды. 

     

Шахан сері

Қайран Шахаң!

 Мен үшін Шахаң кісіліктің, кіршіксіз тазалықтың мысалындай. Тазалық дегенде кең  мағынасындағы ұғымды айтып отырмын. Оған жеке басының тазалығы, жағасына кір, үстіне шаң жұқпайтындығы да жатады. Оған қоса, Шаханда асқан бір сырбаз, серілік қасиет бар еді. Ол майда-шүйдеге бармайтын, пендешіліктен  жоғары тұратын, паң, сұлу көрінетін және онысы өзіне әбден жарасатын. Шахаңның басынан өткен сол бір нәубет, он сегіз жыл көрген азапты жылдарынан алған сабағы – өмірдегі күйкі тіршіліктің бәрін тәрк етіп, жоғарыдан қарайтын биіктікке көтеріп жіберген. Сондықтан анау-мынау ұсақ-түйекке күйіп-піспейтін, біреудің жасаған сатқындығын көріп, азғындығын байқаса да, жанына тиетін қиянатты сезсе де, оған тап беріп араласып кетіп, ара жігін ашып берейін деп өзін-өзі әуреге салып, қинамайтын, биік тұратын. Бәріне юмормен қарайтын.

Өйткені қазір ойлап қарасам, тағдыр оның бүкіл жастығынан айырған ғой. Жастық шақтың бар  дәуренін заманы өртеп жіберген. Жоқ. Тұтас бір кесек кезеңін заманы тартып алған. Өмірінің әдемі шағын… Бұл кезде ол да тентектік, бозбалалық жасауы, қателесуі, басын тауға, тасқа ұруы мүмкін еді. Алайда, өмірдің сондай бір бел-белесінен Шахаң түс көргендей өтіп кеткен. Шындығында, мұны мен қазір ғана ой безбеніне  салып, салмақтап отырмын. Алайда сері ағамыз бұл аралықты саналы түрде өшіріп жіберген. Он сегіз жыл көрген қорлығын ұйықтап тұрғандай ішкі сарайынан сызып тастаған. Сонда жаңағы «он сегіз жыл өмірім бекер өтті-ау!» дейтіндей  ақжарқын жанның жүзінде қандай да бір мұң, маңдайында сызат, бетінде әжім жатпайтын, тіпті іштей бір өкініш сездірмейтін еді-ау! Қашанда жарқырап, сұп-сұлу, тап-таза, мұнтаздай күйінде, үсті-басының қыры кетпей, мойнынан галстугы түспей, бәтеңкесінің бауы үзілмей, қобырамай, салақтық жасамай, жинақы, әдемі жүріп қазақ өнерінің нар тұлғасы көз алдымызда пәниден бақиға өтті.

Сонан соң үлкен театр – үлкен өнер жарысы. Нағыз өнер – бәсеке, бәйге.  Бәйгеде, әрине, «неге қалып қойдым?» – деп ашыну, опыну, «анау неге озды?» – деп көре алмау, өкпе, іштарлық болмай тұрмайды.  Ал Шахаңда, міне, осылардың бірі де жоқ еді. Ол – ондайға мүлдем араласпаған кісі. Өзінің құдай берген табиғи талантына сенген, қолынан келетін шаруасын білген, айнала ортасына қасиеті мен қадірі барын сезген сияқты. Шахаңның «Неге осылаймын, неге бұлай?» деп қамығып, налып жүргені есімде жоқ. Ағамыз әдеттегі әзіл-қалжыңымен замандас құрдастары болсын, өкшесін басқан іні-қарындастары болсын, бізден де кейінгі буынның өкілдері болсын – бәрімен де таза көңілмен сыйласты.

