ҚЫРҒЫЗҒА ҚИҚУ БОЛҒАН «ҚҰМТӨР»
ҚЫРҒЫЗҒА ҚИҚУ БОЛҒАН «ҚҰМТӨР»
Қырғызда «Шуақтың құнындай шуалған» деген ежелден келе жатқан тұрақты сөз тіркесі бар. Манастың қырық шорасының бірі Шуақ батыр жау қолынан қаза тауып, екі тарап бітімге келуі үшін қырғыздар батырдың құнын ұзақ жылдар бойы дауласып ала алмай қойған,
Қырғызда «Шуақтың құнындай шуалған» деген ежелден келе жатқан тұрақты сөз тіркесі бар. Манастың қырық шорасының бірі Шуақ батыр жау қолынан қаза тауып, екі тарап бітімге келуі үшін қырғыздар батырдың құнын ұзақ жылдар бойы дауласып ала алмай қойған. Сол ескі заманнан бері бұл сөз тез шешілмейтін дауға қарата қолданылып келеді. Қырғызстанда бүгінгі күні саяси тартыстың арқауы болған «Құмтөр» кені де сол «Шуақтың құнындай шуалып», жиырма жылдан бері нақты шешімін таппай тұр.
Қазан айының алғашқы күндерінде Қырғызстанның тәуелсіздік жылдарындағы бірінші үкімет басшысы Насирдин Исановтың 70 жылдық мерей тойы атап өтілді. Бұл кісі 1991жылдың қараша айында жол апатынан қайтыс болған. Н. Исановтың жұбайы «жолдасыма қастандық жасалған» деген күдігін әрдайым айтумен келеді. «Құмтөр» кенін іске қосу келісімінде инвестор тарап – Канада жақтың алар үлесі көбірек және компания жекеменшік болғандықтан бірінші премьер құжатқа қол қоюдан бас тартқан болатын.
«Құмтөр» мәселесі бойынша біраз жылдардан бері жалғасып келе жатқан айтыс-тартыс биыл жыл басында басталып, республиканың Жоғарғы Кеңеші Үкіметке жаңа келісімнің жобаларын дайындауды тапсырған. Үкімет құрған комиссияның мүшелері жеті ай тер төгіп, істің аяғына шыққандай болды. Соның нәтижесінде 9 қыркүйекте Қырғызстанның премьер-министрі Жантөре Сатыбалдиев, «Қырғызалтын» ашық акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ділгер Жапаров канадалық «Centerra Gold Inc.» компаниясының президенті және атқарушы директоры Ян Аткинсон, компанияның бас заңгер-консультанты және корпоративтік хатшысы Фрэнк Герберт «Құмтөр» кені бойынша өзара түсінісу меморандумына қол қойысты.
Құжаттың түйінді тұстары – Қырғызстанның аумағында тараптар толыққанды әріптестер ретінде меншікке 50+50 пайыз ие ретінде біріккен кәсіпорынды құрады. Бұл арқылы Қырғызстан «Құмтөрдің» таза пайдасынан үлесін алатын болады. Кәсіпорынның Директорлар кеңесінің мүшелерінің жарымын Қырғызстан, жарымын Канада тарап сайлап, төрағасы қырғыз жақтан болады. Бұл меморандум бекітілсе, қырғыз тарап 2014 жылы «Құмтөрден» 65 миллион доллар таза пайда көретін болады, пайда жыл сайын өсіп, 2019 жылы ол 180 миллион долларға жетпекші.
Бұл құжатты Жоғарғы Кеңеш талқылап жатқан кезде «Құмтөр» кені орналасқан Ыстықкөл облысында Меморандумның бекітілуіне қарсы болған жергілікті елдің ереуілі бұрқ ете қалды. Ереуілшілер, тіпті, Үкіметтің облыстағы құзыретті өкілі (облыс әкімі) Еміл Қаптағаевты кепілдікке алып, облыс әкімшілігін басып алуға әрекеттер жасады. Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтарының күшімен ереуіл басылды, құзыретті өкіл кепілден босатылды.
Қырғызстан мен Канадалық компания ортасындағы меморандум Жоғарғы Кеңеште қаралып, депутаттар бір ай бойы бір шешімге келе алмай-ақ қойды.
9 қазанда су шаруашылығы қызметкерлерімен кездесуде президент Алмазбек Атамбаев «Құмтөрге» байланысты шыққан ереуілшілерге пікірін, әдеттегідей, ашық және ашынып айтты. «Бүгінгі уақытта да өз қызықшылығын көздеп, әртүрлі сылтаумен шыр-шатақ, топалаң, тіпті, азаматтық соғыс шығаруды қалаған сасық саясатшылар бар. Олардың мақсаты – билікке келу. Оқиғалар жоспарланып, нақты адамдар тарапынан қаржыланған», – деді мемлекет басшысы. Сондай-ақ, ол «Құмтөр» бойынша меморандумға депутаттар ашық дауыс берсін, кім қалай дауыс беріп жатқанын ел білсін. Және әр депутат мәселенің оң әлде теріс шешілуіне орай келешекте де өз дауысы үшін жауап беретін болсын, – деп құлаққағыс етті.
Ертеңіне, 10 қазанда ел қалаулылары мәселені кейінге қалдырып, кезектегі іс-шараны – елді аралауды сылтауратып, бір аптаға тарап кетісті. 11қазанда премьер-министр Жантөре Сатыбалдиев үкіметтің мәжілісін өткізіп, Жоғарғы Кеңештің депутаттарының пікірлерін еске алып, меморандумды тағы да пысықтап шығу үшін үш жұмысшы топтың істеуіне тапсырма берді.
Қазіргі кезде Қырғызстанның «Құмтөрдегі» үлесі 32,75 пайызды құрап отыр. Бір қатар депутаттар мұны 70 пайызға дейін көтеруді талап етуде. Ереуілшілер де осы пайыздық өлшемді алға тартқан болатын. Мамандар бұған қол жеткізудің оңай шаруа еместігін айтуда. Меморандумды әзірлеуге қатысқан «Қырғызалтын» ашық акционерлік қоғамының экономика және қаржы басқармасы төрағасының орынбасары Қылышбек Шәкіровтың мәліметіне сүйенсек, Қырғызстан канадалық компаниямен жеті ай бойы келіссөздер жүргізіп, қырғыз тарап 50 пайыздық үлеске оларды әрең көндірген. Олар ақпан айында 36 пайызға, тамыз айында 41 пайызға, сосын ақыры, 7 қыркүйекте 50 пайызға келіскен. Енді Қырғызстан 50 пайызға мақұл болмаса, канадалықтар халықаралық сотқа арызданып, соттасамыз деп отыр. Қырғыз тарап соттасудан жүрексінуде. Соттасу екі тарапқа да пайдалы емес көрінеді. Қ. Шәкіровтың бағамдауында, «Құмтөр» бойынша 2003 жылы жасалған келісім сыбайластық жолмен жасалған деп табылса ғана Қырғызстанның үлесін 50 пайыздан асыруға болады екен. Сол кезде қырғыз тараптың үлесі 67 пайыз болып тұрған. Премьер-министр Николай Танаев келісімге түзету кіргізіп, өлкенің үлесін 33 пайызға түсіріп берген.
Айта кетсек, «Құмтөр» кені 2012 жылы, жалпы алғанда, бюджетке 128 миллион доллар көлемінде ақша құйған. Бұл сол уақыттағы өлшеммен 6 миллиард 70 миллион сом деген сөз. Қырғызстанның 2012 жылғы бюджетінің кіріс бөлігі 71 миллиард 606 миллион 413 мың 400 сом болған еді. Демек, бір ғана «Құмтөр» кені бюджеттік кірістің 9 пайызға жақынын қамтамасыз еткен. Сондықтан, қайткен күнде де, бюджеттің қапшығын толтыруға әжептеуір салым қосып жатқан «Құмтөр» кенінің қалыпты істеп тұруы Қырғызстан үшін ауадай қажет-ақ.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі