АЛЫП АЛАҢДАғЫ АЖАРЛЫ ІС

АЛЫП АЛАҢДАғЫ АЖАРЛЫ ІС

АЛЫП АЛАҢДАғЫ АЖАРЛЫ ІС
ашық дереккөзі
216

Өткен ғасырдың 50- жылдарынан бастап қара алтын – мұнайымен және төскейді тұтас жайлаған төрт түлік малымен даңқы жайылған Маңғыстау бүгін индустриялық-инновациялық дамуды мақсат еткен тәуелсіз Қазақстандағы алып өндіріс, құрылыс алаңдарының біріне айналды. Түбекте ұлутас өн­ді­ретін карьерлер саны ар­тып, цемент, өндірістік және тұр­мыс­тық мақсатта қолдануға жа­рамды пластик құбырлар, бе­тон жабындылар, өзге де алуан түрлі бұйымдар өндіру және бұзылған құрылғыларды жөн­деу­мен айналысатын арнайы орын­дар ашу жұмыстары қолға алы­нуда. Бұрын көк теңіз үстінде жүй­ткіген бір кемеден сәлдей ақау табылса, шетел асып қыруар қа­­ражатты шығындап, жамап-жас­қап келетін. Енді мұндай тір­лік­тер­дің бәрі өз елімізде, кемелер мекені – Маңғыстаудың өзінде жү­зеге асатын болады. Мұнайы мол өңір­дегі айтуға тұрарлық жақсы іс­тердің бірі – Шетпедегі цемент зауы­тының құрылысы.

Маңғыстау облысындағы ең көне аудан – Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе шәрі шағын да болса, шырайына шырай қосып, заман талабына сай түрленуге ұм­тылған мекен. Бір қызығы, маңай­ына Қаламқас, Қаражанбас, Қа­ра­құдық секілді белгілі кен орындары топ­тасқан аудан орталығының өзін­де ірі кәсіпорын жоқ бо­латын. Өңірдің индустриялық-ин­но­вациялық жобалар санатына кіретін зауыт құрылысы Шетпедегі алғашқы ең ірі кәсіпорын болғалы тұр. Құрылыс жұмыстарын жүр­гі­зуші «Каспий Цемент» ЖШС це­мент өндіруге қолайлы жер деп таң­дауын осы Шетпенің шеткі тұсына түсірген болатын. Өйткені зау­ытқа цемент өндіруге қажетті ши­кізаттарды оңтүстік Шетпе, Аусар кен орындарынан тасымалдау тиімді. Қазір құрылыс жұмыстары бірың­ғайланып, халық игілігіне тапсыру межесіне таяп қалған құрылыста кен орындарынан шикі өнімді алу үшін жол салынып, жобалау-іздестіру жұмыстары жүруде. Бұл үшін тау-тас пен кедергілерді бұзып-жарып өтетін 10-нан астам арнайы техника жұмылдырылып, жұмысқа кіріскен.

Алдын ала қай істе ненің ұтымды екенін ескеріп, тиімділігіне мән берген, сол арқылы алдыңғы кезекте жасалуы тиіс жұмыстарды жүзеге асырып алғандар көп кедергіге кезікпейді, уа­қыттан ұтылмайды. «Каспий Цемент» ЖШС басшылығы кейінгі қыруар жұмыстарға өз әсерін тигізбеуі үшін алдымен зауыт маңының ин­фра­құрылымын жүзеге асырды. Ұзын­дығы 6 шақырымдық темір жол тө­селіп, станса беттегі темір жол же­лісі жөндеуден өтті, электрмен жаб­дықтау орталығының құрылысы қол­ға алынды. Су мәселесі өте өзекті бо­лып табылатын Маңғыстауда қандай жұ­мыс үшін де алдымен жеткілікті су көзін табу немесе ыңғайлы тасымалды ұйымдастыру аса маңызды. Сондықтан артық су қоры шамаланып, жер асты су көздерін пайдалану үшін 7 ұңғыма қазылды, сондай-ақ су дайындау нысанының құрылысы қолға алынған. 

Цемент зауытында еңбек ететін жұмысшылар үшін 150 орындық вахталық кент салынды. Құны 100 млн. еуро құраған алып зауыттың құрылыс жұмыстарына 800 адам тартылған, ал өз қуатына енген сәтте 300 жанды тұрақты жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Зауыт цемент өндіруге қуат көзінің аз жұмсалуына мүмкіндік беретін заманауи технологиямен жабдықталуда. Цемент дайындауда германиялық технологияны, нақтырақ айтсақ құрылыс жұмысына қатысушы «HeidelbergCement» компаниясының іс-тәжірибесін басшылыққа алатын зауыттың өнімі алуан түрлі құрылыс жұмыстарына лайықты болмақ. Негізгі ұстанымы Қазақстанның батыс аймағын сапалы цементпен қамтамасыз ету болғанмен, «Каспий Цемент» ЖШС басшылығының жобалауынша, жылына өндірілген 1 млн. тонна цементтің 80 пайызы ішкі нарыққа, қалған 20 пайызы Ақтау халықаралық теңіз сауда порты арқылы Әзірбайжан, Ресей нарығына шығарылатын болады. Қазір жер-жерде құрылыс көп, демек цемент ауадай қажет. Сол себепті цемент өндірушілер де жоқ емес. Сондықтан Шетпеден шыққан цементтің отандық тұ­тынушылармен бірге іргелес шетел­дер нарығына шығуы өндірушіге көп жауапкершілік жүктейді. Өзге це­мент­­термен салыстырғанда сапасы, яғни бәсекеге қабілетті болуы ғана кез келген өнімнің өміршеңдігінің, жұмыстың қарқындылығы мен табыстылығының кепілі. Шет жұрттың құрал-жабдықтарымен, өзгелердің әдісімен талапқа сай, тұтынуға төзімді сапалы цемент өндіру үшін мамандар дайындау – барынша маңызды жұмыс. «Каспий Цемент» ЖШС бас директоры Абдурахман Зурабовтың айтуынша, олар маман дайындау ісін құрылыс жұмыстарымен бірге қолға алған. Маңғыстау ауданы әкімдігі мен Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бірлесіп Шетпе кентіндегі техникалық колледж базасында болашақта зауытта еңбек ететін мамандарды германиялық мамандардың оқы­туына арнайы бағдарлама жасады. Бо­лашақ мамандар өткен жылдан бас­тап Ресейдің Белгород, Тула, Стер­литамак, Брянск қалаларындағы зау­ыттарда, техникалық жоғары оқу орындарында, Қазақстанның Өскемен қаласындағы цемент ком­паниясы базасында түрлі тақы­рып­тарда тәжірибе жинақтап, білім алуды дәстүрге айналдырған. Ауыл­дан бір жұмыс орыны ашылса, ал­дымен жергілікті тұрғындар қуа­нады. Оның жөні де бар. Отба­сының бір мүшесіне жұмыс табылса деген ой, үміт. Ресей асып, Өскемен барып білім жетілдіріп жүргендер арасында шетпеліктер де жоқ емес. Бұлардан басқа келешекте маманға тарығып қалмау үшін «Кас­пий Цемент» ЖШС Маңғыстау облыстық білім басқармасымен және Х.Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжімен кәсіби маман дайындау бағытында келісім-шартқа отырып қоюды да назардан тыс қалдырған жоқ.

Цемент зауыты қолданысқа бе­ріледі деп жоспарланған 2013 жыл­дың желтоқсан айы да қыр астында тұр. Көпшілік көкейінде Шетпеден шыққан цемент ел экономикасын көтеруге, өңірдің өркендеуіне және ауыл-аймақ тұрғындарының тұрмыс ахуалының жақсара түсуіне жағдай жасайды деген үміт көп. 

Асыл МҰРАТТАС

Серіктес жаңалықтары