Мұндай «ұлық болсаң, кішік бол!» дейтін қасиет өзі түсе қалмайды ғой, туа бітеді. Өмірдің көкпарында жүре пайда болатыны да бар шығар, мен оны талдап, талғамай-ақ қояйын. Алайда он сегіз жыл қорлыққа төзіп, адамгершілік қасиетін қашырмау, іштей іріп, бұзылмау ердің еріне тән ғана мінез. Демек, Шахаңның ағзасында, негізінде керемет тектілік бар. Ол өмірдің тар жол, тайғақ кешуіндегі басынан кешірген оқиғаларының керексіздерін зерде сүзгісінен өткізіп, алып тастаған сияқты. Ағамыздың ірілігі сол – біреуге бұлданып, ренжіп жүргенін мен көрген емеспін әйтеуір. Және «Мен осындай болдым, жігіттер! Ой, біз не көрмедік! Ойбай, біз не істемедік! Сендердің заманың жақсы ғой, сендер бақыттысындар!  Ой, біз…» деген сияқты артық ауыз сөз айтпайтын, бәлсініп, ешкімге міндет қылмайтын. Ал егер әлгі он сегіз жыл көрген қуғын-сүргіні туралы сұрай қалсаңыз, Шахаң әзілдеп, ертегі етіп баяндайтын. Бәлкім, өткенді еске алғанда өзінің де, өзгенің де жанын ауыртпайтын амал іздеген болар. Қолайлы сәтін тауып, абақтыда небір қылмыскерлер арасында болғанда, олардың не түрлі мінез-құлықтарына куә болғанын білгіміз кеп сыр суыртпақтаймыз. Бұл өтінішімізге де қуана-қуана абақтының жаргон тілімен, небір сөз кестелерімен ішек-сілемізді қатырып, өзі де күліп отырып, орысша боқтықтың пәшкі-пәшкісін боратады-ау кеп. Онда да «Қиналдым-ау! Не сұмдық күндер болды-ау!» – деп қара аспанды төндіріп, қара басының мұңын  ғана айтпайды, парасат биігінен ел-жұртының еңсесін көтертпеген заманға сырын шертеді.

Байқағанға, Шақанның «он алты жол өлең  үшін он сегіз жыл қуылыппын…» деген лирикалық тебіренісінде ел мен жеріне шексіз берілген патриоттық сезімі тайға таңба басқандай  ап-айқын. «Білемісің, Наркомым…», – деп басталатын өлең жолдарында азаматтық ашыну болғанмен, таусылу, күйзелу жоқ. Әлде менің жадымда Шахаң образы солай қалды ма, әлгі жыр шумақтарын оқығанында отаншылдық жоғары пафос үні естіліп тұратын сияқты…

Шаханды бәріміз жақсы көрдік. Мен  қоян-қолтық көп араластым деп айта алмаймын. О кісі өзі де тап біреуге жабысып қалатын әдеті жоқ еді, бәрімізге бірдей болатын. Негізі мен Шаханды ерекше құрмет тұттым, қатты сыйладым. Ол жастарды туған балаларындай еркелететін. Рабиға  апамыздың білетін-білмейтінін  білмеймін, Шахаң театрға ақшасыз келмейтін. Және ақшаны жан қалтасына емес, галстугының қатпары арасына салады. Оны жастар жағы, әсіресе Әнуар, марқұм Боранбаев, ерке  Уайыс білетін. Шахаң театрға келгенде алдынан шығып, құшақтап:

– Аға-ау.., көке.., галстугыңыздан алдым! – деп еркелей, гастугын сипалай бастаған жігіттерге:

– Өй, күшіктер-ай, ала қойыңдар! – деп әдейі салып қойған 10-15 сомын қолдарына ұстатады. Оған ол кезде әжептеуір нәрсе келетін еді ғой!

Бір күні жігіттер тойда болып, бастары ауырып, сыра-пыра ішуге дым таппай тұрса керек. Ойламаған жерден ақ кос­тюм, ақ көйлек, ақ туфли, шашы да аппақ Шахаң жарқ етіп, есікті ашып театрға кіріп келеді ғой. Дертке дауа табылғандай лезде жігіттердің жүздеріне де үміт оты жүгіріп, көңілдері шуақтанып, рахатқа енді кенелетіндей.

– Оу, Шаха, ағатайым, айналып кетейін!., – деп галстугын ұстап сипалап көрсе, бірдеңе шытыр-шытыр етеді.

