312
АУЫЛ ВЕТЕРИНАРЫ АШҚАН ЖАҢАЛЫҚТАР
АУЫЛ ВЕТЕРИНАРЫ АШҚАН ЖАҢАЛЫҚТАР
Ғылыми терминде «мидың ағуы» деген ұғым бар. Өзімізде ғылыми айналымға енгізудің ешқандай да мүмкіндігі болмауы себепті, ерекше жаратылған интеллект иелерінің озық ой, тың идеяларының, ашқан жаңалықтарының – «мидың» сыртқа, шет мемлекеттерге «ағуымен» байланысты сөздік қорымызға да енді.
Еліміздегі базбір талантты тұлғалардың ғылымда, білімде, әдебиетте, өндірісте, басқа да салалардағы айрықша құнды жобалары, ашқан жаңалықтары болса, болмашы ақыға бағалап, түбегейлі меншіктеп, Америка, Англия, Жапония секілді алпауыт мелекеттердің ғылым өкілдері қидай сыпырып алып кетіп те жатыр. Әнебір жылдары олардың «жылт еткен жаңалыққа» бола ғаламтор арқылы байқау жариялап, өздері де арнайы келіп әңгіме өткізіп, аймақтағы бірқатар жоғары оқу орындарын жағалап кеткені есімізде. Қиыршығыстық бір азаматтың өзі ойлап тапқан цементтің жаңа қоспасын қыруар ақшаға Қытай елінің қанжығасына байлап жібергені де…
Осындайда өзіміздегі ерекше талант иелері ашқан жылт еткен жаңалық жерде қалмаса, өз ақыл ойымыз өзіміздің игілігімізге жаратылса деген ой келеді көңілге. Жерлесіміз, жазушы Сейілбек Қышқашаевтың өзі ойлап тауып, таптұйнақтай етіп патенттеп те қойған ауылшаруашылығы техникаларының жетілдірілген нұсқаларының әлі күнге өндіріске енгізілмей жатқанына аздап қынжыламыз кейде. Облысымыздағы өнертапқыштардың бір парасы өрт сөндіру әдісі, шағын су электр стансасы, т. б. түріндегі жаңалықтары қанша жерден тиімді бола тұрса да, жаппай өндіріске енгізе алмай жүр емес пе?! Өкінішке қарай, біздің интелектуалдық меншікке деген «көзқарасымыз» осындай. Ал, ондай арзан әрі қарапайым жобалар қазіргідей «қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан» тұста ауылдықтар, ауылшаруашылығы саласы үшін қаншалықты қажет десеңізші! Бағзы немқұрайлылығымызға бағып, мұндай жаңашыл идеялардың талайын «жөргегінде» тұншықтырудамыз.
Ойық ауылында тұратын байырғы мал дәрігері Бота Тұрсынбековтың ойлап тапқан, көп жылдар бойы нақты тәжірибеде табыспен қолданып та жүрген жылқыда кездесетін «қутезек», яғни тік ішектің толуы (закупор прямого кишка) дертіне байланысты ота жасау әдісі әдепкіде осы сала төңірегіндегілерді елең еткізгенімен, жанды қолдау таппай, орта жолда іркіліңкіреп тұр. Ғылыми орта да үнсіз. Жаңалық иесі мұнысын өз меншігі ретінде патенттік тіркеуге алғызудың да жөнін таппай, құзырлы орындардың есігін қаға-қаға тауы шағылып, тауаны қайтқандай күй кешулі. Мамандардың айтуынша, жылқыны, әсіресе, көктемде көк жоңышқа асқазанында дұрыс қорытылмай, жұмырлануынан тоқ ішегі бітелуіне апарып соқтыратын «қутезек» дертінен аман-сау алып қалу еш мүмкін емес, оған ота жасаудың да көмегі шамалы. Олар «Кемі екі жүз килограмдай салмаққа ие анандай ірі мал орнынан тұра келгенде-ақ ота жасаған жердің тігісі ыдырап, сөгіліп кетеді емес пе?» деп ауылдық ветеринар әдісінің тиімді нәтиже беретініне аса сене де қоймайды.
Ал…Бота ағамыз болса, ауылда тұрып-ақ ізденімпаздығының, епсектілігінің арқасында өледі деген жылқы малының өзін өз әдісімен емдеп жазып, аяғынан тұрғызып жіберіп жатыр. Тек осы әдісінің қыр-сырын қағазда қаттап, ғылыми тілмен тәпсірлеп жазып шығу ғана қолынан келіңкіремей жүрген сыңайлы.
Алайда ауыл ветеринары оған да мойымай, жаңалықтан соң жаңалық ашу үстінде. Елге барғанымда естідім, Бота Тұрсынбеков енді мал төлін ешқандай да заманауи технология көмегінсіз, қандауыр да, лазер де қолданбай, қан шығармай піштіру әдісін ойлап тауып, біраз уақ-түйек малға тәжірибе жасап көріпті. «Жалпы, ел ішінде еркек малды піштіруде тамыр үзу тәсілі ертеден бар. Бірақ мұндайдан соң мал тез оңала қоймайды. Күз, көктемде суық тиіп, тіпті асқынып кетуі де ғажап емес. Ал менің әдісімде бұлай болмайды. Қандай мал да бірден аяғына тұрып кетеді. Мұндай әдісті жылқыдан басқасының бәріне қолдандым. Нәтижесі жаман емес»,– дейді ол жаңалығымен бөлісіп.
Ауылға… заманауи ғылымның көмегі әлі жете қойған жоқ. Дегенмен, бір кездегі «озық ғылым жетістігі» саналған СЖК препаратының көмегінсіз-ақ табиғи жолмен егізден, сегізден төл өргізіп отырған ауылдықтарға қатардағы ветеринар ізденістерінің себі тиіп-ақ тұр.
Ауылда тұратын қарапайым мал дәрігері Бота (Кенішбек) Тұрсынбековтің атқа ота жасауға, еркек малды қан шығармай пішуге байланысты жаңалықтарын озық тәжірибе ретінде таратып, насихаттау мақсатымен Талас аудандық мал дәрігерлік қызмет бөлімі жуырда Ойық ауылында семинар-тренинг ұйымдастырды. Оған аталған мекеме мен ауылдық округтер әкімшілігі құзырындағы мал дәрігерлері қатысып, ауыл ветеринарының жаңалықтарымен тәжірибе жүзінде тікелей танысу мүмкіндігіне де ие болды.
– Ауданда бұл салада бүгінде жүзден астам маман жұмыс істейді. Олардың дені – жастар. Жиынды ұйымдастырудағы мақсатымыз да солардың өз ісін жетік меңгеруіне, озық тәжірибелерді үйренуіне ықпал ету болды. Б. Тұрсынбековтің мына ісі, сөз жоқ, тың әдіс. Ол өзі ашқан жаңалықтарын патенттеуде кедергілерге де кездесуде. Біз оған бұл тұрғыда қолдан келгенінше көмектесетін боламыз, – дейді аудандық мал дәрігерлік қызмет бөлімінің басшысы Берік Қаратаев.
Баймаханбет АХМЕТ,
журналист
Талас ауданы,
Жамбыл облысы