ҚАРҚЫН ҚАЙДА, ҚАРЖЫ ҚАЙДА?

ҚАРҚЫН ҚАЙДА, ҚАРЖЫ ҚАЙДА?

ҚАРҚЫН ҚАЙДА, ҚАРЖЫ ҚАЙДА?
ашық дереккөзі
271

Үкімет биылғы жылдың тоғыз айын қорытындылады. Барлық сала басшыларын Ақордаға жинаған Президент премьер-министрден бастап лауазымды шенеуніктерден есеп алды. Мұғалімнің алдында күмілжіген оқушыдай болып, мемлекеттік шенеуніктердің бірі тауы шағылып, сөзден жаңылса, бірі басы салбырап, төмен қарады. «Менен басқа ақшаны есептейтін адам жоқ па?» деген сұраққа жауап берер лауазымды тұлға табылмады.

Президенттің басшылығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында биылғы жылдың тоғыз айының әлеуметтік-экономикалық қорытындылары, елдің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Шындығына келгенде, қыркүйек айында Серік Ахметов Кабинетінің жұмыс істеп жатқанына жыл толды. Сондықтан бұл жолғы есеп тоғыз айдың ғана емес, осы құрамдағы Үкіметтің бір жылда қалай жұмыс істеп, не тындырғанынан хабар береді. Жиналыста премьер-министр Серік Ахметов, индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев, сондай-ақ Алматы облысының әкімі Ахметжан Есімов, Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын, Атырау облысының әкімі Бақытқожа Ізмұхамбетов баяндама жасады. 

Елбасы әуелі мемлекеттік бюджетті жоспарлау және оны орындалу барысына байланысты сын айтты. Үкіметтің осал тұсы – бюджет саясатын жүргізудегі олқылықтар. Президенттің айтуынша, үшжылдық бюджетті облыс әкімдерімен келісе отырып бекіту керек, әйтпесе қазіргідей мемлекет қаржысын жұмсаудағы келеңсіздіктер туындайды.

Мысалы, биылғы жылға жос­пар­ланған бюджет қаржысынан 150 мил­лиард теңге әлі игерілмеген. Бір қы­зығы, Ұлттық қордан жыл басында алынған қаражат 100 миллиард тең­ге шамасында. Ендеше, «болашақ ұр­пақтардың несібесіне» қол салып не керегі бар еді? Президент бұл қа­ра­жатты ЭКСПО 2017 көрмесінің дайындық жұмыстарына жұмсауды ұсынды. Одан қалған ақшаны бюджет дефицитін жоюға бағыттау керек.

Қаржы мәселесіндегі салақтық ауылшаруашылығы саласында айрықша байқалады. Ақша жетіспей жатқанда, 5 миллиард теңге депозиттерге салынып, қозғаусыз жатыр. Бұл – тұрақтандыру қорларына бюджеттен бөлінген қаржының 40 пайызы. Жалпы алғанда, мемлекет қаржысына қатысты түсініксіз жайттар көп. «ҚазАгроФинанс» мекемесі биыл 16 жобаны жүзеге асырған, ал былтыр олардың саны 66 болатын. Шындығында, былтырғы жылы бөлінген қаржы бұдан әлдеқайда аз еді. «Маған «ҚазАгро» халықаралық нарықтардан жақсы мөлшерлемемен 1 миллиард теңге қарыз алды деп баяндады. Ал осы қаржыға іске асырылған нақты жобалар бар ма, жақсы несие тарихы бар, кепілге қояр мүлкі бар қарыз сұраушылар бар ма?» деп шүйліккен Елбасы мардымды жауап ала алмады. Бұған дейінгі тапсырмаға сәйкес, Қазақстан 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізуі тиіс, алайда 120 миллиард теңге жұмсалса да, бұл салада ілгерілеу байқалмайды. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында Кеден одағынан басқа мемлекеттерге ет жөнелтілмеген. Керісінше, өзіміз етті Белорусссиядан, басқа елдерден тасып отырмыз. Ет, сүт өнімдерін шығаруда, қант пен май өндіруде кәсіпорындар бар қуатының 28 пайызын ғана жұмсап, жұмыс істеп жатыр. Ашығын айтқанда, былтырдан бері ауылшаруашылық өнімдерін өндірудегі қарқын сол күйі қалып отыр.

Қаржы демекші, әлеуметтік салаға бөлінген ақшаның көлемі өсіп келеді. Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев келесі жылға жоспарланған бюджеттің 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған шығындар екенін хабарлады. Қазір Үкімет 2014-2016 жылға арналған бюджет жоспарын дайындау үстінде. Министрдің айтуынша, Үкімет шығындарды нақтылап, кейбір бюджет бағдарламалары бойынша қысқарту жүргізуге мәжбүр болған. 