– Уһ! –деп, шыдамы таусылған Уайыс суырып алса, ішінде төрт бүктелген бір жапырақ қағаз екен. Апыл-ғұпыл әлгі қағазды ашып қалса, «Ни хрена!» деген орысша жазудан басқа түк болмай шығады. Жігіттер кәпелімде не айтарын білмей, сасқандарынан ішек-сілелері қатып, ал келіп күлсін, ал келіп күлсін. Сол күні бастарын тек күлкімен ғана жазса керек…

Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы академиялық драма театрының мен көрген аға буын өкілдері ішіндегі ең мәдениеттісі, ең зиялысы, ең бекзаты – Шахан аға Мусин болатын. Менің санамда жаратылысы бөлек, сыпайы ағаның болмыс бітімі – аспандағы құс жолы сияқты жап-жарық боп сайрап жатыр.

Науқасы меңдеп, үйінде жатып қалған кезінде бір-екі рет көңілін сұрай бардым. Көз алдымда семіп бара жатқан атпал азамат, бекзат ағамды көріп менің жүрегіме ауыр  мұң ұялап, жан дүнием құлазыды. Ол кісі болса, сол баяғы қалпы дәлізде аяғын ілбіп әзер-әзер басқанына қарамай: «Сыраға жіберейін бе, шампан алдырайын ба?» Шахан жүрген жерде шампан жүретінін білесің ғой!» – деген сияқты бірдеңелерді айтып әзілдейді. «Қалайсыңдар? Не істеп жатырсыңдар? Әй, мен қалдым ғой, жігіттер! Мен бүйттім ғой, мен ана дүниенің адамымын ғой!» –дейтін пенделік осалдықтың нышаны да жоқ.

«Алдыңғы толқын – ағалар,

Кейінгі толқын – інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер», – деген ғой Абай атамыз. Сол айтпақшы, осы әкем-театр шаңырағына қызметке келген жиырма екі жасымнан бері Қаллекейді ғана қойған жоқпын, қалған Елағаңнан бастап бақиға кеткен ағалардың бәрін соңғы сапарына шығарып салдық, жер бесікке арулап тапсырдық. Солардың ішінде «Қалыңыз қалай?» дегенде: «Ей, бізден несін сұрайсың! Біз арғы дүниенікіміз ғой!» – дейтіндер болды. Мысалы Асқар Тоқпановтай өнер ұлығының алдында мен өзімді кінәлі сезінем.  Қатты ауырып жатқанында телефон шалды:

Қарағым, сен  маған неғып келмедің? Сен өлмейсің бе? – деді. Маған бұл сөз  ауыр тиді. Барғанымша ол кісі жүріп кетті. Бітпейтін күйкі тіршілік қой! Барып, «Қалыңыз қалай, аға?!» – деп басын сүйеуім керек еді, маңдайынан сипауым керек еді, арқасын көтеріп қымтауым керек еді. Ол қарызымды өтей алмаймын…

Шахаң – театрдың романтикалық кезеңінің суреткері. Еліміздегі жаңа өмірді аңсаған дәуірдегі ақындықтың, әдеміліктің әнін айтатын  романтикалық уақытқа ұлы актердың шығармашылық қызметі тұспа-тұс келді. Шынында, Ақан сері мен Сырым ролін Шахан аға ойнауы керек еді. Солай болды да.

Өнердегі бақтың жануы оңай емес. Кейде ол адамға  байланысты  болмай қалады. Қазақ «бап шаппайды, бақ шабады» дейді. Өнер майталманы ретінде бұл кісінің – бағы да, бабы да шапқан жан. Сонаң соң Рабиға апамыз ғұлама ғалым бола тұрып, Шахаңды күтіп, баптаған адал жар бола білді. Ғабеңнің (Мүсірепов) «Кездеспей кеткен бір бейне» дегені сияқты Рабиға апамыз да кездеспей кетуі мүмкін еді ғой! Бұл да – Шахаңның басына қонған бағы. Қисапсыз қорлығының азғантай өтемі… Яғни әу баста-ақ Шахаң Алла тағаланың өзінің ерекше назары түскен пендесі тәрізді маған… Алланың назары әркімге түсе бермейді… Иншалла, жұмақта жүрген болар…

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ,

Қазақстанның халық артисі

Серіктес жаңалықтары