ПАРИЖДЕ ТАНЫСТЫРЫЛҒАН ҚҰЖАТ
ПАРИЖДЕ ТАНЫСТЫРЫЛҒАН ҚҰЖАТ
15 қазанда Париж қаласында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің Комиссары – ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Р.Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Атқарушы комитет жұмысына қатысты.
ҚР делегация жетекшісі Атқарушы комитеттің соңғы отырысынан (2013 ж. 7 мамыр) кейінгі кезеңдегі атқарылған жұмыс туралы, сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» көрмесіне шетелдік қатысу бойынша жұмыс тобының қызметі туралы, Қазақстанның ХКБ алдындағы міндеттемелерді орындауы және Көрмені ұйымдастырудың құқықтық негіздермен қамтамасыз етілуі туралы толық ақпарат жеткізді.
Жалпы, «ЭКСПО-2017» Комиссары қазақстандық тараптың Көрмені сапалы дайындау мен өткізу бойынша тиісті шараларды тиімді жүргізіп жатқандығын атап өтті.
Сонымен қатар, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ өкілдері қазіргі уақыттағы жұмыстың желісін, оның ішінде Тіркеу құжатының дайындық деңгейін және оның Көрме тақырыбы, іскерлік жоспар, коммуникациялық жоспар, коммерциялизациялау жоспары, қаржы жоспары және көрмеден кейінгі қолдану сияқты тармақтарымен таныстырды. Компанияның алдағы уақыттағы жоспарлары да талқыланды.
Таныстыру қорытындысы бойынша Атқарушы комитеттің басшылығы мен мүшелері «ЭКСПО-2017» көрмесінің дайындық деңгейіне оң бағасын берді.
2014 жылдың маусымында 155-ші Бас Ассамблея отырысында Тіркеу құжатын мақұлдау, «ЭКСПО-2017» көрмесін ресми мойындау және ХКБ-ның туын алу жоспарлануда.
Ж.Баққондыұлы