Ал Үкімет басшысы Президентке ауылшаруашылығында қабылданған жаңа бағдарламаға арнайы тоқталып өтті. Ауылшаруашылық кешенін дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы аясында алдағы жеті жылда 10 триллион теңгедей жеке инвестиция құйылуы мүмкін. «Агробизнес 2020» деп аталатын стратегиялық құжат осы салада тауар өндірісінің көлемін арттырып, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуді жолға қоюға сеп болмақ. 

Биыл Үкіметтің республикадағы жер қорын қайта тексеріп, игерілмеген территорияларды есепке алу жұмысын бастағанын бұған дейін жазғанбыз. Президент бұл жұмыстың тиімділігіне деген күмәнін жасырмады. Оның үстіне, шенеуніктердің белгілі бір мемлекеттік бағдарлама толық орындалмай жатып, оған ұқсас басқа құжат дайындауға әуестігі де сынға ұшырады. «Әуелі өткен бағдарламада жоспарланған істерді жүзеге асырып, нақты нәтижеге орай есеп беріңіздер» деген Президент жаңадан Ауылдық территорияларды дамыту бағдарламасын қабылдауға қарсы болды, өйткені мұндай бағдарлама 2004-2010 жылдар аралығында жүзеге асырылуы тиіс болатын.

Серік Ахметов өз баяндамасында әлемдік экономикадағы жағ­дайдың тұрақсыздығын алға тартты. «Үстіміздегі жылы Үкімет әлемдік экономикадағы тұрақсыздық жағдайында жұмыс істеп отыр, бұл тұрақсыздықтың жалғасуына Еуропалық одақтағы экономикалық рецессиялар, АҚШ-тың фискалды құрдымға кету қаупі, сондай-ақ Қытай мен Ресей экономикаларының өсу қарқынының саябырлауы себепші» деді Үкімет басшысы. 

Мемлекеттік бағдарламалардың жү­зеге асырылу жайына тоқталған Серік Ахметов Үкімет жұмысын сандық көрсеткіштер арқылы сипаттауға тырыс­ты. Мысалы, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 752 жоба мақұлданып, 40 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. 

Осыған орай, Серік Ахметов «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 6,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп уәде етті. Үкімет есебіне сәйкес, 2020 жылдары жыл сайын салынатын үйдің көлемі 10 миллион шаршы метрге жетуі тиіс. 

Президент шенеуніктерді әсі­ре­ре­жаңашылдығы үшін тағы сынады. Жақында ғана қызметке тағайындалған Аслан Сәрінжіповке шүйліккен Елбасы босқа жұмсалған қаражат білім беру саласында ұшан-теңіз екенін айтты. Нарықта орнын таппаған жас мамандарды оқытуға бөлінген білім гранттары желге ұшқан ақша екені даусыз. Президент жастарды оқытуда, жас мамандарды дайындауда нарықтағы сұранысты алдын ала зерттеп, болашақта әрбір ЖОО түлегінің жұмыссыз қалмауына жағдай жасау – мемлекет мойнындағы міндет екенін тағы еске салды.

Күн тәртібінде бекітілген мәсе­лер­лердің бірі – елдің индустриалды-инновациялық дамуына қатысты еді. Президент Үдемелі индустриалды-ин­новациялық даму бағдарламасы ен­гізілгелі бері республикадағы өң­деу саласындағы еңбек өнімділігі әр жұмысшыға шаққанда, 62 мың АҚШ долларын құрайтынын айтып өтті. Әйтсе де, бұл салада арқаны кеңге салуға әлі ерте. Ел экономикасын индустриаландыру – барша Үкімет құрамы мен барлық әкімдердің тікелей жауапкершілігіндегі іс. «Тиімділігі жоғары, инновациялық кәсіпорындар салу керек. Осы іске Үкімет түгел жұмылдырылуы тиіс. Кейбіреулер индустриаландыру ісі Исекешевтің жұмысы деп қана ойлайды. Бұл – тұтас Үкіметтің және барлық әкімге қатысты, оның ішінде ауыл әкімдерінің де жұмысы. Кімде-кім бұл жұмысты атқармаса, онда мемлекеттің стратегиялық бағдарламасын аяқсыз қалдырғаны. Мен жыл ортасында алты айдағы даму қарқынын қорытындылауды қойып едім, бәрі саябырсып қалды. Естеріңізде мықтап сақтаңыздар – сұрау қатты болады!» деді Президент.

Биыл алғашқы жарты жылдықта Индустриаландыру картасына сәйкес 72 миллиард теңге жұмсалып, 34 жоба іске қосылған. Бұл жаңадан 2300 жұмыс орны ашылды деген сөз. Әйтсе де, Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған жобалардың «өмір жасы» ұзаққа бармайтыны ақпарат құралдарында айтылып-азылып жүр. Жобалардың басталуын ғана емес, өміршеңдігі, нақты нәтиже беруі маңызды. Ниет қана емес, нәтиже керек.

Дегенмен, Үкімет олқылықтардың орнын толтыруға әрекет етіп жатыр. Былтырғы жылы 35 жобаның аяқсыз қалуына байланысты 19 шенеунік жазаға тартылған, оның ішінде 3 адам жұмыстан шығарылды. 20 нысан қайтадан іске қосылғанымен, 14 жоба әлі жолға қойылған жоқ. Әсет Исекешев 14 жоба дегеніңіз жұмыс ауқымының 2,5 пайызы ғана екенін айтып, әріптестерін жұбатқандай болды.

Президент экономика және бюд­жет­ті жоспарлау министрі Ерболат­ Досаевқа қарата қатты сын айтты. «Орасан көлемдегі бағдарламалар қа­былданды, ал ақша жетпейді. Бұлай жұмыс істеуге болмайды! Үкімет бәрін есептеп: біздің бағытымыз осы, негізгі қаражатты осы жобадан аламыз, жаңа жұмыс орындарын ашамыз, осыны іске асырамыз, ал қалғаны кейін деп айтуы керек» деді Нұрсұлтан Назарбаев министрді тұрғызып қойып. Жалпы, аймақтарда бір-біріне ұқсас жобалар көп. Осы сындарға жауап берген Ерболат Досаев мемлекеттік бағдарламаларды оңтайландыру жүріп жатқанын хабарлады. «Біз барлық мемлекеттік бағдарламаларды бастан-аяқ тексеріп жатырмыз, енді қандай бағдарламаларды жойып немесе ірі жобалармен қосуға болатыны жайлы нақты ұсыныс айтамыз, яғни оларға бұған дейін бөлінген қаражат көлемін азайтамыз. Үнемделген қаржыны ең әуелі индстриалды бағдарламаны жүзеге асыруға жұмсаймыз» деді ол. Министрдің айтуынша, әрбір аймақ өзінің индустриаландыру картасын жүзеге асырып жатыр, олар өз бағдарламалары жайлы ғана ойлайды. 

Жалпы алғанда, Президент елді ин­дустриаландыру бағдарламасын қол­дайды. «Біз индустриаландыру бағ­да­рламасын өте сәтті қабылдадық – бұл анық. АҚШ және Түркия сияқты ірі мемлекеттер осындай индустриаландыру бағдарламасын бізден кейін қолға ала бастады. Біз тұңғыш рет машина жасау саласындағы өнім өндіру көлемін күрт өсіріп, оны 4 есеге ұлғайттық, жалпы алғанда өңдеу өнеркәсібінде қарқын артты, қазір біз Ресейден, Украинада т.б. елдерден озып кеттік. Дәл осы салалардағы еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 62 мың долларға жетті, ал жалпы экономикадағы шек 15 мың доллардан аспайды» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің айтуынша, ин­дус­триалан­дыру саясаты – ел эконо­ми­ка­сының тірегі саналуы тиіс. Бұл салада әлі талай жұмыс атқарылуы тиіс. «Біз Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында 600-ден аса нысанды іске қостық, жұмыс орындарын аштық. Сондықтан келесі бесжылдыққа арналған индустриаландыру бағдарламасының жасалуы өте маңызды» деді Президент. 

Ресми көрсеткіштерге жүгінсек, Қа­зақстанның халықаралық есепшот­тар­дағы қаржылық қоры 90 миллиард АҚШ долларынан асқан. Тоғыз айда елдің ЖІӨ 5,7 пайызға өскен. Үкімет бұған дейінгі мәлімдемелерінде биылғы көрсеткіш 6 пайыз болады деп уәде еткен еді. Инфляция көлемі жылдық есепте 5,4 пайызға төмендеп, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7,9 пайызға артқан. Ал елдегі жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші 5,2 пайыздан аспайды. 

Сонымен, Ақордадан сын естіп шыққан Үкімет мойнына біраз міндет алды. Солардың бірі – жыл соңына дейін Қазақстанның әлемдегі 30 дамыған мемлекет қатарына енуіне қатысты тұжырымдама дайындау. 

Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Серіктес жаңалықтары