Қарттарым аман-сау жүрші
Қарттарым аман-сау жүрші
Қазан айында Қарттар күні жалғасын табуда. Осындай іс-шараның бірі таяуда Алматыдағы №14 кітапханада болып өтті. Бостандық ауданының кеңесіндегі Спорт комиссиясының төрағасы Сейітов Қабиболла Сейітұлының және «Дос-3» КСК (тұрғын үй комитеті) ұжымының ұйымдастыруымен Қарттар күніне арналған басқосу болды. Жиналған қарттар өзара шахмат, дойбы ойынынан жарыс өткізді. Сонымен бірге өмірінде болған қызықты сәттерімен бөлісіп, бір марқайып, көңілдері көтеріліп қалды. Осы кезде қарт аталарымыз шүйіркелесіп отырған апаларымызға: «Қыздар, келіңдер, дойбы ойнайық», – деп қолқа салғанын естіп, бәріміз күліп алдық. Жарыс соңында шахмат, дойбы ойынының жеңімпаздары анықталды. І орынды Сейітов К.С., ІІ орынды Базарбаев К.Б., ІІІ орынды Соловьев С.Д. иеленді. Дойбы жарысынан әйелдерден І орынды Стрелкова С.А., ІІ орынды Сараева Т.М., ІІІ орынды Гурьева В.М. алды. «Дос-3» КСК тарапынан арнайы дайындалған сыйлықтар тапсырылды.
Көзі қартайса да, жүректері қартаймаған қарттарымыздың белсенділігін көріп қуанып қалдық.
«Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, еліміздің елдігін нығайтқан осындай қарттарымызды қадірлеу – болашақ ұрпақ, біздің еншімізде.
Г.Құттыбаева, А.Сапарбаева
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенттері