Талаптыға таптырмас орталық
Талаптыға таптырмас орталық
Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысында тұңғыш рет
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының бастамасымен екі бірдей «Коворкинг»
орталығы ашылды. Іс-шара облыстық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының,
Жастар орталығы, Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық әкімдіктің
қолдауымен ұйымдастырылған.
«Коворкинг» немесе «coworking»
ағылшын тілінен аударғанда – бірігіп жұмыс істеу деген ұғымды білдіріп, тура
мағынасында кәсіпкерлердің бір ғимаратта отырып өз істерін сәтті жүргізуін
білдіреді екен.
Әдетте, ортақ кеңсенің
көлемі жағынан үлкен болып келіп, ішінде асханасы, сондай-ақ бір немесе
бірнеше мәжіліс өткізетін бөлмелері мен барлық құрал-жабдықтары, принтер,
факс, компютерлер, интернеті қарастырылған болып келеді. «Елбасы Н.Назарбаев халыққа
жолдауында «2030 жылға дейін кіші және орта бизнестің ел экономикасына қосар
үлесі ең кем дегенде екі есеге дейін артуы қажет деп нақтылаған болатын», –
дейді облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев.
«Бүгінгі күні
облысымызда 14 пен 29 жас арасындағы 770 мың жастар бар. Бұл – болашақ кәсіпкерлер,
бизнесмендер мен «жаңа жобалардың» іске асуына түрткі болатын көшбасшылар. Сол
жас мамандар мен кәсіпкерлерді қолдау мақсатында біз коворкинг орталықтарын
ашып жатырмыз.
Коворкинг-кеңселері
фрилансерлерге, мамандары әр түрлі қалалар мен елдерде таралған кәсіпорындарға
өте ыңғайлы болып келеді. Сондай-ақ ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге
үлкен кеңселерді жалға алуға шамасы жетпеген жағдайда, осындай бірлескен
кеңселерді жалдауға өте ыңғайлы,» – деді С.Тұяқбаев орталықтың ашылу салтанатында.
«Коворкинг орталығы» –
бұл әрбір қатысушы тәуелсіз бола отырып, өз ісіне қажетті ортақ алаңды
пайдаланатын жұмыс моделі. Ол сондай-ақ жастардың арасында кәсіпкерлік
мәдениетін кеңінен насихаттауға серпін беріп, аға буын кәсіпкерлер мен жас кәсіпкерлер
арасындағы сабақтастық пен ақпарат алмасуды қарастырады – дейді облыстық
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Нұржан Әлтаев. Ол аталмыш
орталықты құру барысында бірқатар тежеулерге тап болдық дейді. Алайда коворкинг
орталықтары бар және оң жұмыс нәтижелерін көрсетіп жатқан елдердің тәжірибесін
ескере отырып, оңтүстік өңірде дәл сондай бизнес-инкубаторларды құру керек деп
шешіпті.
Аталмыш
бизнес-инкубаторды құру кезінде жастардың бизнес-жобаларын ары қарай жүзеге
асыру мен дамытуға өзінің бизнес-жобасы мен инновациялық жобалары бар жастар
тартылған. Осы орталықтағы барлық жобаларға, жаңадан бастап жатқан жоба немесе
жүзеге асырылып жатқан жоба болсын бәріне КҚКО толыққанды қолдау көрсетпек
ниетте. Мысалы, егер жас маман өз бизнесін бастаймын деп ниет білдірсе, оған
идеяны қалай жүзеге асыруға, нақты тақырыптарда бизнес оқыту жүргізіп,
құқықтық, салық, қаржы, бухгалтерлік есеп т.б. сұрақтарына салалық ақпараттар
ұсынылады.
Жаңадан бастап жатқан
кәсіпкерлерге үлкен кеңселерді жалға алу бірқатар қиындықтар туғызатыны белгілі.
Ол жалға алу құнымен қатар, компьютер, принтер, факс, телефон орнату, интернет
т.б. шығындарды ескеруге тура келеді. Ал бүгінгі ашылып жатқан орталықтарда
кәсіпкерлердің ыңғайы үшін барлық жағдайлар жасалған. Бүгінде жастар арасында
«біреуге» жұмыс істемей, өз ісін бастап, оны өрге домалату белсенділік алып
келеді. Бұл заман талабына сай таңдау екені айтпаса да түсінікті. Коворкинг
орталықтары да осы мақсатпен ашылған. Болашақта дәл осындай орталықтар облыстың
басқа да аудандарында ашылмақшы.
«Белсенді жұмыс
жасайтын, табысты ірі кәсіпкерлер, инвесторлар алдында өз жобасын ұсыну мақсатында,
айына бір рет бизнес жобалар жәрмеңкесін өткізіп тұру жоспарлануда», – дейді
Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының директоры Н.Әлтаев.
Орталықтың ашылу
салтанатынан кейін жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға, еңбек адамының
абыройын көтеру, жастарды еңбекке баулуға бағытталған «Жалпыға ортақ еңбек –
бәрін жеңбек!» жастар форумы өткізілгенін де айта кетейік. Форумның мақсаты –
жас мамандардың еңбегін бағалап, жастарды еңбекке тарту, жастар тәрбиесіне
басты назар аудару, қалың жұртшылықты жастардың жасап жатқан еңбегімен хабардар
ету, жас мамандардың жетістіктерін жариялап, марапаттап отыру болатын.
Дәурен Әбдіраманов