Бала кетті бел асып...

Бала кетті бел асып...

Бала кетті бел асып...
ашық дереккөзі
704
Адам баласы біріне-бірі неге жатбауыр? Жүрегінің бір бөлігін баласына үзіп беруге дайын ана неге безбүйрек? Өз кіндігінен тараған ұрпағын әке қалайша өлімге қияды? Бүгінде осы сауалдардың алдымыздан күн сайын көсе-көлденеңдейтіні жасырын емес. Шын мәнінде, қоғамның дәл осылай қатыгезденуіне не себеп? Ел басына күн туған алмағайып заманда да қазақ даласында жетімдердің саны көп болмапты. Сонау зұлмат соғыс жылдарында да баласын тастап кеткен ана туралы естігендер санаулы. Тіпті, бір уыс бидайға зар болған аштық кезінде де құндақтаулы немесе жетектеген сәбиінің амандығын ойлаған шарасыз ананың мейіріміне жететін ештеңе жоқ шығар, сірә. Ал, қазір ше? Бейбіт заманда өмір сүрсек те, қоғамда жетім балалардың саны өспесе, азаймай отыр. Елімізде тастанды балаларды тәрбиелейтін мекемелер үстін-үстін ашылуда. Ал оны толтырып жатқан қаракөздеріміздің саны қанша? Бала асырап алуға ниетті шетелдіктердің де Қазақстанға келгіштеп кеткені бекер емес. Еліміз шетелге бала беру көрсеткіші жағынан әлем бойынша үшінші орында тұр екен. Қолда бар мәліметтерге зер салсақ, бүгінгі күні ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 35 мыңға жетеғабыл. Оның ішінде, 12 жарым мыңнан астам бала – тұл жетім. Бұл көрсеткішті аңдамай жүріп, от басқан қыздар жылдан-жылға өсіріп жатқаны тағы бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Парламентте жетімдер үйіндегі балаларды нәрестенің иісін аңсап жүрген жергілікті отбасыларға асырап алуға беру тетігін жеңілдету керектігі айтылған еді. Алайда, бала сүю бақытын армандаған ата-ана мұның оңай емес екендігіне әлдеқашан көз жеткізген. Бір-екі мәрте тырысып, кейіннен амалсыз күдер үзгендерді де көрдік. Есесіне өзімізге қимаған қаншама қарадомалақ шетелдіктің бауырында кетті. Қазақстанда халықаралық асырап алушылыққа 1999 жылдан бері рұқсат етілген. Мәселен, елімізде 34 мың 785 жетім бала болса, оның 24 мыңға жуығы потранаттық тәрбиеде көрінеді. Ал 10 мың 887 сәби интернат-мектептерде күнелтуде, 8 мың 806 жетім баланы шетелдік азаматтар бауырына алған. Бір айта кетерлігі, қазақ балаларын асырап алуға көбінесе АҚШ мемлекетінен ұсыныс түседі екен. Білуімізше, олар қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспайтын ежелгі дәстүріне, яғни қанның тазалығына аса мән беретіндігін үнемі аузына алады. Содан ба екен, бүгінде шетке кеткен 9 мыңға жуық көгенкөздің 6 мыңы АҚШ-та өсіп жатыр. Демек, Қазақстан – АҚШ-тың бала асырау тізіміндегі жетінші ел екендігіне және дүниежүзі бойынша жетімін шетелге жәутеңдеткен мемлекеттер қатарынан үшінші орынға қарғығанымызға таңданатын жөніміз жоқ. Алайда, сол бүлдіршіндердің бәрі дін аман ба? Білім және ғылым министрлігі неге бақылауда ұстап, нақты мәлімет беріп тұрмайды? Министрліктің сөзіне сенсек, елімізден шетелге кеткен балалар туралы жағымсыз ақпарат жоқ. Бірақ, бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Осыдан біраз бұрын АҚШ-тың Техас штатындағы «Стар Телеграмм» газетінде америкалық отбасы асырап алған қазақстандық жеткіншек туралы жарық көрген мақала жаға ұстатқан еді. Мақала авторы ата-ананың ыстық алақаны мен мейірімін америкалық отбасынан іздеген Мақсат атты қаракөзіміздің өзіне қол жұмсағанын өкінішпен жазған болатын. Шетелдік газет астарлы өлім жөнінде «бала ішқұсадан қайтыс болған» деген пікірге тоқтаған. Бір өкініштісі, сол кезде шетел асқан балалардың жағдайына қанық болуы тиіс министрлік қандай да бір мәлімет таратудан бас тартты. Осыған қарағанда, бізде шетелдегі қара домалақтардың бүгінгі тыныс-тіршілігі, денсаулығы туралы ақпарат қоғамға жабық сияқты көрінеді. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес.

Асыраған баланы теріс жолға жетелеп… 

 

Қазақстаннан 2004 жылы бала асырап алған АҚШ-тағы бір отбасының азғын әрекеті әлем жұртын дүр сілкіндірді. Америкалық өгей ата-ана Джозеф пен Линда Мэйоттар Солтүстік Қазақстан облысынан әкеткен екі жетім баланы ұзақ уақыт бойы сексуалдық қорлықта ұстаған. Осыншама жылдар ішінде педофиль Мэйоттар отбасының айуандық азғындауына ұшыраған екі жасөспірімнің тағдыры ешкімді қызықтырмапты. Не Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің консулдық қызметін де, не Білім және ғылым министрлігін де. Ешкімнен қайран болмаған соң, Петропавл қаласындағы балалар үйiнiң бұрынғы тәрбиеленушiлерi 2009 жылы АҚШ полициясына өздерiн асырап алған ата-аналары зорлағанын айтып, шағымданған екен. Бірақ ол кезде ерлi-зайыптылардың кiнәлары дәлелденбепті. Арада 4 жыл өткеннен кейін оқиға тағы қайталанып, бұл жолы Мэйоттардың қылмыстық әрекеті әшкереленді. Егер балаларды дер кезінде тексеріп, үнемі қадағалауда ұстаса, әлгі арам пиғылды отбасының қылмыстық әрекетіне тосқауыл қойылар ма еді, кім білсін?! Бүкіл әлем көз тіккен сот процесі аяқталып, 50 жастағы Джозеф Мэйоттың асыранды қызын 8 жасынан бастап зорлағаны 11 эпизод бойынша дәлелденіп, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Ал оның әйелі Линда 13 жастағы жасөспірімді зорлады деген айыппен 22 жылға темір торға тоғытылды. Бұл жантүршігерлік оқиға шетелдіктерге бала беру мәселесінің әлі күнге күңгірт екенін анық көрсеткендей. «Российская газета», Reuters агенттігі тілшілерінің 18 ай бойы жүргізген журналистік зерттеулеріне сүйене отырып, АҚШ азаматтарына асырауға берілген шетелдік балалардың тағдыры туралы тың деректерді жариялады. Олардың айтуынша, шетелден бала асырап алған ата-аналар интернет пайдаланушылардың жабық форумдары арқылы асыранды балаларды саудаға салып отырған. Аталғандай, жабық форумдарда келесідей мазмұндағы хабарландырулар ілінген екен: «Біз Ресейден (нұсқалар – Қытай, Қазақстан, Камбоджадан…) қыз асырап алдық, алайда, өкінішке қарай, оның бо­йынан неврологиялық мәселелерді (құштарлық жоқтығы, агрессиялық мінез-құлыққа бейімшілдік синдромын) анықтадық, өтініш, оны орналастыруға көмектесіңіздерші…». Мәселен, кейде асыранды балаларынан құтылуға асыққандар бірнеше жетімді асырап алып, өздерінің жеке күштері мен мүмкіндіктерін асыра бағалап жібергендерін, енді пайда болған түйткілдерді шеше алмай әлекке түскендерін түсіндірген. «Бірақ не дегенмен де, аталмыш асырап алушы-бастартушылар заңды аттап өтіп, мәселені шусыз, сот пен әлеуметтік қызметтерінсіз «шешкісі келген», – деп атап өтілген жарияланымда. Мақалаға сәйкес, Yahoo-дағы бір ғана топшаның осындай мазмұндағы 5029 хабарын тексеріп және талдап шыққан журналистер мынадай қорытындыға келген: әңгіме тек асыранды балалардың басқа отбасыға берілуінде ғана емес, керісінше асырап алушылардың «ығырын шығарған» немесе «артық» балаларын тікелей сатуға кірісуінде болып отыр. «Зерттеу осындай сауда-саттықтың жиі құрбанына айналған балалардың Ресей, Украина, Қазақстан, Африка елдері мен Қытайдан екенін анықтаған. Американдық балалар да болған, шыны керек, олар өте аз, 30 пайызға жуық. Асырап алушылары бас тартқан асыранды балалардың басым көпшілігі 6 мен 14 жас аралығындағылар», – делінген мақалада. Яғни, өгей ата-аналар өздеріне ұнамаған балаларды жарнамалар арқылы ауыстыру немесе сату жөнінде қолдан қолға үлестіруге уағдаласқан. Осы жағдайға байланысты бірінші болып шара қолданған Ресейдің Кемеровск облысының депутаттары заң қабылдап, бұл аймақтан енді шетел азаматтарына асырауға бала берілмейтіндігін мәлімдеді. Өткен жылы куззбастықтар облыстан АҚШ-қа кеткен екі баланың қайтыс болуына байланысты осындай кесімді шешімге келген еді. Ал педофил әкенің құрбанына айналған кішкентай қыздың көрген қорлығы Ресейдің Америка азаматтарына бала асырап алуға тыйым салатын федералдық заң қабылдауына түрткі болды. Ресми дерек бойынша, 1991 жылдан бері Ресейден 45 мыңнан астам бала асырап алынса, статистика тек былтыр ғана 1 мыңға жуық орыс жетімінің АҚШ азаматтарының асырауына берілгендігін растайды. Оның үстіне соңғы жылдары, әсіресе АҚШ-қа аттанған ресейлік жетімдерге байланысты дау-дамай ушығып кетті. Бұған дейін екі баланы америкалықтың ұрып-соққандығы туралы әңгіме гулесе, кішкентай ғана бүлдіршіннің ата-анасының қорлығына шыдай алмай Отанына оралуы да жергілікті халықты бір сілкінтіп тастаған. Ал 2008 жылы америкалық ата-ана Ресейден асырап алған Дима Яковлев есімді сәбиді күн ыстықта көлікке қамап кетіп, өліміне себепші болған. АҚШ-та Чейз Харрисон деген атпен өмір сүріп жатқан бұл сәби соңғы 10 жылда асырап алған америкалық ата-аналарының дұрыс қарамауынан қаза болған ресейлік 19 баланың бірі. Осындай күтпеген оқиғалардың көбейіп кетуінен, Ресей әуелі бала асырау жөнінде АҚШ-пен арадағы келіссөздерді қатаңдатуға күш салды. Көп ұзамай бала асырап алуға қатысты құжаттар қызу талқыланып, нәтижесінде былтырдан бастап «Дима Яковлев» заңы күшіне енді. Жетімдерді асырап алумен айналысатын АҚШ-тың үкіметтік емес ұйымдарының жұмысы тоқтатылып, визалық тосқауыл қойылды. АҚШ-тың Ресейдегі елшілігінің хабарлауынша, екі ел арасындағы бала асырап алу жұмысымен тек арнайы аккредитациядан өткен агенттіктер ғана айналыспақ. Осылайша ұлт балаларының болашағына алаңдаған депутаттар шетелдіктердің бала асырап алуына мораторий жариялап, есесіне жергілікті балаға зәру отбасыларды ынталандыруға көңіл бөлуде. Ал Қазақстан әзірше мұндай қатаң шешім қабылдауға құлықты емес. Былтыр Балалардың құқығын қорғайтын комитет елімізде жетім балаларды шетелдіктердің асырап алуына көмектесетін арнайы агенттіктер құрылатындығын айтқан еді. Бұған дейін елімізде шетелдік азаматтардың бала асырап алуына шектеу қойылмаса, жаңа талап бойынша, аккредитациядан өткен әрбір шетелдік агенттік жылына тек екі отбасына бала тауып бере алады. Демек, Қазақстан тарапы әлі күнге шетелдіктерге бала асырауға берудің тетігін ғана қарастырып әлек, ал олардың жай-күйі кімді алаңдатар екен? Жуырда елімізге АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілдері Қазақстанға келіп, Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің мамандарымен кездескендігі белгілі болды. Нәтижесінде жетім балаларға қатысты оқыс оқиға орын алса, екі тараптың да бір-бірімен жылдам ақпарат алмасуы қарастырылмақ. Ал Сыртқы істер министрлігі шетелдік әріптестеріне 1999 жылдан бері АҚШ-қа асырауға берілген балалардың тізімін тапсырып, олардың дәл бүгінгі жай-күйі туралы ақпарат беріп отыруын сұрады.

Астахов неге тыным таппайды?

Білім және ғылым министрлігіне қарасты Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитеттің де шетел асқан әрбір көгенкөздің тағдырына алаңдап, дербес тексеру жүргізіп жатқанын естіген жоқпыз. Тіпті, бұл орган балаға деген жанашырлық сезімін РФ Президент жанындағы балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Павел Астаховтан сіңірсе ғой дейсің кейде. Елден жыраққа кеткен ресейлік балалардың болашағын жатпай-тұрмай ойлап жүретін құқық қорғаушы бір тынған емес. Бұл мекеменің сайт­ына кірсең, күн сайын ресейлік жетім балалар туралы ақпаратқа молынан қанығасың. Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Павел Астахов бірде қияндағы жетімдер үйінде жүрсе, бірде шетел отбасылары асырап алған балалардың қал-жағдайын білу үшін арнайы кездесу өткізіп жатқаны. Тағы бір ерекше айта кететін жайт, Астахов қайда барса да, әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жұртты жан-жақты құлағдар етіп отырады. Ол ол ма, өткенде ғана америкалық ата-аналары бас тартқан қазақстандық екі сәбидің бірінің жындыханаға түскендігі туралы мәліметті де еліміздің Әділет министрлігіне хабарлаған да Астахов болатын. 1997 жылы туған екі қазақстандық бүлдіршін «Балалар Ранчосы» деп аталатын мекемеде тәрбиеленіп жатыр екен. Астаховтың сөзінше, бұл ранчоның жұмысы АҚШ-тың мемлекеттік Департаментінің де күдігін туғызған. Білім бермек түгілі, ранчода қауіпсіздік талаптары сақталмайды. Балалар үйінің атын жамылған ұйым тіпті діни жат ағымды насихаттау жұмысымен айналысқаны анықталған. Бүгінде мұнда 63 бала тәрбиеленіп жатқан көрінеді. Оның екеуі қазақстандық болса, қалғаны Ресей, Украина, Гаити мен Қытайдан. Балалардың біздің елден қай уақытта әкетілгені және оны кімдер асырап алғаны туралы тексеру жұмысын Бас прокуратура құзыретіне алды. Міне, егер бұл ақпаратты Астахов айтпаса, біздің мекемелер әлі күнге бейқам жатар ма еді, кім білсін?! Алайда, АҚШ ресейлік балаларды асырап алуға тыйым салған заң күшін жою керек деп есептейді. Жақында АҚШ-тың 44 штаты атынан Конгресстің 154 депутаты президент Обамаға ашық хат жазып, тез арада Ресей президенті В.Путинмен сөйлесіп «Дима Яковлев заңын» кері қайтару керектігі туралы ұсыныс жасады. Американдық сенатор Мэри Лэндри «Свобода» радиосына берген сұхбатында балалар қорғаушысы Павел Астаховтың адресіне сын айтып, тіпті оны «есек» деп балағаттаған. Сондай-ақ, ол: «Дима Яковлев заңының» салдарынан 700-ден астам жетім бала балалар үйінде қалуға мәжбүр. Бұл дұрыс емес. Сондықтан АҚШ үкіметі ресейлік билікпен әлі де келіссөздер жүргізуге дайын. Біз жоғары палатаның қарауына «Children in Families First Act» (Шетелдік бала асырап алуды қаржыландыру жөніндегі арнайы қор құру) заң жобасын ұсындық», – деген пікір білдірген. Бұған Ресей Сыртқы істер министрлігі де үндемей қалған жоқ. «Сенатор ханым жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғаның намысына тиді. Егер АҚШ Мемлекеттік департаментіндегі әріптестердің орнында болсақ, бұған жол бермей, арнайы ресми мәлімдеме жасайтын едік», – деп жауап берді. Ал РФ балалар құқығын қорғаушы өкілі Павел Астахов болса: «Соңғы он жыл ішінде АҚШ асырап алған 20 ресейлік жетім бала бақилық болған. Бұл американдық биліктің жат елдің балаларына деген көзқарасының дұрыс емес екендігін дәлелдейді. 1992 жылдан бері АҚШ азаматтары Ресейден 100 мыңнан аса баланы асырап алған. Бірақ біз олар туралы ақпаратқа қанық емеспіз. Жыл сайын балалар құқығы бұзылған жаңа фактілер пайда болуда», – деп кесіп айтты. Айтпақшы, өткенде Мәжіліс депутаты Рауан Шаекин бала асырап алу агенттігі жұмысын тексерудің күні жеткендігі туралы мәселе көтеріп, Қазақстанға да бір «Павел Астаховтың» керектігін тілге тиек еткен еді. «Біз сырттағы балалардың жағдайын неге РФ Президент жанындағы балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Павел Астаховтан білуіміз керек? Сондықтан бала асырап алуға жауап беретін барлық консулдық қызметтер және Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитеті қолданыстағы заңнаманы қалай орындап жатқандығына тексеру жүргізу тиіс» деп мәлімдеген. Біз де осы мәселеге қатысты комитеттің төрайымы Раиса Шер ханымға телефон шалғанымызда, арнайы сауал жібергенде ғана жауап беретінін жеткізді. Шетелге бала сату әлемдегі ең даулы мәселелердің бірі. Көп ел бұған мораторий жариялап та үлгерді. Себебі, жаңа отбасында өз бақытын табуы тиіс балалардың көпшілігі зорлық-зомбылықтың құрбанына айналуда. Соңғы кезде мұндай оқиға Қазақстаннан асырап алынған балалардың арасында көбейіп кетті. Бірақ Қазақстан тарапы әзірге елдің есебіндегі азаматтарының тағдырына елең етер емес. P.S. Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов: «Мәжілісте өте маңызды мәселе – жетім балалардың отбасылық жағдайда тәрбиеленуі қажеттілігі жайлы сөз болды. Шүкіршілік, елімізде жетімдердің саны азайып келеді. 2009-2012 жылдар аралығында жетімдер саны 7 мың 700-ге жуық балаға азайыпты. Соған сәйкес жетімдерге арналған балалар үйлерінің саны 213-тен 196 дейін қысқарған. Биыл тағы 9-ы жабылды…  Ең қиыны, көз алдымызда жаутаңдап, шетелдіктің қолында кете барған бүлдіршіндердің тағдырына алаңдайсың. Жетімін жылатпаған ел едік қой, бұрынғыға қарағанда бала асырап алушылардың да қатары қалың. Мысалы, 2009 жылы 943 адам жетім балалар асырап алса, 2012 жылы 1871 отандасымыз бүлдіршінді бауырына басқан екен. Қуанатын, қуантатын хабар! Жылына 8 млрд. теңгеге жуық ақша жетім балалар үйлеріне жұмсалады. Алайда мемлекет балалар үйінде қанша жағдай жасаса да, отбасының жылуы бір бөлек екені сөзсіз. Сондықтан отандастарымыздың арасынан баланы асырап алған отбасыға мемлекет тарапынан қаражат беріліп, қамқорлық көрсету үшін  арнайы шаралар қарастырылуда. Бұл ата-аналарды жетімдерге көңіл аударуға септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Фейсбуктегі жеке парақшасында.

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары