716
Суармалы жер — еліміздің алтын қоры
Суармалы жер — еліміздің алтын қоры
Адамзатқа ең қажет дүние ауа десек, судың да маңызы одан ешбір кем емес.
Өркениетті өмір сүру дағдысы әбден қалыптаса бастаған қазіргідей қоғамда судың рөлі одан сайын шешуші маңызға ие бола түсуде. Әлемде жер көлемі жөнінен ондыққа кіретін қазақ елі табиғи су ресурстарына кенде емес. Дегенмен, Еуразия құрлығындағы кейбір елдермен салыстырғанда жағдайымыз аса мәз деп айтуға келіңкіремейді. Тек ірі өзендеріміз Ертіс, Шу, Орал, Сырдария атырабында ғана судың молдығы байқалатыны болмаса, өзге өңірлерде көп жағдайда су тапшылығы қатты байқалып жатады.
Соңғы жылдары әлемдегі су проблемаларының өршуіне байланысты мемлекеттерді тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелері ұлттық қауіпсіздік проблемалары шегінде қарастырылып жүр. Болжамдарға сәйкес, 2025 жылға қарай әлем халқының саны 8,3 млрд., ал 2050 жылы шамамен 10-12 млрд-қа дейін жетпек. Қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, алдағы 50 жылда су жетіспеушілігімен немесе су объектілерінің ластануымен байланысты проблемалар ғаламшардың әр мемлекетіне түрлі дәрежеде әсерін тигізетін көрінеді. Бұл ретте жаһандық су проблемаларының шиеленісуі әлемнің көптеген өңірлері мен елдерінің азық-түлікпен қамтамасыз ету және экологиялық қауіпсіздік жай-күйіне көп дәрежеде әсер етеді. БҰҰ-ның қолдауымен әзірленген ХХІ ғасырдың күн тәртібінде су – адамзаттың орнықты дамуының кілті болып табылатындығы көрсетілген.
Тағы бір қиын мәселе – шекаралас елдермен трансшекаралық бассейндердегі су ресурстарын пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді мемлекетаралық келісімдердің болмауы суды пайдаланудың ұлттық бағдарламаларын негіздеу кезінде түсініксіз жағдайлар туындатып жатады. Біздің елмен шекаралас елдер арасында мұндай жағдайлар талай мәрте орын алған.
Оңтүстік Қазақстан облысы елдегі ауыл шаруашылығы саласы, соның ішінде суармалы егіншілік жүйесі көптеген жылдар бойы қалыптасқан, ерекше дамыған аймақ. Облыста суармалы егіншілік жүйесін қалыптастыру топырақ және ауа райы ерекшеліктеріне байланысты егін шаруашылығын, мақта шаруашылығын дамытуға, әсіресе көкөніс өсіруге, бау-бақша дақылдарын, жүзім, дәрілік өсімдіктер мен сапалы жемшөп қорын молайтуға мол мүмкіндік береді. Сала мамандарының соңғы жылдардағы мәліметіне сүйенсек, Оңтүстік Қазақстанда 525,3 мың гектар суармалы жер бар екен. Оның қолданыстағысы 435,2 мың га. Түрлі себептермен 83,5 мың гектар суармалы жер пайдаланусыз жатыр. Егер бүгінге дейін пайдаланылмай келген 83,5 мың гектар суармалы жер келешекте іске қосылса, одан алынатын азық-түлік 125-130 мың адамның күн көрісіне жарайды екен. Жекешелендіру барысында пайлық үлес ретінде суармалы жер телімін алған диқандар, Кеңес Одағы кезінде орын алған кемшіліктердің салдарынан үлкен қиыншылықтарға тап болғаны белгілі. Бүгінгі таңда бір дақылды сол жерге жыл сайын еге беру, жердің тұздануы, құнарлылығы төмендеуі, істен шыққан тік дренажды скважиналарды жөндеуге шаруалардың шамалары келмеуі, су жүйелерінің нашарлығы, су қашыртқыларының тозығы жетуі, техниканың ескіріп, тозуы, жалпы осындай сан алуан қиындықтар қолбайлау болуда.
Десек те мемлекет, Елбасымыз ауыл шаруашылығы саласын назардан тыс қалдырған емес. Сонау 2003-2005 ж.ж. аралығындағы «ауыл жылдары» және одан бергі жылдардағы диқандар қауымына жасалып жатқан көмек, қолдаулар олардың жағдайын әжептеуір көтеріп тастады. Мәселен, ауылшаруашылығы саласын қарқынды дамыту мақсатында 2009-2011 жылдар аралығында республикалық бюджеттен бөлінген 350 млрд. теңге қаржы облыстағы, жалпы елдегі суармалы егіншіліктің дамуына үлкен септігін тигізген. Дегенмен, мемлекет тарапынан ауылшаруашылығын қолдау үшін бөлініп жатқан осынау қаржыға сай лайықты тірліктер жасалуда ма? Диқандар суармалы жерді тиімді пайдаланып, халыққа керекті дақылдарды егіп, өнімділікті арттырып, азық-түлік проблемасын түпкілікті шешуге дайын ба? Ауылшаруашылығы саласындағы ғалымдарды қатты ойландырып отырға сұрақ осы болып тұрғанға ұқсайды. Бұл жергілікті әкімдердің ұйымдастыруымен ғылыми-зерттеу институттарының, су шаруашылығы мамандарының, қайта өңдеу зауыттарының, шаруа қожалықтарының, басқа да ауылшаруашылығына қызмет көрсететін мекемелердің басын біріктіре отырып кеңінен талқыланатын мәселе екені айдан анық.
Оңтүстік өңіріндегі Көксарай су реттегіші еліміздегі су шаруашылығын дамыту барысында ғасыр құрылысы деген атауға ие болған нысандардың бірі. Осыдан бірер жыл бұрын Көксарай су реттегішімен танысу үшін Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы келген Елбасы: «Көксарай су реттегіші халық қажеттілігі үшін салынып жатыр, бұл шешіміміз дұрыс болды», – деген-ді. Шынында да Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары үшін Шардарадан Өзбекстанның Арнасай су қоймасына бекерге ағып жатқан 3 миллиард текше метрден астам суды өзімізде қалдырып, ретімен пайдалану, әрине ғасыр жаңалығы деуге тұрарлық. Су реттегіш іске толық қосылған соң облыста қосымша 60 мың гектар жер суландырылып, мұның өзі 100-110 мың халықты асырауға мүмкіндік туғызады. Суармалы жердің мүмкіндігі, сол жердің иесіне тікелей байланысты. Жерге жақсы қарап, жаңа технологияларды ендіріп әр жылы құнарлылығын арттыру бағытында жұмыс жүргізсе, жер ешуақытта ұятқа қалдырмайды. Оңтүстік Қазақстандағы ауа райы, суармалы жердің жағдайы егіншілік мәдениетін жоғарғы дәрежеде жүргізген диқандар үшін тиімді.
Ибадулла ҮМБЕТАЕВ, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры: «Суармалы жерге байланысты мына бір мәселеге көңіл аударған жөн деп есептеймін. Мекеме салу, үй тұрғызу, қора-қопсының құрылысы үшін жергілікті әкімдік суармалы жерді оп-оңай бөліп бере салады. Ал, сол жерді суармалы егістікке айналдыру үшін мемлекет кезінде қаншама қаражат жұмсады! Суармалы жер – мемлекетіміздің алтын қоры емес пе? Түркияда, Қытайда, Пәкістанда болған кезімде байқағаным, барлық құнарлы жер егістік үшін пайдаланылады екен. Ал, өздері үйді таудың беткейіне, тастың арасына немесе тұзды жерге салады. «Айналайын, бұл жер біздің баламыздың баласын асырайтын жер ғой. Егер оған үй салып тастасақ, ертең бізді және балаларымызды кім асырайды? Сондықтан біз үйімізді тау-тастың арасына, тұзды жерге салып отыра береміз» дейді. Ал бізде суармалы жерлер бей-берекет пайдаланылып келеді. Міне, осы мәселеге жер комитеттері, жер инспекциясы мемлекеттік мүдде тұрғысынан назар аударса дейміз».
Тұтынатын су қорларының мөлшері 20-25 пайызға төмендегеніне қарамастан, суды үнемдейтін жаңа технологияларды ендірген жағдайда, оған жұмсалатын қаржыны өнімділіктің жоғарылауының есебінен 2 жыл көлемінде қайтарып алуға болатын көрінеді. Суармалы жердің тиімділігін арттыру бағытында Сарыағаш, Мақтарал, Шардара, жалпы мақта өсірумен айналысатын аудандарда мүмкіндік өте мол. Ауыл шаруашылығы саласының ғалымдарының айтуынша, суармалы жер интенсивті бағытта пайдаланылуы қажет. Яғни бір жылда екі рет өнім алуға, екі жылда бес рет өнім алуға болады. Диқандар жердің құнарлылығын арттырып отырса, бір облыс халқына емес, бүкіл республикаға жыл бойы жететін көкөніс, бақша, ет, сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік туар еді. Осы орайда Мақтарал ауданына Елбасының тікелей тапсырмасымен Үкімет қомақты қолдау көрсетуде. Су тапшылығын жою мақсатында ауданның 90 мың гектар жеріне Шардара су қоймасынан сусорғыш арқылы жылдың кез келген мерзімінде су алуға мүмкіндік беретін жағдай жасалып отыр. Осылайша, су және ресурс үнемдеу технологиясын ауылшаруашылығына кеңінен енгізу азық-түлік мәселесін шешудегі басты стратегияға айнала бермек. Аталған бағыттарды жүзеге асыру егін шаруашылығында технологиялық серпіліс жасауды қамтамасыз етеді. Ауыл еңбеккерлерінің Мемлекет Басшысының берген тапсырмасын орындауына және агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуға, аграрлық сектор өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек.
P.S. Суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыру елімізде азық-түліктің тұрақты түрде молшылығын жасаудың жолы екенін біз толық түсініп қана қоймай, осы салаға жеңілдетілген несие беруден бастап, субсидиялаудан болсын, заңнамалық актілерге өзгертулер енгізу болсын, барынша басымдық беруді ойламасақ болмайтын секілді. Себебі, суармалы жерлер кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, ол – сол өңірлерде тұратын халықтың өмірі, тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры. Суармалы жерлердің жағдайы жөнделсе, елімізде азық-түлік молшылығы болады, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті артады, импорт азаяды, республика халқының жағдайы жақсарады деген сөз.
Д. Әбдіраманов
Оңтүстік Қазақстан облысы