«ЕНДІГІ ҮМІТ – ЕЛБАСЫДА»
«ЕНДІГІ ҮМІТ – ЕЛБАСЫДА»
Қазанның 22-сінде Алматыдағы «Ұлттық баспасөз клубында» баспасөз-мәслихатын өткізген бір топ қоғам қайраткерлері таяуда ғана ҚР Парламентінің Жоғарғы палатасы – Сенаттың бірінші оқылымда мақұлдаған «Еңбек мигранттары туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның кейбір баптарына көңілі толмайтындықтарын білдіріп мәлімдеме жасады.
Баспасөз-мәслихатына халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын Мұхтар Шаханов, Асылы Осман, тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы және «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы Рахым Айып қатысты.
Баспасөз мәслихатын ашып сөз сөйлеген Рахым Айып:
– Таяуда Сенат бірінші оқылымда мақұлдаған «Еңбек мигранттары туралы» заңда қазақ көшін кері бұруға бағытталған бірнеше баптар еніп отыр. Соның ең маңыздысы – елге келетін қазақтарды осыдан былай Қазақстан аумағында 5 жыл тұрақты тұрмайынша немесе ҚР азаматтарымен үш жыл тұрақты некеде тұрмаса, ҚР азаматтығына қабылдамайтын болады. Екіншіден, Үкімет оралмандардың қоныстанатын аймағын өздері айқындайды және сол аумаққа тұрақтанған адамдарды ғана төлем қабілетін растаудан босатпақ. Егер, ол аймақтарға бармаса, өзге ұлт өкілдерімен бірдей есепшотында 2 миллиондай теңге болуын талап ететін болады. Үшіншіден, оралмандар оралман куәлігін алғаннан кейін, 7 жыл ішінде ҚР азаматтығын алуы керек. Егер ала алмаса, ол куәлік күшін жояды. Міне, осы сияқты келеңсіз баптардың алдын алу үшін біз бүгін бас қосып отырмыз, – деді ол.
Бұдан кейін сөз алған Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Шаханов және Асылы Османдар жалпы Қазақстандағы Көші-қон мәселесіндегі түйткілдер асқынып бара жатқандығын айтып налыды. Асылы Осман Әзірбайжанда шеттен келген әзірбайжандарды ұшақтан төлқұжатпен қарсы алатындығын, дәл осындай тәжірибені немістердің де қолданғанын айтады. Қабдеш Жұмаділов Израиль мемлекетінің қалыптасуы барысында еврейлердің әлемнің түкпір-түкпірінен қалай іздегендігіне тоқталды.
Зардыхан Қинаятұлы өткен ғасырдың 90-жылдарының басында қазақ ұлты өз елінде азшылыққа ұшырап, рухани деградацияға ұрынғандығын тілге тиек ете отырып, сөзін әрі қарай былай жалғады:
– Бұндай әлсіз ұлттардың арықарайғы тағдыры туралы Лев Гумилев: «ұлт не серпіліс күш алып, арықарай жаңа сапамен қадам басады, не құриды» деген еді. Біздің ұлтымыз үш түрлі серпіліс күштен әсер алып, күні бүгінге дейін аяғынан нық тұрды. Біріншісі, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, екіншісі – 1991 жылғы Тәуелсіздік, үшіншісі – шеттегі қазақтарды атажұртына оралуы. Өйткені сол жылдары қазақтардың атажұртындағы үлес салмағы небәрі 38 пайызды құрап, ұлттық мемлекеттік құру ісі өте қиын жағдайда болған еді. Осы кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шеттегі қазақтарға сауын айтып, атажұртына шақырды. Және көші-қонның жүйелі жүргізілгендігінің арқасында 1 миллионға жуық қазақ келді. Қазіргі ресми есеп бойынша, қазақтардың үлес салмағы 65 пайызға жетті, – деді ол.
Ал осы 1миллионға жуық қазақтың шеттен әлі қайтып үлгермеген бірге туғаны, туысы, ағайыны, жегжаты жетіп артылады. Өзгені былай қойғанда бөлініп-жарылған отбасылардың құқығын БҰҰ халықаралық пакт арқылы қорғайды. Қазақстан осы пактіге қол қойған мемлекет ретінде өз принципіне өзі қайшы келмеуі тиіс. Сол себепті де баспасөз-мәслихатын ұйымдастырушылар ендігі үміттерінің Елбасыда екендігін мәлімдеді. Өйткені, өзі бастаған ізгі істі Елбасы аяқасты етпес деген ниетте.
Дәл осы мәселеге байланысты Астанада «гептил, Ресей полигондары және көші-қон проблемалары» тақырыбында рұқсат етілген шеру ұйымдастырылды. Небәрі 200 адам жиналған бұл шеруде Көші-қонның осы бір түйткілі басым Заң жобасының Сенатта мақұлданғаны сөз болды. Бұл Заңның қабылдануына қарсылардың басым көпшілігі бүгінде Елбасына арнайы ашық хат дайындап, ынталылардың қолын жинаумен жүр. Аталған жиын соңы да ашық хатқа қол жинаумен аяқталды. Баспасөз-мәслихатына келген «Азаттық» радиосының тілшісі Асылхан Мамашұлы бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттегенін айтады.
– Кейбір ақпарат құралдарына Заң авторы ретінде Мәжіліс депутаты Мұқашевтің аты көрсетілген. Мен осы депутатқа хабарласып ем, ол аталған Заң жобасын дайындамағандығын айтты. Бірақ ұғыса келе білгенім, бұл нақты бір Заң жобасы емес, бірқатар заңнамалық актілерге енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтырулар. Сенат оны бірінші оқылымда жалпылай мақұлдады. Екінші оқылымда әрбір пункті бойынша талқылаулар болады. Бәлкім сол кезде оны қайтаратын шығар, – деді ол.
Қалай дегенмен де, Сенаттың бірауыз сөзге келмей мақұлдаған Заң жобасының Мәжілістен қалай өтіп кеткенін қоғам білмей де қалған. Әзірге көпшілік үмітін Елбасыға артып отыр.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